• Әдебиет
  • 10 Шілде, 2014

Қабылан

Қабылан (орысша – «гепард», латынша – «Acinonyx jubatus») – жануарлардың сүтқоректілер тобы жыртқыштар отрядының мысық тұқымдасына жататын дүниежүзіндегі ең жүйрік аң. Қабыланның денесіндегі кейбір мүшелері мысыққа, ал кейбір мүшелері тазы мен итке ұқсас болып келеді. Мысалы, басының жұмырланып келуі және жіңішкелеу құйрығы созылыңқы болып келгені мысықтың құйрығына ұқсас болса, ал аяқтарының біршама ұзын әрі сидам болып келуі және тұлғасының созылыңқы әрі екі бүйірінен қысылыңқы болуы тазыға ұқсастығын аңғартады. Бір орында шоқиып отыруы және тістерінің жеке топтарының құрылысы да итке ұқсас болып келеді. Қабыланның дене тұрқының ұзын­дығы 120-150 см, ал құйрығының ұзын­дығы 60-75 см. Құйрығының ұшы ақ түсті, оның алдыңғы тұсында көлденеңінен орналасқан жалпақ төрт қара жолағы бар. Денесінің салмағы 50-65 келіні құрайды. Денесіндегі түгі қалың, бірақ қысқа. Түгінің түсі құм түстес сарғыш әрі түгінде біркелкі таралған ұсақ көптеген теңге шұбар қара-қоңыр дақтары болады. Денесінің құрсақ тұсындағы және аяқтарының ішкі жағындағы түктері ақшыл сұр түсті. Желкесінен шоқтығына дейінгі аралықта онша биік емес ұзын­дығы 8-11 см-дей жалы болады. Тері­сі өте қымбат бағаланғандықтан және ерте кездерден бастап көптеп аулаған­дықтан саны азайып кеткен. Қара базарда қабылан терісі 10 мың долларға бағаланады деген мәліметтер бар.
Ұзын әрі өте жақсы жетілген аяқтары шапшаң жүгіруге бейімделген. Табандары онша үлкен емес, табан іздері мы­сықтың табан ізіне ұқсас және саусақ­тарындағы тырнақтары басқа мысықтектес жыртқыш аңдардай ішке қарай бүгіліп тартылмайды. Қабыланның шағын құлақ қалқаны дөңгеленіп келген. Оның көздері үлкен, көз қарашығы дөңгелек пішінді болып келеді. Көзі өте қырағы.
Қабыланның дүниежүзінде бір ғана түрі кездеседі. Ол Африканың савваналы далаларында, Аравия түбегінде, Иран, Ирак, Ауғанстан, Индияда, Шығыс Кавказда, Алдыңғы және Орта Азияның шөлейтті-шөлді алқаптарында таралған.
Бұл жануар ерте кездерде Қазақстан­­ның Маңғыстау және Үстірт өңір­леріндегі құмды жазықтықтары мен ұсақ қырат­тарда кездескен. Соңғы 35 жыл ішінде қабыланның елімізде кездескендігі туралы нақты деректер жоқ. Тек соңғы жылдары Арал теңізінің жағалауынан оның ізін және өзін көргендер туралы баспа беттерінде шағын мақалалар жарияланып, бірді-екілі қа­быланның Түркімен өңірінен ауып келген болуы мүмкін деген деректер бар.
Оның негізгі қорегі – тұяқты жабайы аңдар, яғни қарақұйрық, ақбөкен және т.б. Ертеде қабыланның Қазақстан аумағындағы қорегі – құлан, ақбөкен, қарақұйрық, жабайы үстірт арқары, құм қояндары және т.б. болған. Қабыланның Қазақстанда санының мүлде азаюына және жойылып кетуіне негізінен тіршілік ететін табиғи орта жағдайларының мүлде өзгеруі және қорегінің азаюы басты себеп болған деген пікірлер басым.
Қабыланның қорегін аулау тәсілі де ерекше. Ол алдын қорегін көзімен көріп, артынан жасырын тасалап барып, 100-200 м қашықтық қалғанда өте шапшаң жылдамдықпен оқша атыла жүгіреді. Бұл кездегі оның жүгіру жылдамдығы сағатына 110-125 шақырымды қамтиды. Бір секірген кезде 7 м қашықтыққа секіре алады. Бірақ ол мұндай жылдамдықпен 300-400 м жүгірген соң қорегін ұстауға ары қарай ұмтылмай демалады.
Қабылан қолға тез үйренетін аң. Бұдан 3000 жылдай бұрын Ежелгі Вавилония мен Мысырда қабыландарды арнайы қолға үйретіп, аң аулауға пайдаланған туралы дәйекті деректер сақталған. Тіпті Армения князьдері мен Киев Русь кезіндегі дәулетті адамдар да аң аулау үшін қабыланды қолға үйреткен. Сонымен қатар, қолға үйретілген қабыландарды қымбат сыйлық ретінде құрметті адамдарға сыйлау дәстүрі де болған.
Қазіргі кезде қабыланның барлық таралу аумағы мен санының күрт азаюы­на байланысты ол Халықаралық Табиғат Қорғау Одағының және көптеген елдер­дің Қызыл кітаптарына тіркелген. Ол Қазақстанның Қызыл кітабының (2010) жойылып кету қаупі төнген деген 1-ші санатында тіркелген. Оны көп елдерде атуға және аулауға мүлде тыйым салынған. Соңғы жылдары қабыланның санын көбейту мақсатында арнайы халық­аралық жобалар қолға алынған. Мысалы, Өзбекстанның Бұхара облысында қабыланды арнайы тәлімбақта көбейту шаралары жүргізілуде. Түркмен­стан мен Қазақстан шекараларында қабыланды қорғау және қайта көбейту мақсатында аумағы 570 мың га алқапты алып жатқан Қапланқыр табиғи қорығы ұйымдастырылған.
Қабыланға тікелей қатысы бар те­ңеу сөздер, сөз тіркестері ежелгі қазақ тіліндегі жыр дастандарда көптеп кезде­седі. Мысалы, «Биік тауда қабылан болмайды» (С.Сараи), «Қабыландай қайранға соғу» (Махамбет Өтемісұлы), «Шұбалаң құйрық шұбармын» (Ақтан Керейұлы), «Қабыландай қайратты» (Мұхтар Әуезов), «Ұл туды қабылан қабақ қасқыр түкті» (Тұрмағамбет Ізтілеуов), «Қабылан келбетті» (Үмбетәлі Кәрібаев) және т.б. Мұндай теңеу сөздер мен сөз тіркестеріндегі «Қабыландай батыл», «Қабыландай сұсты», «Қабыландай айбатты, қайратты», «қабыландай жүй­рікпін», «Қабылан жүйрік қайран ер», т.б. қабыланның тіршілігіне тән ұғымдарды білдіреді. Сонымен қатар, қабыланға қатысы бар жер атаулары да Үстірт пен Маңғыстау өңірінде сақталған. Мысалы, Қабылаңқыр жазығы (Үстірттің оңтүстігінде), Қабылаңқыр кемері және т.б.  Ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеу­қабылұлының «Шипагерлік баян» атты құнды еңбегінде қабыланды ертеде халық «зыпылдақ» деп атайтыны атап көрсетілген. «Зыпылдақ« сөзі де оның өте жүйрік аң екеніндігін аңғартады. «Қабылан» деген ер адамдардың аттары қабыландай ержүрек батыл болсын деген ниетпен қойылады.
Ежелден халқымыздың құрметіне бөленген өлкеміздің байырғы төл  жабайы тағысы - қабыланның тағдыры кез келген табиғат жанашырын бей-жай қалдыра қоймайды деп ойлаймыз. Қабылан өлкемізге қайтадан оралып жатса әрі қуанарлық, әрі құптарлық іс деп атап айтуға болады.
Рысбай Сәтімбеков
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің
профессоры

10917 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы