• Тіл
  • 10 Қыркүйек, 2009

Сапа мәселесі тілге де қатысты

Қазақ тілін үйрету курстарында біраз жыл еңбек етіп келе жатқандықтан осы саладағы өзекті мәселелер бойынша ой бөліскім келеді.

Бірінші мәселе, жоғары деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің кейбіреулерінде қазақ тілін оқып-үйрету курстары жылына 60-90 сағат қана болады. Басшылары қанша қаражат бөлетінін білмегендей, жарты жыл «ойланып-толғанады». Бұл біріншіден, осы мекемелер басшыларының патриоттық сезімі әлі оянбағанын көрсетеді. Екіншіден, олардың осы мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан, жауапкершілікпен қарамайтынын, мемлекеттік тілдің болашағын түсіне алмайтынын аңғартады.

Тіл комитетіне мемлекеттік тіл курстарын ұйымдастырудың кейбір кемшіліктері туралы хат жазғанда, олар «барлық мекемелерге 240 сағат беріледі» деген жауап алынады. Бірақ іс жүзінде бұл орындала бермейді. Қазақ тілін үйретуге берілетін сағат санын қысқартпай, бірінші орынға ақша табу мәселесін емес, сабақтың сапасын, нәтижелерін қою керек. Қажет болған жағдайда тек қана жалғастырушы-жоғары және тереңдетілген топтар үшін сағат санын қысқартуға болады. Барлық мемлекеттік мекемелерде қазақ тілі курстарын жыл басынан бастап, жазда бір-екі ай демалыс жариялап, күзде жалғастыру қажет. Осындай сабақ кестесі тек кейбір мекемелерде ғана кездеседі. Қызметкерлерінің қазақ тілі сабағына қатысуын бақылауды құрылымдық бөлімшелер басшыларына және кадрлар бөлімдеріне жүктеп, үнемі қадағалап отырған, емтихандарын осы мекеме басшыларынан тұратын комиссия қабылдаған мекемелерде ғана сабаққа қызметкерлердің 90-95 пайызы қатысады. Құрылымдық бөлімшелер басшыларының жауапкершілігін арттыру, қарамағындағы қызметкерлерінің сабаққа қатысуына мүмкіндік жасату үшін бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді, нәтижелі игерілгені туралы олардан ай сайын, тоқсан сайын міндетті түрде есеп талап ету керек.

Осындай бақылау жүргізгенде сабақ беру сапасына да көңіл бөлуге мүмкіндік туады. Сабақ сапасын тексергенде біріншіден, сабақтың нәтижесін, тыңдаушылардың пікірін біліп тұру керек. Қажет болған жағдайда сабаққа сол мекеменің басшылары, қызметкерлерінің сабаққа қатысуына жауапты адамдар келіп сабақ қандай деңгейде өткізіліп жатқанын бақылауы қажет. Қазіргі кезде кейбір мекемелердің басшылары сабақтың сапасына мүлдем көңіл бөлмейді. Бюджеттерінен осы мәселеге қаражат бөлгеніне қанағаттанып, Тіл туралы заңның орындалуына, сабақтың сапасына, нәтижелеріне ешбір мән бермейді.

Қазақ тілін үйрету курстарын ұйымдастырумен айналысатын арадағы кейбір ұйымдар да сабақ беру сапасына, оның нәтижелеріне назар аудармай, тек қана ақша үнемдеу (кәсіби біліктілігі мен тәжірибесіне қарамастан сағатына аз ақшаға келісетін оқытушыларды алуға тырысып), ақша табу мәселелерімен ғана айналысады. Қазіргі қалыптасқан жағдай алаңдаушылық тудырады. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар сияқты көбейіп бара жатқан мемлекеттік тіл курстарын ұйымдастырумен айналысатын мекемелердің жұмысын міндетті түрде қадағалап отырған жөн. Мемлекеттік сатып алу кезінде ең төменгі баға ұсынатын ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайын, оқытушыларының жалақысын, тыңдаушыларының білімін және т.б. тексеріп отыру қажет. Мемлекеттік тілге бөлінген қыруар қаражат қалай жұмсалып жатқаны назардан тыс қалмауы керек. Сонда ғана кейбір мекемелердің басшылары қазақ тіліне бөлінетін мемлекет қаражаты арқылы ақша табуды, ақша үнемдеуді мақсат етпей, сабақтың сапасы мен нәтижелеріне қызығушылық таныта бастайды. Әйтпесе сабақтың сапасы мен нәтижелері басшылардың көбін мүлде қызықтырмайды, олар сабақ жүріп жатыр деп көзбояушылықпен айналысады.

Екінші мәселе, оқытушылардың көбі бастауыш тобы жеңіл деп, бастауыш тобын сұрайды. Сабақты сапалы деңгейде бере алмайтын, тыңдаушыларына дұрыс түсіндіре алмайтын оқытушылар басқа ұлт өкілдерінен тұратын аудиторияға барғанда, тек өздерінің ғана емес, қазақ тілінің, қазақ елінің беделіне де нұқсан келтіреді. Олардың әдістемесі сабаққа қызығушылық тудырмай, әсіресе жасы үлкен тыңдаушылардың өз күшіне деген сенімін оятпай, керісінше қорқыныш сезімдерін арттырып, тіл үйренуден қашқақтауға итермелейді.

Үшінші мәселе, қазақ тілі курстарында сабақ беретін оқытушының жұмысы тұрақты емес. Бөлінген сағат саны аяқталған соң келесі тендерге дейін 3-4 ай жұмыссыз отырады. Оның ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы болмайды. Сондықтан жазда да жалақысыз отырады. Мысалы, жоғары оқу орнында істейтін оқытушымен салыстырғанда, толық еңбекақы алып бір жерде отырмайды, ақшасын бірнеше мекемеге жүгіріп табады (кейбір мекемелерде 1-2 топ қана болады). Ал, қазақ тілі курстарын ұйымдастырумен айналысатын арадағы делдал ұйымдардың көбі мекемелер арасындағы жасасқан шарттарында оқытушыға төлеп отырғандай көрсетілген соманың 30-40 пайызын да төлемейді. Курстарда сабақ беретін оқытушының аталған жұмыс ерекшеліктерін ескере отырып, сабақтың нәтижелері бойынша академиялық сағат үшін қазіргі төленетін соманы ең кемінде 2-3 есе көбейту қажет.

Төртінші мәселе, бүгінгі күні жеке адамның зияткерлік меншігін, авторлық құқықтарын қорғау мәселесі көтеріліп жатқанда, кейбір осы істі ұйымдастырушы адамдар оқытушыдан сабақ жоспарын өздеріне жазбаша түрде тапсыруды талап етеді. Осы арқылы біреудің идеясын, ойын, әдістемесін талап етіп, оқулық шығарғысы келетін, осы салада тәжірибесі аз, кейбір жағдайда ғылыми атағы да бар адамдар саны көбеюде. Осыдан сақ болған жөн.

Мемлекеттік тіл мәселесін ақша табудың көзіне айналдыру үрдіске айналғаны жасырын емес. Осыған тосқауыл қойылуы керек.

Мәриям САПАРҚЫЗЫ

2753 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы