• Мәдениет
  • 01 Шілде, 2009

27 жыл газет басқарған

Кешегі тараған КСРО Журналистер одағының соңғы сьезінің анықтамалығындағы деректеріне сүйенсек, сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер журналист Нұрқайыр Телеуов республикалық және облыстық басылымдар редакторлары арасында ең ұзақ уақыт бойы басшылық қызметте болған екі азаматтың бірі. Екіншісі – Украинаның республикалық газетінің редакторы екен. Әрине, компартия басшылық еткен қоғамда өз идеологиясын жүргізіп отырған газеттердің басшыларын осыншалықты уақыт бойы ұстау, үлкен шығармашылық ұжымды басқару кейбіреулерге бір қарағанда сонша қиын болып та көрінбеуі мүмкін. Алайда, әр қоғамның өзінің міндет-мүддесі, талап-талғамы болатынын ескерсек, Нұрхайыр аға Телеуов өткен редакторлық жол тақтайдай тегіс болды деп ешкім де айта алмаса керек. Бойына біткен адами асыл қасиеті, қарамағындығыларға кісімсіп кеуде көтермейтін қарапайымдылығы, мәселені ақылға салып шешуге бейімділігі, адамдармен ортақ тіл табысуға дайын тұратын кішіпейілділігі ,алдының кеңдігі де осы биіктен көрінуге негіз қалаған болар, бәлкім. Біз білетін Нұрекең осындай жан. Ол кісімен кездесіп, әңгімелесуге келе жатып та өзімізді еркіндеу сезінуіміз сондықтан еді. Себебі, ол менің он екі жыл редакторым болғанымен бірауыз артық сөзін естімеген өте ұстамды адам екеніне көзім әлдеқашан жеткен. – Мақтанып отыр деме, айнам. Өзің де шет жағасын көрдің, біздің ұрпақтың тәрбиесі бөлек. Партияның сарбазы болдық, бірақ, адамгершіліктен аттаған кезім жоқ. Кеңес Одағында облыстық газетті жиырма жеті жыл басқарып, төрт орден алған редактор жоқ. Мен екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» , екі рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталдым. Омырауыма оннан астам медаль тақтым. Соның ішінде ең ыстығы – «Ұлы Отан жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалы дер едім. Ол кезде не бәрі он бес жаста ғана болатынмын, – деді ардагер аға әңгімесін әріден қозғап. Шынында, Нұрекең қалған наградаларын күні өткен кеңес кезеңінің орден-медалдары ғой деп қорашсынып отырмағаны белгілі. Олардың әрқайсының өміріндегі орны ерекше. Дегенмен сұрапыл жылдардағы тылда төгілген ащы тердің кермек дәміндей, қабырғасы қатпай жатып еткен еңбектің өтеуіндей еншісіне тиген осы медалдың қадір – қасиетін сол кездің ұрпақтары ғана білсе керек. Ол сонау кәмпескелеу науқаны қызған 1929 жылы Орал облысы Фурманов ауданында дүниеге келді. Балалық кезінде ашаршылықты да бастан өткерді. Ес жиып, етек жаба бастағанында Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Соғыс жылдарындағы қатарластары сияқты қаршадай бала қырманда астық бастырды, өгіз айдап, жер жыртты. Нұрекеңнің он беске толар-толмаста өзі туып-өскен ауылда орыс тілінен сабақ бергені де бар. Сыныпқа кіріп келген оның күні кеше тай-құлындай тебісіп өскен өз қатарластарын көргенде абдырап қалғаны да шын. Сөйтсе, бұл ештеңе емес екен. Олар мұның солақайлығын күлкіге айналдыра бастағанда қысылып-қымтырылып сабақтың аяқталуына әзер шыдады. Қайтып келместей болып үйге тұра қашқанымен ақыры мектеп директорының сөзін жерге тастай алмады. Сөйтіп бір жылдай білдей мұғалім болды. Солақайлығына келсек, одан жерге қараған кезі жоқ. Нұрекең сол қолмен шиырғанда әріптері маржандай төгіледі. Оқуға алымды, білімге ынталы ауыл баласының көкірегінде жазуға деген бір көк дөнен алға тартты да тұрды. Сөйтіп жүрек түкпіріндегі арманның жетелеуімен 1947 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға түсті. Соғыстың ауыртпалығын тартқан сол кездің студенттерінің оқуға, білімге құштарлығы бөлек болған ғой. Нұрқайыр аға да курстастарының алдыңғы легінде болды.Елімізге белгілі қаламгерлер, бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газетінің мықты редакторлары болған Ұзақ Бағаевпен, Сапар Байжановпен, «ҚазТАГ»-ты абыройлы басқарған Кәкімжан Қазыбаевпен бір курста оқығанын да осы жолы білдік. Университетті бітіргеннен кейін Орал облыстық газетінің тілшісі болып жұмыс істейді. Жұмыста жігерлі, алғыр жасты облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушілігіне көтереді, лекторлық топтың меңгерушісі болады. «Үгітші блокнотының» редакторы болып та партиялық жұмыстың қазанында қайнайды. Мәскеудің жоғары партия мектебінде оқып оралған оны облыстық газеттің идеология бөлімінің меңгерушілігіне тағайындайды. Батыс Қазақстан өлкесі құрылғанда өлкелік партия комитетінің насихат бөлімінің нұсқаушысы болады. Кейін облыстық телерадио басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет істейді. 1965 жылы өлке тарап, Ақтөбе облысы дербес бөлініп шыққанда облыстық «Коммунизм жолы» газетіне редактор болып келеді. – Бұрынғы өлкелік «Батыс Қазақстан» газеті көшірме аударма басылым болатын. Сол кезде газетте бұрынғы партия -кеңес органдарында қызмет атқарғандар жұмыс істеді. Маған газетті жақсартып, ұйымшыл да кәсіби білікті ұжым қалыптастыру керек болды. Мен осы бағытта жұмыс істедім. Газеттің таралымы 8 мыңнан 38 мыңға дейін көтерілді, аптасына бес рет шығатын болды. Жұмысшы- село тілшілерінің жүйесі құрылды. Газетте әр жылдары қазақтың белгілі қаламгерлері – ақындар Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Мұхтар Құрманәлин, Есенбай Дүйсенбаев, жазушылар Құрал Тоқмырзаұлы, Қажығали Мұқамбетқалиев еңбек етті. Кейін қазақ университетінің журналистика факультетін бітірген жастар келе бастады. Бұл газеттің тілі мен материалдарының жанрлық сипатына өзгеріс әкелді. «Коммунизм жолы» газеті екі рет КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің I және II дәрежелі медалдарымен марапатталды, – деді Нұрқайыр аға өткенге ой жіберіп . Иә, газет те өсті, газет арқылы оның қызметкерлері де биік белестерден көрінді. Нұрқайыр Телеуов КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медалдарына ие болды. Газетке басшылық еткен жылдары халқымыздың біртуар ұлдары академик Ахмет Жұбановпен, әнші Ғарифолла Құрманғалиевпен, жазушы Хамза Есенжановпен кездесіп, жүрекжарды әңгімелесудің сәті түсті. Осы жылдарда облыстық партия комитетінің төрт бірінші хатшысымен жұмыстас болған Нұрекең газет жұмысының кәнігі білгірі ретінде көрінді. Содан да болар,олардың қай-қайсысы дабірге жұмыс істеуге пейіл білдірді. Күнделікті газет шығарудың қам-қарекетімен жүріп, басылымның 1924 жылы шыққанын нақты деректермен дәлелдеген де Нұрекең. Ол Мәскеу, Ленинград қалаларындағы мұрағаттардан газеттің 1924 жылы шыққанын айқындайтын нақты деректер тауып, оны дәлелдеп шықты. – Газет те адам сияқты, қашанда өзі өмір сүрген уақыттың көрінісін береді. Кешегі тоқырау деп ат қойып, айдар тағып жүрген кезеңде облыстық «Ақтөбе» газеті проблемалық мәселелерді көтерумен ерекшеленді. Басқасын былай қойғанда, тоқсаныншы жылдары газет көтерген бір мәселені айтса да жеткілікті болар. Бір жыл бойына газетте «Малшының мың бір мұқтажы» айдарымен материалдар беріліп, оларда мал шаруашылығының өзекті мәселелері, малшының ауыр тұрмысы сөз болды. Кейін бұл мәселе Ақтөбе облыстық партия комитетінде қаралып, малшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты арнайы қаулы қабылданып, шаралар алынды. Қазір сол жылдардағы баспасөзді партияның сойылын соқты деп кінәлау басым. Рас, сірескен баяндамалар, селт еткізбейтін есептерді жариялауға тура келді. Дегенмен баспасөз қарапайым адамдардың сөзін көбірек сөйлейтін. Ал адамдар газетті, журналисті қорған тұтатын.Басылымдарда жарияланған сын материалдар ескерусіз қалмайтын.Бүгінгі таңда журналист қай мәселені қалай жазамын десе де еркіндік бар.Кейде солардың нәтижесін көрмеген соң ағаш оқпен атқандай әсері болмайтын сияқты көрінеді маған. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Менің ойымша, баспасөздің міндеті адамды тәрбиелеу, адамдықты, ізгілікті насихаттау болса керек, – дейді ардагер журналист. Нұрекең сексенге келсе де өзін сергек сезінеді. Оның да реті бар.Ол қырық жылға жуық уақыттан бері жүгірумен айналысады. Күніне 5-6 шақырымды артқа тастамаса бойының құрыс-тырысы жазылмайтын дағдысы бар. Теледидар қарап, мерзімді басылымдарды жібермей оқу ежелгі әдеті. Ақтөбелік журналистердің ақсақалы Нұрқайыр Телеуов отанасы Бақытжамал екеуі үш қыз, бір ұлынан, жиендер мен немерелер сүйіп отырған бақытты ата-әже. Ұл-қыздары жоғары білімді, өмірден өз орындарын тапқан тәрбиелі жандар. Адамға осыдан артық қандай бақыт керек. Сондықтан да ағамыз ізінен ерген інілеріне қадірлі, қатарластарына құрметті. Сатыпалды Сәуірбаев, журналист Ақтөбе облысы.

2947 рет

көрсетілді

37

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы