• Тіл
  • 08 Қазан, 2009

«Халқын сыйлай білсең, тілін үйрену оңай»

Өткен аптада Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік тұғыры» атты онкүндік іс-шараның қорытындысы болып өтті. «Бұл ұйымдастырылып отырған онкүндіктің мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуының 20 жылдық мерейтойының аясында студенттер арасында тілдің қолданысын дамытуға үлес қосу. Он күн бойы студенттер арасында «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы...» атты көркем сөз оқу шеберлері сайысы, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты пікірсайыс, «Мемлекеттік тіл – достық дәнекері» атты шығармашылық жұмыстар байқауы, патриоттық әндер байқауы өткізіліп, өздеріңіз көріп отырғандай жақсы нәтижеге қол жеткіздік», - дейді филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Пірәлиева.

Қорытынды кештің алдында көрермендер назарына осы онкүндіктің соңғы белесі – «Тіл аруы» байқауы ұсынылды. Әр факультеттен таңдап алынған өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде бес кезеңнен тұратын сайысқа түсті. Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен ұйғыр қызы Худайбердиева Нигара бірінші орынды, орыс қызы Харьковская Кристина екінші жүлдені, кәріс қызы Хан Лилия үшінші орынды қанжығаларына байлады. Хаджиева Зизак, Джуманова Зульфия, Махрединова Баһаргүл, Шарипова Анфиса – төрт номинация бойынша үздік шығып, арулардың бәріне бағалы сый-сияпат тапсырылды. Байқауға қатысушылардың барлығы да ұлты өзге болғандығына қарамастан қазақ тілінде таза сөйлеп, мақал-мәтелді жатқа айтып, көрермендер ықыласына бөленді. «Халқын сыйлай білсең, тілін үйрену оңай», - дейді олар бірауыздан.

Онкүндіктің қорытындысында өнерімен көзге түскен студенттер және осы іс-шараның өз деңгейінде өтуіне атсалысып, белсенділік танытқан факультеттер университет басшылығының грамотасымен марапатталып, кештің соңы концертке ұласты.

3164 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы