• Тіл
  • 01 Қазан, 2009

«Тілі бірдің – тілегі бір»

anatili.kazgazeta.kz«Алматытелеком» ҚТО білікті мамандандырылған қызметкерлерден мемлекеттік тілді өркендетуді талап етіп қана қоймай, оның орындалуына да барлық жағдайды жасап отыр. Олар еліміздің тілдер туралы заң талаптарын орындау барысында 2003-2010 жылдарға арналған арнайы бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл бағдарлама бірнеше кезеңге бөлінген. 2006 жылдан бастап «Алматытелеком» ҚТО-да құжаттар екі тілде жүргізіліп келеді. «Алматытелеком» ҚТО-ның барлық қызметкерлері – операторлар, телеграфистер, телефонистер, байланысшылар өз кәсіби міндеттерін орындай отырып, мемлекеттік тілдің де талаптарын қатаң ұстануда. Сондай-ақ телекоммуникация саласында, яғни анықтама-ақпараттық қызметте, жарнама қызметінде, тұтынушыларға қызмет көрсету орталықтарында іс жүргізу қазақ тілінде жүзеге асырылуда. Осындай ерен еңбек пен қатаң талаптың нәтижесі де көңіл қуантарлық. Атап айтсақ, 21 қыркүйек күні Астана қаласында елімізде қызмет атқаратын ұлттық байланыс операторлары арасында «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» атты фестиваль болып өтті. Мұнда «Өнердің өзі – кино», «Мамандығым –мақтанышым» және қолөнер бойынша жарыстар болды. Осы үшеуінде де алғашқы орыннан көрінген «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері мекеме мерейін үстем етті. Осылайша Қазақстан телекоммуникациялық компанияларының қызметкерлері арасында «Қазақтелекомның» іс жүргізуі ерекше назарға ілінді.

Ал өткен аптада «Алматытелеком» ҚТО қызметкерлері арасында «Тілі бірдің – тілегі бір» атты Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай фестиваль өтті. Фестивальда Республикамызда тұратын 11 ұлттың сәлемдесу ғұрпы, салт-дәстүрлері, тағамдары таныстырылды. «Алматытелеком» ҚТО-да жиырмадан аса ұлт өкілдері қызмет атқарады. Соған қарамастан осы көп ұлтты ұжым тату-тәтті еңбек етуде. Олардың басын біріктіретін басты құрал – тіл. Яғни, біздің мемлекеттік тіліміз. Біздің мекемеде қызмет атқаратын қайсыбір ұлт өкілін алсақ та қазақ тілін жетік меңгерген. Осыдан бірер жыл бұрын оларға қазақша сөйлесең одырая қарайтын. Қазір ол күн өтті. Олар жиналыстарда ешқандай аудармасыз-ақ бәрін түсінеді. Біздің мекемеде іс жүргізушілердің «Мемлекеттік тіл – менің қызметімде» атты фестивальдар, құрылымдық бөлімшелер арасында өтетін қабырға газеттері конкурстарын өткізу қарапайым дәстүрге айналып отыр. Мұндай фестивальдар біздің өзара түсіністігімізді нығайтып, көп ұлтты Алматылық байланысшылар ұжымының мемлекеттік тілге деген құрметін арттыра беретініне сенімдімін», - деп «Алматытелеком» ҚТО Бас директоры Шерхан Раздықов өз ойымен бөлісті. Ал «Қазақтелеком» АҚ орталық аппаратының ұйымдастыру-бақылау департаментінің мемлекеттік тілді үйлестіру жөніндегі менеджері Гүлшаһар Селақынқызы өздерінің мұндай жетістікке жетуі басшылардың арқасында екенін айтады. «Қазақтелекомдағы» басқарма төрағасынан бастап мемлекеттік тілге оң көзқараспен қарап отыр. Осының нәтижесінде 22 қыркүйек күні Астанада депутаттармен өткен кеңесте еліміздегі ұлттық операторлар арасынан «Қазақтелекомның» іс-тәжірибесі, шығарған әдістемелік оқу құралдары өзгелерге үлгі боларлақ деңгейде екені ерекше аталды. Байланыс салсында күрделі технологиялық терминдер көп. Біздің кәсіпорын салалық терминдерді қалыптастыруда үлкен жұмыстар тындырды. Осы уақытқа дейін 4 мыңнан аса терминді мемлекеттік терминологиялық комиссияның қарауына ұсынып бекіттік», - деп Г.Селақынқызы өз жұмыстарынан хабардар етті.

Бұл фестивальға қатысқан өзге ұлт өкілдері тек өздерінің ұлттық ерекшеліктерін ғана көрсетіп қоймай, мемлекеттік тілге деген құрметтерін де танытты. Олардың кейбірін сөзге тартқанымызда «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болған соң оны білу әрқайсысымыздың басты міндетіміз» дейді. Осылайша «Алматытелеком» қызметкерлері арасында өткен фестиваль да өз мәресіне жетіп, айырықша өнер көрсеткен және белсенді қатысқан қызметкерлер құрмет грамотасымен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Фестиваль қорытындысында сөз алған Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Нұрмұха Рысбайұлы үлкен мәдени ошақтардың ортасы Алматы қаласындағы көптеген мекемелермен салыстырғанда «Алматытелеком» ҚТО-ның мемлекеттік тілді өркендетуде көш ілгері келе жатқанын атап өтті. Осылайша ең бастысы мемлекеттік тілге деген көзқарас пен ниет дұрыс болса, алынбайтын қамал жоқтығын «Алматытелекомдықтар» тағы бір мәрте дәлелдеді.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

4430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы