• Әдебиет
  • 02 Шілде, 2009

Абыздың арманы

немесе Димекеңнің балажандылығы жайында «тәмсіл-баян» Құдай ақыл мен кемеңгерліктің кеніші Қонаевқа перзент сыйлауда сараңдық танытты. Бұл – ұлы дананың Тәңір солай бұйырған жазымышы әрі тағдыры. Көп балалы отбасынан шыққан Димекең үшін үлкен күйзеліс нала еді. Бірақ ол Алла-Тағаланың пешенесіне жазған ісіне мойымады. Оны «дос дұшпандарына» білдірмеді. Өйткені ұлылардың көбі солай ұрпақсыз өткен ғой. «Халықтан асқан дана жоқ» дейтін еді Димекең. Сол сүйікті халқы мұны сезді. Сыртынан «Құдай сіздің тілегіңізді қабыл қылсын» деп тілек тіледі. Бір перзентке зар Димекең кейін жасы ұлғайғанда «бала жоқтығын» қатты сезінді. Алла барлық жағынан асыл жаратқан Димекеңнің жалғыз «жазымыш» тәлей-тағдыры осылай еді. Сондықтан дананың перзент сүюді армандап налыған кездері де болған. Балаларды көрсе айналшықтап, бүлдіршіндерді мейірлене сүйетіні де содан болса керек. «Жаратқанға жазығың жоқ еді» Ертеректе Димекең Абай даңғылымен келе жатып кенет бір көшеге бұрылады. Осы маңдағы құрылысты көргісі келген болар кішкене кідіріп қалады. Бірақ көліктен түспейді. Бұрын көрмеген үлкен қара «чайканы» қызықтап бір бүлдіршін жолда аң-таң болып машинаға қарап тұрады. Бала емес пе, тіпті, қызыққаны соншалық жақын келіп, ішіндегі адамға қарайды. Балдырғанды көргенде балажан Димекең іште отыра алмай сыртқа шығып, балақайды басынан сипайды. Жерден көтеріп алып, атын сұрап, «көлік қағып кетпесін, енді үйіңе бар балам» деп бейтаныс сүйкімді балаға ынтыға қарайды. Дәл осы көше қиылысындағы бір үйде Димекеңмен туыстық жақындығы бар апа тұратын. Балконда тұрып, көшедегі біреудің баласына әкесі сияқты бір нәрселерді айтып, елжіреп тұрған немере ағасына қайран қалады әрі қапаланады. Арғы аталары діндар, Құдайға құлшылық ететін ана: «Құдай саған бір шикі өкпе бермеді. Сенің жаратқанға жазығың жоқ еді ғой, аға» деп күбірлеп, көзіне жас алып, егіледі. Бұл ана Қонайдың інісі Қоғаштың бір ұрпағы еді. Ағасының «бала арманы» оның да жанын жегідей жейтін. «Айналайын, бізде бала болмады» Балажанды Димекеңнің туыс-жақындарының үйіне қонаққа барғанда қалтасына «балалар үшін» деп «тәтті-сәтті», «кәмпит-сәмпит» салып жүру салты еді. Тіпті, елге шыққан іс-сапарлары кезінде де жарықтықтың ойында «бала дәмі» жүретін. Абыз атаның «қарадомалақтарды» қалай жақсы көргені аңызға айналып кеткен. Иә, абыз Алладан қанша тілесе де, туа біткен балажанды болса да тілегі қабыл болмады. Әсіресе, өмірден өтер шағында жалғыздық жанына қатты батты. Өйткені өзінен бұрын әйелі Зухра апай дүние салды. Сүйген жарының да бала сүю, перзент көру – арманы ерінен кем емес еді. Бірде Димекеңнің үйіне белгілі тележурналист келіп, әңгімелесіп, сұхбат алады. Кетерінде: «Мына балаларға арналған заттарды үйіңе алып кет. Балаларыңа менен сыйлық болсын», – дейді. Журналист мына кісі мені жоқ-жітік, жарымаған біреу шығар деп ойлап тұр ғой деген ойға кетіп, намыстанып, ұсынған нәрселерін алуды жөн көрмейді. Мұны сезген әйелі телефон шырылдап, Димекең басқа бөлмеге кеткенде қожайынға естіртпей: «Айналайын, бізде бала болмады. Ол баласыз қамкөңіл адам ғой. Сондықтан сенің балаң оның да баласы болсын. Көңілі үшін балаңа берген түйіншекті намыстанбай алып кет. Болмаса ағаң ренжиді», – деп су жаңа бала киім-кешектерін орап қолына ұстатады. «Балдырғандарға обал емес пе!» Алматы облысының Талғар ауданына бір жылдары шетелден делегация келеді. Күздің қара суық кезі еді. Қонақтарды салтанатты жағдайда қарсы алып оларға гүл беру үшін бастықтар төменгі класс оқушыларын қалтыратып, дірілдетіп далаға тұрғызып қояды. Дайындық қалай екен деп ауданға ертерек келген Димекеңнің көзі алдымен далада жаурап-мұздап, гүл ұстап тұрған балаларға түседі. Өзін қарсы алған аудан басшысына қабағын шытып: «Келетін қонақтар сонша Құдай емес қой. Ана балаларды күннің суығында тоңдырып далада тізіп қойғандарың қалай? Оларға обал емес пе? Суық тиіп ауырса – не істейсіңдер? Балаларды тез таратып жіберіңдер», – деп бұйырады. Сөйтіп, жел өті, суықта тұрған балалар үйді-үйіне тарайды. Өкіл әке Бірде Димекең мұражайына жастары 16-17 шамасындағы үш-төрт бозбала келеді. Оның біреуі: «Ес білмейтін бала кезімде мені Қонаев өте жақсы көріпті. Үйіне әкеліп, қымбат ойыншық беріп ойнатыпты. Мұны анам өмірбойы аузынан тастамай айтып, менің құлағыма құя берді. Бүгін сол «өкіл әкемнің» мұражайына келіп, тағзым етіп отырмын» деп қабырғадағы Қонаевтың үлкен суретіне ерекше сүйіспеншілікпен қарады. Бала кезінде Димекең бозбаланы асырап алғысы келген де болар. Сәби оны қайдан білсін... «Академиктік ақша» және күйсандық Димекең туа біткен ғалым, білімі телегей-теңіз ғұлама еді. Әсіресе, оның геология ғылымы саласындағы еңбегі бір төбе. Ашық кен өндіру саласындағы ғылыми еңбектері кезінде атақты ғалымдар тарапынан бағаланады. Мамандығы Тау-кен инженері, техника ғылымдарының докторы, академик Қонаевтың Қазақстандағы қазба байлықтарын зерттеп, оның картаға «таңбалаудағы» еңбегі ерен. Бұл әлі айтылмаған дана ғалымға байланысты терең тақырып. Қазақ Ғылым Академиясының академигі Димекең «академиктік атағы» үшін тағайындалған 700 сом ақшаны балалар үйіне аударып отырды. Қанша жетім бала Димекең қаржысына тамақ ішті, киім киді. Бұл сауапты істі әсте ұмытуға болмас. Ал, көп балалы аналардың өтініш, хаттары бойынша оларға көмек көрсетуі айтса таусылмас. Бала, ана, балабақша Димекең үшін қазынаға бергісіз еді. Алматы қаласындағы №105 балабақшаның тәрбиешілері Димекең есімін күні бүгінге дейін ұлықтап келеді. Өйткені Димекең балабақшаға өзі келіп, күйсандық сыйлады, жиһаз, төсек-орын тарту етті. Сол кезде абыздың ақ батасын алған бүлдіршіндер қазір азамат болып, аталарын сағына еске алады. Ата мұражайына келіп, мұрағаттарды көреді. «Бәріміз сол кісінің баласы едік» Қазір Қонаевқа арналған ұлықтау жырлары өте көп. Тіпті халықтың «қара өлеңі» жырларында оның данагөйлігі мен әкелік қамқорлығы дәріптеледі. Қонаев мешіті (Шымкент) шығарған күнтізбеде мынадай жыр шумағы бар: Көрмеген соңынан жұрттың наласы еріп, Сол еді бәрімізге дана серік, Әкесі еді шын мәнінде қазақтың Бәріміз сол кісінің баласы едік. О, тоба күллі бір ұрпақ ол кісіге бала болып отыр. Кемеңгер, көсемдерге деген мұндай халық сүйіспеншілігі адамзат тарихында болған емес-ау, шамасы?

3218 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы