• Әдебиет
  • 02 Шілде, 2009

ГЕНОЦИД

миллиондаған қазақты аштан қатырған қызыл империя саясаты

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті,филология ғылымының кандидаты “Орда босап орнынан, Болмай қалды сапамыз. Тау ұшқандай орнынан, Босап қалды ортамыз...” (Халық жоқтауынан) Ф.И.Голощекин қоғамда орын алған кез келген қарсылық пен наразылық белгілері, келеңсіз құбылыстарды аяусыз жаншып, кеңестік идеологияға көзсіз сенетін сананы қалыптастыру “ұлы құрбандықсыз” әсте болмайды деп ақталды. Бұл ретте жоғарыдан басқарылған ерекше нұсқау бойынша жергілікті әкімшілік-билік пен атқарушы органдар бұқара халыққа террорлық қысым жасаудың барлық шараларын қолданып, зорлық-зомбылықтың, жазалаудың не түріне ерік берді. Сөйтіп, бейкүнә ел-жұрттың қолындағы бар дүние-мүлкін, азын-аулақ дән-дақылы мен жан баққан малын шырылдатып тартып алып, арытып, жұтатып, өлгені өліп, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс Кеңес өкіметінің талаптарын мүлтіксіз орындауды еріксіз мойынсұндырды. Қоғамдық өмірдегі болмыстың бетін бүркемелеу, жалған ақпарат тарату – ғылыми теріс пайымдауға, зерттеушілік қабілетті, табиғи таланттарды ақиқат жолдан тайдырып, жетпіс жылдан астам ұрпақтың ақыл-ойын шатастыруға мәжбүрледі. Алайда “алмас кездік қап түбінде жатпасы” аян. Күндердің күнінде шындық алмас кездіктей жарқ етіп, жарып шығарына шүбә жоқ. Ауруын жасырған өледі. Қанға малшынған қызыл империяның өтірікті саясатқа айналдырған ұстанымы ақыры түбіне жетіп, қураған теректей морт сынды. Мемлекет атаулының ілім-білімі мұрат тұтқан саяси бағыт-бағдарына байлаулы. Қазақ жастарына сапалы білім беруді желеу етіп, Мәскеуде оқуына таңдау жасаудың мақсаты – кеңестік құрылыстың идеологиялық мүддесін қорғауға жергілікті ұлт өкілдерінен кәсіби мамандар даярлау мен іске тарту еді. Мәскеуде білім алған Ғаббас Тоғжанұлы, Ілияс Қабылұлы, [...], т.б. жастар қазақ елін “кеңестендіру саясатына” жан-тәнімен үлес қосып, алаш зиялыларын, ұлт басына төнген қиын-қыстау аумалы-төкпелі, аласапыран заманда өмірін құрбан еткен ақ-адал перзенттерін Айдың, Күннің аманында кір жағып, қаралап, опасыздық пен сатқындық жасап, ары мен қаны төгілген қасіретке ұрындырды. Демек, білімдінің бәрі бірдей ұлттық қауіпсіздікке қызмет ете алмайтыны осыдан-ақ көрініп тұр. Қанша жерден жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ деп әлгілердің қылмысын ақтағанмен, қазақтың тарихи танымында жуылмайтын дық қалып қойды. Қазақтың ойлау жүйесін, ұлттық қадір-қасиетін, этникалық ерекшелік белгілерін жоюға барын салған идеологиялық ұстаным қайткенде де көшпелі елді дәстүрлі тіршілік үдерісінен жаңылтып, империяның айтқанымен жүру, айдағанына көнуге мәжбүрледі. Осы саясатты Қазақстанда жүзеге асыруға өткен ғасырдың 20-жылдары Мәскеуде білім алған “қазақ оқығандарының” бірсыпырасы қолжаулық болды. “Іштен шыққан жау жаман”. Қазақты құртқан өз ішінен шыққан сатқындар. Бұл қазақ арасынан екіжүзді, жалтақ, көріп тұрғанын айтуға жасқанатын жасанды “зиялы қауымды” қалыптастырды. Бір рет ұлтына опасыздық жасаған жанның бойы үйреніп, кез келген қиын-қыстау сәтте сатқындыққа психологиялық-моральдық жағынан бейім тұрады. Өйткені, ұлт мұратына қиянат жасаған “зиялыларды” кеңестік саясат әрқашан марапаттау мен сый көрсету, ерекше құрмет пен биік мансапқа жеткізу арқылы қызыл империяның дегенін істетудің идеологиялық сенімді құралына айналдырды. Егер айтқанға көнбесе, тиісті мекемелер “күнәсін” жіпке тізгендей ел алдында әшкерелеп, құрта салу түк те емес еді. Сондықтан ұлтының мүддесіне қарсы әрекет еткен ондайлар Кеңес дәуірінде жалғанды жалпағынан басып өтті. Бұған біздің өткен тарихи тәжірибемізде мысал жетерлік. Ал, кейбір ірі істерге тапсырыс бойынша теріс куәлік бергендердің артында із қалмас үшін “құпия қауіпсіздік орындар” олардың көзін құртып отырған. “Құлағын сатқан Тәңірі атқан, Оңдырар ма, оңар ма?!” деп Абай айтқандай, Алаш ардақтыларының арасында жүріп, дұшпанға “қоңырау” қызметін атқарған Әбдірахман Байділдин сияқты біреуге қазған орға өзі түскендер де аз емес. Мағжанның Байділдинге жазған эпиграммасында: “Чик-чик, Колокольчик Дин, дин, дин. Сылдыр-сылдыр, Былдыр-былдыр Байділдин”, - деуінің астарындағы уытты кекесін сыр осында еді. 1922–24 жылдары кәсіп игеріп, мамандық алу мақсатымен Алманияда (Германияда) оқуда болып қайтқан Ғ. Бірімжанұлы, А. Мұңайтпасұлы, Қазыбекұлы, Битілеуұлы сынды азаматтарды “шет елге қызмет еткен жансыз” деп айыптап, қуғын-сүргінге ұшыратты. Мәскеуде білім алғандардан бұлардың ерекшелігі – бар ақыл-ойымен ұлтының кәдесіне жарауға талаптанғандығы. Олар сол үшін жазаланды. Кеңестік саясаттың шектен шыққан сұрқиялығы мен қатыгездігі Қазақ Елін каторгаға айналдырды. Эшелон-эшелон ұлттар мен ұлыстар арнаулы күзетпен қазақ жеріне депортацияланды. “Таспен ұрғанды, аспен ұру” қазақтың қанына сіңген қасиеті. Бейтаныс жат жұрттың өкілдерін, тұтас мыңдаған аш-жалаңаш этникалық әртекті ұлыстарды қызыл империя атамекенінен көшірген, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған шақта, оларды қазақ халқы үйіне кіргізіп, бауырына тартып, аяғынан тік тұрып кетуіне жәрдем қолын созды. Алаш азаматтарының артында қалған сүйген жарлары мен балалары да “халық жауының” отбасы ретінде жылы ұясынан күшпен сыртқа шығарылып, азап лагерьлерінде нақақ жазаланды. НКВД-ның “Алжир”, “Ақлаг”, “Қарлаг”, т.т. “лагтерде” мыңдаған аналар ондаған жыл бойы қамақта ұсталды. Сондай алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы, қазақтың тұңғыш кинорежиссері – Ескендір Тынышбаев. Мәскеуде киноматография институтында оқып жүрген Ескендір аға қарындасынан әкесінің абақтыға қамалғандығы, кейін Воронежге жер аударылғандығы туралы жеделхат алады. Бұл суыт хабарды ести сала ол алып ұшып әкесіне жетеді. Барар жер, басар тауы жоқ, бейтаныс қалада көше сенделген Мұқамеджанға тұрғылықты мекенжайы мен азын-аулақ азық-түлігін дайындасуға және әзірше жетерлік қаражатпен көмектесіп, Мәскеуге оралған Есағаңды сол күні түн ортасы ауа “алашорданың байланысшысы” деген айыппен ОГПУ тұтқындап, жастық шағының 19 жылын концлагерьде өткізді. Бұдан тура он сегіз жыл бұрын марқұм Есағаңмен өз үйінде дидарласудың, оңаша сұхбат құрудың сәті түскен еді: – Ең жаманы – өз еліңде, өз жеріңде, өз қандастарың, ет жақын бауырларың нұқып, “жаудың баласы” деп жүрсе, содан жаманы жоқ. Оны басынан өткізген жан жақсы біледі. Ал, абақтыда, концлагерьде барлық адам бірдей болды. Әлімхан Ермекұлы – мемлекет қайраткері, тау-кен инженері, әкеммен көп жыл пікірлес, қанаттас жүрген азамат. Ол екі рет Қазақ Елінің атынан В.И.Лениннің жеке қабылдауында болған. Әлімхан ағай қамаудан босанғасын Шымкентке келді. Ол кісіге әдейі барғанымда екеуіміз құшақтасып амандастық. Ағайға ағымнан жарыла, ант-су ішіп, “мен стукач емеспін!”, “Алаш” партиясына, менің әкеме шын жүрегіңізден адалын айтып, мінездеме беріңізші! – деп жалбарына өтіндім. Әлекең ба-а-р мейірімін төгіп, – Сені ақылды деп жүрсем! – деді де кеңкілдеп күліп алды. Сосын Ол “Нас можно сломать, но согнуть не может”, – деп орыс тілінде сауалыма көпше жауап қатты. – Коммунистік партияға кіргендер не тапты, бәрі атылып кетті. Мұхтар Әуезов екеуіміздің ойымызша, олар сатқындар, бәлкім, қулық та болған шығар, әркімнің өз ақылы өзіне жетеді. Ал, сенің әкеңе жететін адам жоқ, – деді. Міне, “Шалқайғанға шалқай, төбең көкке жеткенше, Еңкейгенге еңкей, төбең жерге тигенше” деген халық даналығын бойына сіңірген Алаш ардақтыларының өмірлік кредосы. Ашаршылықтың себебі көп. Соның бірі – Кеңес өкіметі орнасымен бай, би, оқығын-тоқығандардың барлығын “феодализмнің өкілі, буржуазиялық интеллигенция” деген жалған ұран көтеріп, кедей, жалшыны билікке тартып, қоғамды қолдан надандандырып, тектілікке, рухани көсемдікке, өзінің көзқарасы, пікірі бар қазақ оқығандарына таптық жіктеу арқылы ақпараттық майдан ашып, саяси-идеологиялық шабуыл жасады. Байды жою, оның орнына кедей, жалшыны қою саясаты – тексіздіктің салтанат құруына жол берді. Ауқаттылардың бәрін қуғын-сүргінге салудың қаһары көп ұзамай қалың бұқараны, тұтас ел-жұртты қамтып, талғауға дым нәр таппай тірілей аштан қатқан ұлттық апатқа, айтуға ауыз бармайтын қасіретке соқтырған әлеуметтік-этникалық дағдарысты бастан кешірді. Сөйтіп көзінің алдын көре алмайтын “рухани соқырлар”, екіжүзді жылтыңдар, жағымпаз желбағарлар, парақор, жалақор имансыздар, шаш ал десе, бас алатын әңгүдіктер, ар-ұжданын аяққа басқан нақұрыстар, әпербақан, ұр да жық белсенділер ел бастауға, билік айтуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, заң орындарына, ұлт тағдырына қатысты жауапты қызметтерге тартылды. Қазақтың “қолымен от көсетіп” қазақты қырғызудың саяси түрлі амалдарын жасауға мәжбүрледі. “Қолдан жасалған атқамінерлер” қазақтың обалына қалды. “Бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы” деген халық даналығы еріксіз еске түсті. Идеологиялық насихат құралы саналған мерзімді баспасөз аттарын “Кедей”, “Кедей теңдігі”, “Жалшы”, т.т. деп қою сәнге айналды. Қазақ қоғамын рухани кедейлендіруге саяси мүдде ақын-жазушылардың шығармашылық қуатымен әдебиет пен мәдениет майданында үлес қосуына ықпал етті. Өмірдің барлық саласында Мырқымбайлар, Шоқпыттар тізгінді қолға алған “жаңа заманның” тыныс-тіршілігі мен көркем шежіресін кескіндеді. Сөйтіп, социалистік реализм әдісі “Ұлы Қазан” тудырған “жаңа адам” бейнесін көркем өнер мен әдебиетте сомдауды басшылыққа алып, қазақ қоғамының әлеуметтік билік жүйесін, буын-буын ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға жаршы болды. Алғашқы төлтума оқулықтар мен оқу құралдарын Алаш білімпаздары жазғаны аян. Статистикалық дерек бойынша, 98% қара танымайтын сауатсыз елді тарихи қысқа мерзім аралығында ағарту шараларын жүзеге асырудың абыройы сол ардақтыларымыздың еншісіне тиесілі. Кеңестік дәуірде Алаш ақылмандарының тәрбиесін көрген шәкірт буын жаңа заманға лайық оқулықтар жазуға атсалысты және оны қолданыстағы оқу құралдарының ғылыми-әдістемелік деңгейінен әлдеқайда жоғары, әлдеқайда сапалы орындау үшін шығармашылық бәсекелестікке түсті. Мұндай талаптың өзі әуелгі әзірде бірсыпыра ізденуге, шындап еңбектенуге жетеледі. Бүгінгі таңда біздің елімізде жазу-сызуды меңгермеген пенде жоқ. Алайда ғылыми-технологиялық үдерістің қарыштаған ақпараттану заманында төл оқулықтардың ұлттық тәрбие мен танымдық деңгейі Алаш арыстарының бір ғасыр бұрынғы еңбектерінен әлі аса қойған жоқ. ВКП(б) Орталық Комитеті Қазақстан өлкелік партия комитетінің басшылығына “саяси маньяк” Ш.И. Голощекинді жіберді. “Ауылды кеңестендіру – бұл шын мәнінде Қазақстанды кеңестендіру. Сондықтан барлық салада біздің жұмысымыздың ілгерілеуі үшін қазақ кедейлерін ұйымдастырмай әсте мүмкін емес, – деді Голощекин (“Советская степь”, 1926, 5 мая) Екінші пленумде сөйлеген сөзінде” (В. Михайлов. Хроника великого джута. Документальное повествование. Алма-Ата СП “Интербук”, 1990. С. 58-59.). Билік басына келгеніне екі ай өтер-өтпесте ол ауыл-аймақты аралап, таныспай-ақ “…ауылда байдың үстемдігі, рудың үстемдігі өзгеріссіз сақталған, шын мәнісінде өлкеде кеңес өкіметі орнамаған” (“Советская степь”, 1925, 4 декабря) деп байбалам салған көріпкел тұжырым жасады. “Советская степь” пен “Еңбекші қазақ” газеттерінің бетінде “Ауылды кеңестендіру”, “Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын” деген Голощекиннің сөзі ұран етіп көтерілді. Көшпелі мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақ ауылының тыныс-тіршілігі мен қалыптасқан дәстүрлі қоғамдық ахуалымен мүлдем санасқысы келмеген Голощекиннің “Кіші Қазан” өткізуді жар салған максималистік кеудемсоқ, оспадарлығы – қойға топалаң тигендей елдің есін шығарды. “Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы” дейтін текті ұлтымыздың жер қайысқан төрт түлік малын түгел сыпырып, мемлекет меншігіне күшпен тартып алудың сыры – биліктің не ойлағаны барын айтпай-ақ сездіргендей еді. Ораз Исаев Қазақстан Өлкелік Комитетінің VI пленумында сөйлеген сөзінде 1929 жылы 40 миллион бас малдың 1933 жылы саны 4 миллионға жетер-жетпес екендігін мойындауға мәжбүр болды. Сталиннен және Партияның Орталық Комитетіндегі негізгі басшылардан төтенше шаралар жүргізуге, авантюристік бағытты берік ұстауға рұқсат алған Голощекин ашықтан-ашық: “...Сіздер Зиновьевтің: “Қазақстан Голощекиннің жеке билік құруы үшін басыбайлы берілді”, – дегенін білесіздер. Кез келген топтың көсемдері Қазақстанға [яғни бұл арада Республика атын Голощекин билік басындағы өзінің есімімен байланыстырып тұр – А.Мек.] қарсы шығып байқасын – бір аптаның ішінде күлі көкке ұшады” (VI Всеказакстанская конференция ВКП(б), стенографический отчет, Кзыл-Орда, 15–23 ноября, 1927 г., стр. 137.), – деп (Нәубет. Құрастырушы З.Қыстаубаев. А.: Жалын, 1990, 75-б.) өзеурей айбат шеге екпіндеуі тірек етер сүйенгені мықтылығының белгісі еді. Қолына тиген шексіз билікті оңды-солды пайдаланған Голощекин бірінші кезекте өзіне бақталас білікті азаматтарды қудалап, тоз-тозын шығарып, жан-жаққа шашып жіберді. Сосын қой дейтін қожа, әй дейтін ажа болмаған соң “ұжымдастыру” деген желеумен көшпелі елді теспей сорған, шектен шыққан арсыздықпен тонаудың салдарынан бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген аштық зобалаңына ұрындырды. Қужақ (Алаш арыстарының Голощекинге қойған лақап аты – А.Мек.) қолдан ұйымдастырған жан мен тәнді ашықтырудың, қасақана жұтатудың қазаққа түрлі пішіні мен әдісін қолданып-ақ бақты. 1931-32 жылдары қазақ даласындағы аштықты баспасөз бетінде жазуға кеңестік цензура тиым салды. Бұл Алаш арыстары жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған, елден жырақ жат өлкелерге жер аударылып, концлагерьлерде нақақтан-нақақ азап шекті. Кеңестік билік бұл саяси науқанға қарсылық көрсететін ұлттың әлеуметтік белсенді бөлігінің әрекет етуіне алдын ала қоғамнан оқшаулау әдістерімен мүмкіндігінен айырды. Сөйтіп, Алаш азаматтарының құқын өрескелдікпен бұзған заңсыздық арқылы қазақ ұлтына қарсы жасалған нәсілшілдік қылмысын қызыл империя әлемдік қауымдастық алдында жасыруды мақсат етті. Бұл өмір сахнасындағы қасіретті қойылымның сценарийінің авторы И.В. Сталин, режиссері Ф.И. Голощекин болды. Жоқ-жітік, аш-жалаңаш адамдар үйіндегі бар асыл дүниесін, атадан балаға мұра болған жәдігер бұйымын тірі қалу үшін талғажау етер талшыққа айырбастады. Осы ретте 1995 жылы абыз Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысқан Кёльн қаласынан келген Баймырза Хайт ақсақалдың баяндамасы еске түседі. Ол Германияға оқуға аттануға жиналған өткен ғасырдың 20-шы жылдары қазақ жерінде антиквар заттар мен кітаптар су тегінге сатылғанын, оның үйінде күлше нанға айырбастап алған сол кездегі қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты жалғыз-ақ данамен басылған 3 мың кітаптың сақталғанын айтқаны бар. Ол қандай кітаптар, оның қазақ мәдениеті мен тарихы үшін ғылыми маңызы бар ма? “Мәдени мұраға” байланысты тиісті мемлекеттік мекемелердің бұл деректің анық-қанығын зерттеу, іздестіру шаралары туралы бұған дейін бізге ақпарат белгісіз. “Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен” дегізген қарғыс атқыр шарасыздықтан жаны алқымға тірелген жұрт ескі-құсқы тулақ, тері-терсек, былғары етік, белдік, торсық, т.т. қолына іліккенін қазанға қайнатып, тісіне басты. Күш-қайраты барлар індетіп тышқан аулады, даладағы өскен шөптің тамырын қазып жеді. Ел ішіне түрлі жұқпалы індет тарады. Ел ішінде әкімшілік биліктің жүргізген арандату саясатына наразылық дүмпулер өріс жайды. Ашынған жұрт әділетсіздік пен зорлық-зомбылыққа төзбей жергілікті өкімет орындарына қарсы күресті. Билік басындағылардың күткені де осы еді. Бұл жалаң қолмен бас көтерген қарсылықтар мемлекетке жасалған қылмыс ретінде аяусыз жаншылып тасталды. Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың мәліметі бойынша, 1929 жылы Қазақстанда қатарында 350 адам бар 31 “бандалық құрылым”, 1930 жылы 1925 адамнан тұратын 82, 1931 жылы 3192 қатысушысы бар 80 “банда” әрекет еткен. Осы кезде селолар мен ауылдарда бұлардан басқа 2001 “дұшпандық топ” анықталған, оларда 9906 адам болған, сондай-ақ 10 396 жеке қаскөйлер тұтқындалған. Осылардың әрекеттері салдарынан 1929–1931 жылдары 460 партия-совет қызметкері өлтірілген, 372 дұшпандық антисоветтік әрекет жасалып, 127 рет астық өртеу және малды уландыру оқиғалары болған (Нәубет. Құрастырушы З.Қыстаубаев. А.: Жалын, 1990, 93-б.). 1931–1933 жылдар аралығында Адай округіне қараған Табын ауданында (Ақтөбе облысы кәзіргі Байғанин ауданы) кеңес өкіметінің саясатына қарсы көтеріліске шыққан. Табын ауданының 1930 жылдың 1-ші қазанындағы партия хатшысы Әлжановтың мәліметі бойынша үй саны 1930 жылы 11782, жан саны 62663 болса, 1932 жылы 5769 шаңырақ, 27943 адам қалды немесе тұрғын халықтың 52 ашаршылықтың құрбаны болды. Бұл цифрлар сол дәуірдің шындығын бейнелейді. Патша заманында да, кеңес дәуірінде де ресми жүргізілген халық санағында қазақтың саны ұдайы империялық мүдде тұрғысынан кемітіліп жазылды. Әрине, оның басқа да себептері бар болар. Көшпелі өмір салты тұсында қазақ метірке алуды, яки тууы туралы куәлік алуды білген жоқ. Сондықтан көшіп-қонған елдің саны империяның түтін салығының санымен есептелді. Бұл біріншіден, қазақтардың түтін салығын аз төлеуі үшін отбасының санын кемітіп айтуына итермеледі. Дәл осылай мал басының санын да шектеп берді. Екіншіден, империяның әскер қатарына алуынан сақтанып, еркек кіндікті жасыруына мәжбүрледі. Үшіншіден, жемқорлық, парақорлық өрістеген патшалықтың бюракраттық аппаратындағы шенеуніктері елден жиылған түтін салығынан “өз үлесін” айырып қалмауы мүмкін емес еді. Ал кеңес дәуірінде қазақтың нақты санын бұрмалаудың себебі әлеуметтік-этникалық мәселелерді шешуге жұмсалатын бюджет қаржысының құлағын ұстағандардың іштарлық қызғанышы мен империялық мүдде тұрғысынан бөлуіне негіз болды. Ең бастысы, қазақтың табиғи шикізат қорының байлығы мен санаткерлік, интеллектуалдық қабілет-қарымы (потенциалы) қызықтырғаны сондай – империя ерте ме, кеш пе этникалық-рухани ассимиляцияға түсіруді, яғни ұлт ретінде түбегейлі жұтып қоюды көздеді. Мәселен, Қытайда бұдан елу жыл бұрын ресми есеп бойынша қазақтың саны бір миллион жарым деп көрсетілсе, сол дерек бүгінгі таңда да еш өзгере қойған жоқ. Демек, бұл империя атаулыға тән ортақ құбылыс. Бұдан шығатын қорытынды әр дәуірдегі қазақтың санына қатысты демографтардың сүйенген деректерінде елеулі ауытқушылықтардың болуы заңды құбылыс. “Молда айтқанның бәрі шариғат емес, Ғалым айтқанның бәрі қағидат емес” деген. Қазақтың санына қатысты бұған дейінгі “қатып қалған” цифрларға сын көзбен қараған жөн. Ол түгіл технологиялық жарақтың ақпараттану мүмкіндігі көз ілеспеген бүгінгі күні қазақтың өз қолы өз ауызына енді жетті-ау деген шағындағы санаққа бөлінген қаржы да шенеуніктердің жемсауына түсіп кетіп, анық дерегін біле алмай отырмыз емес пе? Орынборда “Қазақ” газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынұлына салынған талай айыппұлдан құтқаруға демеу болған, миллионер, “Шора” журналының иесі, татардың классик ақыны Зәкір Рамеевтің бар байлығын большевиктер тартып алғаны, Дәрдман деген әдеби бүркеншік атпен төрүк әлеміне әйгілі тұлғаның ақыры аянышпен аштан өлгені белгілі. Сол сияқты Уфада қолжазба “Садақ” журналын Бейімбет Майлинмен бірге шығарған қазақтың классик жазушысы Жиенғали Тілепбергенұлы да аштықтың құрбаны болды. Пародокс сонда – ақ тарыдан дүниежүзілік рекорд жасаған Шығанақ Берсеұлы да аштықтан ажал құшыпты. Тере берсе, мұндай фактілер өте көп. Кеңестік ашаршылық саясаты мен қуғын-сүргіннің зобалаңы қазақтың зияткерлік ойлау жүйесі мен биік өресін ойсыратып кеткені сондай – ұлтқа тән дархан даналықтың көзі тартылып, босаған шелектей қаңғырлап қалды. Репрессия мәшинесі қоғадай жайпап өткен соң, қазақ қоғамы қаншалықты рухани құлазығандығын абыз Абайдың батасын алған, ілгерідегі Алаш алыптарының тәлім-тәрбиесін көрген жалғыз-жарым сарқыты Мұхтар Омарханұлы Әуезов сынды шалқыған түпсіз теңіз, асқар таудай биік білімпаз тұлғалары санасақ бір қолдың саусағына да жетпеді. Бұл геноцид – ұлттың тектік құнарының табиғи өсуі мен кемелденуіне, рухани-жасампаздық даму сипатының сапалық деңгейін ұзақ уақытқа тежеген этникалық тоқырауға ұшыратты. Ашаршылық қазақтың ұлттық құндылықтарынан түгел айырды. Қазақтың мыңдаған жылдық сұрыптауынан өткен асыл тұқымды төрт түлік малының тұқымы, ит пен құсының тұқымына шейін көз жазып қалуына әкеп соқтырды. Ашаршылық – қазақ ұлтын түбегейлі жоюға бағытталған кеңестік саяси-әлеуметтік жоба. В.И.Ленин – Ресейдегі 1905–1907 жылдардағы орыс буржуазиялық төңкерісінің сәтсіздікке ұшырауының себебін талдай келіп, бұл – 1917 жылғы Ұлы Қазан төңкерісінің жеңіске жетуіне үлкен дайындық болды деп бағалаған еді. Дәл осы сценарий бойынша қызыл империяның 1920–24 жылдардағы жүргізген ашаршылық саясаты қазақ ұлтын түбегейлі этникалық жойып жіберудің 1931–34 жылдардағы геноцидіне басты дайындық еді. Сондықтан 1931–34 жылдардағы қазақ еліндегі аштықты кеңестік баспасөз құралдары жазуға идеологиялық қатаң бақылау жасап, цензуралық тиым салды. Бұл қызыл империяның қазақ ұлтына ашықтан-ашық бағытталған қылмысын бүркемелеген айла-шарғысы тұғын. Осы екі аштықтың зардабынан қазақ арасында қанша қарны тойынса да, яғни өзі тойса да, көзі тоймайтын жемқор, бұрын-соңды жоқ мешкейлік, кембағал құлықты қандастар пайда болды. Әйтпесе мемлекеттік жүйе өзгерген тарихи өтпелі дәуірде қазақ жерінің табиғи шикізат қорын оңды-солды талан-таражға салып, ұлттық қазынамызды шет елге таратқандар байып, аз ғана жыл ішінде қалталы миллиардерлер шықты. Ал, сол деуге жарамаса да, жеуге жараған миллиардер шонжарлар қазақ мәдениетіне, ұлттың рухани дүниетанымына айтулы үлес қосарлық не тындырды?! Бұл сұмдықты көзбен көргендердің көңіл айнасындағы мәңгі қалып қойған көрініс суреті: “Сол тұста не көп – шаруаға салатын салық көп: ет, жүн, май, тері-терсекті айтпағанда, сүйек салығы, мүйіз-тұқай салығы, тіпті ит терісінің салығына шейін (неге керек екенін бір Құдайдың өзі білсін) болғаны әлі есімде. Әкімдер мен өкілдер: “ет керек”, “жүн керек”, “май керек”, “сүт керек”, “астық керек”, “бәрін де орындау керек!” деп ұрандатқанды ғана білді. Жоспар біткенді асыра орындаймыз деп жанталасқан олардың және жергілікті белсенділердің аузындағы сөзі: “Жерден қаз, көктен сау – бәрін тап!” немесе “қайдан тапсаң одан тап: қаптың түбін қақ!”. Зіркілдеген өкілдердің зорлап, қару асынған милициямен қорқытып кедейдің жалғыз сиырын етке тапсырттырғанын көзім көрді. Әлгі байғұстың: “Енді қатын-балам аштан өлетін болды ғой!..” – деп еңірегенде етегі толды. Оған қарап жатқан өкіл мен милиция жоқ...” (Нәубет. Құрастырушы З.Қыстаубаев. Өтебай Қанахин. Өз көзіммен көрдім. А.: Жалын, 1990, 53-б.). Батыс Қазақстанға әйгілі Қырдалыұлы Қызыл ақынның ашаршылық жылдары “Мешін-Тауық” атты әні ел арасына кең тараған. Жоқтау сарынындағы мұңды әннің мәтінінде мынадай жолдар бар: “ Қазаққа салмақ түсті Мешін-Тауық, Жігітке атқа мінген болды қауіп. Алаштан ән оздырған Қызыл ағаң, Үйінен іше алмады көже тауып. Қайырмасы: О-о, ерлерім-ай, О-о, елдерім-ай!.. Жем-Сағыз, Ойыл-Қиыл бойлай жайлап, Сан сатып, сала сайын бие байлап, Кешегі баста бағым бар шағында, Бәйгеге ат қосушы ем, Майлыбайлап... Қайырмасы: О-о, ерлерім-ай, О-о, елдерім-ай!.. Жайлаған сахараны елдерім-ай, Алашқа аты мәлім ерлерім-ай!.. Заманының жан алқымнан алған шақта, Шағайын кімге қайғы шерлерімді-ай!.. Қайырмасы: О-о, ерлерім-ай, О-о, елдерім-ай!..”, – деп келеді. Кеңестік аштық саясаты қазақ ұлтының сапалық және сандық өсуін жүз жылға кері шегерді. Қазақ ұлтының дамуы бір ғасырға тоқтатылып, күллі генофонды жойылып кетуге шақ қалды. Өз жерінде азшылыққа ұшырауы ұлттық табиғи болмыс-бітімінің дамуы шектелуіне, рухани нәр алатын бұлақ көздері бітеліп, ана тілінің әлеуметтік-рухани қызмет аясының тарылуына ықпал етті. Бейнелеп айтқанда, бұл мың жыл бұрын бәйгеге қосылғандармен “қазақтың атын” салыстыратын бәз біреулердің негізсіз мансұқтауына себеп болды. Бұл біздің тарихымыздағы орны толмайтын зор шығын, Ұлы Қасірет. Қазақтың бестен үш бөлігі аштықтың құрбанына айналып сүйегі көмусіз иен далада шашылып қалды, бір бөлігі жан сауғалап шет жұртқа жер ауып кетуге мәжбүр болды, бір бөлігі қалт-құлт етіп, әупірімдеп, әрең дегенде ес жиып, ел қатарына қосылды. Демограф ғалымдар ХХ ғасырдың басындағы екі аштықтың зардабы болмағанда, қазақтың саны бүгінгі күні 30–35 миллионға жетер еді деген ғылыми болжам жасайды. Біздің пайымдауымызша, бұл цифр нақты емес. Себебі 1897 жылғы патша өкіметінің санағы бойынша қазақ көрші өзбек ұлысынан [мамандардың зерттеуінше, бұнда өзбектердің Ресейге енген аймақтары ғана қамтылған дейді] үш есеге жуық артық, яғни 4 миллион 84 мың болғаны аян (Козлов В. Национальности СССР. М., 1983 г.). Аштық зұлматын көрмеген, жаппай қуғын-сүргіннен аман өзбек халқы бүгінгі күні 30 миллионға жуық. Ал қазақтар шет елдегісін қосып есептегенде 15–17 миллион шамасында. Демек, аштық болмағанда қазақтың саны 60 миллионның үстінде болар еді. Ендеше, ұлт басына төнген аса қатерлі зобалаңды – тұтас этносты аштан қатырып, ақыл-есінен айырып, құтын қашырған сұмдықты қалай ұмытуға болады!? Мұндай қатерлі кесапаттың себеп-салдарын зерттемей, оған ғылыми бағасын бермеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Сондықтан көктемнің жазға ұласар соңғы аптасын қазақты қынадай қырған “аштық саясатын” айыптайтын, орны толмас қасіретін еске алатын мемлекеттік деңгейдегі күнтізбеге енетін ҰЛТТЫҚ ҚАРАЛЫ КҮН жариялап, сүйегі алдақашан қураған, әр жерде көмусіз шашылып қалған ата-бабаның рухына тағзым етуді жыл сайын үрдіске айналдыру ләзім. Бұл әлі талайлардың жүрегінде жарасы жазылмаған тарихтың ащы сабағы – бейкүнә бейбіт елді бір оқ шығармай аштан қатырған империялық саясаттың опасыздығы. Қазақ даналығы “Өлі риза болмай, тірі байымайды”, – дейді. Демек, бұл – әруақ алдындағы ұрпағының азаматтық парызы. Осы игі шара бізді өз тарихымызға құрметпен қарауымызға үйретеді, сол арқылы ұлттық топтасуымыз бен ынтымағымызға қызмет етуді, жас ұрпақтың отаншылдық сезімін оятуды насихаттайды. Ашаршылық туралы бұған дейін В.Михайлов, Т.Невадовская, Ш.Мусин, Ғ.Ахметов, Ө.Қанахин, С.Байжанов, М.Қозыбаев, Б.Нұржекеев, Т.Омарбеков, С.Елубаев, Т.Жұртбаев, М.Тәтімов, Б.Төлепбаев, Б.Қойшыбаев, В.Осипов, т.б. қалам тартты. “Қазақтелефильмнен” “Великий джут” атты деректі фильм экранға шықты. Сценарий авторы – Валерий Михайлов, режиссёры – Қалила Омаров. Жалпы, қоғамтанушы ғалымдар, әсіресе заңгерлер ашаршылықтың қазақ ұлтына тигізген кесапатын құқықтық тұрғыдан жан-жақты ашып беруге атсалысуы керек-ақ. Генетик ғалымдар ашаршылықтың ұлтымызға тигізген зиянын ашық айтатын уақыт келді. Өйткені “Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама” дейді, ал, тұтас ұлтты ашықтырудың зардабы қаншаға созылатынын кім білген? Әлбетте, украиндар сияқты біз империяның рухани мұрагерінен құн сұрауға әзір дайын емеспіз. Ол үшін әлі ғылыми-ағарту шараларын пәрмендірек жүргізу қажет. Мұстафа Шоқайұлы “Польшадағы еврейдің тісі ауырса, Америкадағы еврейдің жүрегі ауырады” дегендей, қазақтың мәселесі – қазақтың бас ауруына айналғанда ғана бұл бәлкім, өз нәтижесін берер... Табиғат-Ана көктемде жаңбыр, қыста қар жауып, кір-қоқыстан тазарып, иіс-қоңыстан жуынып-шайынып, шомылып тұрмаса – қоршаған ортаның экожүйесі бұзылады. Табиғаттың төлтума перзенті жұмыр басты пенде де дәл сондай – тәнін де, жан дүниесін де ауық-ауық мұнтаздай тазартып, рухани шомылып тұрмаса, көңіл айнасын айғыз-айғыз кір басады. Жоқшысы жоқ ел жетім. Жоғалтқанымызды түгендеу – елдік мұрат. Еркіндік сүйгіш, жасампаз ұлтымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы тәуелсіздігіне жетіп, әлемдік қауымдастық дербес мемлекет ретінде Қазақстан Республикасын танығанына да екінші онжылдық. Бүгінгі таңда еліміз қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық іргесі қаланған, ішкі-сыртқы жағдайы тұрақты, бағыт-бағдары айқындалған, әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекеттердің санатында толық қалыптасты. Енді өз билігі өзіндегі мемлекеттің тарихи танымын ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият ғылыми тазартудың, қоғамдық сананы рухани сауықтырудың кезегі келді. Осы ретте мынадай ұсыныстарды ортаға салғанды жөн санаймыз: 1.“Ана тілі” ұлттық апталығы “Аштық құрбандары” атты айдар ашып, оған аштықтың зауалын тартқандар мен естіген ұрпақтары өздерінің көрген-білгенімен бөлісіп, қалың көпшілік үн қосса, тарихи вакуумды толтыруға себі тиер, әруақ алдындағы игілікті іс болар еді; 2.Мемлекеттік тапсырыс бойынша “Қазақфильм” киностудиясы ұлттық қасіретті бейнелейтін деректі және көркем көп сериялы кинофильм түсіруге бәйге жарияланса; 3.Елорда мен Алматыда және облыс орталықтарында аштық құрбандарына арналған көздің жасы көл болған ұлттық апатты бейнелейтін айналасы гүлге оранған композициялық субұрқақ (фонтан) ескерткіш орнатылса; 4.Республикамызда көктемнің соңғы бір аптасы аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын ресми мемлекеттік аза тұту күндері жарияланса; 5.Шығармашылық одақтар мен жекелеген өнер қайраткерлері аштық тақырыбына өздерінің зияткерлік қабілетімен атсалысса; 6.Бұл күндері Құдайдың Үйі – мешіттер мен шіркеулер де аштық құрбандарының рухына арнап дұға оқылса; 7.Өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы аштық тақырыбына тың құжаттарды сөйлетіп, арнайы ғылыми зерттеу монографиялар жазылса; 8.Мұрағат, кітапхана қорларында сақталған құжаттар мен фотосуреттер және бейнетаспалардың көрмесі ұйымдастырылса; 9.Бұл күндері бұқаралық ақпарат құралдары аштық тақырыбына арналған цикл хабарлардың бағдарламасын жасаса.

5895 рет

көрсетілді

84

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы