• Білім және ғылым
  • 02 Шілде, 2009

ЗАМАН ТАЛАБЫМЕН ҮНДЕСКЕН

білім ошақтарының бірі – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті бүгінде көптеген сапалық өзгерістерге жетті Қазіргі білім әлемі оның заман талабына сай барлық деңгейде жүйелі өзгерістерге жетуімен сипатталады. Материалдық-техникалық базамен қатар оқу процесін ұйымдастырудың негізгі принциптері де түбегейлі жаңаруы тиіс. Өйткені, әлемдік экономиканың жаһандануы, халықаралық тауар өндірісі мен қызметке барлық елдердің белсене араласуы біртұтас білім кеңістігін құруды талап етеді. Отандық білім беру жүйесіндегі мұндай сапалық өзгерістерді бүгінде республикадағы маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінен көруге болады. Осы тұста университет ректоры техника ғылымдарының докторы Әбдімүтәліп Әбжаппаровпен сұхбаттасқан едік. – Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы, сонау 1976 жылы Каспий аймақтық тау кен-металлургия комбинаты жанынан алғашында Қазақ политехникалық институтының жалпы техникалық факультеті ғана болып ашылған білім беру ошағы бүгінде білдей бір жоғары оқу орнына айналып отыр. Аталмыш білім ордасының тыныс-тіршілігі жайында айтып берсеңіз. – Иә, алғаш политехникалық институттың қабырғасында факультет қана болып құрылған біздер 1993 жылы дербес Ақтау политехникалық институтына айналдық. Үш жылдан кейін Атырау педагогикалық университетінің филиалымен бірігіп, нәтижесінде Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті құрылды. Бүгінде оқу орны «қара алтынды» аймақтағы белді білім беру ошағына айналып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оқу орнының онан әрі дамуына орай өз сөзінде: «Ақтау мемлекеттік университеті Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті болып өзгертілді, жетекші американдық және еуропалық ғылыми орталықтармен элитті білім беру кешенін құруға қатысу туралы келіссөздер жүргізілуде. Университет бүкіл Каспий аймағының халықаралық білім беру базасына айналуы керек», – деп атап көрсеткен еді. Сөйтіп, Ақтау университеті Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне айналды. Бұл кездейсоқтық емес, мұны Елбасының тапсырмасы бойынша арнайы жүргізілген істердің қорытындысы десек болады. Сонымен осы аймақта тұңғыш рет Каспий атауы мемлекеттік оқу орнына беріліп отыр. Бізбен аттас білім ордасы әзірге Каспий аймағындағы көрші мемлекеттердің ешқайсында жоқ... Біздің басты мақсатымыз – болашақ мамандарымызды әлемдік деңгейдегі стандарттарға сәйкес даярлау. Ол үшін біз өз студенттерімізді әлемнің әртүрлі белді университеттеріне жіберіп, оқытып, солардың әдістемелік бағдарламаларын игеруге, сол арқылы замандастарын да сондай деңгейге жетелеуіне мүмкіндік туғызуымыз қажет. – Университеттегі халықаралық байланыс, алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарымен ғылыми-техникалық қарым-қатынас жайы қалай шешімін табуда? Мұндай байланыстардың студенттердің заман талабына сай білімді де білікті маман болуы үшін жәрдемі көп қой... – Дұрыс айтасыз, университетіміз ТМД-ның, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердің белді жоғары оқу орындарымен ғылыми-техникалық байланыс жасап тұрады. Жоғары білікті мамандар даярлау мәселелері жөнінде Мәскеудің мемлекеттік М.В.Ломоносов атындағы, статистика және информатика, сондай-ақ құрылыс, физика-техникалық, Н.Э.Бауман атындағы техникалық университетерімен, И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ, Обнин мемлекеттік техникалық атом энергетикасы университеттерімен, Ресей Ғылым академиясы Оңтүстік ғылыми орталығымен, сондай-ақ Астрахань, Калмақ, Уфим, Азербайжан, жалпы саны он сегіз жоғары оқу орындарымен ғылыми байланыста болып отыр. Мұндай қарым-қатынас Иранның төрт, Германияның екі жоғары оқу орындарымен, Фатих /Түркия/, Вроцлав /Польша/, Қытай университеттерімен де жасалуда. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті Каспий маңы мемлекеттерінің университеттер Ассоциациясының толық құқылы мүшесі болып саналады. Бұл Ассоциацияның құрамында Азербайжан Республикасынан 3, Ресей Федерациясынан 11, Иран Ислам Республикасынан 3, Қазақстаннан 3 жоғары оқу орны бар. Меморандум шеңберінде Маңғыстау облысы мен Иранның Солтүстік аймақтары арасында халықаралық байланыс жолға қойылып, Каспий мемлекеттік университетімен Гилян, Горган және Мазандаран университеттерінің ғылыми-техникалық және мәдени қарым-қатынас жөніндегі келісімдері бекітілді. Осындай байланыс Түркияның Фатих университетімен де жолға қойылды. Соңғы кездегі Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы экономикалық байланыстардың даму үрдісін ескере отырып, 2007 жылғы қыркүйектен бастап түрлі мамандықтар үшін қытай тілін оқыту курстары ұйымдастырылып, ҚХР-дан мамандар шақырылды. Өткен жылғы сәуір айында білім мен ғылым саласы бойынша жоғары білікті мамандар мен ғылыми кадрларды бірлесе даярлау мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми-техникалық келісімге қол қою үшін Қытай /Хуандун/ мұнай институтының делегациясы Ақтауға келді. Ворцлав /Польша/ және Ш.Есенов атындағы Каспий университеттері арасындағы қарым-қатынас жөніндегі келісім шеңберінде 2006 жылдың тамызынан біздің студенттер жыл сайын заң, гуманитарлық, жаратылыстану мамандықтары бойынша бір жылдық оқуға жіберіледі. Сондай-ақ оқытушылар да аталған оқу орнында біліктілігін көтеру курсынан өтеді. Өткен оқу жылдарында келісім-шарт негізінде Германияда 4, Польшаның Вроцлав университетінде 6, Қытайда 20, Белгияда 6 студент білім алса, ағымдағы оқу жылында да көптеген студент алыс-жақын шетелдердің жетекші оқу орындарына білім алуға аттанғалы отыр. Шетелде білім алуға деген ынтаның жыл өткен сайын еселеніп отырғаны бізді шын қуантады. Сонымен қатар CCUSA бағдарламасы бойынша 2007 жылдың жазында түрлі мамандықтар бойынша 14 студент АҚШ-тың Колорадо, Виржиния және Нью-Йорк штаттарында біліктіліктерін көтерді. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Каспий университетінің проректоры Б.Сәуірбаев және А.Құлшынова жаңа бағдарламаны енгізу және пікір алмасу үшін Германияға барып, Берлин қолданбалы ғылымдар және заң, Бранденбург және Мюнхен техникалық университеттерінің техникалық базаларымен танысып қайтса, мұнай және газ институтының директоры А.Сейдалиев, кафедра меңгерушісі А.Айтқұлов пен профессор Ю.Кулиев халықаралық байланыстарды үйлестіру мақсатында Азербайжан мемлекеттік мұнай академиясында болды. Жыл сайын университет пен халықаралық байланыстар орталығы Президенттің «Болашақ» бағдарламасына орай, студенттермен мақсатты жұмыс жүргізуде. Бұл бағдарлама Қазақстан жастарының шетелдерде оқуы үшін грант алуына зор мүмкіндіктер туғызып отыр. Өткен жылы Германиядағы Вилдау жоғары техникалық мектебі және Дрезден техникалық университетімен келісім жасалды. Өткен жылы университет бүкіл әлем университеттерінің көпшілігін біріктіретін білім саласындағы ең ірі халықаралық ұйымдарға: Университеттердің Ұлы Хартиясы мен EURASHE-ге толық құқылы мүше болды. Өткен жылы біз құрамында сегіз институты бар Луизиана Университеті Жүйесімен арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойдық. 2008 жылғы қараша айында халықаралық байланыстарды кеңейту мақсатында университетке АҚШ Елшілігінің өкілдері – Елшінің орынбасары Кевин Майлэс және саяси бөлімнің екінші хатшысы Колин Алтсток келді. Оқу орнында жыл сайын шетелдік фирмалар, оқу және ғылыми ұйымдар өкілдерімен келісімдер, іскерлік кездесулер өтеді. Бұл – жылына ондаған миллион теңге шетелдік инвестицияны тартатын мұнайлы аймақтың өндірістік-экономикалық ерекшелігіне негізделген. Қазірде университетпен қарым-қатынастағы және келісім-шарттар деңгейінде бірлесе мамандар даярлауда, демеушілік көрсетуде қоян-қолтық байланыстағы көп санды шетелдік компаниялар арасынан «Тексако Норс Бузачи, Инк», «Аджип КҚО», «Арман» бірлескен кәсіпорыны, «Қаражанбасмұнай» АҚ бөліп атауға болады. – Әбеке, өзіңіз ғылым жолында жүрген азамат болғандықтан бұл жолдың қаншалықты ауыр екенін сөзсіз түсінесіз. Бүгінде жыл жүріп доцент, бір-екі жыл жүріп доктор бола салып жатқандар саны күннен-күнге артып барады. Сіздің универсиет те ғалымдардан кенде емес. Оларға өзіңіз қалай баға бересіз? – Иә, бұл мәселе – біздегі көкейтесті мәселелердің бірі. Осы тұста сапаның да төмендемеуін қатты қадағалауымыз керек сияқты. Біздің оқу орнына келер болсақ, бұл білім ошағы білікті оқытушылармен күннен-күнге толысып келеді. Соңғы жылдары профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми деңгейі өсті, мәселен, 2005-2006 оқу жылында оның деңгейі 24 %-ды құраса, 2007-2008 оқу жылында 38%-ға жетті. Қазір университетте 13 ғылым докторы мен 131 ғылым кандидаты қызмет істейді. Оқу орнында аспирантура мен магистратура жұмыс істейді. Аспирантура мен Қазақстаннның басқа жоғары оқу орындарында биылғы оқу жылында 40 адам оқиды. Сондай-ақ Астрахань техникалық университетінің магистратурасы мен Губкин атындағы Мәскеу университетінің аспирантурасында да оқып жүргендер бар. Университетте 3 жылдан бері біліктілікті көтеру институты жұмыс істейді. Сонымен қатар оның оқытушылары республика мен жақын шетелдердегі маңдайалды оқу орындарында біліктілік көтеру курстарынан өтеді. Осындай мақсатпен бірқатар оқытушылар Қытай, Иран, Германия, Түркия, Азербайжан сияқты елдерде болды. Өткен оқу жылында оқу орнының проректоры С.Исабаева «Парасат» орденімен, ардагер ұстаздар М.Сегізбаева мен К.Қаражаева Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет хатымен марапатталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің шешімімен кітапхана директоры Г.Абошеваға «Еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» атағы берілсе, Ж.Толысбаева, С.Бердібаева, М.Құсайынова, Р.Нұрмұхаметова сынды оқытушылар «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Экономика және құқық институтынан Гүлсара Өзбекқызы облыс бойынша «Ең үздік кәсіпорын басшысы» атанды. Ғылым және халықаралық ынтымақтастық істері жөніндегі проректор Сәуірбаев Біржан Сәрсенбекұлы Шухов атындағы медальды иеленіп, облыс бойынша «Жыл адамы» номинациясында «Жыл ғалымы» атанды. Бұл – біз үшін, біздің университет үшін үлкен жетістік. – Отандық оқу орындарының көсегесінің көгергені біз үшін де үлкен табыс. Ал студенттердің білім деңгейі қандай дәрежеде дер едіңіз? – Өз басым, ұлттық экономика талабына жауап беретін мамандар даярлап шығару бүгінгі жоғары оқу орнының маңызды міндеті деп санаймын. Бұл үдеріс өз кезегінде оқу орны мен жұмыс беруші арасында тығыз байланысты керек етеді. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде 2006 жылы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев төрағасы саналатын қамқорлық Кеңесі құрылып, ол оқу орнын басқару мен даярланатын кадрлардың сапасын бағалауға, сондай-ақ университетті қосымша қаржыландыруға белсене қатысады. Оқу орындарында мұндай қамқоршылық Кеңесін құруды алқа мәжілісінде Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев та қолдады. 2007-2008 жылдары университеттің оқу-зертханалық базасын нығайту бағытында кең ауқымды жұмыстар атқарылды. Мұнай және газ институтының зертханалық базасы химиялық технология, мұнай және газ кен орынын дайындау, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау, тасымалдау, мұнай өнімдерін сақтау зертханалары кешенінен тұрады. Институттың 12 зертханасы жаңа аспаптар, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ал, «Химиялық технология» кафедрасында ғылыми зертхана құру қолға алынып, «Аджип КҚО» кәсіпорнының көмегімен мұнайды озық әдіспен анализдейтін жаңа жабдықтар алынды. «Мұнай және газ кен орындарын дайындау», «Мұнай және газ ұңғымаларының геологиясы мен бұрғылануы» кафедралары іргелі мұнай кәсіпорындарымен бірлескен жоба жұмыстарын жүргізуде. Қытай мұнай институтымен жасалған келісімге сәйкес, бұрғылау қондырғысы мен аударма станоктарының, гидравликалық престің жұмыс істейтін макеттері алынды. Кафедралардың «КазТрансОйл» АҚ кәсіпорынымен тығыз байланысы бар. Оларға «Құрманғазы Петролеум» ЖШС «Гидоодинамиканың» зертханалық стенді мен көмірсутегілер параметрлерін анықтау үшін жабдықтар ұсынды. Соңғы 3 жылда университеттің Ғылыми Кеңесінің шешімімен Ш.Есенов, Ә.Кекілбаев, М. Жолдасбеков, Г.Померанцев, университет ректоры атындағы бірнеше атаулы стипендиялар тағайындалып, университеттің оқуда озат, белсенді студенттеріне беріліп отырады. Оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру жұмыстары мен оқу-материалдық базасына жүргізіліп жатқан жаңғыртулар өз жемісін бере бастады. Университет мұнай-газ саласына мамандар даярлаудағы оқу-зертханалық база жөнінен республикамызда алдыңғы орында. Соңғы жылдары алынған көптеген оқу-зертханалық жабдықтардың елімізде теңдесі жоқ. Инженерлік-техникалық және мұнайхимиялық мамандықтар үшін Германиядан 21 оқу-зертханалық қондырғы түсті. Мамандар даярлаудың барлық бағыттары бойынша университеттің оқу-зертханалық базасы халықаралық талаптарға таяп қалды. – Білім беру мәселесімен қоса шығармашылық жайттарға да көп көңіл бөлетін боларсыздар? – Студенттер демалысы мен шығармашылық қызметінің үзіліссіз үдерісін қамтамасыз етуде мәдени-көпшілік жұмыстар ерекше орын алады. Сол арқылы дарынды жастар табылып, оқу орнының мәдени өміріне тартылады. Университет жанынан «Атамұра» және «Қыздар-ай» вокальды-аспапты ансамблдері, басқа да өнер ұжымдары құрылып, шығармашылық қызметті дамытуға ықпал етуде. Қазірде оқу орнында республикалық, облыстық конкурстардың жүлдегерлері «Каспий арулары» халық биі ансамблі, «Лотос», «Падишах» «Маната», «Жауқазын» би топтары жұмыс істеуде. Жыл сайын шығармашылық ұжымдар облыстық «Студент көктемі», республикалық «Жас толқын» фестивалдеріне қатысып жүлделі орындардан көрінуде. Әсіресе, студенттердің интеллектуальдық дамуына ерекше мән беріліп, қазақ және орыс тілінде көңілді тапқыштар, журналистік «Жас қаламгер» және пікірсайыс клубтары құрылды. Студент жастардың «Жас толқын» газеті шығарылып, онда білім мен ғылымның өзекті проблемалары жайында мәселелер көтеріледі. Оқу орнында «Университет күнін» атап өту ізгі дәстүрге арналып, онда ең үздік профессорға, доцентке, институтқа, оқытушыға, кураторға, студентке ақшалай жүлделер мен бағалы сыйлықтар тапсырылады. Бүкіл жоғары оқу жүйесін басқарудың ажырамас бір бөлшегі бұл – университеттегі студенттік өзін-өзі басқару. Оның басты мақсаты – демократиялық дәстүрлерді тереңдете дамыту, студенттерді азаматтық жауапкершілік пен белсенділікке, оқуға, қоғамдық пайдалы қызметке тәрбиелеу, болашақ мамандарда көшбасшылық қасиет қалыптастыру. Студенттік өзін өзі басқару жастар ісі комитеттері, жатақханалардағы кеңестер, еңбек отрядтары штабы, студенттік парламент арқылы жүргізіледі. Бұл қоғамдық ұйымдардың әрқайсысының құрамына түрлі кеңестерді, клубтар мен комиссияларды қамтитын ішкі құрылымдар бар. Жыл сайын көктемде университетте студенттік құрылыс топтарына студенттер іріктеліп, алынады. Олар негізінен құрылыс, педагогикалық, экологиялық бағыттарда жұмыс істеп, қаланы көгалдандыру, Каспий теңізі жағалауының тазалығын сақтау, республикалық «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру істеріне атсалысады. Университетте 39-дан астам ұлттан құралған студенттер, оның ішінде 600-ден астам шетел өкілдері оқиды. Ендеше әрбір студентті терең интернационалдық сезімге, достық пен өзара құрметке тәрбиелеу ерекше мәнге ие. – «Еліміздің болашағы жастар» болғандықтан да, жас мамандар мен студенттерге қандай әлеуметтік көмектер көрсетіледі? – Өткен жылдың мамыр айында маңызды құжатқа – университет әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы арасындағы ұжымдық келісім-шартқа қол қойылды. Алдымен оның жобасы әрбір бөлімшеде талқыланып, қызметкерлер ұсынысымен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде, ҚР нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленгеннен анағұрлым жағымды еңбек жағдайы мен нормалары, кепілдіктер мен жеңілдіктер қалыптасып, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Мәселен, қызметкерлердің лауазымдық айлық жалақысына 80-нен 100%-ға дейін үстеме төлеу белгіленді. Ал, қызметкерлердің университет пен оның жанындағы колледжінің күндізгі бөлімінде оқитын балаларының оқу ақысы 50%-ға дейін төмендетілді. 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік стипендия мөлшерінің өсімі – оқитындардың барлық санаттарына мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық. Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында ел ертеңі жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету мәселесін де атап өтті. Президент үкімет тарапынан қосымша 11 мың студентке грант және 40 мың студентке несие бөлінуін тапсырды. Үшінші және одан да жоғары курстарда үздік оқитын студенттерге қосымша білім гранттарының бөлінуін мемлекеттің жастарға жасалған қамқорлықтың бір көрінісі деуге болады. Осыған орай, Каспий мемлекеттік университетінің 102 студентіне қосымша білім гранты берілді. Студенттерге берілетін қолдаудың екінші бір бөлігін ұзақ мерзімді жеңілдікті несиелер құрайды. Университетте бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келе жатыр. Атап айтарлығы – несие алған студентке университетті бітірген соң қарызын төлеуге ұзақ жылдардың берілетіні және бұл несиенің жылдық пайыздық көрсеткішінің басым бөлігі мемлекет тарапынан өтелетіндігі. Кредиттік оқыту жүйесі мен ережелеріне сәйкес студенттердің білімі компьютерлік тест арқылы балдық-рейтингтік жүйе бойынша бағаланады. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Темір МЫҢЖАС, Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИҰЛЫ

3689 рет

көрсетілді

48

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы