• Мәдениет
  • 02 Шілде, 2009

Сен ұзадың...

"Ана тілі" газетіАнар Дүйсенбайқызы 1985 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетін тамамдаған. Өлеңдері республикалық мерзімді баспасөздерде жарық көріп тұрады. Сен ұзадың... Көңіл шіркін көлбеңдеп көкке ұшады, Көкке ұшады, Бұлттарды көп құшады. Егілтіп, елжіретіп әкетеді, Аспанның иыр-қиыр шоқ құшағын. Көп құшады... Сезімім сен деп қана егіледі, Егіледі... ...сол күнді сезіп еді. Күн мен айдың табыса алмайтыны, Дәл біздің сезімге де серік еді. Жүзіңнен нұр ағылар тамшыдайын, Тамшыдайын, Көрінер бал шырайың. Жүрегіңе найза боп шаншылайын, Солай ғана сені мен қамшылайын, Солай ғана сені мен қамшылайын... Екеумізді ай күліп мазақтайды, Күн де батпай кей кезде азаптайды. Түн болса сен келер деп күтуменен, Көңілімді басады азап-қайғы. Бірақ, бірақ... Кеттің сен алыс жаққа самғап ұзап, Жүгіре алман соңыңнан, арым-тұзақ, Сен ұзадың... Қайырылмай кеттің жырақ... Сәулесі сөніп біткен сенім-шырақ. Ал менде қалғаны тек – Жауапсыз жан ұшырған жалқы сұрақ... *** Қара түнге сіңіп барам қап-қараңғы, Қара түнек қайғымды ақтарады. Қара түнге жасымды төкпесем де, Қараңғылық сырымды сақтамады. Қара түнек серік боп жүрегіме, Қайтейін жылайын ба, күлейін бе? Қылғындырып жалғыздықтың қамыты тұр, Қанды өмірдің ізі тұр білегімде. Жан-жағым түнек болып қараяды. Ну ормандай баспайтын жан аяғы. Бір күні сол орманнан адасармын, Онсыз да мені өмір көп аяды.

3191 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы