• Әдебиет
  • 05 Шілде, 2009

Әбдіғапар хан және оның ұрпақтары

Көтерілістің көшбасшысы Әбдіғапар Жанбосынұлының кім екенін білгіміз келсе, тарихшы академик Манаш Қозыбаевтың «Жауға шаптым ту байлап» атты кітабында келтірілген мына анықтамаға тоқтайық: «...XX ғ. Ұлт азаттық қозғалысының көсемдерінің бірі Әмір Әбдіғапардың бағы Егемен Ел болған кезде ғана ашылып отыр. Әбдіғапардың кешегі тоталитарлық заманда есімі құбыжық етілді, тарихтан аластатылды. Ал шын мәнінде Әбдіғапар кім еді... ...ауыр заманда ту көтерген ерлердің бірі Әмір Әбдіғапар даңқ үшін әмір болмады, ел есімін атады, ол көнді, Отан үшін жанын пида етіп, шүберекке байлады. Патша жендеттерінен аман қалған Әмір Әбдіғапар большевиктік экстремизмнің құрбаны болды...» 2008 жыл. 16-шы Желтоқсан. Қазақстан егемендік алғанына 17 жыл толуына арналған құрметті жиналыста Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысының көсемдері Амангелді Имановтың, Әбдіғапар Жанбосынұлының есімдерін қошеметпен атап өтті. Тарихты талдасақ: Әбдіғапар Жанбосынұлының арғы атасы – Қарақыпшақ Қобыланды батыр. Әбдіғапар – Жоңғар соғысында, Торғай қыпшақтарының қолбасшысы болған атақты Тілеулі батырдың ұрпағы. Әбдіғапар – Абылай хан заманында «Орда ханы» атанған Нияз бидің шөбересі. Әбдіғапар – 1916 жылы Торғай өлкесінде басталған ұлт азаттық көтерілістің қолбасшысы. Әбдіғапар Амангелді, Кейкі, Қосжан, Уәлі, Өмен сияқты батыр інілерін ертіп, мың-мыңдаған сарбаздарымен жазалаушы патша әскер топтарына жеңіс бермей, Ресейдің «Февраль төңкерісіне» дейін шайқасқан қас батыр. Тарихы: 1916 жылы патшаның «Үйен» жарлығы келісімен Жетісу, Торғай өлкелерінде ірі көтерілістер басталды. Қазақ жастары «Қара жұмыс» әскеріне бармаймыз, соғыс майданында босқа қырылғанша, елде соғысып өлгеніміз артық» – деп топтасып, қаруланып, атқа қонды. Торғай қазақтарының көтерілісі туралы айтатын болсақ, қазан айына дейін, көтеріліске шығып жиналған топтар ұйымдасып орталарынан басшыларын, хандарын сайлаған еді. Торғай өлкесінде сайланған хандардың ішінде белгілісі Әбдіғапар Жанбосынұлы. Алғашқыда, оның қол астында 7000 сарбаз болды оны «Қыпшақ хандығы» деп атады. Екінші хан – Оспан Шолақұлы. Оның қарамағында 3000-дай сарбаз болды, бұларды «Арғын хандығы» деп атады. Торғай үйезіне көршілес Ырғыз ауданында Айжарқын Қанайұлы хан сайланды. Оның қарамағында 2500 сарбаз болды. Жазалаушы әскер тобымен алғашқы шайқас 21 қазан күні Торғай қаласына жақын Татыр деген жерде болды. Әбдіғапардың мыңбасы Карбоз, Қостанай жағынан, Торғай гарнизонына көмекке келе жатқан 200-дей атты әскермен 4 сағаттай атысып-шабысқан. Сарбаздардың қолында 2 мылтық болған. Соған қарамастан сарбаздар найза салып, қарулы әскермен шайқасқа түсіп, біразын құлатқан. Осы хабар Николай патшаға дейін жеткен. Ашуланған патша, келіссөзге барған ақсақалдарды, демеушісі Распутин мырзамен бірге балағаттап, сарайдан қуып шыққан. Келесі үлкен шайқас Торғай қаласы үшін болған. Торғай қаласы Ресей үшін Қазақ Еліне кіретін қақпа сияқты еді. Әбілқайыр хан заманында (ХVІІІ ғасыр басында), қазақтың Ресей империясының қоластына кіру мәселесі осы аймақта басталған еді. Торғай кіші қала болғанымен, губернияның біраз шаруасы осы қалада шешілетін Торғай мен Ресей империясының байланысы күшті болды. Қазан қаласынан тартылған телеграф сымы Торғай дуанына шейін жеткізілген еді. Торғай қаласында күшті соғыс гарнизоны болды, оның үстіне көтерілісті басу мақсатында Ресейдің ірі-ірі қалаларынан әскер топтары алынып, жеткізіле бастады. Көтерілген сарбаздар, тездетіп Торғай қаласын, әсіресе, гарнизонды басып алып, қару-жараққа ие болғылары келді. Қарапайым мылтықсыз шайқасқа шығу мүмкін емес еді, көтеріліс басшылары мұны жақсы түсінетін. Әзірге 10000 сарбаздың қолында 100 ғана мылтық болатын, оның көпшілігі өткен ғасырдағы Кенесары көтерілісінен қалған шиті мылтықтар болатын. 6-шы қарашада таң сәріден Әбдіғапар мен Оспан хан басқарған көп сарбаз, қаланың жан-жағынан шабуыл жасады. Түске дейін қаланы қорғаушы әскер мен күзетшілерді ығыстырып, гарнизонға жеткен. Әрі қарай жылжу мүмкін болмаған, бекінген гарнизон пулеметтен оқ жаудырған. Жан-жақтан, қырылғандарына қарамай, шабуылдағанда гарнизонды басып алуға болатын еді. Бірақ хандар жағдайды көре тұра сарбаздарды қырғынға жібермеген. Түс ауа сарбаздар, қаланы тастап шыққан. Қала өрт астында қалған. Осы оқиғаның өзі ел ішін рухтандырып жіберді. «Біздің жігіттер, патшаның тірегі саналатын дуанды басып алып, «күлін көкке ұшырды» – дегенді жұртшылық мақтанышпен айтатын болды. Әбдіғапар сарбаздарын аман-сау алып шығып, ауылдарына жақын, Үрпек деген жерде бекініс құрады. Қысқа қарай қарамағында 10 мыңға жуық сарбаз болатын. Бұл кезде Оспан хан басқарған сарбаздар тобы тарап кеткен еді, оның өзі әскер басшыларына барып, «бағындым» – деп қол қусырған еді. Әбдіғапар Амангелдіні сардар сайлап, сарбаздарды соғыс тәртібіне келтірді. Ауыл-ауылдарда елбегілер, жаңадан билер сайланды. Халықты ортақ тәртіпке келтіру үшін, құрамында әр ауылдың әкімдері мен билері, ақсақалдары, сарбаздың мыңбасылары бар кеңес құрылды. Кеңес хан ордасында жиналатын. Барлық шаруаны кеңестің шешімі бойынша орындайтын болды. Осылайша, империяның алыс түпкірінде демократия жұмыс істей бастады. Амангелді мыңбасылары мен сарбаздарды соғыс тәсілдеріне күн демей, түн демей үйретуге кірісті. 200 сарбаздан атқыштар тобы құрылды, оны әйгілі мерген – Кейкі батыр мен жас мерген Жағыпар басқарды, машықтандырды. Көтерісшілер қажетті оқ-дәріні ұстаханаларда өздері жасады. Сарыторғайға жақын кен қазбасында қорғасын жеткілікті еді. Кеңестің шешімімен 1917 жылдың басында Әбдіғапардың інісі Садуақас Бұхарға қару-жарақ сатып алуға жіберілді. Патшаның жазалаушы әскері де қарап жатпады: Торғай көтерілісін басу үшін жіберілген тағы бір полк желтоқсан айының ішінде, Ырғыз аймағындағы Айжарқын ханның «қолын» талқандап, таратып Торғай қаласына келіп жетті. Енді бұлар Үрпек бойында орналасқан Әбдіғапардың сарбаздарын күйретуге дайындалды. Тағы біраз әскер Қостанай жағынан шығып, Торғай қаласына қарай беттеген. 1917 жылы қаңтардың ортасында Әбдіғапар сарбаздары, полковник Кислов басқарған әскер тобына Шошқалы, Күйік қопаларында шабуыл жасап тойтарыс берген. Әбдіғапар Торғай жағына барлаушы тобын – інісі Уәлі басқарған 1500 сарбазын жұмсайды. Торушы сарбаздар қақаған аязда 100 шақырымдай жер өтіп, Қарақоға ауылының тұсында Тургенев басқарған полкке тап болады. Сарбаздар полкті жан-жағынан қоршап, түс ауғанша шабуылдады. Полк солдаттары шаналарға орнатқан оқшашарларынан оқ жаудырып, сарбаздарды жолатпады. Уәлі Тургенев әскерлерінің түрін, көлемін анықтап, түс ауа асығыс Ордаға тартты. Әбдіғапарға «жазалаушы әскер үш күнде жетеді» деп хабарлады. Әбдіғапар Тургенев полкін тағы бір-екі күн бөгей тұру үшін оны таң сәріде Құмкешуде қарсы алған. Соғыс тәсілі сол бұрынғыша «тиіп-қашып шабуылдау», «атты әскерлерін далаға шығару», «қоян-қолтық шайқасу». Кешке қарай сарбаздар жиналып, тез арада ғайып болған. Бұл кезде жоғарғы штаб генералдарының өтініші бойынша, желтоқсан айында Сарытауға арнайы келген соғыс трибуналы, Әбдіғапар мен Амангелдіні «патша ағзамның қас жауы» деп есептеп өлім жазасына кесіп, соттады. Енді екеуін қамауға алу керек еді. Әбдіғапар тобын жойып, өзін тұтқындау үшін генерал Лаврентьев бір полк әскер жұмсады. Тургенев басқарған полк, қақаған қыстың боранды аязында, 1000-ға жуық түйелі крекешке зеңбіректері мен оқшашарларын тиеп 1917 жылы 21 ақпанда Батпақараға жетті. Осы тұста Торғай өзені иіліп доғал жасайтын. Әбдіғапар мен Амангелді Доғал бойында мергендерін қалың тоғайға жасырып, тосқауыл құрған еді. 23 ақпан күні ертемен Тургенев әскерлері топ-тобымен, лек-легімен сырнайлатып, барабандарын даңғырлатып соғысқа шықты. Кейкі мен Жағыпар басқарған мергендер тосқауылға жақын келген солдаттарды опыра құлатты. Атты казактарына қарсы шыққан найзашылар (Уәлі, Қосжан тобы да) жауды аямады. Түс ауа сарбаздар тәртіп бойынша шегінген, тек «Жас батырлар тобы» жүзбасы Жағыпар болып, Тыныбай қыстауында бекініп, кешке дейін атысқан. Ымырт кезінде тірі қалған үшеуі сыртқа шығып қылыштасып, қаза болған. Осы ұрыста Әбдіғапардың 6 туысы шәһит болды, ішінде інісі Жағыпар бар. Әбдіғапар сарбазынан 72 адам оққа ұшқан. Патша әскерлері осы соғыста үлкен шығынға ұшырады өліктерін 20 шанаға тиеп алып шыққан. Ертеңіне қалған әскерін жиып алып Торғайға тартқан. Кейкі, Уәлі батырлардың сарбаздары бұл «көштің» соңына түсіп, бей-берекетін шығарған. Түргенев, полктың жартысынан айрылып, өліп-талып, үсіп Торғайға әрең жеткен. Әбдіғапардың патшаға қарсы ұйымдастырған көтерілісін қысқаша былай тұжырымдауға болады: Әбдіғапар басқарған сарбаздар тобы жазалаушы патша әскерлеріне жеңіс бермей, Ресейдегі Ақпан төңкерісіне ұштасты. Ресейде патша құлады. Қазан төңкерісі өтті, билікке коммунистер, былайша айтқанда «Жұмысшы-шаруа үкіметі» келді. Сарбаздар да патшаның құлауын асыға күткен еді, Ресейден бөлініп жеке дара Ел боламыз деп ойлады. «Қапардың арманы еді – жеке Ел болу, Ресейден қанап келген-ірге бөлу». Патша үкіметі құлағанмен оның орнына келген болшевиктер қарамағындағы бөгде халықтар үшін бұрынғы империалық саясатын жүргізе берді, Қазақ еліне жеке бөлінуге мүмкіндік бермеді, автономия беретін болды. Оның өзін қазақтар қару алып, Орыстың ақ гвардиясынан қорғауға тиісті еді. Торғай облысының түпкір-түпкірінде қызыл әскер топтары ұйымдаса бастады. Бәріне қазақтан шыққан тұңғыш коммунист – Әліби Жангелдин басшылық етті. Кейін оған Амангелді Үдербайұлы қосылды. Бұл топ Торғай елінде Совет өкіметін құрушылар еді. Қазақ зиялылары да бас көтеріп, Алашорда партиясын құрып, қазақ халқы үшін автономия құрамыз деп жанталасты. Алашордашылар да үкімет билігіне таласты, бұлар милиция топтарын құрып, қаруландырып, болшевиктік мемлекетке қарсы қойды. Сөйтіп, екі арада бірнеше қарулы соқтығыстар болды. Большевиктермен күресте, Алашорда Ақ гвардия генералдарымен (Колчакпен, Дутовпен) бірлесті. Торғай қаласы біресе советтердің қолында, біресе алашордашылардың қолында болды. Осы аласапыран оқиға 19-20-шы жылға дейін созылды. Ақыры бүкіл Ресейде, Қазақстан жерінде де, негізінен, Совет өкіметі орнады, билік большевиктердің қолына өтті. Әбдіғапар алашордашылар тобына қосылмады, болшевиктердің шаруалар мемлекетіне қарсы болмады, жақтады. 1919 жылы Торғай өлкесіне коммунистер келеді. Күзде Қостанайдан шыққан қызыл әскер басшылары жолда Батпаққараға соғады. Әбдіғапардың ауылына келеді. Жортуылшылар Көртоғайдағы Әбдіғапардың аулына келіп қонып қонақасыларын жеп, ертеңіне жүрерде Әбдіғапарға: «Сіз де жүріңіз, комиссар шақырады» – дейді. Әбдіғапар бір жамандықтың болатынын сезіп, туған-туыстарымен қоштасып, атқа қонады. Түске таман Зәуре қопасына жеткенде әскер тоқтап: «Ат шалдырып, сусындап алайық» дейді. Түстен кейін ат шаптырып, Амангелдінің ауылынан екі адам алдырады. Түнде Әбдіғапардан ананы-мынаны сұрап жауап алған болады. Таң сәріде, намаз оқып тұрған жерінде, Әбдіғапарды атып өлтіріп, қызыл әскер кетіп отырған.. Бұл Қазақстан жерінде болшевиктер жүргізген алғашқы террорлық іс еді. Болшевиктер, соғыс кезінде атылған «жаулары» үшін жауап бермегенімен, тыныштық өмірдегі қылықтары үшін ақталуы керек еді. Әбдіғапарды 1919 жылы сотсыз, айыпсыз ату заңсыз еді, бұл коммунистердің алғашқы террорлық қылмыстық істерінің бірі болатын. Осы сияқты әділетсіз шаруаларын бүркеу үшін большевиктер 1930 жылы «ҮШТІК» деп аталатын террорлық сот құрып, байды «байсың» деп, кедейді «жаусың» деп қазақтың сауаттыларын, бас көтеріп шындықты айтатын азаматтарын шетінен ұстап, соттаған болып, ата бастады, Карлагқа айдады. 1928 жылы Қазақстанда жаппай тәркілеу басталды, атап айтқанда, байлардың малдары тәркіленді, малдарын тартып алып өздерін соттады, жер аударды. Әбдіғапар ұрпақтары өте бай болмайтын, күн-көріске жететін малдары бар еді. Жалпы Торғай елінің тұрмысы 16 жылдары жаман болмаған. Оны Ы.Алтынсарыұлының қортындыларынан көруге болады. Дегенмен де жұрттың көпшілігі кедей, қалт-құлт етіп өмір сүріп отырған халық болатын. Судың тапшылығынан көп жерде егін екпейтін. Міне, осындай жағдайда, малынан айрылған халық не болады? Әрине, ашығады. 1930 жылдары қазақтың біразы малдарынан айрылып, халдері төмендей бастады. Мал жинауға кіріскен «белсенділер» қазақтың соры болды шаш ал десең, бас алатын қазақ «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран шығарып, белсенділер халықты тонауға кірісті. Әбдіғапардың немересі Қабекеңнің әңгімесінен: «Мен кішкентай бала болсам да мына бір оқиға есте қалыпты, ауылға жанында милициясы бар, белсенді келді. Үйді, қораларды тінтті. «Тығып қойған малдарың, азықтарың бар ма?» – деді. Ешнәрсе таба алмаған соң мені жалаңаяқ, жалаңбұт даладағы аязға шығарып, қар үстіне тұрғызды. «Айт, иттің баласы! Мал бар ма, қайда тығып қойдыңдар?» – дейді. Мен еңіреп жылап тұрмын, дірдектеп әбден тоңдым. Жылап тұрып, «бізде мал жоқ, піскен бұзау бар» деппін. Осыдан бір-екі күн бұрын тал-тоғай ішінде тығып жүрген екі бұзауды сойып, үйтіп алған едік. Үйткендері терісі де тамақ болсын деген ғой, үйдегілер. Белсенділер үлкендердің жылап-сықтағанына қарамастан «піскен» бұзауларды алып кетті. Осы сияқты оқиға әр үйде болды ғой! Қилы заман құрбандары 1930 жылы Советтердің мұндай қылықтарына шыдамаған ауыл халықтары наразылық білдіріп көтерілді, іштерінде Әбдіғапардың ұрпақтары да бар. «Батпақара көтерілісі» деп аталатын, осы оқиғаға қатысқан адамдарды жазаға тартты, жай соттап қойған жоқ, біразын атты. Солардың ішінде 1916-1917 жж. Ұлт-азаттық көтерілістің белсенділері: Әбдіғапардың інілері Садуақас, Уәлі, балалары Назар, Мағзұм атылды. Қали мен інісі Ғапбас Карлагқа айдалды Әбдіғапар ауылында бас көтерер бір еркек кіндік қалмады. Аналары, шиеттей балалары: Мәрден, Сапарғали, Қамия, Үмия, Төкеш, Мәлике, Алиакбар, Әжмедден, Зейнол-Қабден, Зибәгүл Дина, Есенжол қалды. Совет Өкіметі балаларға тиіскен жоқ, Рүстем ( Әбдіғапардың екінші ұлы) балаларды жетім балалар үйлерінде орналасуға көмектесті. Әбдіғапардың бұл ұлы Алматыда қызметте болатын. Сол кісінің қамқорлығының арқасында, балалардың бәрі оқыды. Әбдіғапардың Көртоғай ауылы босап қалды, мұнда басқа жақтан халықтар келіп орналасты, Әбдіғапардың төрт бөлмелі кең қызыл үйі ( патша үкіметінің бағалауымен 450 рубль тұратын) мектепке айналды. Бұрын да, бұл үйде осы ауыл балалары оқитын, бастуыш мектебі болатын. Әбдіғапардың адал еңбегінен туған ғимарат, совет дәуірінде де өзінің жақсылық ісін осылай жалғастырды. Көртоғай ауылының шетінде 1917 жылы Доғал соғысында ерлікпен қаза болған жүзбасы, Әбдіғапардың інісі Жағыпар жерленген еді. 1919 жылы Бұл жерде болшевиктер қолынан қаза болған Әбдіғапардың өзі жәй тапты. 1920 жылы, Жамбосын ұрпақтары: аға-інілерін еске алып, құрметтеп бейттің басына (12x8м ) күмбез орнатқан болатын. 1930 жылы байларға қарсы басталған науқан кезінде, дәріптеп салынған мешіттер мен күмбездер қиратылды, кірпіштеріне дейін тоналды. Әбдіғапар ханға арналып салынған күмбез де қиратылды. Коммунистердің адамгершілікке жатпайтын істері, қылықтары халықты әбден күйзелтті. 1932-1933 жылдары елде адам баласы көрмеген аштық басталды, елде қалған Әбдіғапардың туыстары аштан өлді. Шынын айтсақ, Торғайда Әбдіғапардың ұрпақтары қалмаған еді. Әбдіғапардың немерелері: Төкеш, Әлиакбар, Әжметден Қабден Алматыға жеткізілген болатын. Қабден (Қалидің баласы) Алматыдағы бірінші (Пугасов көпірі жанындағы ) балалар үйіне тапсырылған еді. Бірақ жиі ауыра беретін, сондықтан көбірек Рүстем ағасының үйінде болатын. Қабденнің есінде қалған бір оқиға: «1934 жылы жазда түрмеден босап Ахмет (Байтұрсынұлы) келді. Сол күні үйде біраз бала болатын. Кәтез апам мынау бәленшенің баласы, мынау ананың баласы деп әкесіне түсіндіріп жатты, маған кезек келгенде, құшақтап төсіне қысып, басымнан бір рет сипап, «айналайын-ай» деп, бір күрсініп қойды. Балажанды кісі екені көрініп тұр. Өмір бақи қуғын-сүргінде жүріп отау тігіп көрмеген ғой. Бір айдай тұрған соң жеке үйге шықты. Содан кейін ол кісіні мен көрмедім». 1936 жыл. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 20 жылдығы. Көтерілістің басталуы, түр-сипатын бағалау, басшылары кім, батырларын айқындау сияқты мәселелер күн тәртібінде тұрды. Коммунистік идеологияға байланысты көтерілістің басшысы кедей болу керек еді. Шынында, көтерілістің қолбасшысы Әбдіғапар бай болмағанымен кедей табынан емес еді. Демек оны басшы болды деп атауға болмайды, ал оның көмекшісі Амангелді «тақыр кедей» болмағанымен, байлар тобына жатпайтын, азда болса, партия қатарында болды, сөзсіз батыл да, батыр адам ұлт-азаттық көтерілістің көсемі деуге болады. Әбдіғапар туралы сөз көтермей, үндемей тарихтан сызылуы керек! Коммунистік партия осылай шешті, саяси ұйымдарға, идеологияда көркем-әдебиет баспаларына, осындай тапсырма берілді, жария етілді. 1936 жылы барлық орталық, облыстық газеттерде, бүкіл Торғай көтерілісіндегі бастамаларының бәрін бір-ақ адам орындады деген сияқты мақалалар ондап, жүздеп шығып жатты. Сөйтіп қазақ халқында да: Чапаев, Пархоменко сияқты өзінің жеке батыры шықты. Рүстем Әбдіғапарұлы 18 жасында Торғай өлкесіндегі 16 жылғы көтерілістің басынан аяғына дейін қатысып, кейін Совет өкіметін орнатуға белсене атсалысқан азамат. Тарихтың бұрмалауына қарсы шықты. Нағыз коммунист ретінде ұлт азаттық көтерілістің тарихын өз қолымен жазып, құзырлы орындарға ұсынды. Рүстем мен Сабыр Сарбасұлы екеуі қолжазба тарихтарын арыздарымен бірге Мирзоян жолдасқа табыс етеді. Бұл арыздарынан ешнәрсе де өнбейді, жасанды тарихтың дөңгелегі сол айналған күйінде айнала береді. 1937жылы Әбдіғапардың ұлы Рүстемді, інісі Хамитті ҮШТІК атқызды Әбдіғапар ұрпағынан тірі қалғандар: Қарлагқа айдалған ұлы Қали мен немерелері еді. Жас балалар да өсіп азамат бола бастады, ал Совет өкіметінің саясаты өзгермеді, тоталитарлық жүйенің шарпуы жас ұрпақтарға да жетті. 1934 жылы Алматы қаласында тұңғыш Қазақ Мемлекеттік университеті ашылды, физика-математика факультетінің алғашқы түлектерінің бірі болып Әбдіғапардың немересі Төкеш қабылданды. Студент тегіне тартып өте жақсы оқыды. Үкімет дарынды жасты құрметтеп «Озат оқушы» деген медальмен марапаттады, университет комсомол ұйымының хатшысы болып тағайындалды. Не керек? Төкеш қоғамда ардақты адам болды, өмірде де, өзінің жайдарлы мінезімен, тартымды еді. Бірақ бұл тыныштық ұзаққа созылмады. Төбеден найзағайдай түскен «домалақ арыз» Төкештің өмірін қиып жіберді: Күн, түн демей НКВД жауап алды. Сен қайдансың? Атаң Әбдіғапардың хан болғаны рас па? Ағаларың не үшін атылды? Сен неге тегіңді жасырдың? – деген сияқты сұрақтар. Университетегі жастар «Ойбай, өз ішімізде де «Халық жауы» бар екен және ол комсомол ішінде екен! Комсомолды тазарту керек! Комсомолдан шығару керек! Оқудан қуу керек!» – деген сияқты науқаншылық ұйымдастырылды, күнде шулаған комсомол жиналыстары! Төкеш Жанбосын тегін соттай алмады ( шынына келсек, себеп жоқ еді) және Советтер: «Әкесі үшін, баласын күйдіруге болмайды» – деген заң шығарып қойған еді. Төкеш Әбдіғапардың баласы емес, тек немересі еді! Бірақ «жөні» кеткен заман ғой! НКВД-ның тырнағына іліккен адам аман шықпайтын. Төкеш университеттен қуылды, «Жер аударылып» Алматы облысындағы Кеген ауданына жіберілді. Төкеш мойымады, аудан көлемінде де қызметті адал, пәрменді істеді еңбегі бағаланды, Оқу бөлімінің бастығы, кейін облыс әкімшілігіне ауысты. Соғыс жылдары сырттай оқып, университетті аяқтап, 60 жылдары физикадан кандидаттық диссертация қорғады. Әттең, қымбатты уақыт өтіп жатты. Кешіксе де, ғылым жолына оралды: пединститутқа жұмысқа қабылданды, теориялық физика кафедрасының меңгерушісі болды. Қалидың ұлы Қабден 1935 жылы Карлагтан босанып, Әбдіғапардың ұлы Қали келді. Үкімет оған Меркеде тұруға рұқсат етті. Қали, Алматыдағы жетім балалар үйіндегі, ұлы Қабденді, Жаңақорған қаласында күнкөріспен жүрген әйелін тауып алды. Сонда ғана, қыздары Зибәгүл мен Динаның 32 жылы аштан өлгенін естіді. Қали Қазақстанда ұзақ тұрмады. 1939 жылы Ресейге көшіп кетті, сүйтіп, «пыш-пыш» әңгімеден құтылды. «Ресейде оған: «сен кімсің? Қайдан келдің?» деп сұрамайтын, шахтаға жұмысқа орналастырды, баспана берді. 1943 жылы майданға аттанды. Жасы келген Қали әскерге алынбауы керек еді, онда да бір тәртіпсіздік болған болу керек, соғысқа жіберілді ғой! Баласы Қабден де ер жетіп қалған еді, үй ішін асырау үшін, оқуды тастап, соғыс біткенше шахтыда слесарь, электро-слесарь болып жұмыс іседі. Қали соғыстан мүгедек болып оралды, 1947 жылы отбасымен Қазақстанның Талғар ауданына көшіп келді. Колхозға жұмысшы болып орналасты, ұлы Қабден Талғар қазақ орта мектебіне түсті, интернат қабырғасында жүріп күн-түн демей оқыды, соғыс жылдары өткен 4 жылдық үзілістің орнын толтыру керек еді. «Құдай бергенде» мектепте, университеттен «ұлтшыл» деп қуылған, бірақ өте білімді мұғалімдер сабақ берді. Солардың арқасында Қабден мектепті алтын алқамен бітірді. Сөйтіп, Қабден алғашқы – таза алтыннан жасалған медальға ие болды. Сол жылы медаль алған талапкер кез келген оқуға емтихансыз түсе алатын еді. Қабекеңнің арманы Ленинградттағы Репин атындағы Сурет Академиясына түсу еді. Оған түсу үшін алдын ала суреттен емтихан тапсыру керек екен. Қабден бұдан да өтті. Енді Орталықтағы оқуға бару үшін, ережеде жазылмаған тағы бір, бір де болса, негізгі белес – Орталық Комитеттің «елеуішінен» өту керек екен. Осы өткелден өте алмады, лауазымды жолдас: «Саған Орталықта оқуға болмайды. Осы Алматыдағы техникалық жоғарғы оқуға түсуге болады» – деді. Қабекең Төкеш ағасына барып шағымданып еді ол кісі айтты: «Бұл коммунистердің баяғы «хан тұқымы» деп жасап жатқан зорлықтары, надандықтары, әйтпесе, саған оның не қатынасы бар, сен Отан соғысы ардагерінің баласысың ғой, жарайды, сен «тоң мойын» мырзаларға ренжіме, үй жағдайына да қара, өзіміздің университетке, физика факультетіне түс» деді. Ол кезде физикаға түсемін деп армандаушылардың саны бір орынға 10 адамнан келетін. Қабден емтихансыз өтті. Осы мамандыққа өткен 30 баланың – 15-і мектепті алтын, күміс алқаға бітіргендер еді. Жастар жақсы оқыды. 15-і өте жақсы оқыды. Тек бір «әттеген-айы» бар еді, осы дәрежелі оқуға түскендердің тек төрттен бірі ғана қазақ жастары болатын. Қабден жақсы, өте жақсы оқыды, бұл оған, қосымша 18-ші мектепте лаборант, мұғалім болып істеуге мүмкіндік берді. Мүгедек әкесіне, өзінен кейінгі інілеріне, қарындасына көмектесу керек еді. Еңбекқор жас, суреттер жасап та ақша табатын. Не керек ол ақшадан кемдік көрмеді. театрларға баруына да еркіндік болды. Театрға, әсіресе опера театрына жиі баруына себеп – апасы Рахима, театрдың әншісі – 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілістің кемеңгері, 1930 зобалаң жылы, ҮШТІК-тің үкімімен атылған – Садуақас Жанбосынұлының қызы болатын. Рахима театрда аналардың рөлін ойнайтын. Рахима апайдың, композитор Мұхаметжановтың «Елім-ай» араториясында орындалатын «Елім-ай» әуенімен Қазақстан Радиосының алтын қорына енді. Қабден ІІІ курстан бастап ғылыми жұмыспен шұғылдана бастады. Қолының шеберлігі оған көп көмектесті. Ол электрониканы, радио-техниканы меңгерумен қатар, шыны қорытып пісіруді үйренді. Нәтижесінде, Қазақстанда тұңғыш вакуумдық қондырғы жасап шығарды. Оның көмегімен иненің көзіндей көлемдегі газды өлшеуге мүмкіндік алды. Дипломдық жұмысында Қабден Әлем кеңістігінен түсетін кейбір метеориттердің «жасын» радиоактивтік тәсілмен табуға кірісті. Бұл күрделі жұмысты ол шеберлікпен орындады, ғылыми жаңалық ашты. Метеориттер бойында «артық гелий» газының болатынын көрсетті. Бұл – ғылыми жаңалық еді. Сенбеген ғалымдар, Қабекең жүргізген тәжрибені Москвада, Академияда қайталап зерттеп, растап шықты, оған қоса бұл жай гелий емес, гелийдің әлемде сирек кездесетін изотобы Не-3 екені айқындалды. Кейін, Қабденнің бұл еңбегі, Америкада шығатын ( Ранкаманың ) «Ядролық геология» атты кітабына енді. Ғалымдардың дүрлігуіне бір себеп бар еді: Гелий-3, келешекте термоядролық отын ретінде қолданылатын изотоп болатын. Тек, әзірге оны «жағатын» реактор жоқ. Дегенмен де келешекте оның жасалатыны анық. Қабден осы жаңалығы үшін, комсомолға мүше болмаса да, Қазақстан комсомолының «мақтау қағазын» алды. 1953 жылы Қабден, университетті ойдағыдай бітіріп, кафедраның шешімі бойынша, аспирантурада қалдырылды. Дәл осы тұста: «Ол хан тұқымын, аспирантураға алуға болмайды» – деген «сасық әңгіме» шыға келді. Қазақстанда физикадан ғалымдар жоқ, бір курстан жақсы оқып, ғылыми жұмысқа бейімі бар, бір-ақ адам, оның өзін күндеп оқуға алғысы келмей отыр. Және ол кім? Сол Торғай елінен шығып, «азамат болдым» деп жүрген коммунист төренің бірі – Университеттің ректоры – Асқар Закарин мырза. Қабден мұндай жағдайды күтпеген еді. Оны кафедра меңгерушісі профессор Чердынцев шақырып алып, құшақтап, көпшіліктің алдында сүйіп мәз болыпты: «Ой, дорогой, дай я тебя поцелую, ты, оказывается принц, мы все кланимся перед тобой» деп қалжыңдайды. Қабекең үкіметке де, үкіметті билеушілерге ренжіді: «Я ухожу, не хочу больше слушать глупости» депті де, Талғар түбіндегі ауылы «Қызыл Қайратқа» кетіпті. Жаз бойы еңбек етіп, өз қолымен әке-шешесіне төрт бөлмелі үй салып беріпті. 1953 жылы күзде: «Сіз, аспирантураға қабылдандыңыз» деген хат келіпті. Қабден екі жылда аспирантураны бітіреді. Академик Байқоңыровтың шақыруымен политехникалық институтқа доцент болып орналасады. Атомдық физикадан, атом салмағын өлшейтін лаборатория, ядролық физикадан, жер қабаттарының геологиялық жасын анықтайтын лабораториялар ұйымдастырып іске қосқан. Бұл Қазақстан жерінде ұйымдасқан күрделі зертханалар еді. 1962 жылы Жоғарғы Оқу министрі Билялов жолдастың бұйрығы бойынша, Тараз қаласында жаңа ұйымдастырылған пединститутың проректоры болып тағайындалады. Үш жыл ішінде инситутты «аяғынан тұрғызып» бірнеше лабораториялар ұйымдастырып, тиісті құралдар мен жабдықтаған, көбін өз қолымен жасап іске қосқан. Баяғы адал еңбек: Қазақ отанын шексіз сүю. Ғылыми жұмыс уақытша доғарылғанымен сабақ беру тәсілдерін үйрету. Физикадан қазақша оқулық жазу, оқушыларға өте қиын түсетін физика есептерін шығару тәсілдері бойынша оқу кітаптарын жазу. Бұған себеп болған оқиға дейді Қабекең: «Облыс бойынша физика мұғалімдеріне арнап жүргізілген тексеріс болды. Облыс бойынша жазғы дайындық оқуына келген 100 шақты адам болатын, соларға арнап физикадан мектеп көлемінде емтихан жүргізгенде, тек үш-ақ адам дұрыс жауап берген. Ауыз-екі сұрастырсақ: «мектеп қабырғасында онша есеп шығармаймыз, себебі шығара алмаймыз» деген жауап алдық. Ең болмаса дайын, шығарылған есептерді пайдалансын деп, үш жыл уақытымды кетіріп «Физика есептерін шығарудың тәсілдері» атты арнайы екі кітап жаздым. Басып шығару, ол өз алдына бір жыр, бұл жерде оны айтпай-ақ қояйын» деді Қабден аға. Коммунист төрелермен «қызықты» кездесулер соңғы рет 1970-71 жылдары болды. Қабден өзінің, ата-бабаларының тарихын, Совет өкіметінің көзқарасын жақсы білетін, сондықтан да партия қатарына өтейін деп ұмтылмаған. Әрине, өмірінде партия қызметкерлерімен жиі кездесіп тұрған. Соңғы кездесулерінің бірінде, 1970 жылы Жамбыл қаласына Мәскеуден күрделі операциядан кейін Ілияс Омаров келген. Билікөл тұсында, Қаратаудың қойнауында киіз үй тігіліп, «ем болсын» деп түйе сүтін ішіп көрген. Ілекеңді Алматыдан жақсы білетінмін. «Бір жексенбі күні сәлем беруге барсам» – дейді Қабекең, Ғабит Мүсрепов, оның жас келіншегі – Рая балаларымен, Сәлімгерей Тоқтамысов, обкомның хатшысы Бименде Садуақасов төртеуі преферанс ойнап отыр екен. Сәлімгерей ойын-шыны бар: «О, хан тұқымы келіп қалыпты» – деді. «Қабден, сенің атаңды жамандап кино шығарған Ғабит деген жазушы ағаң алдыңда тұр» деді. Ғабит маған қарап: «Заман сондай болды ғой. Сен, Сәлімгерей мәселені қоздырма, «Амангелді» пьесасын партияның тапсыруы бойынша, негізінен Майлин жазды, мен материал жинаушы болдым, ол – бір. Екіншіден, пьесада Әбдіғапардың аты жоқ. Біз ол кісіге тиіскен жоқпыз» деп әңгімені қысқартты. Ертеңіне Ғабит Дели қаласына ұшып кетті. Партия төрелерімен соңғы шүйіркелесу келесі жылы күзде болды. Мені 1962 жылы Пединститутқа бастық етіп жібергенде министр партияда бар-жоғымды сұрамаған еді. Осы заңды шығар деп ойлаған едім. Жылдар өтіп жатты, мен институттың шаруасын бір өзім атқарып жүрдім, себебі ректор болған азамат бұрын-соңды институтта істеп көрмеген, жан болатын...71-ші жылы, белгісіз бір істерге шатасып, асылып өлді. Мен уақытша Ректордың қызметін атқардым. Осы тұста мен де ойламаған іске тап болдым. Біздің студенттер, басқа оқушылар сияқты, аудандарға шығып, қызылша теруге барды... Бір айдай жұмыс істеп қайтты, сонда жолда бір машина төңкеріліп, үстінде отырған екі студентіміз қаза болды. Осы мәселе Обкомда қаралып, институттың секретары, уақытша ректор қызметін атқарып жүрген Қабден Әбдіғапаровқа сөгіс берілді, жай сөгіс емес «партия документіне» жазылатын сөгіс берілді. Осы жерде қызық әңгіме өрбіді: обкомда оқу мәселесімен шұғылданатын, Вязовой жолдас Қабденнің коммунистік құжаттарын таба алмайды, өздері әбден састы. Ақыры, Әбдіғапаров Қабден партияда болмағандықтан, басқару жұмысынан шығарылсын деген тұжырымға келген. Ал оның маман ретінде іскерлігі, бітірген шаруасы есепке алынбады. Қабекең оған көп ренжімеді, өзіне тиісті доценттік жұмысын атқара берді. Арпалысқан жұмыстан қолы босап, жазу жұмысына қолы жетті. Өмір бойы атасы Әбдіғапар туралы жинаған мұрағаттық құжаттарды, естеліктерді тәртіпке келтіріп кітап етіп басуға дайындады. Өзі өмір бойы аң-таң болып жүретін: Ресей құжаттарында Әбдіғапарды империяның жауы деп, көзін жою үшін арнайы әскер топтары жіберілді. Әбдіғапар мен Амангелді басқарған сарбаздар тобы патша әскерлерімен, Орыстың ақпан төңкерісіне дейін жеңіс бермей – соғысқан. Соған қарамастан Қазақстан тарихшылары: «Көтерілісшілер неге жеңілді?» деген сұрақ қоюдан шаршамайтын. Ер еліне оралды Жазалаушы әскер 1916 жылдың аяғына қарай Ырғыз аймағындағы көтерісшілерді күйрете жеңіп, хандарын тұтқындап, сарбаздарын топ-тобымен Ресей соғыс майданына қара жұмысқа жіберген. Әбдіғапар басқарған сарбаздардың біреуі «әскерге» бармаған. Дегенменде, ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығы қарсаңында Әбдіғапардың еңбегін бағалап Әлихан Бөкейханов, Сейтқали Меңдешов, Міржақып Дулатов, Байқадам Каралдин, профессор К.В Харлампович бірнеше мақалалар жазды. 1920 жылы Әбдіғапардың жақындары шығарған жоқтауды Ахмет өңдеп, 23 жоқтауға қосып Қызылорда қаласында кітап етіп шығарады. Кейін Казақстан жазбалары латын әрпінен кирилицияға көшкенде жоқтау аударылмады. Тек еліміз егемендік алғаннан кейін ғана «Әбдіғапар» атты жоқтау «Боздағым» кітабына енді. Бұл көлемі жағынан ең үлкен (500 жол) жоқтау. Жоқтауды зерттеуші академик Рахманқұл Бердібай (1995ж.) былай тұжырымдайды: «Жоқтаудың ең маңызды жері – Әбдіғапардың ел басына қатерлі шақ туғанда халық намысы үшін қол бастап, азуы алты қарыс тажал жауға қаймықпай қарсы аттанғанын көрсетуі. Жұртыңды қорқып бермедің Қорыққанға азып ермедің Николайдан қашпадың». «Сөз болып отырған жоқтауда» – дейді әрі қарай автор «көтерілген ақиқаттың молдығы соншалық – Бұлар үлкен дастанға немесе романға жүк болардай мазмұн құрайды», – деп қорытады Рахманқұл. Совет өкіметі болса 1936 жылы Әбдіғапарды «бай тұқымынан» деп тарихқа енгізбеді, халық үшін сіңірген еңбегін сызып тастады, орнына Амангелдіні қойды, барлық басшылықты сол атқарды деп жар салды. Шынына келгенде, екеуін де қатар атауға болатын еді, әрқайсысының орны ерекше еді: Әбдіғапар – ұйымдастырушы жалпы қолбасшы болса, Амангелді әскербасы. Ағалы-іні болып, ел қамын ойлап, жастарды сұрапыл қырғыннан аман алып қалу еді, мақсаттары. Біреуі Тілеуліден тараса, екіншісі оның інісі Бегімбет ұрпағы болатын. Бұл екеуі келіспей бір-біріне ренжіп қалса да, тез татуласатын. Амангелді тез қимылдайтын, мінезі тік, шатыр- шұтыр, тез шешім қабылдап, ашуланса, тез «қайтатын» жігіт еді. Әбдіғапар болса, салмақты мінезі ауыр, ойланбай, асығыс шешім қабылдамайтын. Екеуінің мінездерін сипаттайтын мынадай бір әңгіме елде тарап кеткен екен. Бір даулы мәселені Әбдіғапар Амангелдіге айтпай шеше салады. Амангелді бұл шешіммен келіспей, ордаға келіп Әбдіғапарға реніш білдіріп, қылышын қынынан суырып алып, жалаңдатып «қырамын да, жоямын» деген сияқты ауыр-ауыр сөздер айтып шығып кетеді. Кейін өзінің қатесін түсініп ағасына келіп: «Сен жар едің мен лақ едім» деп, сөз айтып, кешірім сұраған... Тентек болса да, ақылды сөз тапқан. Совет өкіметі, шонжарлар тұқымынан деп, Әбдіғапарды тарихқа енгізбеді, сөгіп жамандамады да, осылай 70 жыл уақыт өтті. Тек еліміз егемендік алғаннан кейін, советтік жүйе ыдырап, сөз еркіндігі келгеннен кейін ғана, газет беттерінде Әбдіғапар өмірінің шындығы айтыла бастады. Торғай қазақтарының көтерілісі туралы, қысқа болса да, тұжырымды, құнды деректерді 1992 жылы «Жұлдыз» журналы жазды. Осыдан кейін облыстық «Торғай таңы» газеті мен республикалық «Халық кеңесі» газетінің редакциялары көп еңбек етті. «Халық кеңесі» (Редакторы Жұмабек Кенжалин) басып шығарған материалдар негізінде М.Сүлейменов «Әбдіғапар хан» атты кітап жазып шығарды. Барлық материалды Қабекең өзі тексеріп математикалық дәлдікпен сұрыптап отырды. Тарихшылардың да еңбектері зор болды: Басы академик-тарихшы Манаш Қозыбаев болып, Советтер дәуірінде тұрақталған көзқарасты түбірімен өзгертті. «Жауға шаптым ту байлап» атты кітабында Манаш мырза былай деп жазды: «Еліміз тәуелсіз болған осы күні есіңе ал, қазақ елі, еңіреген еріңнің бірі, бірі болса бірегейі Әбдіғапардай Әмірді, Отан үшін туған батыр да батыл, дарынды. Оның есімі сонау Сырым, Исатай, Махамбет, Хан Кене, Амангелдімен қатар аталуы әділ де орынды. Сенің дабылды атың, даңқты затың – Отан тарихында міне осылай хатталады. Аруағыңа табынамын, Әмір Әбдіғапар...». 1995 жылы немерелері Әбдіғапардың туғанына 125 жыл толуына орай ас берді. Халық та сүйікті ұлын сағынып қалған екен, бұл асты ел тойға айналдырды. Асқа басқа ауданның азаматтары да келді. Ауыл-ауылдардан әкелініп, ақ отаулар тігілді. Той, 1916 жылы көтерілістің бас ауданы болған, Қара-Торғай елді мекенінде өтті. Тойға тән дәстүрлі ат жарысы, ақындар айтысы да болды. Қазақстанның халық ақыны Әбілов Қонысбай, мырза хан тойына арнау жырын айтты, кейін белгілі айтыс ақындары Б.Бекетов пен Ә.Орманшина бар жыр сайысын ұйымдастырды. Тойға келген алматылықтар да қарап қалмады: Елін, жерін сағынып ( 65 жылдан кейін) келген, Қазақстанға еңбегі сіңген, артист Рахима Садуақасқызы 75 жасына қарамай, сахнаға шығып атақты «Елімайды» тебіреніп жырлағанда, жиналған жұрт сілтідей тынып, көздеріне жас алды. Ең соңында композитор Қалибектің «Әбдіғапар-әмір» әні шырқалып, Хамитбек ақын жазған мынадай сөздермен аяқталды: Асыл атам менің. Еңбегіңді сенің, Ардақтайды бүгін, қалың қазақ елің. Той (енді солай деп атау керек шығар) Әуелі Арқалық қаласындағы мәдениет үйінде ғылыми-ағарту конференциясында академик Тұрсынбек Кәкішевтің баяндамасымен басталды, аяғында жазушы Сәбит Досанұлы сөзін Әбдіғапар атасының аруағымен тілдесуге арнады. «Өйткені, ондай ерлердің рухы өлмейді» деді ол. Жаңа жазылған Қазақстан тарихында(2002ж), 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілістің қолбасшысы ретінде Әбдіғапардың аты алдыңғы қатарда тұр. Халқымыз, Әбдіғапар армандаған Егемендікке қол жеткізді. Халқымызды жүздеген жылдар қанаған патша үкіметі құлады, орнын басқан тоталитарлық жүйе де құрдымға кетті. Халқымыз емін-еркін дем алып өмір сүруіне толық мүмкіндік алды.Тек ерінбей-жалықпай адал еңбек ете біл. Әбдіғапар заманында халқын, туған-туыстарын, балаларын адал еңбек етуге үйретті, талап етті. 1926 жылы Торғай көтерілісін зерттеуге келген профессор К.В.Харлампович елде орнаған тәртіпті былай сипаттайды: «осы бір, билік өз қолдарына тиген кезде, Торғай елінде тәртіп күшейді, әдеттегі ұрлық, барымта сияқты қылмыстар азайды» – деп жазады. Атамыздың ақ тілегін ұрпақтары жоғары ұстап, жалғастыруда. Адал еңбек ету, халқын сүю, халқы үшін еңбек ету. Әбдіғапар-әмір, аруағыңның алдында бас иеміз. Уәлі ата, Сіздің сүйегіңіз қайда шашылып жатыр? Садуақас аға, Сіздің сүйегіңіз қайда қалды? Рүстем аға, Сізге де бір уыс топырақ бұйырмады ғой! Хамит аға, Сізге де бір уыс топырақ бұйырмады. Назар аға, Сіздің сүйегіңіз қай далада қалды? Мағзұм аға, Сіздің мәйітіңіз Қостанайдың қай сайында қалды? Аруақтарыңа табынамыз ағалар, Әбдіғапар ұрпақтары: Рүстем, Мәди, Данияр, Мәжит, Дастан, Мағзұм, Мәлік, Міркей, Бахтиар, Нияз, Дархан. Марат МЫРЗАҒАЛИҰЛЫ

9041 рет

көрсетілді

37

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы