• Ақпарат
  • 29 Қаңтар, 2009

Премьердің пәрмені Қазақ тілінің көсегесін көгерте ме?

Өткен аптада Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Ол 2008 жылдың қортындысына арналды. Басқосуда басқа мәселелермен қатар тіл саясатын жетілдіру жайы да назардан тыс қалмады.

Тіл саясаты дегенде қазақты толғандыратыны – қазақ тілінің жағдайы. Ана тіліміздің бүгінгі хал-ахуалы қалай? Мәжілісте атап көрсетілгендей, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды екен. Қазіргі кезде еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде 2,5 миллионнан астам бала білім алып жатса, солардың 1,5 миллионы қазақ тілінде оқиды. Министрлік бұл көрсеткішке шүкіршілік ететін сияқты. Өйткені, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында бір ғана Алматыда қазақ тілінде білім беретін екі мектеп қана болса, солтүстіктегі кейбір облыстардың орталықтарында бірде-бір қазақ мектебі болмаған.

Министр М.Құл-Мұхаммед 2008 жылы министрлік мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға айрықша көңіл бөлгенін қадап айтты. Оның айтуынша, былтыр жалпы таралымы 500 мың данадан астам алты әртүрлі сөздік, 22 компьютерлік бағдарлама, екі түрлі балама оқу бағдарламасы әзірленіп, басылып шығарылған. Сонымен қатар, мемлекеттік тілде оқытатын инфрақұрылымдардың саны көбейген.

Әрине, шүкіршілік, тәубе қылған жақсы. Алайда, тоқмейілсуге әлі ерте. Орыс тілінің қоғамда әлі де үстемдік етіп келе жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Сондықтан да аталмыш министрлік таяуда әзірлейтін тіл саясатын жетілдіру мәселелеріне арналған ұзақ мерзімді жаңа бағдарламада елдегі басты тіл – қазақ тілінің басымдылығына айрықша мән бергені абзал.

Жиында соңғы уақытта ара-кідік қазақша сөйлеп, көзге көрініп жүрген Үкімет басшысы К.Мәсімов мемлекеттік тілді өркендетуге қатысты орынды пікірлерімен елең еткізді. Ол министр Мұхтар Құл-Мұхаммедке теледидар мен радио эфирлеріндегі қазақ тілі үлесінің үнемі артып отыруын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ «Қазақ тіліндегі газет-журнал, кітаптардың таралымын көбейту керек. Бұл да министрліктің басты назарында болуы тиіс» деді.

Премьер-министр ешқандай заң, бұйрық, қаулы арқылы тілдің мәселесі шешілмейтініне тоқталып, тілді үйрену үшін жүректен әмір болуы керектігін атап көрсетті. «Мен мұны өз іс-тәжірибемнен білемін» дегенді қосты ол қазақ тілін оқып-үйреніп жүргендігін аңғартып.

«Үкімет мемлекеттік тілді дамыту үшін барынша жағдай жасайды. Алайда, тек үкіметтік шаралармен шектелмеу керек. Бұл – халықтық іс. Мемлекеттік тілді дамыту өз елін, өз ұлтын, Отанын сүйетін әр азаматтың парызы болуы тиіс» деп зиялы қауымды мемлекеттік тілді халық арасында насихаттауға шақырғаны өте құптарлық. Үкімет басшысының «Елбасы ұлтымыздың бәсекеге қабілетті болу міндетін алға қойды. Халқымыздың бәсекеге қабілеттілігі ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің, ана тіліміздің бәсекеге қабілеттілігінен басталады. Яғни, сіз бен біз осы жауапты іске абыройлы қызмет етуіміз қажет» деген сөзін қалай қолдамасқа.

Қазақ тіліне байланысты үкімет сөзі түзеліп келеді. Алайда, ең бастысы, ең қажеті – нәтиже екендігін ескерейік.

Нұрперзент Домбай

3311 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы