• Тіл
  • 17 Қыркүйек, 2009

Тіл – құдіреті (Рубаяттар)

Өз тілім – өзегім, жүрегім,

Өз ділім – ұлттық тірегім.

Сыйланды ғаламда тіліммен

Иманды, меймандос ұлы елім.

***

Тәрбие – анамның тілінде,

Әр жүйе – саналы білімде.

Адалдық – киелі дінімде,

Адамдық – жүйелі ділімде.

***

От мінез – жалқымның киесі,

Отты сөз, ащы тіл иесі –

Сықақшы, шешен әр қазақтың

«Тіс қақты» сөзінің жүйесі.

***

Ананың тілінде ұлылық,

Баланың тілінде жылылық.

Сорланар өз тілін білмеген

Қор болар ойы да «былығып».

***

Қазақтың тілі де әуенді,

Ғажап тым үні де әуенді.

Көре біл шешен тіл қисынын,

Тере біл сөз шырын – мәуені.

***

Дін –тәлім, тәрбие құралды,

Діл- мәлім, ел рухын құрады.

Тілімнен елдігім көрініп,

Дінімнен нұр тарап тұрады.

***

Көркем де, бай тілі қазақтың,

Өркенде, айтулы ғажапсың!

Берікпіз қорғауға сені біз,

Еріксіз қорлаудан азатсың

***

Ақылмен қолданған сөз-ғылым,

Ақыл-кен, өндіргіш - өз тілің.

Діліңді, ұлтыңды сақтаған

Тіліңді сүймесең – ездігің.

***

Адаспа, басшы бол білімді,

Аласта мансапқор зұлымды.

Құдірет де ұлттық діліңді,

Құрметте анаңды – тіліңді.

***

Шешендік – ананың тілінде,

Көсемдік – саналы білімде.

Қасиет – ұлттық ділімде,

Өсиет, өнеге – ілімде.

***

Іздедім ғылымның пайдасын,

Іздедім тілімнің бай нәшін.

Тілімнің «сынынан» өтемін,

Ғылымның шыңына жетемін.

***

Сөз-мүсін, мүсіндер ой-зерек,

Сөз үшін қисынды ой керек.

Тіл-жаттық, ой-терең адаммен

«Тіл қатып» сөйлеуге ой көмек.

***

Тілімді «арымдай» сақтаймын,

Ділімді тексіз боп шатпаймын,

Құқымның пәктегін дәлелдеп,

Ұлтымның бай тілін жаттаймын.

***

Мол құнды, әуезді тіліміз,

Толқынды әсем ән, жырымыз.

Туыстық достықта – діліміз,

Тыныштық әуені – үніміз.

Әдібай ТАБЫЛДЫ

8862 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы