• Әдебиет
  • 28 Тамыз, 2009

ТЕҢІЗ

anatili.kazgazeta.kzҚазақтар ертеден-ақ мұнайды білген, оны жермайы деп атағаны белгілі. «Майтөбе», «Майкөмген», «Жақсымай» тәрізді жер атауларының өзі осының дәлелі. Он тоғызыншы ғасырдың аяқ шенінде Қазақ елінің батыс өңірінен өтетін Ресей-Хиуа керуен жолының бойындағы Қарашүңгілде жер бетіне шыпшып шығып жатқан мұнайды жолаушылар көреді емес пе, оны естіген патша өкіметі зерттеуге арнайы экспедиция жібереді. 1899 жылы осы Қарашүңгілден небәрі 40 метр тереңдіктен мұнай фонтаны атқылаған. Кәсіпшілікке жалданған қазақ мұнайшылары жүз шақырымдай қашықтықтан қазіргі Теңіз кен алаңының маңында болған Прорва портына мұнайды меске құйып, түйемен әкелген ғой. Кейін теңіз шегініп, порт құрлықта қалған. Ембінің алғашқы мұнай ұңғысының тереңдігі әлгі айтқан ондаған метрден ғана шықса, ал бүгінде Теңіз әлемдегі ең терең кен орны саналады, өйткені оның жоғарғы мұнайлы қабаты шамамен 4000 метр тереңдікте жатыр.

Осыншама тереңдікте, яғни тұз күмбезінің астында жатқан мұнайдың құрамы күрделі, қысымы да жоғары. Мұндай бірегей кен алаңынан өнім алу, оны өңдеу, тасымалдауға жөнелту аса жетілген технология мен техниканы, білікті мамандарды керек етеді десек, «Теңізшевройл» ЖШС сол үдеден шығып келеді. Ол туралы мақаламыздың бірінші бөлігінде айтқан болатынбыз. 2008 жылы компанияның бүкіл қызметкерлері ТШО-ның 15 жылдығын салтанатпен атап өтті, әрі өндірісті кеңейту жобаларын іске қосумен ұштастырды, бұл мұнай өндіру көлемін екі есе ұлғайтуға ықпал етті. Негізгі қуаттарды кеңейту жобалары дегеніміз – Шикі газ айдау және Екінші буын зауыты кешендері. Жобаларды жүзеге асыру үрдісінде өндірістің тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздікті мейілінше арттырған бірнеше инновациялық технологиялар енгізілді.

Соның нәтижесінде ТШО-ның өнім өндіру қарқыны арту түсуде. Ал облыстық және республикалық бюджетке одан қандай пайда түсіп отыр, жалпы Қазақстан экономикасына үлесі қай дәрежеде? Дерекке жүгінетін болсақ, 1993 жылдан бастап 2009 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі аралықта ТШО-ның Қазақстанға тікелей қаржы төлемі жалпы алғанда шамамен 32,9 миллиард доллар құрады. Бұның ішіне ТШО-ның жергілікті қызметкерлеріне төленген еңбекақы, қазақстандық өндірушілер мен жабдықтаушылардың тауарлары мен қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындардың тарифтері мен төлемдері, қазақстандық серіктеске төленген дивидендтер, сонымен қатар мемлекеттік бюджетке аударылатын салық төлемдері мен роялти түріндегі төлемақылар кіреді. Сонымен бірге өндіріс пен өндірілген өнім көлемі артқан сайын Қазақстан Республикасының бюджетіне аударылатын тікелей төлемдер мөлшері де арта түсуде. 2009 жылдың бірінші тоқсанында мемлекетке төленген тікелей төлемдердің сомасы 2,6 миллиард доллар құрады. 2008 жылы мемлекетке тікелей төлемдер мөлшері 8,2 миллиард доллар болды.

Қай кен орнында болсын, жер қабатынан мұнаймен бірге ілеспе газ шығатын белгілі. Жер бетіне шыққан өнім мұнай және газға айырылады. Мұнайдың баратын жері белгілі, ал газды кәдеге жарату қазақстандық мұнай өнеркәсібі саласының көп объектілерінде әлі күнге үлкен проблема. Өйткені, бөлінген газды тез арада өңдеп, тұтынушыға жөнелту оңай шаруа емес, оған қаржы, арнайы құрылым керек. Кезінде кейбір мұнай кәсіпшіліктерінде ондаған жылдар бойы газ ауаға текке жағылып жатқанда, әлгіндей кен орындарынан небәрі он бес, жиырма шақырым жердегі ауылдар тезек пен көмір жағып отырды емес пе? Қазақ мұнайының бірқатар кен орындарында КСРО кезінде мұнай кен орындарын игеруде ілеспе газды негізінен өндірістік мақсатқа ғана пайдаланып, қалғанын алауға жағып жіберіп отырды. Өйткені, ондай кен орындарының басында газ өңдейтін зауыттар болмады, әу баста жоспарланбады, газды тасымалдайтын инфрақұрылым жоқ еді. Ал алауға жағылған газ біріншіден, шикізаттың ысырабы болса, екіншіден, толық жағылмай, белгілі бір бөлігі ауаға шикі күйінде тарап қоршаған ортаны ластайды. Теңіз алғаш пайдалануға берілген жылдары осы проблема алдан шықты, себебі бұл өңірде дамыған газ нарығы мен кеніштен газды тұтынушыларға тасымалдайтын инфрақұрылым болмады. Сол себептен тұтынушыларға жеткізудің немесе қабатқа қайта айдаудың мүмкіндігі болмаған газдың біраз бөлігін алауларда жағуға тура келді.

Әділін айту керек, қазіргі кезде ТШО-да ілеспе газды кәдеге жаратуда атқарылған істер ауқымды. Есепті мерзімде сұйылтылған газ өндіру көлемі 534 000 метрикалық тонна, сату көлемі 539 00 метрикалық тонна құрады. Құрғақ газ өндіру көлемі 3,2 миллиард текше метр, сату көлемі 2,4 миллиард текше метрге жетті. Осыған қарап-ақ газ өндірісі саласындағы атқарылған істердің қаншалықты дәрежеде екендігін байқауға болады.

Дүниежүзілік Банк саммитінде 2002 жылы жария етілген Газды ауада жағып жіберуді доғару жөніндегі ғаламдық бастамаға Қазақстан Республикасының қосылғаны белгілі. 2009 жылдың соңына қарай газды алауларда дағдылы жағуды тоқтау мақсатымен ТШО Газды кәдеге жарату бағдарламасын жасақтапты. Бұл бағдарлама Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тарапынан қолдау тапқан. Соңғы бес жыл бойына алауда жағылған газ көлемі жыл сайын 12%ға кеміп келеді.

ТШО өкілдері журналистерге қазіргі кезде алауларда жағылып жатқан газды болашақты сату немесе өз қажетіне пайдалану үшін өңдеу мақсатымен жинақтауға ықпал ететіні жобалар мен жаңа технологияларға елеулі мөлшерде қаржы бөлу жалғасуда екендігін еске салды. Айталық, соңғы тоғыз жылда ТШО қоршаған ортаны қорғау бағдарламаларына 1,9 миллиард доллар бөлген. ТШО 2009-2011 жылдары жүзеге асырылатын қоршаған ортаны жақсарту және жабдықтардың сенімділігін арттыру жөніндегі жобалар үшін қосымша 418 миллион доллар бөлуді жоспарлап отыр. Қоршаған ортаны қорғауға салынған бұл инвестициялар алауларда жағылатын газ көлемін 77 пайызға азайтуға мүмкіндік беріпті. 2009 жылдың бірінші жартыжылдығында атмосфералық шығарындылардың көлемі өндірілген мұнайдың бір тоннасына 2,82 кг-дан келіп, 66 пайызға азайды. Сонымен жоғарыда айтылған шаралар арқылы 2009 жылдың аяғына таман газды алауларда дағдылы жағуды тоқтатуға ықпал етпек. Лайым солай болсын, әйтпесе мұнайлы өңірдің экологиясы кімді болса да алаңдатпай қоймайды. Ілеспе газды кәдеге жарату, алауларды жою, шығарындыларды азайту қоршаған ортаны қорғаудағы аса маңызды шара болғандықтан осы мәліметтерді толық келтіріп отырмыз.

Теңіз кен алаңы ашылғаннан бергі уақытта жұртшылықты қатты алаңдатып отырған тағы бір күн тәртібіндегі өткір мәселе аталған кеніш мұнайының құрамында күкірттің болуы екенін айрықша айтуға тиіспіз. Бұл жолы да журналистердің қойған сауалдарының басым бөлігі осы күкірт мәселесіне ойысты. Теңіз кен алаңында тау-тау болып үйіліп жатқан сарғыш түсті күкіртті көргенде оның қоршаған ортаға залалы қандай, оны кәдеге асыру жолында не істеліп жатыр, өнім ретінде сатыла ма деген сандаған сұрақтар қойылды. 2006 жылы ТШО бастамасы бойынша Қазақстанда ведомствоаралық үйлестіруші кеңес құрылған. Оған мұнай өндіру нысандарындағы күкіртті ашық сақтау мәселесін зерттеу тапсырылды. Кеңес құрамына бес министрлік, атап айтқанда, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің, Денсаулық сақтау министрлігінің, Индустрия және сауда министрлігінің, Атырау облыстық әкімиятының, «Қазмұнайгаз» және «Теңізшевройл» өкілдері кірген. Кеңес Теңізде аталған мәселені зерттеу үшін бірнеше ғылыми зерттеу институттары мен зерттеу орталықтарының ғалым мамандарын жұмысқа тартқан. 2008 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі зерттеулердің нәтижелеріне сараптама жүргізіп, ТШО-да күкіртті сақтау және тиеу экологиялық қауіпсіз түрде жүзеге асырылып жатқаны туралы қорытынды жасаған.

Бірақ бір нәрсенің басы ашық, ол - кен орнында үйіліп жатқан күкірттен тезірек арылу мәселесі. Оның бірден бір жолы өнімді өңдеп, тұтынушыларға сату. Өйткені, 30 мыңнан астам өнеркәсіптік өнім түрлерін өндіруде, минералдық тыңайтқыштар мен жанармай дайындауда қолданылатын жоғары сапалы күкіртпен қамтуда Қазақстан жетекші жабдықтаушыға айналуда. ТШО ұлттық өнеркәсіптің күкіртке деген сұранысын қамтамасыз етуде қазақстандық кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнатқаны қуантады. Қазіргі кезде «Теңізшевройл» күкіртті тауарлық төрт күйінде әлемдегі 28 елдің, соның ішінде Қазақстан, Ресей, Украина, Қытай және Жерорта теңізі аймағы мен Орталық Азия елдерінің 102 тұтынушыларына сатуда. Аталған өнімді сатып алушылар қатары көбейе түсуде, 2006 жылдан бері 50 сатып алушы қосылған.

ТШО 2008 жылы күкірт карталарындағы жинақтаулы қорды азайта отырып, жыл ішінде өндірілген күкірттің бүкіл көлемін сатуды жүзеге асырған. Өткен жылы сатылған өнім рекордтық көрсеткіш - 2,2 миллион тоннаны құрады, бұл сол жылы өндірілген күкірттің жалпы көлемінен 131 пайызға артық. «Теңізшевройл» бүгінгі таңда күкіртті түйіршіктеу қондырғыларының қуаттарын кеңейту және тасымалдау тәсілдерін диверсификациялау жобаларына қомақты қаржы бөле отырып, өнімді өткізгенінше сатуда. Соңғы бес жыл ішінде ТШО күкіртке қатысты жобаларға 100 миллион доллар қаржы жұмсады және алдағы бірнеше жылға арнап тағы да 250 миллион доллар жұмсауды жоспарлап отыр. Осы жобалар сатылатын күкірт көлемін 2012 жылы 3 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде, бұл өз кезегінде күкірттің карталардағы жинақ қорын жыл сайын 600 мың тоннаға азайтуды қамтамасыз етпекші. Әрине, үйілген күкірттің көлеміне қарап оны өңдеу, сату бір күннің, не бір жылдың шаруасы емесі түсінікті. Ең бастысы бұл бағытта ТШО-да атқарылып жатқан істер көп үміт күттіреді.

Әділін айту керек, ТШО-да экологиялық мониторинг жүйесіне айрықша назар аударылады. Өндірістің қоршаған ортаға әсерін барынша төмендету мақсатында компания Теңіз кен орнының аймағындағы ауа, топырақ, жерасты және сарқынды су көздері, жануарлар мен өсімдіктер әлемі мониторингін жүргізіп тұрады. Санитарлық қорғаныш аумағында, жақын орналасқан елді мекенде, тоқсан шақырым қашықтықтағы Жаңа Қаратон кенті мен Құлсары қаласында дербес жұмыс істейтін және ауа сынамасын алатын 12 бақылау станциясы орнатылған. Мониторингтің мәліметі зауыттың орталық диспетчерлер бөліміне келіп түсіп, ықтимал ауытқулар бақылауға алынады.

Сонымен, Теңіздегі өндіріс жетістіктерін, компания ұжымына жасалған қолайлы жағдайды, экологияны сақтауға қатысты қолға алынған шараларды, бәрін-бәрін көрдік. Ал осы «Теңізшевройл» өз саласында жұмыс істемейтін, басқа жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерінің шешілуіне қандай пайдасын тигізіп отыр? «Теңізшевройл» ЖШС өзінің құрылғаннан бергі он бес жыл ішінде әртүрлі әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыруға 450 миллионнан астам доллар қаражат бөліпті. Жаңа ауруханалар мен мектептер салынды, көлік жолдары, су, газ және электрмен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген, ал бағдарламаның соңғы жобасы Құлсары қаласындағы тұрғызылған кәсіптік-техникалық лицей екен.

Біз осы сапар барысында компанияның қамқорлығын көріп келе жатқан облыстық ауруханада болдық, оның жаңадан салып берген әдемі корпусын көрдік. Облыстық аурухананың бас дәрігері Айбек Серікұлы Ғабдуллин компанияның облыс тұрғындары келіп емделетін орталық ауруханаға үлкен көмек көрсетіп келе жатқанын ризашылықпен айтты. Науқастардың жасанды бүйрегі қызметін реттейтін шетелдік аса қымбат бағалы «Филиппс» аппаратын компанияның ауруханаға сатып әпергенін, бүйрегі қызметін тоқтатқан онға жуық науқастардың өмірі осы аппарат арқылы ұзартылып келе жатқандығын айтып, олардың қалай емделіп жатқанын көрсетті. Әлгіндей аурулар кесте бойынша емдерін алғаннан кейін үйлеріне барып, күнделікті тіршіліктерімен айналыса береді екен. Тіпті бір науқас соңғы жеті-сегіз жыл бойы осы ғылым жетістігі арқылы өмірін ұзартып келетіндігін дәрігерлерден естідік. Науқастарды ажалдан арашалап тұрған осы аппаратты алыстағы Атырауға жеткізген компанияның қамқорлығына тек алғыс ғана айтылады...

Ал «Игілік» бағдарламасын ТШО-ның Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуды қолдауға бағытталған игі бастама деген жөн. Осы бағдарлама арқылы Атырау қаласы мен Жылой ауданында 50 миллион доллардың әлеуметтік жобаларын жүзеге асырған өзінің алдындағы «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасынан эстафетаны қабылдап алыпты. 1998 жылы ТШО «Игілік» деп аталатын жаңа бағдарламасын бастады. Жыл сайын өсіп келе жатқан инвестициялардың 2009 жылғы жылдық мөлшері 20 миллион долларға жетеді екен. «Теңізшевройл» Атырау облыстық әкімиятымен бірлесіп инвестициялау нысандарын анықтау және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысына басшылық жасай отырып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде екендігін білдік.

Атырау облысында ауыз су мен елді-мекенді газдандыру саласында соңғы жылдары жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп келе жатқандығына жергілікті тұрғындар разы. Бұл орайда ТШО да көмек қолын созуда. Айталық, ТШО 2008 жылы облыс орталығының мөлтек аудандарындағы бұрындары газбен қамтамасыз ететін орталық жүйеге қосылмаған үйлерге желілер тартуды қарастырған газдандыру бағдарламасын жалғастырды. Сонымен қатар компания қалалық су тазалау стансаларының бірін реконструкциялауда, осы шара арқылы қаладағы таза су берудің жиынтық қуаттылығы үштен бірге өседі екен. Облыста білім беру, денсаулық сақтау салалары мен мәдени мұра нысандарына қамқорлық аясындағы басқа да әлеуметтік жобалар мен бағдармаларға қаражат бөлуде.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Парыз» байқауы жарияланғаны белгілі. 2008 жылы «Теңізшевройл» осы бәйгеге қатысып, әлеуметтік бағдарламалар номинациясы бойынша, «Игілік» бағдарламасының жетістіктері үшін «Парыз» байқауының күміс сыйлығының иегері атанды.

Атырау мұнайлы өлке, қысы қатты, жазы ыстық, ауа райы қатал өлке. Оның жерасты байлығын ысырапсыз алу, халқымыздың, оның ішінде жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеру, еліміздің экономикалық қуатын арттыруға күш салу, экологиясын қорғау тәуелсіз мемлекетіміздің басты мақсаты. Біз бұл мақаламызда «Теңізшевройл» ЖШС жоғарыда айтқан қабырғалы мәселелерге қаншалықты үлес қосуда, қандай істер атқаруда, кеше мен бүгінгісі қалай, келешектегі қадамы қандай болады деген тәрізді сан сауалға берілген жауапты келтірдік және өз көзімізбен көргендерді баяндауға күш салдық.

...Сайын дала төсінде алып зауыт тыныстап тұр. Өнеркәсіп кешенін аралап болғаннан кейін Теңіз әуежайына қарай келе жатырмыз. Өзімізбен сапарлас болған «Экономика» газетінің бас редакторы Ахас Тажутов «Жүз рет естігеннен бір көрген артық деген осы, көп жайға қанықтық» деді. Иә, әріптесім айтқандай, өз көзіңмен көріп, көңілге түйгенге не жетсін.

Біз мінген ұшақ әуеге көтерілді, бәріміз де иллюминаторға үңілдік. Көзіміз жанып тұрған алауларға түсті. Енді осы жылдың аяғына таман алауларды дағдылы жағуды тоқтатуға мүмкіндік болады деген мамандар сөзі ойға оралды. Оған атқарылып жатқан істерге қарап сенуге әбден болатын сияқты. Ал зауыттың шет жағында текшелене үйілген сарғыш күкіртті көргенде бұл қашан таусылар екен деген ой әр журналист көкейінде тұрғаны анық еді. Рас, мұнаймен жер қабатынан ілесіп шыққан күкірт өңделіп, сатылып, кәдеге барынша жаратылып-ақ жатыр, құс ұшар биіктіктен қарағанда жиналған өнімнің алынған бөлігінің орындары да көзге шалынады. Бірнеше жыл бойы жиналып қалған күкірт үйіндісінен арылу үшін жоғарыда айтқандай, уақыт керек. Ең бастысы, бұл бағытта бағдарлы түрде қолға алынған істер кешенді түрде жалғасын табуда, тек сол қарқын үдей түссін демекпіз.

Самат ИБРАИМ

Алматы-Атырау-Теңіз-Алматы

Қазақстандық тауарлар мен қызметтер:

ТШО Қазақстанның жергілікті тауар өндірушілер мен қызметпен жабдықтаушыларды барынша пайдалану жөніндегі жұмысын қолдайды.

2009 жылдың бірінші тоқсанында «Теңізшевройл» қазақстандық тауарлар мен қызметтерге 536 миллион доллар жұмсады.

Теңізшевройл 2006-2008 жылдары қазақстандық қамтушылардың 3,6 миллиард доллар құрайтын тауарлары мен қызметтерін пайдаланды.

Денсаулық сақтау, өнеркәсіп қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау:

•2009 жылдың шілде айында ТШО 20 миллион адам-сағат қызмет уақытын жоғалтпай ешқандай оқиғасыз жұмыс істеуді қамтамасыз етті.

• «Теңізшевройл» соңғы тоғыз жыл ішінде қоршаған ортаны жақсарту жөніндегі жобаларға 1,9 миллиард доллардан астам қаражат бөлді. ТШО 2009-2011 жылдары жүзеге асырылатын қоршаған ортаны жақсарту және жабдықтардың сенімділігін арттыру жөніндегі жобалар үшін қосымша 418 миллион доллар бөлуді жоспарлап отыр.

•Қоршаған ортаны қорғауға салынған бұл инвестициялар алауларда жағылатын газдың жалпы көлемін 2000 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 77 пайызға азайтуға мүмкіндік туғызды. 2009 жылдың бірінші жартыжылдығында атмосфералық шығарындылардың көлемі өндірілген мұнайдың бір тоннасына 2,82 кг-ден келіп, 66 пайызға азайды.

•Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларға салынған инвестициялар 2000 жылдан бергі штаттан тыс оқиғалардың кезіндегі алаулардағы жағылған шикі газдың көлемін 87 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.

Әлеуметтік көмек:

1993-2008 жылдар аралығында ТШО Атырау облысының әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға 550 миллион доллардан астам қаражат жұмсады.

2009 жылы ТШО әлеуметтік жобаларға 22 миллион доллардан астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр.

3611 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы