• Тіл
  • 17 Қыркүйек, 2009

Оқытудың бірізді-сатылы бағдарламасы мемлекеттік тілді дамыту үшін қажет

Елімізде бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тілді үйретудің баршаға ортақ стандарты, тұжырымдамасы, бағдарламасы жасалынбағандықтан да тіл үйрету балабақшада өзгеше, мектепте бөлек, жоғары оқу орындарында басқаша, ересектерді оқытуда да әртүрлі бағыттарда болуда. Яғни, балабақшадағы бүлдіршін мен бастауыш сынып оқушысынан бастап, ересек адамға дейінгі аралықты қамтитын желілі, жүйелі бағдарлама жасалынбаған. Үкімет тарапынан бекітілген осындай арнайы мемлекеттік бағдарлама болмағандықтан ол балабақшада да, мектепте де, арнаулы және жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік қызметте де белгілі бір түпкі нәтижеге бағытталған мақсатты түрде оқытылмайды. Осыдан барып, қазіргі оқыту еш нәтиже бермеуде және осы күйінде бере де алмайды. Сол себепті Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік бірлесіп дайындаған Үкімет тарапынан бекітілетін қазақ тілін үйретудің баршаға ортақ бірізді – сатылы бағдарламасы қабылдануы тиіс. Ол бағдарламада балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орны – мемлекеттік қызмет тізбегі бойынша дайындалады да, осы бағдарламаға сай оқу құралдары жазылады. Тілді білудің деңгейлері белгіленеді. Әр салаға, деңгейге байланысты фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, қатысымдық минимумдар белгіленеді. Ілгеріде аталған тізбектер бойынша арнайы үлгідегі сертификат беріледі. Оқушы, оның ата-анасы, студент, мемлекеттік қызметкер міндеттелген көлемде тілді меңгеріп шығады да, аталған сертификатты алу арқылы келесі сатыға өтеді. Міне, осы жерде тіл үйренуші мемлекеттік тілдің қажеттілігін сезінеді, тіл білу деңгейін көрсететін сертификатты талап ететін болған соң әрбір мемлекеттік тілді білмейтін адам оқуға түсу үшін де, қызметке орналасу үшін де мемлекеттік тілді меңгеруге тырысады. Бұл жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгеру қажеттілігін арттыратын күшті тетік болмақ. Өйткені, біз азаматтардан мемлекеттік тілді меңгеруді осы жол арқылы ғана талап ете аламыз. Өйткені қазіргі кезде саяси-құқықтық тұрғыдан мемлекеттік тілді білуге міндетті деген талапты қоя алмаймыз. Сонда ғана тілді оқыту нәтиже бермек. Осыдан барып қазақ тілін үйрету саласы белгілі бір жүйеге түседі, оқу орындары мен ересектерге тіл үйрететін орталықтардың жұмыстары үйлестіріледі, мемлекеттік тілді үйретудің әдістемесі жетіліп, жаңа сатыға көтеріледі. Өйткені бірізді -сатылы бағдарлама әр деңгейге арналған оқу-әдістемелік құралдарды, тұтас кешендерді, мультимедиалық бағдарламаларды дүниеге әкеледі. Яғни, бұрынғыдай әркім әр жерде өз білгенін емес, тілді оқытудың мемлекеттік тұжырымдамасына, стандартына, типтік бағдарламасына сай белгілі бір жүйеге құрылған, нәтижеге бағытталған, мақсатты жұмыстар атқарылады. Сонда қазақ тілін үйрету әдістемесінің кенжелеп қалғаны емес, кезі келіп, кезеңі туғанда қажетті, мәнді жұмыстарды атқара алатындығы байқалады. Бізде осындай ауқымды, мақсатты жұмыстар жүргізуге дайын отырған ғалымдар баршылық. Олар бүгінгі күннің өзінде өз саласында мардымды жұмыс, татымды шаруа, нәтижелі істер атқаруда. Мәселен, Ә.Жүнісбектің, А.Алдашеваның, Т.Аяпованың, Қ.Қадашеваның, З.Күзекованың, З.Ерназарованың, К.Жақсылықованың, Ш.Құрманбаеваның оқу-әдістемелік дүниелері, тілді оқытудың теориялық мәселелерін зерттеп жүрген Б.Хасанұлының, Ф.Оразбаеваның зерттеулері Астанадағы, Алматыдағы орталықтардың, Батыс Қазақстандағы «Ағартушы» орталығының, Қарағанды, Алматы облыстық орталықтарының ізденістері - қазақ тілін үйрету әдістемесі саласының әжептеуір өскендігін және өз салаларында қандай да болмасын іргелі шаруалар атқаруға дайын екендігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту практикасын жетік меңгерген мыңдаған мұғалімдердің шоғыры да қалыптасты. Егер Үкімет бірізді-сатылы бағдарлама жасауды үлкен мемлекеттік деңгейде қолға алса, онда мамандар бұл ауқымды істі еңсеретініне күмәнданбаймыз.

Қазіргі кезде қазақ тілі оқытудайын-ақ оқытылуда. Біздің есебімізше, орыс тілінде білім беретін орта мектептердің өзінде І-ХІ сыныптарда 1600 сағаттай қазақ тілі оқытылады. Оның 500-дей сағаты бастауышта, 800-ден астамы орта буында, қалғаны жоғары сыныптарда. Бұл аз емес. Міне осы бар сағатты сақтай отырып-ақ, бағдарламаны жаңаша құру, бағдарламаға сай оқулықтар дайындау арқылы айтарлықтай нәтижеге жетуге болады. Жаңағы айтқан 1600 сағат көлемінде алсақ, әр сабақта оқушы 2-3 сөзден үйренді дегеннің өзінде 3 500-5000 сөз үйренеді екен. Әдіскер ғалымдардың айтуынша, бір тілде ойын толық жеткізу үшін 3000-3500 сөз қажет екен. Ендеше қазақстандық оқушының қазақ тілін меңгеруге толық мүмкіндігі бар. Алайда, мектептегі жүйе, оқу-әдістемелік құралдардың сапасы мұндай нәтижеге апармай отыр. Яғни түбірлі өзгеріс қажет екендігін тәжірибенің өзі айғақтауда. Біздің мұндай «тәжірибеге» төзе беруімізге болмайды. Тілді үйрету де, үйрену де мемлекеттік іс деп жариялануы тиіс. Сонда ғана тіл білмейтін балалардың өздері де, ата-аналары да мемлекеттік тілдің маңызын шын сезінбек. Біздің ойымызша, мектепте тіл үйретуді бес деңгейлік жүйеге көшіру қажет. Бірінші деңгей – 1-2 сыныптар; екінші деңгей -3-4 сыныптар; үшінші деңгей – 5-7 сыныптар; төртінші деңгей – 8-9 сыныптар; бесінші деңгей – 10-11 сыныптар. Әр сыныптар бойынша фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, қатысымдық минимумдар ойластырылып түзіледі. Әр деңгей бойынша емтихан тапсырылып, сертификаттар беріледі. Сонда оқушы да, тіл үйретуші пән мұғалімі де, мектеп басшылығы да, білім басқармасы да, тиісті министрлік те мәселеге ерекше маңыз береді. Бұларға қоса баланың жақсы білім алуына ең мүдделі болып отырған ата-ана айрықша мән берер еді. Бүгінгі таңда ата-аналардың өз балаларына жақсы білім беруге деген құлшынысы мықты. Бүгінгі ата-ана баласының сапалы білім алуына аса мүдделі. Біз қазақ тілін дамыту саясатында ата-аналардың осындай құлшынысын дер кезінде оң пайдалануымыз керек. Егер мектептегі қазақ тілін үйретудің әлгіндей жүйесін берік қалыптастырсақ, онда тілге деген барша қазақстандықтардың сенімін түпкілікті бекітер едік. Бұдан ары мектеп бітіруші түлектердің көпшілігі орта арнаулы оқу орындарына немесе жоғары оқу орындарына барады. Тіл үйретудің алтыншы деңгейі осындай оқыту орындарына арналуы тиіс. Мұнда да мемлекеттік тілден арнайы емтихан тапсырылып, сертификат беріледі. Оқу бітірген жас азамат одан әрі қызметке орналасады. Міне осы қызметте ол қазақ тілінің жетінші деңгейін игеруі тиіс. Алтыншы, жетінші деңгейлер салалық деңгейлер болып есептеледі де, студенттің немесе қызметкердің мамандығына байланысты оқытылады. Мұндағы оқу мерзімі екі жылдан аспауы тиіс. Егер осы ұсыныстар жүзеге асса онда жасы 24-25 тегі барлық қазақстандық қазақ тілінде еркін сөйлеу мүмкіндігіне, қажет десеңіз, бақытына ие болады. Бұл біздің жалпы ұсыныстарымыз. Жұмыс барысында оларды толықтыру, жетілдіру біз мән бермеген осы мәселеден туындайтын басқа да оңтайлы шараларды жүзеге асыру – уақыттың шаруасы. Орайында толықтырыла, дамытыла берер. Мәселе, бұл ауқымды мемлекеттің болашағы үшін, елдің тұтастығы үшін, халықтардың бірлігі үшін жасалуға тиісті мемлекеттік істің кешеуілдемеуінде. Мұндай маңызды жұмысты атқаруға Қазақстанның әлеуеті де, ғалым-әдіскерлердің, оқытушылардың білімі де, білігі де толық жетеді. Мәселе жоғарыдан берілер орайлы пәрменде. Мәселенің мемлекеттік маңызы болған соң ондай пәрмен берудің қиындығы бар деп ойламаймыз. Соңғы жылдары тілге қомақты қаражат та бөлініп отыр. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын Үкімет «Қазтест» жобасын қаржыландыруды қолға алды. Осыдан бірер ай бұрын «Нұр-Отан» партиясының ұйтқы болуымен «Қазтестің» жұмысына байланысты Астанада дөңгелек үстел өткізілді. Мұнда осы жобаның қажет, қажет еместігі жөнінде пікірталасқа барыстық. Бірақ оқыту жүйесі жасалынбай тұрып, алдымен тіл білмейтін тұрғындарды арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында оқытып алмай жатып, олардың тілді білу деңгейін бағалайтын ауқымды жобаны іске асырудың қажеттілігі қалай екен деген ой тұрды көкейімізде. «Қазтест» сияқты жоба қажет. Бірақ қандай да болмасын тест, негізінен алғанда, нәтижені бағалау үшін жасалуы қажет шығар. Осы «Қазтестке» қатысты дөңгелек үстелде оны дайындаушылар американ, француз, неміс, түрік тілдерін білу деңгейін бағалайтын тестердің тәжірибелерін саралағандықтарын айтты. Шетелдің тәжірибесін білген жөн. Алайда ол елдердегі тілдік ахуал мен Қазақстандағы тілдік ахуалдың айырмашылығы Балқаш пен Викторияның, Алатау мен Альпінің, Қарағанды мен Калифорнияның айырмашылығындай емес пе?! Бізде TOIFEL жүйесін көлденең тарта беру сәнге айналды. Бұл жүйе - сол елдің өз тұрғындары үшін емес (бұл елдің азаматтарының бәрі мемлекеттік тілін жетік біледі), сырттан келген жұмыс күші үшін істелген жүйе. Айырмашылық бар ма? Әрине, бар. Бізде бір қызығы – өзіміздің ішкі даму ерекшеліктерімізді ескермей, беделді мемлекеттердің нақ біз үшін қажетті, қажетсіз тәжірибелеріне жүгіну бар. Сыртқа тұра жүгірмес бұрын өз жағдайымызға үңіле түсуді ұмытпасақ екен. Шетелдік тәжірибелерді сараптаған жөн десек те, алдымен өз жағдайымыздан шығу керек. Бүгінгі күнде мемлекеттік тілді білудің жалпықазақстандық деңгейін анықтау қиын, себебі – жалпықазақстандық оқыту жүйесі орнықпаған. Егер біз айтып отырған бірізді-сатылы оқытудың жүйесі жасалынса, онда соған орай тіл білу деңгейін бағалайтын механизм өзінен-өзі табиғи түрде дүниеге келмек.

Қазіргі Үкімет мемлекеттік тілді оқытудың осындай жүйелі жолын қалыптастыруға ықпал етсе, мемлекеттік тілге байланысты көптеген түйінді мәселелер шешілген болар еді. Бұған Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік жұмылдырылып, әдістеме саласындағы ғалымдар топтастырылып, ең алдымен осы бағдарламаны Үкімет тарапынан бекіту қажет. Сонда ғана қазақ тілін үйрену жүйелі, ең бастысы нәтижелі жолға қойылады. Онсыз әркім өз бетімен оқытудан жаппай халықты үйрету мүмкін емес. Қазақстанда мемлекеттік тілді оқып-үйренудің бірізді-сатылы бағдарламасы жасалса, тілді үйренушілер мемлекеттік үлгідегі сертификат алуға мүдделілік танытар еді. Міне осы мүдделілік қажеттілікке айналады. Өйткені олардың тіл білу деңгейін көрсететін сертификат сыныптан сыныпқа көшуіне, мектеп бітіруіне, оқуға түсуіне, қызметке орналасуына ықпал етеді. Егер осы жүйені орнықтырсақ, онда мемлекеттік тілге байланысты ондаған жылдар қордаланған өзекті мәселелер шешімін тапқан болар еді.

Ерте ме, кеш пе мемлекеттік тілді үйретудің бірізді-сатылы бағдарламасы жасалады, мүмкін ол басқаша аталар, мәселе онда емес. Өзінің мемлекеттік тілін миллиондаған азаматтар білмейтін, тіл білмей-ақ мемлекеттік қызметте жұмыс істей беруге болатын елде түптің түбінде мемлекеттік тіл қажеттілік пен міндеттілікке айналары хақ. Бұл сол мемлекеттің қалыпты өмір сүруі үшін маңызды стратегиялық қажеттілік. Мұны неғұрлым тезірек түсіне отырып, жай ғана түсініп қоймай, әрекетке көшер күнді жақындатқан жөн. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасы Қазақстандағы мемлекеттік тілдің көсегесін көгертті дей алмаймыз. Ал егер бұл сөзімізге қарсылық білдірсеңіз, онда күнтізбеге қараңыз. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік қызмет қазақ тілінде ғана қызмет істейді дегенге сенесіз бе? Тағы да осындай пәленбай жылдық бағдарлама қабылдануы мүмкін. Бірақ ең данышпан қазақ айтқан «Баяғы жартас – бір жартас...» күйінде қала бермек. Сондықтан да елдің де, сол елде тұратын азаматтардың да шынайы рухани бірлігін қалыптастыруға жасалған маңызды қадам ретінде қазақ тілін үйретудің жүйесін жасау кезек күттірмейтін, қаржы аямайтын шаруа. Осы ойды жүзеге асыруға баршамыз атсалысуымыз керек. Қазіргі таңдағы тілге қатысты заңнамаларды ой елегінен өткізсек, Қазақстанда тілді дамытудың одан басқа шешуші тетігі жоқ екендігіне көзіңіз жетеді. Мемлекеттік тілді үйренудің бірізді-сатылы жүйесін қалыптастырып, іске асырсақ, біз мемлекеттік тілді міндеттейтін жүйеге қол жеткіземіз. Осыдан барып түптің түбінде қазақ тілі – мемлекеттік қызметтің де, биліктің де, баланың да, баршаның да тіліне айналады. Баршамыздың күткеніміз де осы емес пе, ағайын!

Ербол Тілешов,

«Руханият» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты

АСТАНА

5051 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы