• Ақпарат
  • 08 Қазан, 2009

ҚАРАР:

«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 20 жыл толуына орай Астана қаласында 2009 жылдың 22-қыркүйегінде өткен «Қазіргі қоғам және мемлекеттік тіл» атты конференцияда жасалған баяндамалар мен жарыссөздер барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар бойынша қабылданған ҚАРАР:

Қазіргі Қазақстан қоғамы жаңа саяси-әлеуметтік өзгерістер, әлемдік жаһандану кезеңіне аяқ басып отыр. Әлемнің барлық елдерін қамтыған ғаламдық өзгерістер бөлшектенуді емес, бірігуді қажет етеді, бірақ мұның өзі алдымызға «ол бірлік қалай болуға тиіс, орталықтандырылған біркелкілік пе әлде сан алуан ұлттық дәстүрлер мен мәдениеттер орын алатын бірлік пе?» деген сауалдарды көлденең тартуда. Мұндай бірлікке ірі державалар арасында қатаң бөліске түскен дүниеде емес, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар ұлттар мен ұлыстардан құралған жағдайда қол жететін болады. Сондықтан жаһандану үдерісі алдымызға қойып отырған талаптар үдесінен шығу үшін ұлттың интеллектуалдық және рухани әлеуетін барынша толық жүзеге асыру қажет. Республиканың тіл құрылысы саласындағы саясаты ең алдымен, міне, осыған бағытталуға тиіс. Қазақ елі ұлттық түлеу міндетін төлтума мәдениетінің бастауындағы оң жетістіктерді дүниежүзілік өркениет жинақтаған озық дүниелермен ұштастыра отырып шешуі қажет деп санаймыз. Өйткені, ұлт өзін әлемге тек тіл арқылы ғана емес, сонымен бірге тұтас мәдениетпен, атап айтқанда, ғылым мен философия, құқық пен мемлекеттілік, ізгілік пен дін, өнер мен техника арқылы білдіреді. Ана тілі және сол тілде пайда болған шығармалар – ұлттың ең жанды да икемді, ең нәзік те айбатты бейнесі болып табылады.

Осы аталған және өзге де маңызды мәселелер төңірегіндегі жан-жақты пікір алысу барысында айтылған ұсыныс-тілектерді ескере келіп, конференцияға қатысушылар төмендегідей Қарар қабылдады:

1. Мемлекеттік басқару тетіктерінің, құқықтық және заңнамалық құжаттар әлеуетінің тіл саясаты саласында барынша толық жүзеге асырылуына қол жеткізілсін.

2. Қазақстан Республикасы Президентінен қазіргі Тіл комитетін дербес қызмет ететін Тіл агенттігіне айналдыру мәселесін қарау жөнінде сұралсын.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметінен, Қазақстан Республикасының Парламентінен «Мемлекеттік тіл туралы», «Ономастика туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобаларын әзірлеп, қабылдау мәселелерін оң шешу, Қазақстан Конституциясының 7-бабының «2. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген 2-тармағын қайта қарау қажеттігі туралы сұралсын.

4. Қазақстан Республикасының Үкіметіне:

1) қазақ тілінде хабар тарататын жаңа телеарна ашу;

2) Тіл туралы мемлекеттік бағдарламаның талаптарына сәйкес мемлекеттік мекемелердің іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру кестесінің сақталуын қадағалау;

3) ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін қазақ тілінің емле ережелеріне сай ресімдеу мәселелерін бірізге түсіру;

4) 2000 жылғы 25 ақпандағы «Білім беру ұйымдары жүйесінің мемлекеттік кепілді нормативі» деген № 300 қаулысын қайта қарау немесе күшін жою мәселелерін шешу сұралсын. Өйткені осы қаулы орта білім беру жүйесін ұйымдастыруға едәуір қиындық туғызып отыр.

5. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының халықаралық саладағы байланыстары жандандырылып, жолға қойылсын. Шет елдердегі, соның ішінде Еуропа елдеріндегі, Израилдегі, Малайзиядағы, Жапониядағы мемлекеттік тілге қатысты қолданыстағы озық тәжірибелерді терең пайымдап, електен өткізу мақсатымен дипломатиялық арналар мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылатын болсын.

6. Қазақстан Республикасының Үкіметінен Конституцияның 5-бабын басшылыққа ала отырып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын республикалық мемлекеттік бюджеттің шығыс бабына енгізу сұралсын.

7. Түркі тілдес мемлекеттермен тіл мәселесі бойынша келісілген саясат

жүргізуге қол жеткізу мүмкіндіктері қарастырылсын. Бұл үшін Қазақстан Республикасының славян жазуынан (кириллица) латын әліпбиіне көшу бастамасына және осы бағыттағы іс-шараларына қолдау көрсетілсін. Түркі халықтарына ортақ терминқор қалыптастыру жолдары қарастырылсын.

8. Қазақ тілі ХХІ ақпараттық технологиялар ғасырының талаптарына сай өркендеуі қажет. Бұл үшін жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың, ғалымдар мен мамандардың күш-жігері:

- қазақ тілін жаңа технология тіліне айналдыру;

- қазақ тілін қашықтан оқыту технологиясын жасау

сияқты теориялық және технологиялық мәселелерді шешуге мән берілсін.

9. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық және қалалық ұйымдары осы конференцияда жасалған баяндамалардағы ұсыныс-тілектер мен жарыссөз барысындағы ой-пікірлерді ескере отырып, мынадай мәселелерді:

1) Қоғамға қарасты баспасөз құралдары – «Қазақ елі», «Кітап жаршысы» газеттерінің, «Білім және ғылым» және «Денсаулық» журналдарының таралымын арттыру, «Қазақ тілі», «Арыс» баспаларының тілге қатысты баспа өнімдерін тарату;

2) Қоғамның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстарын 2010 жылдың мамырына дейін Қоғамның Орталық аппаратына жіберу;

3) жергілікті жерлердегі тілдік ахуалға әлеуметтік зерттеу жүргізе отырып, Қоғамның орталық аппаратына ұсыныстар беру мәселелерін қолға алсын.

Конференция делегаттары

3447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы