• Мәдениет
  • 10 Ақпан, 2009

«Ол- менің жұлдызым» деген Мұқағали ақырында жыр жұлдызына айналды.

Оразақын  А С Қ А Р,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

     «Ол- менің жұлдызым» деген Мұқағали ақырында жыр жұлдызына айналды.

  ЕСТЕЛІКТІ  ЕСЕЛЕУ

 Мұқағалиды 1956  жылы іздеп барып танысқанмын. Одан бері жарты ғасырдан артық уақыт өтіпті. Көп нәрсе көмескіленді. Бірақ Мұқағалидың даңқы күн санап арта түсті. Мұқағалидың өзін көрмесе де өлеңдерін жатқа оқитын ұрпақ өсіп жетілді. Олар Мұқағали өмірін ине-жібіне дейін білгісі келеді. Оларға ұлы ақынның жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, айтқан әр сөзіне дейін қажет екенін жете сезініп, көрген-білгенімнің еске түскендерін ұсақ-түйегіне дейін елеп-ескеріп айтуға бел буып отырмын.

         Мұқағали тұратын «Энгельс» атындағы колхоз бен біздің үй көшіп барып орналасқан «Киров» атындағы колхоздың арасы небәрі сегі-ақ шақырым. Мұқағалидың ауылдас, жерлес інісі Еркінді біздің ауылдан күнде көретінбіз. Жәй келмейтін жаңа өлең айта келетін. Қашан кездессе де таңдайының астында бір тәтті тың шумақтар жүретін. Соны айтып, бізді сүйсіндіретін. Сол Еркін кейде Мұқағали мынадай бір жаңа өлең жазыпты деп соны да жатқа оқып беретін.

Көктем кезі болатын, бірде біздің ауылға Еркін Мұқағалиды ертіп келді.

        – Мектепте мұғалімдермен, жоғарғы сынып оқушыларымен поэзия кешін өткіземіз, – дейді Еркін.             

        – Мектеп директорымен келісіп пе едің, аяқ астынан біз барғанда олар хабарсыз болып, ұятқа қалып жүрмейік, – деп Мұқағали пысықтап жатыр. 

        – Өлеңіңді оқисың, – деп мені де ертіп алды.. Келсек оқушыларды жинап мұғалімдер расында күтіп отыр екен. Жиынды әдебиет пәнінің мұғалімі ашып, Еркінге сөз берді. Ол «Қазіргі қазақ поэзиясының жетістіктері» деген тақырыпта, қойынынан қағазын алып, кәдімгідей баяндама жасады. Мұқағали:

 

                        Көтеріле қойған жоқ жусан әлі,

                        Қары кеткен қара жер бусанады, –

 

деп басталатын өлеңін жатқа оқыды. Өлең дәл сол кездегі айнала дала табиғатымен біте қайнасқан үйлесімі арқылы біздерге ерекше әсер етті.

Жаңа жазғаны көрініп тұр. Кейінгі жинақ, кітаптарынан бұл өлеңді әлі кездестіре алмай жүрмін.

         Бірде жолым түсіп Қарасазға барып Мұқағалиға жолыққанымда:

         – Жүр, мен сені осы ауылдың көне көз қарияларымен таныстырайын, –деді. Ықыластана ілестім. Біраз үйлердің есіктерін ашып, салтанатпен ауыз толтыра:

         – Ассалаумағалайкүм, – дестік. Үлкендердің жатқандары басын көтеріп, отырғандары орындарынан тұрып:

        – Уағаләйкүмассалам, Мұқажанбысың? Кел, төрлет, – деп ықыластана қарсы алысты. Маңдайынан иіскеп, құшақтағандары да болды. Амандық-есендік сұрасып, хал-жағдайларын білісіп, мені де таныстырып жатыр. Кей үйден әңгіме дүкен құра отырып шай, кей үйден айран, қымыз, енді бірінен албанның арпа көжесін ішіп рахаттандық. Аталар мен әжелер маңындағы  немере, шөбере ұлдарға Мұқағали міндетті түрде:

         – Аспай, саспай, әкелші бір насыбай? – деп көлемді алақанын жаяды.. Әлгі еркелер аяқ астынан әбігерге түсіп, құнжыңдап тиісті жерден асқан жомарттықпен аямай алып, асыға ұсынады. Мұқаң да ерекше ұқыптылықпен төкпей-шашпай түгел алып, рахаттана иіскеп:

       – Аптүшу, ащысы-ай! – деп әлгі мырзаларға алғысты көзімен алқалай қарайды.

                                   Аспай, саспай,

                                   Әкелші бір насыбай?

                                   Әп -- тү -- шу уууу

                                   Ащысы-ай! –

 

деп әлгі айтылғандардың басын біріктіріп, іштей, «Мынау да бір шумақ өлең ғой», – деп мен отырмын.

       Ендігі жерде Мұқағали әңгіменің бетін балалардан қайта қарияларға қарай ауыстырады. Міне, Мұқаң орынынан тұрып барып бір атаның басындағы тақиясын қолына алды. Аударыстырып, төңкерістіріп ұзақ қарағыштап, оны да жаңағы «насыбайға» ұқсатып иіскеді. «Әптүшу» демегенмен, «Па, шіркін, арғы-бергі ата-бабаларымыздың иіс-қоңысы түгел аңқып тұр ғой» деп әкеліп маған да иіскетті. Содан әлгі ақсақалға қарап:

         – Ата, мына тақияңызды маған беріңіз?

         – Е, ол жаман, ескі тақияны не қыласың, қарағым?

         – Оқта, текте иіскеп бойыма күш алып жүрейін.

         – Е, мейлің.

         – Мен сізге мұның орнына жаңа тақия алып кеп берем.

Жолшыбай келе жатып та әлгі тақияны әлсін-әлсін құшырлана иіскелеп, бас шайқап сүйсінумен болды. Дәметіп қалмасын дегендей оқта-текте маған иіскетеді.

        Алпысыншы жылдардың орта кезі болуы керек,  Нарынқолдың Қақпақ деген жерге не тойға, не бір кездесуге Мұқағалимен бірге бардық. Есімде анық жатталып қалғаны, түн ішінде далаға шығып, жаздың ашық аспанынан жерге төгілуге шақ қалып тұрған, бірінен бірі асып жарқырай жымыңдаған жұдырықтай жұлдыздарды ұзақ тамашалағанымыз. Темірқазықты, Жетіқарақшыны, Екі ақбозатты, Арқар, Үркерлерді бірімізге біріміз көрсетіп мәз болыстық. Кенет батыстан шығысқа қарай әлгі жұлдыздардың біреуі жылжып бара жатқанын көріп Мұқаңа:

          – Әне  бір жұлдыздың шығысқа қарай жылжып бара жатқанын қараңызшы, – деп ем:

          – Ол менің жұлдызым, яғни менмін, – деді Мұқаң. Мен ол сөзге мән бермей:

          – Жер серігі шығар, – дедім.

          – Айттым ғой мен саған, ол менмін шығысқа бет алған, – деді қайталап. Мен түкке түсінбей аң-таң болдым да үндемедім.

           Қазір ойласам ол кезде мен де, менен басқалар да байқай алмаған, тек Мұқағалидың өзіне ғана аян, шығысқа бет алған Мұқағалидың расында өз жұлдызы екен. Олай дейтініміз бұл жақта Мұқағалидың қанша кітабы жарыққа шықса соның бәрі шығыста – Қытай еліндегі қазақтарда араб әрпімен қайталап басылып, елге таралуда. Өткен жылы күзде Қытай елінің арнайы шақыртуымен Мұқағалидың ұлы Жұлдыз, келіні Бақытгүл екеуі Қытайға барып, сол кітаптарды, оны оқитын елді өз көздерімен қөріп, кездесулер өткізіп қайтты. Сонау бір кезде Мұқаңның «Ол менің жұлдызым» дегенін жай сөз деп ұқсақ, енді міне, ол жай сөз емес болашақты болжау, Мұқаңның аузына құдай салған шындық екеніне өмірден көргеннен кейін ғана көзіміз жетіп, таң қалып отырмыз. Кезінде аспандағы жәй жұлдыз деп ұғып кіші әріппен жазсақ, енді міне, жұлдызға айналған ақын ретінде және оның жолымен жүрген ұлы ретінде Жұлдыз деп бас әріппен жазуымыз тиіс болды.

         Бірде Мұқаң «Мен көп өлеңдер жаздым, жүр біздің үйге, соны оқып берейін. Мына ыстықта тастай суық ашыған көже ішіп шөлімізді қандырайық» деді. Көше бойлап жаяу жүріп келеміз. Бір уақытта Мұқаң:

       – Мына пәтшағарлардың кіп-кішкентай болып алып, қысылмай, қымтылмай, сұқ көздерін бізге сонша қадауын қарашы?! — деді. Артыма бұрылсам екі қыз жалтақтай қарап кетіп барады екен.

       – Оларды неге сонша жазғырдыңыз, мүмкін сізді «жақсы өлең жазатын ақын»  деп танып, қараған шығар.

      – Солай болуы да мүмкін-ау, ә?! – деп ойланып қалды. 

Үйлеріне де жеттік. Есік ашық екен. Ішке еніп, аяқ киімдерімізді шешіп жатқанда, арғы бөлмеден:

      – Бұл қайсының? — деген дауыс естілді. 

      – Бұл біз, Мұқағалидың жолдастарымыз. Мұқағали үйде бар ма?—деді Мұқаң маған көзін қысып қойып, даусын өзгертіп.  

      – Ол үйде жоқ, – деді әлгі дауыс, өзі әлі көрінбей.

      – Ол қайда?

      – Е, жүрген шығар бір жерде біреулермен ішіп, – дей беріп, әлгі дауыстың иесі ауызғы үйге шықты. Мұқаңның анасы екен.

      – Ойбұй, алда құдай-ай, Мұқажанымның өзі екен ғой, Бетім-ай, ұят болды-ау, енді қайттім, – деп ана байқұс ағат айтқанына шала бүлінді де қалды.

       – Міне, басқаны қойып өз туған шешеміз өстіп сыртымыздан ғайбат айтады, – деп Мұқаң одан әрі күйдіре түсті де, артынша, – жә, Нақа, қысылмай-ақ қойыңыз, балаңыз міне сап-сау. Сіздің ашыған арпа көжеңізді ішкелі келдік, – деп жуып-шайып жатыр.  

         Жаңа жазған өлеңдерін оқыды. Өлеңдері көп екен. Жақсылығы соншалық, қанша оқыса да жалықтырмады. Көптігі білінбеді. Ол өлеңдер қазір исі қазақтың иелігінде, жалықпай жата-жастана оқуда.

         Бір күні Жазушылар одағы ғимаратының қарсы алдындағы Астана алаңының гүлзарында қыдырып жүріп Мұқаң мынадай бір әңгіме айтты:

«Радиода диктор болып қызмет атқарып жүргенімде күнде таң бозында осы гүлдердің жанынан өтетінмін. Айналада ешкім жоқ. Тып-тыныш тек таңғы шықтан алқа таққан алуан түрлі әсем гүлдер ғана жылтылдап көз тартады. Асығып бара жатсам да қызыға қараймын. Қарап қана қоймай ең керемет екі-үшеуін таңдап үзіп ала кетем. Өйткені қанша ерте барсам да, дикторша қыз менен бұрын келіп, кабинеттегі диванда қисайып, көз шырымын алып жатады. Мен есік ашып ептеп басып қыздың қасына келіп әлгі гүлді жанына қоямын. Кейде көйлегінің етегі ұятсыздау ашылып қалатын да кездері болады. Оны сездірмей қайта жабамын. Тітіркеніп жаурағаны байқалса костюмімді шешіп қымтаймын. Уақыт жұмыс бастауға таяғанда оянып:

         – Е, келдіңіз бе? Түу, мына гүлдердің әдемісін-ай деп, қолына алып иіскейді. Өзі де гүлдей жайнайды. Мен де мәзбін. Сөйтіп көтеріңкі  көңілмен жұмыс бастай жөнелеміз».

        Мұқаң біздің үйге де талай рет келіп, өзара өлең оқысып, пікір алысып жүрдік. Бір байқағаным өлең оқуға онша құмар емес болатын. Мынаны тыңда, мынаны тыңда деп көп мазаламайтын. Тыңдағанды ұнататын. Белсеніп пікір де айта бермейтін.

           Жазушылар одағы әдебиетті насихаттау бюросының жолдамасымен талай облыстарға бірге барып, ел-жұртпен кездесулер өткізіп жүрдік. Соның бірі 1969-жылы  сол кездегі Талдықорған облысының Киров ауданына  (қазіргі Көксу) Қасым Қайсенов бастап  Жаппар Өмірбеков, Әбдікәрім Ахметов, Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев болып жеті ақын-жазушы шығармашылық сапармен бардық. Аудан шаруашылықтарын аралап танысып, кездесулер өткізіп қайттық. Бұл сапарымыз туралы кино журнал түсірілген. Қазір Мұқағалидың бейнесі бар бірден бір құнды кино құжат осы ғана. Ол Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кинофото және дыбыс жазбалары бөлімінде сарымайдай сақтаулы.

         1970-жылы жазушылар тобы Қызылорда облысында болдық. Облыстық газет қаламгерлерді облыс оқырмандарымен таныстырып, шығармаларын басты. Мұқағалидың «Мұзбалақ» атты Бауыржан Момышұлы туралы поэмасы сонда алғаш рет жарияланып, кейін төрт томдық толық жинағына сол газеттен алынды.

         Қазақстан Республикасы  мемлекеттік Кітап палатасына Қазақстанда шыққан баспа өнімдері, кітаптар бір данадан ең алдымен сол мекемеге түсіп жылнамаға тізімге алынады, сонда мәңгілік сақталады. 1976 жылы ақпан айында Мұқағалидың «Өмірдастан» атты алғашқы таңдамалы жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Кітап палатасында бөлім меңгеруші болып қызмет атқаратындығымнан бұл жинақ бірінші болып менің қолыма тиді. Оқып отырып, Мұқағалидың үйіне телефон соқтым. Трупканы Мұқаңның өзі алды. Таңдамалысымен құттықтап, жақсы екенін, оқып отырғанымды айттым.

          – Мен де қолыма жаңадан алып оқып отырмын. Таңдамалының қуанышы басқа кітаптардан өзгеше болады екен. Бірінші болып өзің құттықтап отырсың. Рақмет, бауырым. Саған да осындай ерекше қуаныш тілеймін, – деді.

         Телефон арқылы осы тілдесуім қайран Мұқаңның мейрімді үнін соңғы рет естуім боларын білсемші?!

 

5896 рет

көрсетілді

381

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы