• Әдебиет
  • 27 Тамыз, 2009

Қалың қалай, Қапшағай?

"Ана тілі" газетіҚазақ қашаннан «Сулы жер нулы жер» дейді. Нулы жерге ту тігеді, қоғалы өңірге қоныс тебеді. Кеңес Одағының бел баласындай болған Қапшағай су қоймасы да сонау 70 жылдары өзінің етегіне ел қондырған еді. Бүгінде 40 мыңдай халық қоныстанған аталған аймаққа келіп демалушылар да көп-ақ. Содан болар өкінішке орай бұл су қоймасы шөлді нуға айналдырып қана қоймай, шуға да айналдыратын түрі бар.

Алма­тыдан алпыс шақырым қашықтықта жатқан бұрынғы мидай далада пайда болған «Қапшағай теңізінің» ұзындығы – 110 шақырым, ең ұзын ені – 25 шақырым, тереңдігі – 42 метр. Қалаға жақын орналасқандықтан оны жасанды болса да жанындай көріп демалатындар жетерлік. Әрі барар жолы тақтайдай тегіс. Біз де 40 минуттың ар жақ бер жағында жағажайға жетіп келдік. Жүргізушінің айтуынша, кей күндері тіпті 20-30 минуттың ішінде Қапшағайға жетуге болады екен. Бірінші сапарым болғандықтан көл жайында хабарым аз. Тізгінді көлік иесіне бердім.

– Мені жағажайға жеткізсеңіз болды7

– Нақты біреуін айтыңыз? Көлдің қай басына апарайын?

Бастапқыда жоғарыдағы сұрақты түсінбегенмін. Бекер екен. Байқасақ, Қапшағай жағажайын жағалай демалыс аймақтары қоршап жатыр. Олардың арасынан сытылып тегін орын табам деу құр сабылу. Суға дейін саңылау да жоқ. Аймақ дейтін аты ғана, алақандай жерді иемденіп, кішігірім тамақтану орындарын, қоныстарды орналастырған. Жағажайға өту ақысы 150 теңгеден 300 теңгеге дейін. Тіпті кейбірі мүлдем игерілмеген. Өткізу пунктіндегі қызметкердің айтуынша, демалыс күндері тек кіру ақысынан 200-300 мың теңгедей қаржы түседі. Ал көл маңындағы демалыс аймақтарының саны 300-дей. Есептей беріңіз. Кіру ақысын алғанмен бәрі сізге жағдай жасауға асықпайды. Бұлай дейтініміз кейбірінде тамақтану орындары, тіпті құтқару қызметі де жоқ. Суға түсудегі қауіпсіздік шараларын жазуға да ерінетіндер бар. Демалыс аймақтырының ішінде «Assorti», «Freedom», «Cabana» қалталылар үшін таптырмайтын орын. Бір қызығы мұндай дәулетіне сәулеті жарасқандардың қожайындары түрік ағайындар. Ал «Пляжный волейбол», «Дархан» сынды жағажайлардың да өз келушілері бар. Тіпті алғашқысында республикамыздың самбо, волейбол құрамалары дайындық өткізетіндерін ескерсек, мемлекет өз спортшыларына арнап кішігірім демалыс аймағын ашып қойса, артық болмас еді деп ойлайсың.

Қуантай ағаның «Алекс» демалыс аймағында жұмыс істегеніне де 10 жыл болыпты. Катамараншы қария көзкөрген жандардың бірі.

– Жағажай, әсіресе, 2000 жылдан бастап жандана түсті. Бәрі жекеменшік. Жастардың көпшілігі «Дарханға» барады. Бағасы да қымбат емес, әрі таза, темекінің тұқылын да таппайсыз.

– Тегін жерлер жоқ па?

– Негізінен қоныстанған Қапшағайдың солтүстік жағалауы. Осыдан 40 шақырым жердегі Шеңгелді маңындағы «Алматинский пляж» демалыс орнына дейін созылған. Арасында бір мемлекеттік орындар болмаса, естімеппін. Мына «Пляжный волейбол» зонасының ар жағы иесіз, шамасы мемлекетке қарайды. Бірақ өзіңіз салыстырып көрсеңіз көңіліңіз қалады. Мүлдем тазаланбайды, толған қоқыс.

Қуантай аға нұсқаған маң шынында да қоршалмапты. Жағадан 100-200 метрдей қашықтықта коттедждер орналасқан. Жағажай біраз уақыт жиналмағаны анық. Бөтелкенің, темекі қораптарының сан түрін, азық-түлік, тіпті нан да жатыр. Дұрысы «Іздегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар». Мұның бір ұшы халықтың демалу мәдениетінен жұрдай екендігін аңғартса керек. Көргендеріме таңғалғаным жоқ, бірақ ойландым. Неге осы біз мемлекетке тиесілі дүниенің бәрі қараусыз, қамсыз жатқанын үйреншікті жағдай ретінде қабылдайтын болдық?

Инвестор деген жақсы ғой, бірақ «жаман үйді қонағы билейді». Қытайың да, түрігің де тесік қалталыны не қылсын, олар байлардың жайын бағады. Шетелдіктер салған қонақүйлерде бір қонғаныңның өзі 60-70 мың теңгеге барады. Қапшағайдың қарапайым тұрғындарына бұдан келіп-кетер ештеңе жоқ. Олар арзан ақшаға өз үйлеріне түнетіп, жұпыны тіршілігінің бір бұрышын жамайды. Көл маңындағы 20-ықшам ауданына қарасты Северск көшесінің бойына адам басына 1000-1500 теңгеден алатын үйлердегі орын тапшылығы да біраз жайттан хабар берсе керек.

Көлдің маңы шетінен коттедждер шеруі. Биік, аласа, біткен, бітпеген, сан қилы, судың тамшысындай егіз-үйлер, қысқасы, тұнып тұрған құрылыс жәрмеңкесі. Шаңы бұрқыраған соқпақ жолдар, иірмен шөп, өлексе исі.

Жағажайдан шығып, қалалық құтқару пунктеріне жолығуды жөн көрдім. Білетіндер жақын маңдағы бірінші пунктіге баруды кеңес берді. Қаланы кәсіби жүргізушіден артық білетін жан жоқ шығар. Оң-солын таныстырып келеді. «Ривиера», «Мулен Руж», «Алтын алма»...Мойныңды қайда бұрсаң да – ойынхана.

– Бүгінде қалада 20 ойынхана ашылған, 79-ға жеткіземіз деп уәде беріп отыр.

– Мұны тұрғындар қалай қабылдады?

– Халыққа қандай пайда болсын? Сондықтан да оларға бәрібір.

Құтқарушылар бізді емен-жарқын қарсы алды.

– Сіздерді ақша үшін адамдарды өздері батырады дейтіндер де бар, – дедім әзілдеп.

– Онда миллионер болып кетпейміз бе? – деді бірі іліп алып.

– Бәрі де әзіл. Жұмыстарыңызбен таныссам деп едім.

– Дүйсенбі күні пункт басшысы Мұхтар Картекұлының өзінен сұраңыз. Ол кісі он минут бұрын ғана кетіп қалды. Біз артық ауыз бірдеңелерді айтып қойсақ...

Иә, бұлар да бәледен аулақ дегендей тек басшысының телефон нөмірлерін берумен шектелді. Мұрнының астынан «Қаншама халық келеді, штатта қала бойынша отыз-қырық шақты ғана адамбыз» деп қалды. Кейін Мұхтар Картекұлына хабарласып, білгеніміз Қапшағай қаласы бойынша 5, Жетіген ауылында 1 және 1-май ауылында 1 құтқару пункті бар. Штат саны барлығы 45 адам. «Жыл басынан 1-тамызға дейін 18 адам суға кеткен. Демалыс аймақтарына құтқару пункті мен сақтық ережелері ілінген маңдайша орнату міндеттелсе де, оны елемейтіндердің бар. Маусым басында қалалық әкімдік тарапынан 10 қоғамдық мекемеге демалыс аймақтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеттелген. Бірақ бұл тапсырма нақты орындалмай отыр» дейді Мұхтар Картекұлы.

Сөз соңы

Жетісудің ең ірі өзенінің бірі Іленің бойынан су электр стансасын салудың жобасы 1942 жылы жасалған болатын. Оны алғаш болып ғалым-энергетик, бұрынғы республика Ғылым академиясының президенті, академик Ш.Шокин қолға алған. Іле өзеніне ГЭС салу жөніндегі ең алғашқы ұсыныс Жетісудың жер жағдайын жақсы білетін Алаштың ардагер ұлы Ораз Жандосовтың аузынан шыққан делінеді. Не десе де аталған ауқымды құрылыстың басы-қасында қазақтың біртуар азаматы Дінмұхамед Ахметұлының жүргені белгілі. Ендеше зиялы қауымның қалаға Қонаев есімін беруді көтеріп жүргені орынды-ақ. Осы орайда Қапшағай қаласын көліне қарап танисың, көліне қарап баға бересің. Сондықтан демалушылардың да, қала әкімдігінің де бір уақ болса да Қапшағайдың қамын ойлап, халін сұрап тұрғаны қажет-ақ.

Жанар Елдосқызы

Алматы – Қапшағай – Алматы

Қысқа-нұсқа

Дүниежүзілік туристік ұйымдардың есептеуінше, 2020 жылы әлемдегі туристер саны 842 миллионнан 1,6 миллиардқа дейін өседі. ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 5,3 миллион, ал елімізде демалатын отандастар небәрі 3,9 миллиион адамды құрайды. Еліміздегі 900 туристік агенттіктердің тек 20-сы ғана ішкі нарықта жұмыс істейді. Маусым басында бір оператор компанияның өзінен 700 адам Түркияға аттанып кеткен. Ыстықкөл жыл сайын шамамен 500 мыңдай қазақстандықтың көңілін аулап отыр. American Express зерттеулері жариялағандай еліміздегі әрбір бесінші адам ең аз дегенде жылына бір рет шетелде демалады. Ал өзіміздің демалыс орындары ше? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы шығар

4450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы