• Әдебиет
  • 22 Қаңтар, 2009

Түсіністік табысқа жетелейді

Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жеткерген Арзықұлов:

Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымының докторы, Ресей Медицина Ғылым Академиясының академигі Жеткерген Әнесұлы Арзықұловпен болған жүздесуде осы мекеменің атқарып жатқан не алдағы уақытта тындырар жұмыстары жөнінде емес, осындағы мемлекеттік тілдің хал-ахуалы хақында әңгіме өрбіттік.

– Бізге келетін журналистер негізінен жұмысымыз туралы сұрайтын, – деді Жеткерген Әнесұлы әңгімеміздің әлқисасында.

– Жәке, бұл жерге жайдан-жай ат басын тіреп отырған жоқпыз. Көпшіліктен жақсы пікір естідік. Мекемеде мемлекеттік тілге байланысты оң көзқарас қалыптасқандығы, қазақ тілінің жанашырлары көп екендігі жайлы айтылады. Қол жеткен табыстар оңайлықпен келмеген болар.

– Әр саланың өз ерекшелігі бар. Медицина да басқаларға ұқсамайды. Бізде күні кешеге дейін орыс тілінің ықпалы басым болды. Қазір де толық арылып кеттік деп айта алмаймыз. Бұл түсінікті де. Медициналық оқу орындарында сабақ орыс тілінде жүрді. Оқулықтар да орыс тілінде. Бұған елде жүргізілген саясатты қосыңыз. Былайша айтқанда бас көтеруге мұрсат берген жоқ.

Осы жағдайлардың барлығы мекемедегі азаматтарға түсіндірілді. Біз бұл әңгімені ресми етіп жиналыстарда, жиындарда көтерген жоқпыз. Демалыс сәтін пайдаланып, шай ішіп отырып еркін әңгімелестік. Әңгіме үстінде уақыттың өзгергендігі, жеке, тәуелсіз ел болғандығымыз, мемлекеттік тілді өркендетуге мүмкіндіктің барлығы, бұл бағытта ешкімнің де кедергі жасамайтындығы, басқасын айтпағанда заң-шешімдерді жүзеге асыру міндетіміз екендігі сөз болды.

Реті келгенде мына жайтты да айта кетейік. Біздегі мамандардың білімі мен біліктілігі ешкімнен осал емес. Өз кәсіптерінің жүйріктері. Сонымен қатар орыс тіліне жетік. Ал, қазақшаға келгенде бірқатарының тіл байлықтары жетіңкіремей жатады. Жұртшылық жақсы білуі тиіс, бізге көбіне науқастар өңірлерден, ауылдық жерлерден келеді. Олардың дені өз ұлтымыздың өкілдері. Олармен қазақша сөйлесу керек, қазақша кеңес-түсінік беру керек. Дәрігер үшін ең үлкен парыз – сырқаттың көңілінен шыға білу. Жылы лебіздің өзі қандай да дәрі-дәрмектен әлденеше есе артық. Заң-қаулыларды айтпағанда күнделікті жұмысымыздың өзі қазақ тілін терең білуімізді талап етеді. Бұл туралы да әріптестеріме кеңінен айтылды.

Бір жақсысы мекеме қызметкерлері дұрыс түсінді. Сөйтіп, мемлекеттік тілді орнықтыруға білек түре кірісіп кеттік. Күнделікті клиникалық конференция, ғылыми кеңестер қазақша өте бастады.

Басшы атың болғаннан кейін басқаларға үлгі-өнеге көрсету – міндет. Бұрыннан да қазақшадан құралақан емеспіз. Соны ары қарай жетілдіріп, толықтыру керек болды. Осы үшін де күнде жарты сағат уақыт тауып, тілді тереңірек үйренуге күш салдым. Өлең-әңгімелерді дауыстап оқуды дағдыға айналдырдым. Бұл тәсілдің де тигізер көмегі зор екен.

– Сіздерде қазақтан басқа өзге де ұлт өкілдері қызмет етеді. Олар орысша сөйлеп әбден қалыптасқан. Мекеменің мемлекеттік тілге бетбұрысын ол әріптестеріңіз қалай қабылдады?

– Негізі, адам қанша тіл білсе де артықтық етпейді. Сол сияқты орыс тілін білгеннен пайда көрмесек зиян шекпесіміз хақ. Оның үстіне біздің мекеме қызметкерлері үшін бұл тіл жанымызға жақынырақ. Біразымыз Ресейде оқып, білімімізді жетілдірдік. Ол жақтан жақсы дос, жолдас таптық. Ресейдегі академик Блохин атындағы онкологиялық ғылыми орталық ТМД, тіпті, Еуропа көлеміне әйгілі. Аталмыш орталық өз саласында мол тәжірибе жинақтаған. Мен өзім де сол жерде тәжірибеден өттім. Докторлық диссертациямды сонда қорғадым. Михаил Иванович Давыдов секілді мықты хирург, ақылшы азамат таптым. Алғаш кездескенде ол жоғарыда әңгіме еткен орталықтың аға ғылыми қызметкері еді. Одан кейін өсіп, жауапты қызметтер атқарды. Бұл күнде Ресейдегі Медицина Ғылым Академиясының президенті. Әлі күнге дейін үзбей хабарласып, байланыс жасап тұрамыз.

Біздегі орыс ағайындарға келсек олар да мәселенің маңызын түсінді деп ойлаймын. Істің нәтижесі сәлемдесуден-ақ байқалды. Қазақша «Аман-есенсіз бе?» деген сөзді еститін болдық. Әрине, олардың бәрі көтерілген әңгімені толық қолдап кетті деп айта алмаймын. Бұрынғы психологиямен жүргендер бар. Бұдан әрине олар ұтылмаса – ұтпайды. Адам қанша тіл білсе оның мүмкіндігі де сонша көп. Ондай адам жүрген ортасында абыройлы, беделді. Қызметте өсуде де ол адамға кең жол ашылады. Сондықтан да мемлекеттік тілдің орнын дәл қазір түсінбей жүргендер келе-келе қателіктерін сезініп, бәрі де орнына келеді деп ойлаймын.

Біздің жұмыста алдыңғы кезекке қойылатыны – маманның біліктілігі, кәсібін қаншалықты меңгере білгендігі. Тіл білмегеніне қарап қысым көрсетіп, шеттете алмаймыз. Онымыз адамгершілікке де жатпас. Жаңа атап кеткендей бәрі-бір де Қазақ елінде тұрғаннан кейін өмірдің өзі қазақ тілін – мемлекеттік тілді білуді талап етеді.

Ана бір жылдары бірқатар отандастарымыз өздерінің тарихи отандарына қоныс аударғанда көшу себебін тілге әкеліп тірепті. «Зорлықпен тіл үйретіп жатыр» дегенді айтады екен. Мұнысы әрине шындыққа сай емес. Осылай айтса ағайынға жағады-мыс.

Менде мынадай да ой бар. Қазақ тілін білудің қажеттігі туралы үгіт-насихатты ішіміздегі орыс тілділердің өздеріне жүргіздіру керек. Сонда әлгіндей жөн-жосықсыз айтылатын әңгіменің мұртына балта шабылады деп ойлаймын.

– Сіздің сөзіңізден аңғарылатыны түсінік, түсіністік жайына көбірек көңіл бөлетініңіз. Тіл саясатын осы қағиданы нысанаға алып жүргізгенді қалайтын сияқтысыз...

– Тіл – нәзік әрі күрделі мәселе. Бұл шаруа күшпен, зорлық-зомбылықпен атқарылмайды. Олай жасалса қарсылық көбейеді. Дұрыс нәрсенің өзін ай-күннің аманында бүлдіріп алуымыз мүмкін. Сондықтан қандай шаруаны да түсінісе, ұғыныса, келісе атқарғанға ештеңе жетпейді. Дәл осындай қимыл-қарекет тіл саясатында өте қажет.

– Столыңыздың үстінде қызмет қағаздарымен қатар қазақтың үш биі – Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің нақыл сөздері жазылған парақтарды да көріп отырмыз. Жұмыс барысында пайдасы болды-ау, сірә?

– Бабаларымыздан сөз қалмаған. Қалай өмір сүру керектігін даналарымыз соқырға таяқ ұстатқандай айтып кеткен. Уақытым болса билердің, ақын-жыраулардың айтқандарын ой елегімнен өткіземін. Қызметте, өмірде ол сөздердің тигізіп жүрген пайдасы зор.

Тіліміздің, дәстүріміз бен өнеріміздің, жалпы өміріміздің өсіп-өркендеуі қазақтың өзіне байланысты. Одақтан бөлініп, жеке ел болып шыққанда қазақтың қолынан ештеңе келмейтіндей көрінген. Бізді көре алмайтындар қателесті. Қазақтың аты қазір әлемге аян. Қазақ – ақылды, дана халық. Әрине, Абай айтқан кемшіліктерден ада емес екеніміз де рас. Самарқаулығымыздан, жайбасарлығымыздан арылсақ талай биіктерді бағындыратынымыз күмәнсіз.

Нұрперзент Домбай

3139 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы