• Тіл
  • 17 Қыркүйек, 2009

МЕНІҢ ОРЫСШАМНАН ҚАЗАҚШАМ ЖАҚСЫ

anatili.kazgazeta.kzОксана ПЕТЕРС, «НҰР ОТАН» ХДП-ның баспасөз хатшысы:

– Оксана өзге ұлттың өкілі бола тұра қазақша еркін сөйлейсіз. Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?

– Менің өмірімде қазақ тілінің алар орны ерекше. Өйткені қазақ халқының ортасында өсіп, қазақ мектебін бітірдім. Жоғарғы оқу орнында қазақ бөлімінде оқыдым. Алғашқы жұмыс жолымды да қазақ редакциясынан бастадым. Өткенге көз жүгіртетін болсам, мемлекеттік тілді маған қазақ халқы мен мұғалімдерім үйретті. Өз басым әлі күнге дейін 6 сыныпта қазақ сыныбына көшкеніме қуанамын. Алғашқы кезде өте қиын болды. Диктант жазу кезінде әбден сасатын едім. Қазір сол қылықтарым өзіме күлкілі көрінеді. Қанша дұрыс жазуға тырысқаныммен екі бет парақшам қып-қызыл болып шығатын. Мұғалімдер баға қоюға ұялатын еді. Бірақ мен алған бетімнен қайтпай тілді үйренсем деген мақсатыма жетуге әрекеттендім. Кейіннен мұғалімдерімнің және талабым мен ынтамның арқасында ойлаған ойымның үдесінен шықтым. Оған қоса, көршілерім, достарымның да септігі мол болды. Менің мемлекеттік тілде еркін көсілуіме Шолаққорғандағы Ыбырай Алтынсарин мектебінің ұстаздары көп еңбек сіңірді. Сол үшін алғысым шексіз.

– Мемлекеттік тілде сөйлегеніңіз үшін сізге құрмет көрсете ме?

– Мемлекеттік тілді білгенім үшін құрмет тілеп жүрген жоқпын. Тілді ғана білу аздық етеді. Біз жалпы алғанда кез-келген адамды оның көптеген жақсы қасиеттері үшін бағалаймыз, сондықтан сырт көз сыншы. Құрметтен бұрын, ертеңгі күнді, болашағыңды ойлау орынды секілді. Болашақта мемлекеттік тілді білмесең мемлекеттік қызметке орналаса алмайсың. Іс жүргізу толықтай қазақ тіліне көшкен кезде, жұмысыңды атқара алмай қаласың. Соны қазіргі жастар естен шығармауы тиіс. Ал енді, өзіне тиісті жұмысты адал, кәсіби, тиімді атқаратын адамды неге құрметтемеске...

– Бір басылымға берген сұхбатыңызда Абайдың өлеңдерін жақсы көремін депсіз...

– Иә, әсіресе Абай әндерін айтқанды жақсы көремін. «Желсіз түнде жарық ай» керемет емес пе?

– Отбасыңызда қай тілде сөйлесесіз?

– Үйде екі тілде сөйлесеміз. Үйдегілердің өзі менің қазақша сөйлегенімді ұнатады. Шынымды айтсам, орысшамнан қазақшам жақсы. Өзге ұлтты достарымды, туған-туыстарымды мемлекеттік тілді оқып үйренуге шақырамын. Көпшілік оған уақыт жоқ, курстарға бару керек, тағы басқа деп сылтауратады. Керісінше олар күніне ең болмаса бес сөзден жаттап алсыншы, сонда бір айда, одан кейін бір жылда болатын нәтижені байқайды. Егер қиын болып жатса, екі сөзден жаттасын, оның мағынасын біліп алсын. Кез келген тілді меңгеруге болады. Жүрген жерде ең бірінші қазақша сөйлеуге тырысу қажет.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

4723 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы