• Тіл
  • 02 Шілде, 2009

Қазақ тілі туралы пікір

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықов жолдасқа Қазақтың салқам сахарасында «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп елі мен жері үшін етігімен қан кешіп жүріп, туған халқының ұлттық құндылықтарын, салт – дәстүрі мен тілін сонау қиын-қыстау кездерде жанұшыра, қызғыштай қорыған, бастары құлдықтың ноқтасына сыймай кеткен арыстарымыз аз емес. Ресей империясына бодан болған замандарда қазақтың қаймағы бұзылмаған ана тілінің саф алтындай бай құндылықтары сарқыла бастады. Ол кездерде ұлт туралы, дәстүр туралы, тіл туралы ой толғау «ескіліктің, ұлтшылдықтың» белгісіндей, өзіне-өзі қол жұмсаумен бірдей еді. Бірақ, жанын шүберекке түйіп, ұлтының баға жетпес байлығынан айырылып бара жатқанын біле, көре тұрып үндемей қалуын болашақ ұрпақтың алдында ар санаған, оны айтып қалу өзінің басты парызы екендігін сезіне отырып, бар дауысымен жар салып, шындықты жеткізген батыр, ержүрек арыстарымыз да болды. Оларды мен Алаш арыстарының рухани мұрагерлері деп білемін. Солардың бірі де бірегейі батыр Бауыржан атамыз болатын. Осыдан тура 65 жыл бұрын, дәлірек айтсақ 1944 жылы Бауыржан батырдың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа жазып, жолдаған мына хатын оқып отырып, батыр баба алдындағы өзімнің парызымды өтей алмай жүргендігімнен, тек маған ғана емес, барша қазақтың жастарына – «болашақ ұрпағыма аманат» деп тастап кеткен баба аманатына қиянат жасағаным үшін кірерге тесік таппадым, қиналдым. Қазақ тілінің дәл қазіргі алаңдатарлық күйін Бауыржан батыр 65 жыл бұрын айтса да, Абай айтпақшы «Баяғы жартас, бір жартас» күйінде қалып тұр. Батыр атамыз бұл жанайқайын Кеңес үкіметі дәуірлеп, Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған кезде, бұқпай, жасқанбай-ақ айтып, жазып кетіпті. Егер Бауыржан атамыз дәл қазір тіріліп келіп, бүгінгі жағдайымызды көрсе не істер еді деген ойға қалады екенсің. Егеменді ел болып, өзінің Туы мен Елтаңбасы бар Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілінің өз жерінде өгейдің күйін кешіп отырғанын көрсе маңдайымыздан сипай қоймасы айдан анық. Халқымыздың біртуар қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының сол бір қазақ тілі туралы жазған толғанысын батыр бабамыздың болашақ ұрпағына деп қалдырған аманаты ретінде түсініп, оқырман қауымға сол қалпында ұсынып отырмын. Ербол Серғали Қазақстан астанасы – Алматыға келіп, аз уақыт болғанымда үстірт байқау мен болжаулар ауыр ойға салып, көп толғантты. Олардың біреуі ішіме сияр емес. Сізге айтпай кетсем, өмір бойы көңілім тынар емес. Ойдағыны айтып кетуді міндетім деп біліп, кеселханада жатқан бос уақытымды пайдаланып осы хатты Сізге жазып отырмын. Тіл маманы болмасам да, Алматыға келгелі Орталық «Социалистік Қазақстан» газетін оқып, кейбір, кейінгі кезде басылған қазақ тіліндегі кітаптарды желе-жорта қарап шығып, күннен күнге ұлғайып, шым-шытырық «шүршіттенуді» көзбен көре, құлақпен ести отырып, дәтім шыдамай жазайын деп отырғаным ТІЛ мәселесі туралы. Бұл мәселелер ойланып та, көтеріліп те, тиісті орындарда қойылып та жүрген болар, сүйтсе де біз сияқты жолаушы қонақтың сөзін тыңдауға уақытыңызды бөлерсіз деп сенгендігімнен жазып отырмын. Менің көзқарас, ұғымдарымның бәрі бірдей дұрыс бола бермес деген қауіп, бұл хатты сенімді, «түймедей нәрсені түйедей көрмейтін» саналы, Сіз сияқты партия, үкімет қайраткеріне сыр ретінде айтуды тілегендіктен, қолыңыздың тимейтінін біле отырып, Сіздің атыңызға жазып отырмын. Ежелден, атам заманнан тіл – елдің мәдениеті, әдебиеті өсіп-өніп, от басындағы үй тіршілігінен бастап, қоғам, халық, ел-жұрттың, жалпы мәдениетінің арнаулы құралы – ғылымның атаулы санасы екендігі даусыз. Сұлтанмахмұт айтқандай: «Сүйемін туған тілді анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім. Шыр етіп жерге түскен минутімнен, Құлағыма сіңірген таныс үнім. Сол тілмен шешем мені әлдилеген, Еркелеткен, құлыным, жаным деген. Сол тілменен бірінші білгізілген, «Апа» деген сүйгендік сөз һәм менен. Қалжақтап алып қашып құрбы бөркін, Сол тілменен ойнадым далада еркін. Сол тілменен бірінші сыртқа шыққам, Өмірден, ен даладан ұққам көркін. Сол тілменен білгіздім тілегімді, Бірінші сүйген жарға жүрегімді. Маған қарай тығылып «жаным» деген, Мойнына апарғанда білегімді. Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын, Сол тілменен ұғынды, әдетті мен жаттадым, Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты, Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным». Тілсізді – айуан дейді. Тілі кедей елді – мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды. Тіл адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан – тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми-әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам-құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің – мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері (мерило). Тілдің көмегімен өнер-білімге, мәдениет-ғылымға жетіп, өткен-кеткенмен әлемді танып, өзімізді жұртқа – әлемге танытамыз, сөйлейміз, оқимыз, жазамыз, өз басымызды, үй-ішімізді, қоғам-халықты, ел-жұртты, мемлекетті меңгереміз – сондықтан «өнер алды қызыл тіл» дегендейін, адам баласының байлығында тілден артық не бар. Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін, тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел, бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады», «Сөз жүйесін табады, мал иесін табады», «Қиыстырып қаласаң отын жанар, қисындырып айтсаң халық нанар», «Зекетсіздің малы арам, тілсіздің дауы арам», дегендейін – қазақ тілі өзінің таза түрінде, бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіне тиімді, көңіл көтеріп, керегінде жанға тиіп, ашындырып, өтін сыртқа шығарып, долдандырып, қысыл-таяң – қатал жағдайда қайрап, егеп «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін ерге, елге медет болып, ер намысын, ел намысын, адамгершілік арын, қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып – туғызып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған емес пе еді. Қазақ тілі еш уақытта, өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді. Барлық өткен заманның, халық тәжірибе-қасиеттерін, ғылыми-мәдениетін, өнеркәсібін бойымызға тарата сіңіріп, жағдайға толық түсіндіріп, ұғындыра, ел қатарына қосып, бізді бұл дәрежеге жеткізіп отырған алдымен тіл емес пе. Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге, нағыз белгісі емес пе. Жоғарыдағы айтылған ылажсыздан өте ұзын сөз бастамасы, негізінде даусыз болса, осы кездегі тіл жөніндегі кемістіктерге төменде біраз, қысқаша – үстірт тоқтағым келеді. 1. Февральдің 15-і күні, кеселханаға түсе салысымен, көңілімді сұрағалы, көптен көріспеген бір орыс әйелі Сахарова дейтін келіп отырып, қазақша жазылған бір парақ қағазыма көзі түсіп: – Бауыржан почему вы пишете по казахски, - деп таңқала сұрақ қойды. – Вы меня удивляете Нина Александровна, почему я не должен писать по казахски на родном языке, – дедім мен. – Ведь многие казахи не пишут и не разговаривают, потому что не выразишь свои мысли – то что хочешь сказать не скажешь... До того говорят Ваш язык бедный... – деп түйеден түскендей ұялмай-қызармай айтып отыр... Не дерсің, сөзі өңменімнен өтіп кетті. Ол кісіге, әлімнің келгенінше, теріс ұғымын дұрыстап түсіндірдім. Кейіннен білдім, Сахарова осындағы бір халық комиссарының бірінші орынбасары екен. Қазақстанға келгеніне он жылдан асқанын бұрыннан білуші едім. Жай орыстың шүйке бас, әйел-қыздары емес, көзқарасы, ұғымы қазақ тілі туралы осындайлығына ішімнен қапаланып «жарыған екенбізді» қалай айтпассың, қалай ойламассың. Осы қағаздағыларды жазуыма қамшы болғанның біреуі сол, он жыл тұрып, Қазақстанның нанына семіргеннен басқадан хабарсыз ел басқарушылардың қатарына кіріп қалған (не арқылы екенін құдай білсін), надан-хабарсыз «Замнаркомша» елдің сорына біткен кейбіреулердің уәкілі болған соң, оларға ондай ұғым тудыруға алдымен өзіміз жазықты екенімізді мойынға ала отырып, бүгіп қалуды қажетсіз деп тауып мысалға келтіріп отырмын. 2. Осы таңда қазақ тілін «дөрекі, икемсіз, топас, кедей тіл... Онымен айтайын деген ойыңды, пікіріңді, еркін айта алмайсың...» деп дұрыс бағаламай, жала жауып теріс – зиянды жағдайдың құлдығында жүрген ұғымсыз – жалқау «дүмше молда дін бұзардың» кебін киіп, сәлдесін орап, тіл бұзушы азамат – азаматшалар да, жүгенсіз арсыз топастар да қазақ арасында молайып келе жатқанға ұқсайды (Дәлелді Алматының әр көшесінен табуға болады). Қазақ тілінің байлығы жетпегендіктен деген дәлелсіз былжыр, өзінің ана тілінің үдесіне жете алмай – құр қалған, оған көңіл бөлмеген сормаңдайлардың, ұлт мақтаныш сезімінен, ұлт намысынан ажырап, «шөре-шөре» болып, артта қалған қара беттердің надандықтарынан туған сылтау ғана болуы керек. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендейін, тілді ірітіп, шірітіп жүргендерде сол «шірік жетілгендер» екендігі айдан айқын емес пе. Абай, Ыбырай, Шоқан, Сұлтанмахмұт, олардан бұрынғы өткен және осы күндегі елінен, ана тілінен безбеген, қазақ халқының адал, ақ ниет алдағы ұлдары – қыздары өз ана тілімен сөйлеп, жаза білген. Олар тіл шеберлігінен кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, мысал, асыл мұра да қалдырған. Олар мыналардан орысшаны кем білген емес. Кәзіргі дүмшелер сияқты ата безер, ене безер болмаған – олар Европаның атақты данышпан ақын-жазушыларын, бұлжытпай көркем түрінде, мүлтіксіз қазақ тілімен, өзінің нұсқасын артық болмаса, кем етіп аударған емес. Сол аудармаларға барлық шеберліктерімен, қазақ тілінің байлығын, икемділігін түгел пайдалана, жұмсай біліп, олардың ақынның көмейіне, домбырашының пернесіне салып, ауыз әдебиеті қатарында халықтың сезіміне жеткізіп, ұрпақтан-ұрпаққа жатқа алынып, айтылып келіп біздің заманға жеткізгені, қазақ тілінің байлығы екендігі – ақсақ-тоқсақ, қисық-қыңырлардың айыбын ашып, масқаралап, жүзіқара етуге сөзсіз дәлел де, мықты құрал да бола алады. 3. Осы кезде аздап орысша білгеніне мәз болып, төбесі көкке жеткен, ана тіліне көңіл бөлмей, оны әліне қарамай менсінбей, не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмай шалдыр – батпаққа бөленіп жүрген, келбетсіз тіл азғыны масқараларды Алматының жауапты деген қазақ қызметкерлерінің арасынан да кездестіруге болады: Ауырып жатқанда бір халық комиссарының орынбасары Мәнсейітов деген кісіге: – Халіңіз қалай? – дегенімде. – Дұрыс, самочувствием, общие состоянием не плохо, – деп жауап берді. Бір артист: – Сіз пошему кешегі бешірге не приходылы, – деді. Бір жазушы: – Мен сізге звонит еткен едім, но почему, то Вас не оказалась в кабинет, – деді. Бір газет қызметкері: – Сіздің статьяңызды просмотрет етіп болған соң маленки ғана редакционная изменение жасап, печатет етеміз, – деді телефонмен. Бір ана тілінің мұғалимасы қоштасып тұрып: – Оған (күйеуіне) обьязательно пламенный привет передайть етіңіз, – деді. Радионың бір қызметкер әйелі: – Передаче береміз... сіздің тыңдағандарыңыз Б-ның выступлениесі... – деген сияқтыларды күнде қаңқылдайтынын өзіңіз де естіп жүрген шығарсыз. Бір үй тіршілігіндегі әйел: – Мен ошен удивлятся етем, менің дошкам өте странно бидет, – деді. Жаңадан тілі шығып келе жатқан бір бала: – Мама я кошу хлеб масю, – деп жылады. Серғалы Толыбековтың жаңа жылдағы, айналдырған екі жүз-үш жүз сөздік мақаласында 60 – 70-тей жат сөздердің барын оқып көрген боларсыз. Кейбір бас жазушыларымыздың, кейінгі кезде жазғандардың ішінде, сөйлемдерінде бастауыш, баяндауыштардың қайда екенін іздеп табу үлкен еңбек, жатқан қиыншылық екенін оқып, кездестіріп те жүрген боларсыз. Сөйтсе де мысал үшін, Ғабиттің «Жеңілген есірапыл», «Тарту» жинағы – бір жүз сексен екінші бетінен өзі тіленіп тұрған мысалды айтпай кетуге болмас: « ... Темір күрек қант сияқты қатты қарға қарш кіріп, қоң етінен сандықтай ғып ойып алып, жанар таудың төбесінен атқан тастай ақ кесекті атып жатыр аспанға. Боранда ішін тарта түсіп, ойдан-қырдан айдап әкеп ойып жатыр қайтадан. Өшіккен жау алай-түлей осы араға төгіп жатыр бар күшін. Борай соғып, орай сілтеп қалғанда бір үңгірдің барлық қарын бірақ әкеп тастайды». Бұл жазушының соңғы дәуірдегі ізденіп қазақ тіліне кіргізген «жаңалығы», «тілді», «сөйлем құрылысын», дамытқандығы. Даланың, боранның сыйпатын елестетіп отырған сыйқы сияқты, жаңалықтары ма, жоқ, әйтпесе бейғам, салақтығының салдары ма, оған әділ билікті өзіңіз айтарсыз. 4. Осындағы бір тіл маманымын деп жүрген жігіт, менімен сөйлескенде, сөйлемінің 40 – 50 проценті орысша болып, мынадай қисынсыз қисынды айтты: Қазақ сөйлемі «простые предложение», орысшаны араластыра сөйлеген сөйлем – «сложные предложение», кейінгісін ол ғылым кісісі қазақ тілінің боюы, дамуы, өсуі деп біледі екен. Тілдің бұзылуына салдары тиіп жүрген ондай «ғалымпазға», «сенгендегім сен болсаң, күйсеген аузыңды ...» дегенді, лажсыздан тәртіп сақтап, ішіңнен айтпасаң, сыртқа шығарып айтуға болмайды ғой. Айтылған «теорияның» ықпалынан қазақтың бас жазушысымын дегендермен, ғылым адамымын деген азаматтарымыздың кейбіреулері сауға ұқсамайды. Мысалы – Сәбиттің атақты «Жұмбақ жалауының» 457-бетін оқып қарасаңыз былай дейді: «Осындай физически де моральни де (латынша басылуында физишски, морални) қалжыраған қалшақ әскері, тәртіпті, қарулы қызыл әскер түгіл, партизан отрядының өзіне де үлкен қару көрсете алмады... Партизандар соғысында ерекше көзге түскен дружинаның біреуі Асандікі... Қарулы адамдарды көргесін беженцылардың керуеніндегі екі грузовик мылтық атқанға қарамай қаша жөнелді. Грузовиктегі қашқындар ешқайда бара алмайтынына күмән келтірмеген Асан, ат жеккен арбаларды тоқтатып, тексерсе – беженцылардың көбі орыс пен татарлар екен – ішінде төрт-бес қазақ семьясы да бар» – қазақ даласындағы партизандардың жауынгерлігін көркемдеп «суреттеген» түрі, «жазушының өскендігі, елге ұғымды түсінімдігі» осы болып танылса не айтасың. Екінші мысал. 1938 – 42 жылдан бері жыл сайын шығарылып келе жатқан Қажым Жұмалиевтың орта мектепке оқу құралы есебінде, халық ағарту комиссарының ұсынып отырған «Әдебиет теориясы» деген кітабында Махамбеттің өлеңін келтіріп былай дейді: «Исатай образы положительни (латыншасында – положителни) образ. Ендеше оның портретінде оқушы сүйсініп оқығандай. Портрет деген термін әдебиеттегі портрет пен живопистегі портретті салыстыруды керек етеді» (36-бет). Сол кітаптың 18-бетінде әдебиет не дегенге былай деп жауап береді: «Жазушы шындық болмыстың характерлі жақтарын іріктеп алады да, оны типичный образдарға жинастыру арқылы өмірдің бір бөлшегін таптық тұрғы, таптық көз қараспен көрсетеді... Әдебиет суреттейтін шындық болмысқа типичный нәрселерді қорытып көрсетеді. Қысқаша айтқанда көркем әдебиет шындық болмысты таптық образ арқылы танытатын құрал» - депті. Сол кітаптан «пейзаж, эпилог, ситуация, кульминация, юмор, сатира, сарказм...» тағы осы сияқты сөздер толып жатыр. Не екеніне түсіну әрине жоқ. Әсіресе жанға батарлық сорақы, жатқан «сложное предложениелерді» аудармадан көп кездестіруге болады. Мысалдар: Важник, Бәйішев, Ақынжанов деген «тіл шеберлерінің» басқаруымен аударылған кітаптарда басынан аяғына дейін кездеседі: «Буржуазияшылдық – демократиялық февраль революциясының жеңуі, самодержавияның құлауы – билікті буржуазия – помещик уақытша үкіметінің қолына алуы Қазақстанның қалың еңбекшілерінің жай-жағдайын өзгерте қойған жоқ» (Қазақ ССР 20 жылдығы кітабының 45-бетінен). Сол кітаптың 49-бетінен Ленин сөзін аударуы: «Бонопартист Керенский мен оның компаниясының Ресейдің тең праволы емес ұлттары жөнінде ұстап отырған Аннекцияшылдық және өрескел зорлықшылдық саясаты өзінің жемісін беріп отырды, – деп жазды Ленин». Қазақтың ескі ауылының бейнесін былай сипаттайды: «Феодалданған қазақ қоғамының екінші бір Эксплотатор жоғарғы қабаты Сұлтандарға қарағанда көбірек, община – ұруды билеп, төстеген билер тобы патриархтық общинадан бөлініп шығып сол общинаға үстемдік етті» (6-бет). «XVII ғасырда қазақтың патриархтық общинасы өз дербестігін едәуір дәрежеде сақтап келген еді, қазақ еңбекшілерінің жеке басы бостандықта болып қала берді. Жоғарыда айтылып өткен праваның нормасы бойынша айыпкерді қоғамның (общинаның) советінсіз жазалауға Сұлтан мен хандардың және старшиналардың правосы жоқ». (7-бет). Жоғарғы мысалдар қазақтың кіміне түсінікті, кімінің бойына сіңімді. Не деген жауапкерсіздік, не деген қоян жүрек қорқақтық, не деген ұятсыздық, адамгершілік арынан шыққандық – дегенді қалай ойлап, қалай айтпассың басқарып, жазғандардың атына. Аты аталған «көсемдердің» «немере-шөбересі» (әрине тіл жөнінде), қазақ тілін ана тілім деп танымай, қазақша дұрыс сөйлеп, жазып, оқып өсуді міндетім деп білмейтін, оны әуес көрмейтіндерді осы кезде табан астынан кездестіруге мүмкіншілік аз көрінбейді. Оларды естіп, көріп тұра, қиналып кеткеніңде Сұлтанмахмұттың мына өлеңі еріксізден еске түседі: «Қаланың соты құрысын шүлдірлеген, Түсіне алмай құлағым дүңгірлеген. Ақ-қараңды тексеріп білмек тұрсын, Қазақша жалғыз ауыз тіл білмеген». Соған елітіп жақын арада осы кездегі бір қазақ былай дейді: Көшеде бояу ерін сылқылдаған, Былдырап орысшылап жырқылдаған, Ұмытып ана тілін, салт-санасын, Не қалды тілімізде жыртылмаған. От басы түсініксіз жатқан былдыр, Газетте қазақ сөзі аз, шылдыр-мылдыр. Оқысаң алып кітап шым-шытырық, Опырмау сандырақ па, бұл не былжыр. Ер жеткендер сөйлейді орысшылап, Кім отыр сөз құрылысын қынап-сынап. «Мамасы» мен «папасы» шүршіт болып, Күйдірді-ау, шүршітшілеп, бала жылап. 5. Газет пен радио елге ең жақын, барлық жаңалықтарды елге түр-түрлерімен қоғамдық әр алуан арнасынан күнделікті жеткізіп тұратын арнаулы үлгі – насихат құралдары деп саналады. Біздің радионың айқайын тыңдағанда құлаққа суық тиіп, денеңді түршіктіретін, тілі түрпідей, добалдап аударған құрғақ, жатқан «Сложное предложение» болғандықтан, тыңдаушыларды зеріктіріп, бездіріп «мынау не оттап тұр» деп тыңдамастан, үйіндегі радио шеңберінің тығынын жұлып алып, үнін өшіріп қойғандарды көзіммен бірнеше рет көрдім. Газетті оқығанда сөз сөйлем құрылыстарына тілі күрмеліп, булығып, маңызына, айтайын дегеніне жуық арада түсіне алмайтын болғандықтан, оқудан елдің көбі қашатын болыпты. Бір нәрсе орауға қағаз керек болса «ана қазақша газетті бере тұршы, ақыр оқылмайды ғой» деп қазақ газетін масқаралай, қадырын кетірген жайды бірнеше рет көзіммен көріп, құлағыммен естідім. Бұның барын туғызған: Түбін, ақырын толғана ойламай, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» кеткен жан аярлығы мол, ұятсыз, жауапсыз «шығармаларының» қазақша ана тілінде жазылып, жалпыға түсінікті болу жағымен ісі жоқ, ол жағын тиындық ойлап, қабырғаларына батпаған, Фамусовтың «подписал – с рук долой» деген ережесінің жетегіндегі газет, радионың басты қызметкерлері. Олардың іс нәтижесіне қарағанда – ішінде қазақ ана тілін қадірлеп, өте жақсы біліп, қазақша ойлап, сөз құрылысы, сөйлемдерін үйлестіре сөйлеп, жазып тырыспағандықтарының сирағы сорайып көрініп-ақ тұр. Әсіресе аударма жағында ондай сорақылықтардан бас көтеруге болмайды. Солардың әлде қазақша сөз, сөйлем ырғағынан, икемдерінен хабарсыздығынан ба әлде халық жауы болып кеткен Ілияс Жансүгіровтің, «С.Қ.» газетіне бұрын редактор болып – Бәйішев тастап кеткен жасқаншақтық – жауапкершіліктен қашып «мазмұнын бұзып алмайын» деп қорқып, іздеп, тауып түсінікті етіп жазудың орнына «өлмесең тұрма» деп орысша айта салуды оңай – қауіпсіз көргендігі, олардың аударма, зиянды әдістері мұра болып қалғандықтан ба. Әйтеуір орысшадан аударғанда, соның орысшасындағы негізін бұзбай, құрылысын бұлжытпай, сөзін санап отырып, тыныс белгілерін толық сақтап – сонымен қазақ тілінің беделін түсіріп, қасиетін кетіріп, жалпыға түсініксіз қазақша орысшылағандықтың салдарымен ел кітап оқуға әуес болмай, осы кезде кітап дүкендерінде өтпей жатқан қазақ тіліндегі икемсіз, әрсіз, миға қонбайтын, жоғарыдағы айтылған мысалдай – солардың ішінде әсіресе жанға батарлық нәрсе – Маркс, Ленин, Сталиннің еңбектерінің, «Мазмұнын бұзбаймын» деген жасқаншақтық, қорқақтық кесірінен, қазақ оқушыларына ұғымсыз «сложное предложение» менен аударылып, бүткіл жұртшылыққа сіңімді болып жетпей отырғандығы өзіңізге мәлім. Көркем әдебиет, өлеңдер аудармаларында бірнеше сорақы мысалдарды кездестіруге болады: Лермонтовтың 1836 жылы «Еврейская мелодиясының» (из Байрона) негізімен Абайдың 1893 жылғы аударуын, Әбу Сәрсенбаевтың 1939 жылғы аударуымен салыстырып дәлелдейін: «Душа моя мрачна. Скорей, певец, скорей Вот арфа золотая: Пускай персты твои, промчавшися по ней, Пробудят в струнах звуки рая.» Абай аудармасы: «Көңілім менің қараңғы, бол-бол, ақын, Алтынды домбыраңмен келші жақын. Ішек бойлап он саусақ жорғаласа, Пейіштің үні шығар қоңыр салқын». Әбудің аудармасы: «Жаным менің» жәбірленді тез-тез жыршым жырлатшы, Міне саған алтын арпа. Безілдетіп ішектерін, саусағыңды ойнатшы. Тәтті нәзік «ұжымақ» күйін ішегінен шерлетсін». Кейінгісін оқығанда атам заманда өткен Соломонның «И при смехе болит сердце...» деген сөзі Сәрсенбаевтың осысына арналып жазылған ба дерсің. 6. Қазақтың тілін орысшамен байытамыз деген «талабы таудай» жігіттер үшін қазақша іркілмей айтатын сөздердің орнына, жан қинамай орысшаны жаңбырдай төгіп-төгіп жіберу көбіне әдет болып кетіпті. Олар сықылды қоян жүрек, қорқақ дегбірсіздер: қазақшылап айтсақ толық мазмұнын бермейді деп, болар болмас нәрсені желеу етіп, сыныққа сылтау таба қоюға әбден дағдыланып, ұста болып алыпты. Малшыға түсініксіздігімен олардың шаруасы аз көрінеді. Мысалы: Район дейді – аудан деудің орнына Село – қыстақ, Плен – тұтқын, Дизертир – қашқын, Доклад – баяндама, Компания – науқан, Пропаганда – үгіт, Дисциплина – тәртіп, Герой – батыр, Наступление – шабуыл, Грамматика – тіл құралы, Хрестоматия – оқу құралы, Тағы осылар сияқты мысалдар толып жатыр. Келтірілген мысалдарды орысша айтылуынша жазып, сөйлеу – тілдің қасиетін кетіріп, тамырына зақым келтіріп, сиқын бұзғандықтан басқа пайдалы тиындық нәрсе көрінбегендіктен, есі дұрыс кісінің оны тілдің өсуі, дамуы, жандануы деп танып, айтуға аузы бармас. Сондықтан мұндай бүлдіріс бұрмалау туралы кейіннен тарихқа, ғылымға, ұрпаққа не бетімізбен айтпақпыз. Әрине шеттен тіл ауыспай тіл байымайды, бірақ та «Бояушы десе сақалын бояптының» кері келгенді байлық санау теріс, зиянды пікір – тілді байытам деген ақ адал ниеттің негізі, ана тілін толығынан сақтап, жаңалықтарды оның үстіне қосып, дамыту, таныту әбден айқын, әр халықтың тарихында бар арналы жол – нұсқа. 7. Өткен жылдың декабрь айының аяғында, Жуалы ауданындағы Ошақбай, Қыстаубай деген орта жасқа келген колхозшылар әңгіменің аяғында: «Шырағым уәкілдер мен оқымысты балалардың сөзіне түсінбейміз... тіліміз не болып бара жатыр» деді. Бұған қарағанда жоғарыдағы айтылғандар аудандарда да аз емес көрінеді. Кейбір аудандық орындар қазақ ауылдарына орыс тілінде қағаздар жазып жібере салуды күнделікті қызметтеріне әдетке айналдырған көрінеді. Олар былай тұрсын 1942 жылы Жазушылар одағы ауылдағы халық ақындарына орыс тілінде анкета жолдап орысша өмірбаянын жазып жіберу туралы ұялмай-қызармай жібергені осы кезде елдің аузында күлкі әңгіме қатарында айтылып жүрген көрінеді. 8. Орыс, украин және басқа европа халықтарының тілін негізінен таза сақтап өсіріп, дамытқан солардың оқымыстылары (интеллигенция) әйтпесе олар деревняларындағы, әр аудан мен өлкелердің бұрмалануына, бұзуына жаргонына жол беріп, тізгінсіз жіберіп (стихияға) өз бетімен қоя берсе, шым-шытырық болып, осы уақытқа дейін әдебиет тілінен айырылып шыққан болар еді. «Балық басынан шіридінің» кері келіп, бізде ант ұрғанда алдымен оқымыстыларды ант ұрып, балдыр-батпаққа солар салып, тілді сақтап тұруға, үлгі болудың орнына, әдебиет тілімізден айырылуға себепкер болып барады. Оған дәлел: Ана тілін сүймегендік, білмегендік, ұлт сезімін жоя отырып, ұлт безерлік тудырады. Оны үкімет, партия орындары адамгершілік жолына бөгет зиянды ауруы деп тануы керек. Қазақ мектебінде оқымағаннан кейін, қазақ балалары көшеде ойнап жүргенде де орысша сөйлеп, үй-ішінде де ата-анасымен орысша былдырласып, осы кезде ана тілінен мүлде құр қалған жастар қалада көбейіпті. Жас балалар былай тұрсын, менің майданда қайтыс болған жолдасым Рахимовтың 22-дегі інісі үйіме келіп отырып: «Я по вашему не умею разговаривать» деп орысша сөйлесті. Бір жігіттің үйленген тойында бес-алты 20 жастан асқан қазақ қыздары, жалпы қазақтың ішінде өне бойы орысша сөйлесіп отырысты. «Қыздар қазақша сөйлемесеңдер, мен орысшаларыңды түсінбеймін» деген соң, жым-жырт үндемей отырысты. Себебі – қазақша сөйлей білмейді екен. Біреуіне сөз бергенде (жоғарғы советтің қызметкері екен) – жолдастар конечно мен қазақша хорошо не говорю, сондықтан извините меня я порусски буду говорить», - деп орысша сөйлегенде қайран орыс тілін тағы да әбден былықтырды. Сәбит Мұқанұлы сияқты бас жазушыларымыздың үлкен баласы қазақ тілінен құр қалған жанның бірі. Өз басымызды алып қарағанда да, жоғарғы айтылғандардан біздің үйде, сіздің үй де сауға ұқсамайды. Осы кезде қазақша тілі шыққан жас балалар кездессе таң қалып қарайтын болыпты. Кеңестер одағының алдыңғы бір мемлекеті бола отырып, оған соғыс кезінде Қазақстанның, майданда еңбек ерлері қазақ даңқын әлемге танытып, мынадай қиын майдан соғыс жағдайында – өндірісте, ауыл шаруашылығында, қиын соғыстарда қатардан қалмай, сыбағасын ешкімге жегізбей, абыройлы табысқа ие болып, нығая өсіп келе жатқанда, жоғарыдағы айтылған кемістіктерді – Ленин, Сталин партия жолына сәйкес, ғылымды бұрмалап, бұзу, асыра сілтеу, халықтың жұртшылығына зиянды, ұлт саясатына қарсы ағыс деп доғарсам, ешқандай шеңберден шыға қоймаспын. Сондықтан – тарихи, ғылыми, саяси әділеттік, меніңше мынадай ұсыныстарды тілейді: 1. 1935-36 жылдан бастап қазақ ана тілі, бұрмалана, бүлдіріле, бұзыла бастағанын сөзсіз, айқын дәлелдей отырып, оған айыпкер, кінәлі, басты газет, радио, жазушы, кеңсе қызметкерлеріне тарихи қарғыс айтылып, беттеріне қара күйе жағылып айыпталғаны жөн. 2. Қазақстанда, қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына, төрге шығарып отырғызылып, бұрынғы қалпына кешікпей келтіру шаралары тездеп қолға алынып, тіл бұрмалау ежелден келе жатқан ескі ауруға айналып бара жатқанын ескере отырып, іс жүзіне қатал төңкеріс түрінде асырылуы жөн. 3. Аяқ асты, елеусіз болып кеткен қазақыландыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін, тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділдікпен көтеріліп, қолға алынуы жөн. 4. Тілді азғындырып құрту, иә жандандырып өсіру, дамыту құралының алдыңғысы газет пен радио болғандықтан, Орталық «Социалистік Қазақстан» газетінің барлық мақалалары қазақтың еркін, анық таза тілімен көсіле жазылып «Правда» газетіне ұқсап тіл тазалығы жағынан басқаларға үлгі болуы жөн. Алматы радиосына саналы, салмақты, жауапты қазақтың ана тілінің тазалығын қабырғасы қайыса ойлайтұғын адамдар дайындалып, осы кездегі қоқыр-соқырлар қуылып, құлақ құрышын қандырарлық тілі дәмденіп елге сүйкімді, түсінікті айтатын орынға айналуы керек. 5. Барлық оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы міндетті сабақ болуы крек. 6. Осы кезде қаладағы қазақтың ұл-қыздарының ¾ тен көбі орыс мектептерінде оқығандықтан ана тілден хабарсыз жастар өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата, аналары орыс мектебінде оқытуға мүлде әуес-ақ. Қазақ мектебін менсінбейтіндер де екеудің бірі болғандықтан барлық қазақ ұл-балалары, қыз балалары әкімшілік ретінде қазақ мектептеріне көшіріліп, алдымен ана тілінде ғылым алатын болуы қажет. Он шақты жылдан кейін жас қазақтарға, қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек болуы тарихи масқаралық болар. Өзіміз орысшаны қазақ мектебінде жүріп-ақ үйренгенбіз. Ондай шара қолдануда орысшадан құр қаларлық ешқандай қауіп жоқ. 7. Барлық қазақ тіліндегі әдебиет, оқу құралдары қайта қаралып, шүршіттіктен тазаланып, елгезермен елегендей, коқсық-құрымнан мүлде арылуы керек. Қазақ ана тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіріп халықтың халық болуына, ұлттың ұлттық қасиетіне, салт-санасына өте хауіпті, зиянды болғандықтан, шүршіт болып кеткендер бетің бар, жүзің бар демей мейірімсіз түрде, масқаралана қуылып, қолдарына таяқ ұстатып, қой бақтырған көп олжа болар еді. 8. Тіл мәселесі бұдан былай да аяқ асты болып «Дүмше молдалардың» құрбандығы болып кетпес үшін: А) Барлық сырттан алынған «есіктен кіріп, төр менікі» деген сөздер теріліп, жиналып, әділ билік айтылып, сол мағынадағы «даусы жойылған» қазақтың ана тіліндегі сөздерге өз еркі өзіне қайта беріліп, қазақ тілінің бұқаралық қатарына қосылып, бұдан былайда ел аузында, жазушының қалам ұшында болуы керек. Б) Өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмірінде кездеспеген жаңа заттардың аты, сөздер, теріліп, жиналып, сөз азаматтығына қабылданып, заңды жүйеге салуы керек. В) Дальдің «Толковый словарь»-нің үлгісімен атам заманнан бергі қазақ сөздері жиналып, дұрыс талқыланып түсіндіріп, ғылыми аумақты кітап жақында шығу шаралары қолданылуы қажет. Г) Профессор Ушаковтың «Орфографический словарының» үлгісімен қазақ сөздерін дұрыс жазуға көмек, құрал болатын кітапша кешікпей жазылып шығарылуы қажет. Кейінгі екеуі тіл жағынан өмірлік нұсқау, құрал және тіл жағынан қорған болар еді. 9. Алдағы басқа халықтардың тарихында осы кезге дейін ана тілімен таза сөйлеп, шешендік, шеберлікпен ойдағысын айта, ұғындыра білу, ел басқарған халық азаматтарының салты, санасы, ақыл мөлшері болып келген. Ол жағынан біздің халықтың тарихында да мысалдар көп-ақ. «Қисындыра қаласаң отын жанар, қиыстыра сөйлесең халық нанар» деп айтқандай елге шешендікпен мысал – мұра болып, тарихта атын қалдырған қазақтың атаулы ұлдары да аз емес. «Тапқыштық, шешендікпен кім алса атақ, Халық соны кетіпті «би» деп атап», демеп пе еді ақын. Осы кезде үкімет қызметіндегі азаматтардың арасында ылғи орысша сөйлеп, жазып, баяндама істеу әдет болып, әуеске айналып кетуіне тиым салынып – қазақша шешендік, сұлу шебер сөйлеу салт-сана, ердің сәні болуға айналса – жұртшылығымызға үлкен абырой болар еді - өсудің, дамудың барлық жағында бір кілтіне еге болған болар едік. Қазақ тілі туралы үкімет, партия қаулысы шығып, қала қазақтарын, қазақ оқымыстыларын тәртіпке шақырып, қазақ тілін республикамызда мемлекет тілі ету заңды қажет екені даусыз керекті болғандықтан, осы күнге дейінгі бұрмалап, бұзып келген мінезге, бет алысқа бұдан былай жол беру қазақ тілін архивке тапсыру болып шықпай ма. Мен әскери адаммын – тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та, айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп сезіп тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын. Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы 15 - 25. 2. 1944 жыл. Алматы.

35525 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы