• Мәдениет
  • 22 Қаңтар, 2009

Жезкиік – ғұмыр

Халқымыз таланты ерек, болмысы бөлек дарындыларға қашанда кенде емес. Әр заманда да ел көшін алға сүйреген өр тұлғалы азаматтар болған. Сондай ерен тұлғаның бірі, есімін ерекше ілтипатпен айтуға болатын, қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ақын Кәкімбек Салықов.

Ақын ағаның есімін ең алғаш Алматыда институтта оқып жүргенде газет-журнал беттерінде жиі жарияланған жырлары арқылы біле бастадым. Одан кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, туған елге оралғанда, Жезқазған-Ұлытау өңірінде атқарған өнегелі істерін көріп өзіме өнеге тұттым. Оның себебі де бар. Әлі күнге есімде. Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңғы ширегінде Жезқазғанда мыс зауыты жаңадан бой көтерді. Қазандай қайнаған жез ортасы. Күн аптаған ыстық. Дәл осы мезгілде әуежайдан түсіп, автобуспен Жезді арқылы Ұлытауға қарай бағыт алғанда, көк желекпен көмкерілген шағын кенішті көріп, таңданып қалдым. Жанымда отырған бөгде жанға «Бұл қай жер?» деп сауал қойдым. Ол жылы жүзбен «Кәкімбек Салықов ағаң басқарған шахта ғой» деді. Елең ете қалдым. Көз алдыма аяулы ағаның жылы жүзді бейнесі келді.

1972 жылы Ұлытау ауданы ашылды. Ол уақытта шаруашылықтарға әр науқан кезінде қаладан, кеніштерден көмекке арнайы жұмыскерлер келіп, машиналар бөлінетін. Сондай бір күздің қарбалас шағында Алғабас кеңшарының Кішкенекөл бөлімшесінде болатынмын. Күн жауын. Қырманда астық көп жиналған. Ымырт үйіріле кішкене қоста бір күнгі атқарған істі қорытындылап жатсақ, үстіне сары плащ киген бір кісі кіріп, есепшіден «қаладан қанша машина астық тасуға келді, қашан астық әкетті?» деп мәліметтер сұрай бастады. Жігіттер абыржып айта бастаған соң бұл кісі кім десек, «Жезқазған қаласының бірінші хатшысы Салықов қой» дейді. Сонда 200 шақырым жайдақ дала жолмен жауында арнайы келіп, атқарылып жатқан істі көзбен көріп, бақылап кетеді. Бір басында қаншама жауапкершілік істері бола тұра, алтын уақытын қиып, шалғай ауылға ат ізін салуы азаматтықтың биік үлгісі десе де болар еді.

Кезінде ақын ағасы Сәкеннің Арқаның кербез сұлу Көкшетауы деп жырға қосқан Көкше өңіріндегі сал-серілер өмірінен үлгі алып, кәусар жырларды жасынан жаттап, жадында сақтап өскен Кәкеңнің шабыттанғанда «мен ақындар еліненмін» деуі де орынды. Өзгесін былай қойғанда Үкілі Ыбырайдың өзі неге тұрады? Сол Ыбырай жырларын сала-салаға саралай айтуда, таразылай тартуда Кәкімбектен білгір, Кәкімбектен жүйрікті кім біліпті? Осы ретте Үкілі Ыбырайдың туған жиені Тайжан ақынның татымды да, тұшымды жырларын Кәкең Ұлытаудың өзінде де дүбірлете түсуіне мол мүмкіндік алғанын да айта кеткен жөн болар. Көкше мен Ұлытаудың қасиеттері қанына дарыған Кәкімбектің жаны да, ойы да сұлу, сұңғыла болуының түп негізінің өзі де осы туған тауы мен өскен ортасының тегінде жатқандай әсер береді.

Көкше еліндегі Қаныштың ізін басып шыққан Кәкең, Кәкімбек аға Мәскеуде оқып жүргенде Ұлытаудан сонда білім іздеп барған Тайжанның баласы Жәлелмен табысып, танысып, Үкілі Ыбырай мен Тайжан есімдерін қатар айтатын болды. Бұл әрине, оның кейініректе Тайжан туралы жазған көлемді шығармасының сонау 50-ші жылдардың басында-ақ басталғаннан хабар береді. Бала кездегі көңіл көкжиегі Көкшеден қаулай ұшып Ұлытауға қонғанда бұрынғыдан да биіктеп, еңселеніп өсе түсті.

Жеті қат жер астындағы бар байлығын елінің игілігіне арнаған, Жезқазғанның шыңырау кеніштеріндегі ғұлама ғалым Қаныш бастаған істі Кәкімбектің жалғастыруы сол өңірдегі ауыл ақсақалдарының әдемі әңгімесіне өзекті арқау болды.

«Қаныштың інісі екен», «Ыбырайдың туысы екен», «Тайжанға нағашы екен» деген сөздер Кәкімбек ақынды елге бұрынғыдан да жақындата түсті. Қаныштың көзін көргендер Кәкімбекке қарап, көңілдері толды. Мақтауға да, мақтануға да лайықты ұлдың өз орталарына келгеніне, елге еңбегін бергеніне мәртебелері өскен кеншілер Кәкімбектің алғашқы жырларының оқырмандары болып, оны жүректерімен жылы қабылдады.

Ұлытауды көтеруге алғашқылардың бірі болып үн қатқан да осы Кәкең болатын. Атақ-даңқы шарықтап, абыройы өсіп, ел құрметіне бөленген Кәкеңнің өзін осы Ұлытау арқылы біліп, таныдым. Шындығы да солай. Жырларын сүйіп оқып, әндерін беріліп тыңдап жүрсем, ақын ағаның өзімен жақыннан кездесіп, табақтас, дәмдес болуым сөз жоқ Ұлытаудың қасиеті. Қызмет жағдайында сан рет кездесіп, келелі мәселелерді кең отырып шешкен сәттер әлі күнге көз алдымда. Қандай жағдайда болса да, Ұлытаудың аты аталғанда Кәкең елең етпей қалмайды. «Ұлытау дегеніміз ұлтымыз емес пе?» деп мәселені тікесінен қояды. Бұл да болса ақынға тән асыл қасиет. Жезқазған қаласын басқарған жылдары Ұлытауды қаланың бір бөлшегіндей көрді. Күнделікті ісінде Ұлытаудың жағдайын қадағалап отырды. Село орталығынан шағын аудан салынар сәтте қаладағы барлық құрылыс орындары басшыларын өзі бастап келіп, жаңа орынды таңдауда, ауданның көрікті, көлемді болуын басшылыққа алды. Қазақтың біртуар ұлы араласқан іс абыройлы болды. Бір жазда тұтас шағын аудан салынды. Бұл айтуға жеңіл болғанмен қаншама төгілген тер, жұқарған жүйке десеңізші. Бүгінде Ұлытауға барған сайын тартылған электр желісінен бастап, салынған жол, байланыс үйі, аурухана ғимараттары, мәдениет сарайы ... бәрі-бәрі Кәкімбектің аудан халқына сол кездегі жасаған үлкен көмегі деген сөз ойға орала береді. Аудан орталығындағы ауыз су құбырын тартудағы, қиыншылықтарды кешудегі Кәкеңнің табандылығы бүгінгі көп жастарға үлгі-өнеге боларлық. Сол жылдары «Ұлытау өркениетке бір қадам жақындап қалды» деп ауылдағылар әзіл айтатын. Әзіл болса да осында көп шындық жатты. Ал кейін 1973 жылы Жезқазған өз алдына бөлек облыс болғанда облыс басшыларының бірі ретінде Кәкең Ұлытауды жеке өзінің қадағалауында ұстап, әр іске әділ бағасын беріп тұрды.

Кәкеңнің «Атамекеніміз – ән мен күйдің ауылы болатын. «Қайда тудың?» дегенде ән құшағында тудым дер едім» деген сөздеріне мән беріп қарасаң Арқаның кербез сұлу Көкшетауында туып, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай әуендерімен тербеліп өсіп, Көкше өңіріндегі сал-серілер, әнші- бишілер өмірінен үлгі алып, табиғаттың таңғажайып өңірінде жетілгендіктен есін біле бастағаннан бастап ән мен күйге, ақындыққа бейімділігін, құштарлығын көреміз.

«Қилы, қилы ойға шомылдырған толғанысты себептермен өлең шабыты ерте оянды. Тоғызыншы сыныпта жүргенде өлеңдерім газеттерде жариялана бастады. Анамның ақ сүтімен дарыған киелі өнер өмірлік жан серігім болып кетті. Өмірден ерте өткен ата-анамның маған берген еншісі де өлең шығар» деп кейде толғанады ақын.

Еліміздің 60-тан астам композиторлары Кәкеңнің 500-ден астам өлеңдеріне ән шығарыпты. Әсіресе ұлытаулық Жақсыгелді Сейіловпен бірге шығарған «Жезкиік» әні 70-жылдары ақын атағын елге паш етті. Қазақ елінің сыртында Орта Азия және шет елдерге жетіп, орысша, өзбекше, тәжік, т.б. тілдерге аударылды.

Ақынның өмір жолына үңілсек. Табиғаты – ақын, мамандығы – тау-кен инженері. 1955 жылы Мәскеудің «Түсті металдар мен алтын» институтын бітіріп, Жезқазғанда Қаныш ағасының жолын қуып комбинатта 20 жылдай жұмыс істеді. Жұмысты қатардағы шахта инженерінен бастап шахта бастығы, одан кейін Жезқазған комбинатында партком хатшысы, одан кейін Жезқазған қаласының бірінші хатшысы, Жезқазған облысы ашылғанда облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болды.

Қ.Салықовтың еңбегі лайықты бағаланып, бірнеше ордендермен марапатталды. Ақын Жезқазған, Сәтбаев, Көкшетау, Астана қалаларының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Қашан көрсең де ат үстінде ерен шабытпен, қажырлы қайратпен мәнді шығармаларын ел алдына жайып салуға дайын жүрген ағамызға шаршаған кезінде аялы алақан мен аяулы мінезімен сүйеу болып жүрген Мариям апамыз. Ағамен бірге балаларын өсіріп, немерелерінің қызық-қуанышына кенелген апамыз қашан көрсең де мейірбанды, ақжарқын, кішіпейіл. Бұл кісінің білімі мен ұлағаты да бір басына жетерлік.

Кәкімбек аға туралы көп айтуға болар еді. Бұл асыл азамат жөнінде алда жазылар ұзақ әңгіменің басы ғана. Еліне елеулі қызмет етіп келе жатқан Кәкеңдей қайраткер ағамыздың барлығы – үлкен мақтаныш.

Серік Тілеубаев,

ҚР Мәдениет қайраткері

3727 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы