• Әдебиет
  • 21 Шілде, 2009

Ғасырлық ғұмыр. Бас ақынның тұңғыш жинағына 100 жыл

"Ана тілі" газеті1906 жылы жол шығынына екі семіз ат пен екі семіз түйесін Семейге әкеліп, ақшалаған Кәкітай жинақты шығару мақсатында Омбы, Қазан қалаларына барғанымен бастыруға сәті түспейді. Сол сапарда Петербордағы Ілияс Бараганский баспасымен шарт жасасқан Кәкітай Ысқақұлы жинақтың корректорлық қызыметін өз мойнына алады. Семейдегі Әнияр Молдабаевтың үйінен әр баспатабақтың қатесін түзетіп, Петерборға жөнелтіп отырады. Осындай қыруар еңбекпен Абайдың бірінші өлеңдер жинағы үш жылдан кейін 1909 жылы жарыққа шығады.Абай мұрасының баспадан кітап болып шығуына қалтқысыз қамқорлық жасаған – Әлихан Бөкейханов болса, өлеңдерін жинақтап бастыруға зор үлес қосқан – Мүрсейт Бікеұлы, Кәкітай Ысқақұлы, ақынның Әйгерімнен туған баласы Тұрағұл еді. Қазақ поэзиясының ұланғайыр байлығына айналған жинақтың қуатын танып, алғаш қуана мақала жазған Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деп бағалағаны әлі күнге елімен бірге жасап келеді. Алғашқы жинаққа ақынның қара сөздері мен біршама өлеңдері енгізілмей қалса да, кеңес дәуірінде қайта туған ұлттық мәдениетіміздің мақтанышына айналды. Абайдың аса сүйікті баласы Әбдірахман ауырып жатқанда, кейін қаза болғанда жазған бірнеше шебер жырлары баспаға берілмеді. Кәкітай ол өлеңдерді отбасының жеке ішкі сыры деп көпке танытудан іркілді. Сонымен қатар Абайдың ел атқамінер-жуандарының теріс мінезін өткір сынға алған өлеңдері де жинаққа кірмеді. Осы алуандас туындыларының кітапқа енгізілмеуінің басты себебі, шығарушының «сол адамдардың туыс-туғандарының өкпе-реніші болады» деп жасқанғаны. Абай шығармаларының жинағына Кәкітай өзінше талдау жасап 17 бөлікке жіктеген. Бұл туралы М.Әуезов «…Кәкітай жасаған жіктеулер дәл-дәлді емес» дегенімен, Абайды қайта басып шығарған кейінгі редакторлар сол Кәкітай берген жіктеулердің негізінде жариялап отырды. Абай жинағын тұңғыш басып шығарған Ілияс Бораганский жайында абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханов зер сала зерттеді. Петерборда бірінші мұсылман баспаханасын ұйымдастырған І.Бораганский 1852 жылы Қырымдағы Бахшасарай қаласында дүниеге келген. Жас кезінде Түркияда болып, Ыстамбулда баспа, хұсни хат өнерімен шұғылданған. Петербор университетінің шығыс тілдері факультетінде сабақ берген ол 1882 жылы сол қалада мұсылман баспаханасын ашады. Әлеуметтік мәселені батыл көтеріп, түптеп келгенде, қанды шеңгел қасқыр қоғамға наразылық білдірген Абай өмір қаһарманын да, өнер қаһарманын да сөз өрнегіне сын көзбен сыйғыза білді. Ел іргесін бұзған сұмдықты, өсекшіл өзімшілдікті түзей алмайтынын байқағанда көкірегі мұң мен шерге толды. Осындай халық мұңынан жаралған 1889 жылы жазған жиырма өлеңіне биыл 120 жыл толады екен. Бұл өлеңдердің кейбірі жоғарыдағы себептермен тұңғыш жинаққа енгізілмеген. Ал олардың әрқайсысы өзінше бір тоқталуды қажет етеді-ақ. «Абайдың бар өмірін баян ету бір сөзге сыймайды. Абайдың адамзат арманынан туған, талай тартысынан туған ақындық, даналық қалып-қасиетінен бірнеше ерен-ерен белдер бар» – дейді Мұхтар Әуезов. Ендеше ақын мұрасын танып-білу мұнымен шектелмесе керек-ті. Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ, ақын, Абай мұражайының ғылыми қызметкері Сары далада «қалың елі, қазағының» санасын оятқан Абайдың тұңғыш жинағының жарық көргеніне биыл 100 жыл. Халықтың рухани шежіресіне айналған бұл туынды хақында Абайдың туысы - Әрхан Кәкітайұлы өз естелігінде Кәкітайдың Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейт молланы алдырып, Абай өлеңдерін бір ай бойы дайындатқанын айтады.

3938 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы