• Әдебиет
  • 28 Шілде, 2009

Атқа жеті қазынаның бірі ретінде емес, мал сияқтықараймыз

"Ана тілі" газетіЕлемес Әлімханов, Ұлттық спорт және туризм академиясының вице-президенті: Халқымыз ұлттық ойындарға кенде емес. Бірақ олардың әлемдік аренада танылмақ түгілі бүгінгі таңда халық арасында таралуы кемшін. Осыған орай ұлттық спорт мамандарын даярлау, білім беру деңгейі, бағыттары, оқыту жұмыстары, қажетті мамандықтар төңірегінде Ұлттық спорт және туризм академиясының вице-президенті Елемес Әлімхановпен әңгіме өрбіткен едік. – Ұлттық спорт және туризм академиясы ұлттық спорт мамандарын даярлап отырған жалғыз жоғары оқу орны. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпастың» кебін киіп отырған жоқсыздар ма? – Бүгінде қазақ күресі, ат спорты, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойын түрлері бойынша маман даярлап келеміз. Биыл бірінші рет саятшылықты қосу жоспарда бар. Себебі елімізде ұйымдастырылып жүрген жарыстарға қатыса жүріп байқағанымыз, бұл салада мамандар жоқ. Ақсақалдарымыз тәжірибе жүзінде тәлім-тәрбиесін беріп келеді, бірақ мұның өзі аздық етеді. Ал бұрыннан келе жатқан мамандықтарға келер болсақ, жыл сайын қазақ күресінен 20 шақты маман тәмамдайды. Ат спортынан кейінгі 5 жылды алғанда 4-5 түлек, тоғызқұмалақтан 7-8 адам бітірді. Бір сөзбен айтқанда саусақпен санарлық. Ал ат спортынан қаншама бәйгелер, жарыстар өтеді. Оны ұйымдастырып, атты баптап, шабармандарды баулу қажет. Бұдан өзге ұлттық спорт ойындарын жүйелеуді қажет ететін мәселелер көп. Мысалы «Сонар 2009» байқауында бүркітшілікке байланысты ереже еуропалық стандартқа негізделген. Оның ұлттық дәстүрдегі бүркітшіліктен алшақтығы өте көп. Сондықтан болар, қарияларымыз тарапынан түсінбеушіліктер жиі кездесті. Бүркіт түлкіге немесе қоянға қонғанда әр түрлі әдіспен: қалықтап, теуіп, аспанға көтеріліп, шүйіліп түседі. Осыған орай байқауда ұпай әрқилы берілді. Бүркіттің аңға түсуі табиғаттың бергені. Ол айтып түсіндіретін адам емес. Бұл табиғи бүркіттің ерекшелігіне байланысты. Сондықтан меніңше бүркітшілктің ұлттық дәстүрге негізделген бір бағытын, сосын халықаралық негіздегі бір бағытын бөлек, жекелеп ұсынылса болар еді. Себебі кейбіреу құсты аңшылық, саятшылық үшін баптауы мүмкін, ал біз оны жоғарыдағыдай шектелген шеңбердің ішіне салып қойғымыз келеді. – Академияның жалпы мүмкіндігі қандай? – Қазақ күресін сонау 70-ші жылдардан бастап оқытып келеміз. Қалыптасқан дәстүрі, кітаптары, оқулықтары, мамандары бар. Жеткілікті. Тоғызқұмалақтан да тәжірибе жинақтап қалдық. Оны үйренуде жеңілдіктерді жетілдірдік. Міне, биыл саятшылықты қосамыз. Қиын соғып тұрғаны – ат спорты. Академияға қарасты ипподром, ат баптау орны жоқ. Сондықтан әзірге ғылыми-теориялық тұрғыдан білім береміз, ережелерін үйретеміз, сосын ипподром, ат зауыттарына тәжірибеге жібереміз. Студенттер ат күтімінен бастап, оның жүрісін, шабысын байқайды. Сол сияқты былтыр «Сонар 2009» байқауында бүркітшілермен келісім жасадық. Олар да жылы қабылдады. – Өзге де ұлттық спорт түрелерін айналысқа енгізу жағы қалай? – Келешекте тазы иттеріне үлкен сұраныс болуы мүмкін. Сосын ат спортында «Шөген» деген ойын бар. Еуропада оны «Конное поло» дейді. Ауылда тай мініп жүрген балалар шөген ойынын меңгерсе, аты да мінезді болар еді. Ойнау үшін де мәдениет керек. Атқа жеті қазынаның бірі ретінде емес, мал сияқты қараймыз. Бұл көзқарасты өзгерту қажет. Оның тазалығынан бастап, ауру-сырқауын анықтау – мұның бәрі тұтас бір ғылым. Түркмен халқы тіпті атты сойып жемейді. Кереметтігі сондай, үнділердің сиырды қасиеттейтініндей қартайғанда жүгенін алып, атты далаға бос қоя береді. Ал бізде қай елге барсаң да жауыр, күтілмеген, кір-кір аттар алдыңнан шығады. Қазақтың жылқылары жарқырап тұруы керек қой. Мәдениет осыдан басталады. Сондықтан еліміздегі федерациялар тек жарыстар өткізіп қана қоймай, өзге де жұмыстарға назар аударса. Мысалы араб елдеріндегі ат жарыстарында әрбір шақырым сайын жүйріктің жүрегінің соғысын тексереді. Егер қалыптан асып кетсе, атты тоқтатып, жарыстан шығарып тастайды. Ал бізде бәйге алаңында сәйгүліктер құлап, зорығып өліп жатады. Әрі бұл жайт жиі кездесетін болды. Өйткені біздің атқа деген көзқарасымыз нашар. Осыларды тәртіпке, тазалыққа, мәдениетке келтірсек, табиғатпен, атпен арамыздағы байланыс қайта орнайды. Жылқының жеті қазынаның бірі екендігін қайта бағамдайтын боламыз. – Бүгінде араб сәйгүліктерін, түркмен ақалтекесін, ағылшын жүйріктерін айтып аузымыздың суы құриды. Сонда қазақы жылқыларға жүйріктік тән болмағаны ма? – Белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы қазақи аттар жоғалып бара жатыр деп дабыл қаққанына көп болды. Шынында да суға да, шөлге де, асқа да көнбіс, шаруаға да ыңғайлы қазақи аттар тасада қалып барады. Қазір шетелден әкелінген сәйгүліктердің түрлері өте көп. Қанша қымбат тұрса да сатып алып, жарысқа енгізіп жатыр. Мүмкін дүниежүзілік аренаға араласу үшін қажет шығар, бірақ екінші үлкен мәселе бар. Жергілікті, табиғатымызға бейімделген, жаратылысынан көнбіс қазақы аттарды жеке шығару керек. 40 шақырымға жүгіретін көнбіс аттар немесе 15-20 шақырымнан аса алмайтын жылдам аттар – олардың табиғаты екі түрлі. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тұқымы басқа, мүмкіндігі басқа қазақы аттардың арасында жарыстар өткізу, оларды баптаудың жеке жүйесін жасау керек. Мәселен спорттық, секіретін, билейтін аттарды бөлек ұстайды ғой. Қазір бәрін араластырып жібергеннен кейін қазақи аттар тасада қалып қойып жатыр. Сондықтан осы мәселені де көтеретін кез келді. –Ұлттық спорт федерацияларымен бірлесіп жұмыс істейтін боларсыздар? – Байланысымыз жақсы. Бірақ федерациялар тек жарыстар ұйымдастырумен шектеліп отырғандығы қынжылтады. Олар халықтың арасында насихат, үгіт айту, кітаптар шығару, әрбір балаға келіп «Әй, айналайын, сен мына атыңды күтіп, ер-тоқымыңды баптап сайла» деген сияқты әдістемелік шаруаларды да қамту керек еді. – Ал мемлекет тарапынан ұлттық ойындарға деген көзқарасқа көңіліңіз тола ма? – Спорт және туризм министрлігі жуырда 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспар қабылдады. Онда ұлттық спортқа, олимпиадалық ойын түрлеріне жеке-жеке тоқталған. Бірақ спорт мектептерінің саны, мамандарды даярлау жағынан жер мен көктей айырмашылық бар. Олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріліп, халықпен жұмыс жасайтын, ұлттың ұғымында бар, көпшіліктің денсаулығына ықпал ететін салауатты өмір салтына қарай икемделген ұлттық спорт түрлеріне өте аз көңіл бөлінген. Қаражат та өте аз. Осы жақтарын бұрыннан айтып келе жатырмыз. Әрбір бала ұлттық дәстүрімізді, ұлттық спортымызды біліп жатса, оның тілі, ішкі дүниесі де бірге өсер еді-ау. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Жанар ЕЛДОСҚЫЗЫ

4464 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы