• Білім және ғылым
  • 22 Қаңтар, 2009

Аруақ, «аққу» және ақша

«Ана тiлi» газетiнiң №43 санынан «Шырақ жаққан шарлатандар» атты мақаланы оқыдым. Қатты толғандым... Мен сол мақаланың авторы Арман Әубәкiр жазған «Ата жолының» бiр мүшесiмiн. Журналист жазған «жүрекшi-аққу» қыздардың бiрiмiн. Нақтырақ айтсақ, осы күнге дейiн болдым...

Тоқырау жылдарында баршамыз бала күннен сенiп келген құндылықтарымыздың тас-талқаны шығып, дүние ойран-топыр болып кеткендей әсер қалдырғаны естерiңiзде болар?! Заман туғызған сол кездергi қиыншылықтарды көтере алмаған азаматтардың көбi араққа салынып, азғындыққа бет бұруға әзiр болды. Ұрлық-қорлық, зорлық қаптады. Жүрек ауыртты. Дәл сол кезде мен де көптiң бiрi едiм. Мешiтке жұма сайын барып жүретiнмiн. «Шiркiн-ай, жұрт қайда барады, бетiн имандылыққа бұрар ма?» деген сұрақтар мазалайтын. 1997 жыл. Бiрде өзiммен араласатын адамдар: «Бабалар аруағы көтерiлiп жатыр екен... Ұрпағының бүгiнгi тiрлiгiне риза емес... Ақ жол деген жаңа құрылым шығыпты. Аруақтар аян берiп, батасын алғандар көктеп-көгередi екен!» деген әңгiме естiдiм. Көктен iздегенiм — жерден табылғандай қуандым. Керектi адамдарды таптым. Жолықтым. Оларға сенген адамдар қатарында Ұзынағашта жатқан «Бас ата» (Түктiбай, Сүйiнбай, Сарыбай, Жамбыл, Қайназар аталар) басына да, Түркiстандағы киелi орындарға да сан мәрте барып қайттым. Осы жолға келгендердiң iшiнде — арақтан сауыққандарды, ауруынан айыққандарды көрдiм. Көрдiм де мен де имандай сендiм! Оның үстiне, Аллаға серiк қоспасақ та, аруаққа тәу еткен халықтың ұрпағы емеспiз бе? Күмәнiм болмады. Бiрде бұл жолдың басында тұрған Қыдырәлi Тарыбаев: «Сенiң де құдiрет-күшiң, қасиетiң бар. Аққу боласың, жүрегiңдi өзiм ашып беремiн!» — дедi. Бұл — таңдау. Қасиеттi қабыл алмасаң — аталар ұрпағыңнан алады» дедi. Бiр жағынан қорықтым, екiншi жағынан — қасиетiм барлығына қуандым. Көндiм! Облыс орталығындағы шағын үйiмдi ордаға айналдырдым. Шырақ жақтым. Адамдарды аластадым. Аруақтардан бата алып берiп жүрдiм. Қаншама халықты «Бес атаға», Түркiстанға апарып қайттым.

Уақыт өте келе, «Ақ жолдың» басында отырған Қыдырәлi Тарыбаев қана емес, қасындағы шашбауын көтерушiлер Нұрсұлу, Талғат, Арал, Сандуғаш, Мадина, т.б. сол сияқтылар аруақтың атын пайдаланып табыс көзiне айналдырып жүргенiне көз жеткiздiм. Сонымен қоймай «Бұларың не, аруақтың атын пайдаланып ақша табу деген сұмдық қой?!» дегендер жолдан қуылды, ақыры не болды?! «Қара пұлдың құлы болып барамыз ғой!», — деген бiздi тәлкекке түсiрдi. «Қуып кеткен» деген ат қойып айдар тақты.

О баста, аруақтар арқылы адамдарға көмегiмiз болады деген сенiммен келген «аққу, сұңқар» қыз-жiгiттер сең соғып, қайранға шығып қалған балықтай әлi өз-өзiмiзге келе алмай жүрмiз. «Ата жолы», «ақ жол» деп, зар қағып, жақ талғанша, аяғымыз жеткен талай жердi шарлап едiк. Тiптi, осы жолды бастаушыларға сенгенiмiз сонша, кәдуiлгi тiрлiктен де қалдық. Жұмысымыз да, тiрлiк көзiмiз де осы «жол» болып кеткен едi. Тiптi, туыстарымызды да осы «жолға» тарттым.

Басқа арнаға түсiп «жол» басындағылардың iсiн ешкiм тоқтата алмады. Сыбайлас жемқорлықтың, өктемдiктiң бiр шетi осы «жолда» да жатыр ғой. Олар – мола аралауды табыс көзiне айналдырып жүре бере ме? Бұл көптiң сауалы. Заң орындарындағыларға құлаққағыс.

Халықты алдап-арбап жүрген әлгiндей «қарақшыларды» құқық қорғау органдары арқылы жазасын алады деп сенiм артамын.

Жанар Оспанова

ТАЛДЫҚОРҒАН

4265 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы