• Тіл
  • 17 Қыркүйек, 2009

Мемлекеттік тілді білмеу – ұлтты менсінбеу

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев:

Биыл қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілген «Тіл туралы» заңның қабылданғанына 20 жыл толады. Осыған орай «Ана тілі» газеті бір шараны қолға алды. Мемлекеттік тілдің бүгінгі жай-күйіне нақтырақ қанығу ниетінде бірқатар министрліктер мен облыс басшыларына газет тарапынан бәріне ортақ бес сауал жолданды. Төменде сол сұрақтарға алғашқы болып жауап берген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен болған сұхбат жарияланып отыр.

– «Тіл туралы» Заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Сіз басқарып отырған облыста мемлекеттік тіл саясаты қаншалықты жүзеге асуда?

– Кенді Алтай – өзінің көркімен, тума табиғатымен, жануарлар және өсімдік дүниесінің байлығымен талай жұртты таңдандырған әрі тамсандырған өлке. Қасиетті топырағы қазақ халқының біртуар перзенттері ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абайдың, атақты сөз зергерлері Шәкәрім мен Мұхтардың кіндік кескен жері, талай ел қорғаған батырлар мен батагөй билерді, жезтаңдай шешендер мен сұңғыла ғалымдарды дүниеге әкелген құт мекен. Дегенмен, осы құт қонған өңірдің басты байлығы – адамдар. Бүгінгі күні өлкеде 105 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Облыстағы 1,5 млн. халықтың 55,9 пайызын қазақтар, 41,0 пайызын орыстар, қалғанын басқа ұлттың өкілдері құрайды. Татулық пен тұрақтылық, ынтымақ пен береке, экономикалық өрлеу – міне, облыс халқының алдына қойып отырған басты мақсаты да осындай.

Менің ойымша, тіл қашанда коммуникация, яғни қарым-қатынас жасау құралы ғана емес, тіл – саяси, экономикалық, әлеуметтік мәжбүрлеу мен билеудің құралы болып келген. Мысалы Англия өз отарларында, испандар оңтүстік Америкада, португалдар Бразилияда, нидерландықтар голланд тілін өзінен 20 есе көп Индонезияға таңып, күшпен енгізгенін тарихтан жақсы білеміз. Кешегі кеңестер одағында орыс тілінің үстемдік жасағанын жоққа шығара алмаймыз. Демек, мемлекеттік тіл – ол Елбасы айтқандай біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз сияқты қазақ мемлекетін күллі әлемге паш ететін нышандарымыздың бірі. Яғни, тіл қай кезеңде болмасын, ұлттық идеяның негізін құраушы, әрі мемлекеттік идеологияның негізі болып табылады.

Береке-бірліктің бастауы болып табылатын салиқалы, теңдестірілген тіл саясаты, соның ішінде біздің мемлекеттілігіміздің алтын діңгегінің бірі болып отырған мемлекеттік тілді дамыту мәселесі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үнемі қамқорлығында болып келе жатыр. Оның бұл орайдағы көрегендік саясатының нәтижесінде мемлекеттік тіліміздің мәртебесі жыл өткен сайын белгілі бір белестерге көтеріліп келеді, сонымен қатар елімізді мекендеген басқа ұлттардың да тілдерін дамытуға қолайлы жағдайлар жасалған. Оның жарқын көрінісін біздің өлке – Шығыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан ауқымды да мақсатты істерден көруге болады.

Биылғы жылдан бастап қала, аудан әкімдіктерінің мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы қызметін бағалау мақсатында 9 көрсеткіштен тұратын мониторингтік жүйе енгіздік. Онда қала, болмаса аудан халқының қазақ және басқа тілдерді меңгеру деңгейі, орта мектеп түлектерінің мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші, мектептерге білікті қазақ, орыс және ағылшын тілдері мұғалімдерін тарту, тілдерді, бірінші кезекте мемелекеттік тілді ересектерге оқыту, тіл заңының сақталуы, тілдік нышанға байланысты азаматтардың құқықтарының бұзылмауы, қазақ тілінде шығатын телерадиохабарлардың, бұқаралық ақпарат құралдарының санын ұлғайту, мемлекеттік органдардағы, халыққа қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік тілдегі іс жүргізу, «Тілдердің үштұғырлығы», деректемелер мен көрнекі ақпараттағы тіл Заңының бұзылмауы қамтылған. Аманшылық болса, жыл соңында осы жағдайлардың бәріне жан-жақты, тәптіштелген талдау жасайтын боламыз.

Екіншіден, мемлекеттік тілде іс жүргізудің жағдайын аудан, қала әкімдерінің қызметін бағалайтын жалпы рейтингке негізгі көрсеткіш ретінде енгіздік. Облыстық тіл басқармасы оның жай-жапсарына ай сайын мониторинг жүргізіп, тоқсан соңында оның қорытындысын шығару үшін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына табыс етіп отырады.

Үшіншіден, өңірдегі мемлекеттік және басқа тілдерді одан әрі дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру мақсатында Мемлекеттік және басқа да тілдерді одан әрі дамыту жөніндегі өзім төрағасы болып табылатын үйлестіру кеңесін құрдық. Кеңес ведомствоаралық сипаттағы облыс әкімдігінің жанындағы кеңесші орган болып табылады. Жақында өткен облыстық мәслихаттың сессиясында оның жеке құрамы бекітілді. Онда мемлекеттік органдардың басшыларымен қатар, облыстағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, ректорлары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері де бар. Әрине, кеңес қызметінің негізгі бағыты облыстағы мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуына, оның қолданылу аясының барынша кеңеюіне бағытталатын болады.

Қоғамдық қатынастардың барлық салаларында мемлекеттік тілдің заң талаптарына сәйкес қолданылуын қамтамасыз ету – көп жағдайда біздің жастарымызға байланысты. Орта жастан асқан басқа ұлт өкілдеріне, болмаса тілден мақұрым қалған өз ағайындарымызға өкпе арта бермей, өзге ұлттың жастарын тіл үйренуге қызықтыру – менің ойымша, тіл саясатының негізгі бағыттарының бірі болуға тиіс. Біз осыған бетбұрыс жасадық. Облыста алғаш рет қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің форумын өткіздік. Сонда жиналған әртүрлі салада қызмет ететін екі жүзден астам жастардың қазақ тілінде майын тамызып тұрып Отан, Ел, Жер, Қазақстан туралы айтқан жүрекжарды пікірлерін тыңдап, «мемлекеттік тілді дендеп енгізудің әлеуетін осылардан іздеу керек екен ғой» деген ойға келдік. Сөйтіп, мемлекеттік тілді меңгерген, облыстың жоғары оқу орындарында мұғалімдік, дәрігерлік мамандықтар бойынша қазақ топтарында оқығысы келетін жастарға арнап облыс әкімінің грантын бөлдірдік. Биыл 4 жас осы арқылы оқу орнына түсті және оны жыл сайын көбейтетін боламыз. Біздің бұл оңды тәжірибеміз Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхаммедтің тарапынан қолдау тауып, қазан айынын басында Риддер қаласында мемлекеттік тілді тілді меңгерген өзге ұлт жастарының Республикалық Форумы өткізілетін болады.

Қазір облыстағы өтетін барлық жиындар мемлекеттік тілде жүргізіледі, орыс тіліне аударылу қамтамасыз етіледі. Аудан, қала әкімдіктерінің, облыстық басқармалардың мәжіліс залдары синхронды аударма қондырғыларымен жабдықталды. Аудан, қалалардың мемлекеттік органдары құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлесі 98 пайыздан асты. Облыстың мемлекеттік органдарын тұтастай алсақ, ондағы құжат айналымындағы қазақ тілінің үлес салмағы 80 пайызға жетті.

Бүгінгі күні өңірдегі 1 облыстық, 7 аудандық тіл оқыту орталықтары жұмыс істейді. 464 үйірмеде 5173 мемлекеттік қызметші қазақ тілін үйренуде. Бұл облыстағы барлық мемлекеттік қызметшілердің 55,2 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш 2008 жылмен салыстырғанда 12 пайызға көп.

Жалпы мемлекеттік тілді оқуға тілек білдіргендердің саны 2008 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артты. Қазір 15059 тыңдаушы мемлекеттік тілді тұрақты үйренуде. Сонымен қатар, 52 ұлттық-мәдени орталықтар жанындағы жексенбілік мектептердегі 103 топта 1408 тыңдаушы 15 ұлттың тілін оқып-үйренуде. Мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған түрлі конкурстар, сайыстар тұрақты өткізіліп отырылады.

Қазір Шығыс Қазақстан халқының 65 пайызы мемлекеттік тілді белгілі бір дәрежеде біледі. 1999 жылғы санақта ол 50 пайыздан сәл ғана асатын. Ал орыс тілін білетіндердің үлесі 85 пайыз. Біздің алдыға қойып отырған стрататегиялық мақсатымыз – таяу болашақта қазақ тілін меңгергендер санын орыс тілін меңгергендер санымен теңестіру.

«Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» деген Елбасының қанатты сөзін арқау етіп, Конституция күні қарсаңында облыс орталығы Өскемен қаласының бас алаңында Ұлы Абайдың сәулетті де сымбатты ескерткішін орнаттық. Бұл тек қана қаланың ғана емес, бүкіл облыс жұртшылығының, қала берді республика халқының көптен күткен қуанышы еді. Мерекеге арнайы келген еліміздің зиялы қауымының өкілдері осылай деп баға берді. Ұлы ғұламамен қатар, бір күнде А.Пушкиннің бюсті қойылған ескерткіш аштық.

Ескерткіштердің ашылу салтанатының қонағы болған Қырғызстанның ақыны Әкбар Рысқұлов бір сөзінде: «Осыған дейін өнеркәсіптік қала, металлургтердің қаласы, түсті металл өндірушілердің ордасы болып келген Өскемен бүгіннен бастап ақындардың қаласы, мәдениеттің қаласы, қазақ руханиятының қаласына айналды. Өйткені осыған ой тастап, жаңа белестерге шақырып, қаланың төрінде ұлы Абай тұр, оны қоштап орыс сөзінің символы болып кеткен Пушкин тұр» деген еді.

Олай болса, сең басқан шығысқа да қазақ рухы келді, ол күннен күнге күшеймесе, азаймайды. Өйткені төрімізде жол сілтеп, «әрбір ісімізге есеп сұрап», кірпік қақпай дана Абай тұр.

Төрімізде Абай тұрғанда облыстағы мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның қолданылу аясы еш төмендемейді, қайта күннен-күнге арта түспек.

– Елбасының Жарлығына сәйкес биыл барша мемлекеттік органдарда іс-қағаздарын жүргізу мемлекеттік тілге көшіп бітуі тиіс. Мемлекеттік тілге толықтай көшіру деңгейін тездету және мемлекеттік тілдегі құжаттардың сапалы дайындалуын қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүруде? Жалпы, іс-қағаздары қай тілде толтырылады?

– Кез келген тіл толыққанды мемлекеттік деңгейде қолданылу үшін 50-ге жуық қоғамдық функция атқаруы тиіс. Тілші ғалымдардың айтуынша әзірге қазақ тілі 15-20 функция ғана атқарады екен. Мемлекеттік тіліміздің қоғамдық рөліне байланысты академик Ә. Қайдаров «Ең алдымен тірек болар үш тағаны: жазу–сызуы (ұрпақ арасын жалғастырар алтын көпірі), ономастикасы (жер бетіндегі ескеркіші), терминологиясы (оның баю, жаңару көзі) берік емес екендігін мойындау қажет» дегенді айтқан еді. Бірінші болып жазу-сызудың тұруы кездейсоқ емес. Өйткені жазу-сызудың артында бүтіндей бір халық тұрады. Біздің тілімізге келетін болсақ, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде енгізу туралы бірінші декрет 1923 жылы Орынбор қаласында жарияланған болатын. Содан бері қанша уақыт өтті, есептей беріңіз. Мұны айтып отырғаным, мемлекеттік тілде іс жүргізу, яки оған толықтай көшіру бір күннің, болмаса, бір қаулының шаруасы емес. Ол күнделікті, жоспарлы, жүйелі істі талап етеді. Міне, сондықтан да Ел Президенті Н.Назарбаев өзінің 2006 жылғы 30 мамырдағы №127 Жарлығымен мемлекеттік органдарда іс жүргізуді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшірудің кестесін бекіткен болатын. Іс-қағаздарын дұрыс толтырып, әртүрлі құжаттарды сауатты жазу, яғни іргелі дәрежеде кеңсе ісін жүргізу – егемен ел, тәуелсіз мемлекет мәдениетінің маңызды көрсеткіші.

Жалпы іс-қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру облысымызда 1998 жылдан басталды. Жасыратыны жоқ, 2005 жылға дейін бұл істе тек көзбояушылық орын алды. Сол жылдары жеті аудан іс жүргізуді қазақ тіліне көшірді дегенмен, облыстық мекемелермен хат алмасу тек қана орыс тілінде жүргізіліп келді. 2005 – 2006 жылдары Жарма, Көкпекті аудандары, ал 2007 жылы Семей қаласы мен Бесқарағай, Ұлан аудандарының мемлекеттік органдары іс жүргізуді қазақ тіліне көшірген болатын. Менің ойымша, бұл ретте елімізде жүргізілген шаралар дұрыс реттелмеген, жүйесіз, әр өңір өзінше қимыл жасаған кезең еді.

Елбасының жоғарыдағы Жарлығына сәйкес 2008 жылы облыстың мемлекеттік органдарында іс жүргізу ресми түрде мемлекеттік тілге көшірілді. Әрине, жаңа істі, жаңалықты қашанда жатсына қабылдайтын халықпыз қой, біздің облыста да бұл орайда алғашқы кезде түсінбеушілік, кейде өзге ұлттар тарапынан үрейдің де орын алғаны рас. Мемлекеттік тілді іс жүргізуге енгізгеннен кейін орыс тілінде құжаттар мүлде қабылданбайды екен, ол басқа ұлттардың жаппай көшуіне әкеледі деушілер де табылды, өкінішке орай олардың арасында өз ағайындарымыз да болды. Дегенмен, халықпен етене болу, дұрыс түсінік, насихат жұмыстарының нәтижесінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі толық мойындалды, тек мойындалып қойған жоқ, көзі ашық, көкірегі ояу, тілі басқа болса да тілегі бір ағайындар қолдау көрсетті.

Қазір облыстың мемлекеттік органдарында іс негізінен мемлекеттік тілде жүргізіледі. Басқа ұлт өкілдері көп тұратын Өскемен, Риддер, Курчатов қалаларында, Зырян, Глубокое, Шемонаиха аудандарында құжаттардың көпшілігі орыс тілінде дайындалғанымен, міндетті түрде мемлекеттік тілге аударылады және басшылар ең алдымен мемлекеттік тілдегі нұсқасына қол қояды.

2009 жылдың өткен 8 айында аудан, қала әкімдіктерінің шығыс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлесі 98,3 пайыз болды, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Ал облыстық басқармаларда 82,9 пайызды құрады. Өткен жылы 70 пайызға жетпейтін.

Келесі бір үлкен мәселе өзіңіз айтқандай, іс қағаздарын сауатты жүргізу мәселесі. Рас, әлгі «өмір бойы тұсалған аттың тұсауын шешсе де бәрібір секектейді» дегендей, орыс тіліне қарай жалтақтап, ойды да сол тілден сөзбе-сөз аударып бере салатынымыз бар екенін несін жасырамыз. Осы кіріптарлықты жою мақсатында соңғы екі жылда ғана мемлекеттік органдардың 83 аудармашысын облыстың жоғары оқу орындарының базасында арнайы курстардан өткіздік. Қазір облыста жұмыс істейтін 223 аудармашы мен мемлекеттік тілдегі іс жүргізушілердің барлығы тиісті курстардан өтіп, сертификаттар алды, олар қазақ тілінде сауатты іс жүргізушілердің әлеуетін едәуір көтеріп отыр. 25 іс жүргізуші синхронды аударма жасаудың арнайы оқуын оқыды.

Әрине, облыста 8 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар екенін ескерсек, жалғыз аудармашылар мен іс жүргізушілердің бұл мәселені түпкілікті шеше алмайтыны белгілі. Сондықтан мемлекеттік органдардағы аудармашы қызметін сарапшы, мемлекеттік тілдегі мәтіндердің редакторы етіп ауыстырдық. Яғни, енді қазақ тіліндегі мәтінді аудармашы емес, мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі өзі дайындап, оған тексеруге ұсынады. Мұндай тәсіл ұлтына қарамастан, барлық мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілде құжат дайындауға деген ынтасын арттырып, жауапкершілігін көтеретін болады.

Бір сөзбен айтсам, егер орталық атқарушы органдар толығымен мемлекеттік тілге бүгін көшсе де біз әзірміз. Бірақ өкінішке орай олардың дайындығын көре алмай отырмыз. Мысалы, жыл басынан бергі 8 ай ішінде министрліктерден облыс әкімі аппаратына түскен 1171 құжаттың 544 – і, немесе 46,4 пайызы ғана мемлекеттік тілде. Премьер –Министр Кеңсесінен келген құжаттардың 39,4 пайызы ғана мемлекеттік тілде. Бұл іс қағаздарының толыққанды мемлекеттік тілде жүруіне кедергі келтірері сөзсіз.

Президенттік сайлауға түсетін үміткерге қойылатын бірден-бір талап – қазақ тілін білуі. Осыған орай қоғамда «Мемлекеттік қызметке алынатын әрбір адам мемлекеттік тілді білуі шарт. «Тіл туралы» Заңға осындай өзгеріс енгізу керек» деген ұсыныс бар. Расында, Президентке қойылатын талапты неге министрге, не әкімге, мемлекеттік қызметшілерге қоя алмаймыз. Бұл ұсынысқа сіз не дейсіз?

– Ұсынысыңыз орынды, өз басым әбден құптаймын. Бәсекеге қабілетті біртұтас қоғам құру, сол арқылы әлемдік аренадан лайықты орын алуға ұмтылған еліміздің ұлы мұраттарының бірі - қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі. Ұлттың өресі өскен сайын тілінің де қадір-қасиеті айқындала бермек. Сол қасиетті тілге көп ұлтты Қазақстанның жүктеп отырған міндеттері орасан. Бұл мемлекеттің тәуелсіздігін сақтауға және мәдени құндылықтарды жетілдіруге аса қажетті әрі маңызды саясат. Ал Қазақстанның егеменді ел ретіндегі ең бірінші белгісі болып табылатын мемлекеттік тілдің қанатын кеңге жайып, барлық салаға енуінің бастауы әрі тірегі – мемлекеттік органдар десек, сол салада қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білуі тиіс деп ойлаймын.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 23-бабында: «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сай білуі қажет мамандықтар мен лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді» делінген. Заң қабылданған 1997 жылғы 11 шілдеден бері 12 жылдан астам уақыт өтті, алайда біздің қолымызда әлі бекітілген тізбе жоқ. Істің бір кілтипаны осында жатқан сияқты. Менің ойымша, оның уақыты әбден келді. Оның үстіне бұл туралы М. Құл-Мұхаммедтің ұсынысымен тиісті жұмыстар басталған, Үкіметке соны тезірек аяқтау қажет. Халықпен тікелей қарым-қатынасқа барып жұмыс істейтін мейлі мемлекеттік қызметші болсын, мейлі банк қызметшісі болсын, мейлі халыққа қызмет көрсететін басқа да орындардың қызметкерлері болсын, міндетті түрде мемлекеттік және орыс тілдерін білгені жөн. Өйткені бізде жүріп жатқан демографиялық, миграциялық үдерістер осыны талап етеді. Оны заңдылық тұрғыдан бекітуіміз қажет.

– Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «16 жылда аюға да тіл үйретуге болады», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөздері ел ішінде кеңінен тарап кетті. Президент осы арқылы тіл саясатының бағыт-бағдарын анықтап берді. Дегенмен, билікте қазақ тілін білмейтін адамдар әлі де көп. Бұл не: тілді білуге мұқтаждық жоқ па, әлде Елбасы саясатын қолдаудағы енжарлық па?

– Мұқтаждық жоқ, әрі енжарлық пен жалқаулық деп бір ауыз сөзбен жауап бере салуға болар еді. Бірақ сіздің сұрағыңыздың ауқымы кең екен. Өзіңіз атап өткендей, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген сөзі бұл – қағида, мемлекетіміздің бағдары, саясаты. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгеру кез-келген Қазақстан Республикасы азаматының міндеті, парызы болуы тиіс. Қазіргі Қазақстан –тәуелсіздік тұғырын бекіткен, әлемдік өркениет көшіне сенімді түрде қосылған мемлекет. Менің ойымша, «Қазақстанның мемлекеттік тілі – менің тілім» деген ұстаным ең бірінші билік басындағылардың ұстанымы болуы керек. Әрине, іс басындағылардың, өзіңіз айтқандай биліктегі адамдардың арасында тиісті қызметтік міндеттерін қазақ тілінде лайықты атқарып кете алатындардың аз екенін жасырмауымыз керек. Бірақ билікте жүрген бірен-саран тіл білмейтін адамдарға бола Елбасы тапсырмасы орындалмай жатыр деп күсталанудың қажеті жоқ сияқты. Қазір елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік тіл саясаты қазақ тілін оқып, үйренуге барлық жағдайды жасап отыр. Оның нақты көрінісін біздің облыстан да көруге болады. Ал жоғарыда өзіңіз айтқан жандардың санасында саңылауы болса үйренетін шығар. Өйткені менің жеке пікірім – мемлекеттік тілді білмеу – ұлтты менсінбеу. Бұл ойым тым ащы шығар, бірақ ақиқаты сол.

– Мемлекеттік тілдің мәселесі тек қазақ тілді БАҚ беттерінде ғана көтеріледі. Орыс тілді ақпарат көздері бұл тұрғыда тұшымды сөз айта алмай келеді. Орыс тілді БАҚ-тың қазақ тіліне көңіл бөлмеуін жаныашымастық деп қабылдауға бола ма?

– Сұрағыңыз өте орынды. Мемлекеттік тілдің мәселесіне 20-30 қазақ жиналып алып, сәуегейлік айтқанмен іс оңға баса қоймайды. Өйткені алғашқы тіл заңы қабылданғаннан бергі 20 жыл ішінде айтудай-ақ айтылып келеді ғой. Әрине, тіл жанашырларының жанайқайын, жүрекжарды пікірін мен жақсы түсінемін, өзім де соның ішіндемін. Жұмысымыздың тиімділігі мен пәрменділігін арттыру үшін тіл саясатының, оның ішінде мемлекеттік тілдің мәселесін орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдары көбірек насихаттағаны абзал. Қазір облыста осындай тәртіп орнаттық, тіл мәселесін қазақ газетінен гөрі орыс тілінде шығатын облыстық «Рудный Алтай» көбірек көтеретін болды. Бұл керек те қалыпты құбылыс.

Өкінішке қарай, республикалық орыс тілді басылымдарда сіз айтқандай қазақ тілінің мәселесі оқта-текте болмаса жазылмайды, жоққа тән. Бұл дұрыс емес. Меніңше оның себебін жаныашымастықтан гөрі дұрыс редакциялық саясаттың жоқтығынан әрі олардың қызметін бақылайтын тиісті мемлекеттік органдардың салиқалы басшылығының болмауынан деп бағалаған дұрыс сияқты. Ал мемлекеттік тілдің мәселесі мемлекеттік саясаттың басты бір бөлігі болғандықтан оны қазақ тілді газет бола ма, орыс тілді газет бола ма бір кісідей көтеруі тиіс деп ойлаймын.

Республикамыздың оңтүстік өңірлерінде қазақ тілінде газет шығару жолға қойылған мәселе болса, біздің өлкеде бұл біраз кенжелеп қалған. Еліміз тәуелсіздік алғалы жиырма жылға таяу уақыт өтсе де, облыстың 6 қаласы мен ауданында қазақ тілінде газет шықпайды екен. Біле-білген кісіге бұл дегенің қазақ тілді оқырманның конституциялық құқығын бұзу ғой. Қазір оны тәртіпке келтірдік, берілетін ақпараттың жартысын халық мемлекеттік тілде оқитын жағдай туғыздық. Аманшылық болса, жаңа жылға дейін өзге ұлттың өкілдері басым тұратын аудандар мен қалаларда толыққанды қазақ газеттері жұмыс істейтін болады.

Сөз орай келгенде айта кетейін, жалпы қазір қазақ баспасөзінде жақсы үрдіс қалыптасып келеді. Ең үлкен оңды құбылыс қазақ баспасөзінің демократиялық үдерістерге барған сайын белсене араласуы. Әсіресе тіл жанашыры ретінде мемлекеттік тілдің мәселесіне үлкен көңіл бөліп, жиі көрсетіп жүрген де осы қазақ газеттері. Бізде әрқашан қазақ және орыс тіліндегі баспасөз түрлерін бір-бірімен салыстыру бар. Бұл дұрыс та шығар, өйткені кез келген нәрсе салыстырумен өлшенеді.

Жалпы, тіл саясаты Елбасы айтқандай, ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған нәрсе. Дұрыс ұстамасаң, қолыңды кесіп алуың ғажап емес. Сондықтан аса маңызды бұл істе Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық бассақ», еңбегіміз далаға кете қоймас.

Әңгімеңізге рахмет.

5209 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы