• Тұлға
  • 08 Қазан, 2009

ҚАЙРАТКЕР КІСЕГЕ – ҚАБЫРҒАЛЫ ІС СЫНШЫ

www.anatili.kazgazeta.kzҚазМУ– 75 жыл

Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Бақытжан Жұмағұловпен «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалиннің сұхбаты

Ағалар дәстүрінің алтын соқпағы

– Бақытжан Тұрсынұлы, ұлтымыздың орынды мақтанышына айналған, білім мен ғылымның қасиетті қарашаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар керуеннің эстафетасы біріне-бірі лайықты жалғасын тауып келеді. Мерейтой өткізу айтуға ғана оңай. Ал бетпе-бет келгенде ол қыруар күш-жігерді талап етеді. Оған жыл басынан бері университетте өткізіліп жатқан кездесулер мен конференциялар, алуан мәдени іс-шаралар, қолға алған күрделі жөндеу жұмыстары мен жаңадан бой көтерген оқу ғимараттарының сән түзеуі айқын көз жеткізсе керек. Мұның бәрі, әрине, кешегісіз бүгін жоқ демекші, ҚазҰУ-де қалыптасқан дәстүр сабақтастығының бір айқын көрінісі деп те білуге болар. Жалпы, ұлттық университетіміздің өткені мен бүгінгінсін салыстыра салмақтай отырып жеткен жетістіктер мен межелерге ой жүгіртіп өтсеңіз.

Әлем­дік деңгейдегі білім ордаларының бірінен саналатын қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тамыры тереңде, тарихы бай. Бастауы сонау қазақ халқының басына бұлт үйірілген ХХ ғасырдың ширегіндегі дүрбелеңмен сәйкес келеді. Өткеннен сабақ ала отырып алға ұмтылу парыз десек, кеңестік дәуірдің білім-ғылым саласына тигізген пайдасын жоққа шығара алмасақ керек. Қоғам дамуына қарай жаңа қазақ зиялы қауымы да қалыптасты.

“Ел – бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін” деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айт­қандай, бүгініне емес, ертеңіне зейін қой­ған сол азаматтардың тілек-талабы ескеріліп, 1933 жылдың 20 қазанында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі “Қа­зақстан үшін кадрлар дайындау туралы” деген арнайы қаулы қабылдайды. Сол құжат негізінде Алматыда Қазақ мемлекеттік университетін құру туралы шешім шы­ғады. 1934 жылдың 15 қаңтары Қазақ мем­лекеттік университетінің ашылған күні болып белгіленеді. Сөйтіп, Физика-математика, биология факультеттерінде сабақ басталады.

Іс тетігін білетін, жұмысқа ұйытқы бо­лып ұйымдастыра алатын мықты кадрлар әзірлеу мақсатында бірте-бірте факуль­тет­тер ашыла бастайды. Гуманитарлық сала бойынша да қажеттіліктер ескеріліп, төрт жылдық шет тілдер, филология факультеті құрылып, үш кафедра жұмысқа кірісіпті. 1941 жылы жаңа гуманитарлық-журналистика факультеті құрылған екен. Содан бері де 70 жылдай уақыт өтті.

Қадамы ашылып, қанаты қатайып, мұғалімдер қатары толығып, оң мен солын бағдарлай бастаған тұста, яғни 1941 жылдың қарсаңында факультеттердің құ­ра­­мында 23 кафедра жұмыс істеп, 40-тан астам қызметкер ғылымның әр саласынан зерттеулерін аяқтаған. 2 док­торлық және 5 кандидаттық диссер­тация қорғауға әзір болған. Тарихтың алуан жолы­на назар аударсаң, бұл университеттің қалыптасу кезеңіндегі көпсалалы білім мен білікті кадр дайындаудағы қарымына қанық боласың. ҚазҰУ өз елімізде ғана емес, дүниежүзіне белгілі болып, көшбас­шылыққа жеткенін көресің. Бұл сол тұстағы басшылық пен оқытушы мұғалім­дердің, студенттердің бір мақсат, бір міндет аясына жұмыла алғанын аңғартса керек.

Жоғары білім алуға талпынған жастарға жағдай жасау мақсатында 1959-1965 жылдары 120 мың шаршы метрлік ғимараттар кешенін, 1200 орындық сту­денттер жатақханаларын және оқытушы­ларға арналған екі тұрғын үй салу қарас­тырылады. Алғашында санаулы ғана жас­тармен жұмыс бастаған білім ордасында студенттер саны уақыт өте келе 8950 адам­ға жетіпті. Оларға тиянақты білім беру үшін 5 ғылыми-зерттеу зертханасын, есептеу орталығын және университет баспаханасын ашу көзделеді. Сөйтіп, 1960 жылдардың бас кезінде ҚазҰУ өз даму жолында жаңа кезеңге аяқ басады.

Егеменді ел болған тұсымыздан бері ол Қазақ ұлттық университетіне айналып, оған деген көзқарас айқындала түсті.Дамудың даралығына түскен университет бүгінгі күнде қандай жаңа бағыттарды межелеп отыр дегенде, төмендегі жағдайларды атаған орынды.

1998 жылы ҚазҰУ жастарымен болған кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім орны элиталық университетке айналуы қажет деген пікір білдірген еді. Бұл қазір күн санап, өз шешімін тауып ке­леді. Біз осы үрдісті дәл қазір ұтымды пай­далана отырып, басты мақсатта­ры­мызды жүзеге асыра бастадық. Өткен жыл­дың мамыр айында болған Ғылыми кеңесте 2009-2011 жылдарға арналған универси­тет­тің жаңа даму стратегиясы қабыл­дан­ды. Ол үш басты бағыттан тұрады. Оның біріншісі – менеджменттің барлық деңгейін түбегейлі жетілдіру, екіншісі – мамандарды халықаралық талаптарға сай даярлау, үшіншісі – ғылыми-иннова­циялық инфрақұрылымды жетілдіру. Әл-Фараби университеті аталған страте­гиясын біртіндеп жүзеге асыра бастады. Өткен жылы әлемдік тәжірибеде орныққан ИНТРАНЕТ компьютерлік-коммуникациялық желісіне негізделген оқытудың кредиттік жүйесін сөз жүзінде емес, іс үстінде дәйектеп шықтық.

Өткен жыл – университет үшін бар­лық жағынан серпіліс жылы болды десек, жарасатын тәрізді. Тұңғыш рет PhD философия докторлары бітірді. Осылайша ҚазҰУ ТМД елдерінің арасынан бірінші болып халықаралық стандартқа сай кадр­ларды даярлаудың үш сатылы деңгейін игерді. 2008 жылдың қараша айында университет француздың “Bureau Verіtas certіfіcatіon” сертификаттау органының ак­кре­диттеуінен табысты өтсе, білім орда­сы қазақстандық жоғары оқу орын­дарының бас рейтингінде тағы да бірінші орынға көтеріліп, абыройымыз асқанын мақтанышпен айтуға болады.

Ең алдымен айтарым, біздің мақтаны­шымыз – адам, адам капиталы. Бүгінгі таңда университетте екі мыңнан аса білік­ті оқытушы жұмыс істейді, олардың ішін­де, мыңнан аса ғылым докторы мен кан­ди­даты, жүзден аса академик пен елу шақты философия докторлары бар. Басты міндет-мақсатымыз бәсекеге қабілетті, әлемдік талапқа жауап бере алатын маман дайындау. Осы істі ілгерілете отырып, көшбасшылық дәрежені биіктен көрсетіп, университет дипломының әлемдік деңгейде мойындалуын қамтамасыз ету басты бағытымыз болмақ. Біз түлектерімізге шетелдердегі алдыңғы қа­тар­лы оқу орындарымен келісім жасай отырып, екі диплом беру мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Шетелдік оқу орын­да­рына сүйене бермей, олардағы озық оқытушыларды өзімізде қалыптастыру ниетімен профессорларымыз әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарында ма­шықтанудан өтуде. Әсіресе, студенттердің өзін-өзі басқаруы ерекше назарда. Бұл университеттердің Ұлы Хартиясының негізгі талаптарының бірі болып табы­лады. Әл-Фараби университетінде білім алып жатқан 18 мың студент, магистрант пен докторант бар десек, соның 700-ден астамы шетелдік талапкерлер. Бұлар болашақта мықты маман болумен қатар, ұлттың элитасы болады деген сенімдемін.

Университет жанында 20-дан аса ғы­лыми-зерттеу институты халықаралық зерт­теу және әдістемелік орталықтары, тех­нопарк жұмыс істейді. Ғылыми ин­фра­құрылымға қосымша жуырда универ­си­тетте Елбасы бастамасымен Отанымызда құрылатын 15 ұлттық зертхананың бірі – нанозертхана ашылды.

Қазақстанға әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті кәсіби білікті мамандар қажет. Мұндай жағдайда жоғары оқу орны жұмысының басты өлшемі – 2005 жылы Алматы жоғары оқу орындарының ректорларымен болған кездесуде еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаев атап өткеніндей – түлектердің аса жоғары сұранысқа ие болуы. Оны әлемдік нарықтағы ірі компаниялар анықтайды. Сондықтан да мемлекет басшысы ұлттық университеттерге, әсіресе, Қазақ ұлттық университетіне жетекші жоғары оқу орны ретінде түбегейлі жаңа міндеттер жүктеді. Мамандардың халықаралық талаптарға сай даярлануы, Қазақстандық дипломдардың шетелдерде танылуы, мойындалуы, сыбайлас жемқорлықтың жойылуы мен халықаралық жоғары оқу орындарының рейтингісіне енуі аталған міндеттердің қатарына жатады.

Егеменді еліміздің тарихында, алар орны дараланып тұрған университетіміздің 75 жылдығын атау – бүкіл ел қуанышы, мерекесі. Сондықтан оны университеттің халықаралық биік мәртебесіне, осы қазіргі заман талабына сай атап өту біздің міндетіміз. Мерейтойға байланысты негізгі іс-шараларды осы қазан айының 12-16 аралығында өткізетін боламыз.

Дайындыққа байланысты іс-шараларды атап өтер болсақ, онда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтетін Мәскеу мемлекеттік университетінің, ЕҰУ күндерінен бастаған жөн деп білемін. Әлемнің ірі университеттерінің бірі болып табылатын Мәскеу университетімен екіжақты тығыз байланыстың барлығы, өзіміз мамандар тұрғысынан болса да, әдістемелік тұрғыдан болса анық пайдалы, жемісті болатындығын аңғартады.

Одан былайғы жерде «ҚазҰУ-ға 75 жыл» деген атпен университет жетістіктерінің көрмесі, жетекші профессорлардың мастер-кластары мен дәрістерін өткізу, ҚазҰУ-дың ең үздік оқытушыларының жиыны, университеттің мерейтойлық спартакиадасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың салалық-пәндік олимпиадасы, «Мәдени мұра» бағдарламасына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының қосқан үлесі» деген тақырыптағы халықаралық конференция, университет музейінің салтанатты ашылуы және т.б. ауқымы кең маңызды шаралар саны жеткілікті.

Бірақ басты назарды мынаған аударғым келіп отыр – біз мерейтойлық ісшараларды әдейілеп, жасанды түрде көбейтіп, санын қуып отырған жоқпыз. Бұл – университеттің қалыпты жұмыс ырғағына сай әрі орынды да мақсатты дүниелер.

Университетімізде бүгінгі күні “ҚазҰУ түлегі”, “ҚазҰУ ұстазы” деген зор мәртебелі атаққа айырықша көңіл бөлініп келеді. Біздің білім ордасын әр жылдары бітірген түлектермен жұмыс істеу мәселесі жүйелі жолға қойылды. Әйгілі түлектеріміздің бүгінгі мемлекет үшін жасап жатқан еңбегін әйгілеп, олардың есімдері ҚазҰУ тарихының белестерін шежірелейтін кітаптарға енгізіліп, оларды студенттер арасында кеңінен насихаттау іс-шараларының да қатар қолға алынуы университет имиджін биіктете түсті. Биылғы мерейтой жылы Университет пен оны бітірушілерді лайықты дәріптеу шаралары да ақылмен ұйымдастырылды. Себебі шет елде әр оқу орнының түлектері өмір бойы барлық салада біріне-бірі қолдау көрсетуді өздеріне биік мақсат санайтынын үлгі етуіміз керек. Осы атмосфера, осындай талап-тілек бірте-бірте біздің қарашаңырақтың өміріне де дендеп еніп, күнделікті тыныс-тіршілігіміздің бір көрінісіне айнала бастағанына сүйсінемін. Мерейтойдың дайындығы әлі де жүріп жатыр. Жүре де береді. Бірақ жоғарыда айтылған іс-шаралардың көпшілігі жалғыз мерейтой үшін емес, жалпы ҚазҰУ-дың өз атына сай білім ордасына айналдыру жолында жасалып жатқан ұйымдастыру шаралары. Олардың көбі ұлттық университетіміздің өмір салтына айналуы тиіс.

– 75 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім беру саласында өзіндік дәстүр қалыптастырып, ғылыми зерттеу саласында жаңашыл ізденіс мектептерін қалағандығы шындық. Дәстүр мен жаңашылдық сабақтастықтары жайлы не айтар едіңіз?

Білім, ғылым саласында небір айтулы алыптарды шығарған, білімді ұрпақ, білікті ғалым тәрбиелеудің үлгісін қалыптастырған бұрынғы С.М.Киров атындағы, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алғаш рет ашылуы қазақ топырағында айтулы оқиға болғаны мәлім. Бұл университеттік білім берудің бастауы болып саналады.

Шынында, ойлы көзбен, сергек сезім­мен қарасаң, киелі шаңырақтан 75 жыл ішінде небір айтулы азаматтар қанат­танған екен. Ұлты­мыз­дың кешегі-бүгінгі ұлылары бірінен кейін бірі тұлғаланып, мәртебелері биік­тей беріпті. Алтын арқауы үзілмеген, ел болуды ойлаған ұр­пақ­тар сабақтас­тығының жарасымды үлгісін осы білімнің қара шаңырағынан айқын көруге болады. Дәл бүгін алдыңғы толқын ағалар ісін кейінгі толқын інілер жалғастырып, алыптар салған ақ жолдан адаспай келе жатқаны анық. Тұғыры мықты, тұл­­­­ғасы ерен, ақыл-ойдың азаматтарын шығарған білім ордасының өткені мен бү­гін­­­гісін бір-бірімен үндесіп жатқанына еш күмән келтіруге болмайды.

Зиялы қауымның ой-өрісі халықтың қамын бірінші кезекке шығарып отыра­тыны белгілі. Қазақтың мүддесін биіктен қорғаған, сауатсыздықты жоятын мектеп­термен ғана шектеліп қоймай, жоғары оқу орындарын ашуды мақсат етіп алға қой­ған Санжар Асфендияров, Тұрар Рысқұ­лов, Халел Досмұхамедов, Әлихан Бөкей­ха­нов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгеров, Мұхаметжан Тынышпаев, Мұхтар Әуезов есімдерін ерек­ше атауға тиістіміз. Олар ұлт ұрпағы өз жерінде өзгелермен терезесі тең дәре­жедегі мамандық алуы тиіс деп орнымен дабыл қаққан. Сөйтіп, университеттің ашылуына күш салған.

Алғашқы оқытушылар қатарында Г.Аяп­бергенов, М.Әмірбаев, Т.Чумбалов, О.Сарыбатыров, С.Толыбеков, С.Аман­жо­лов, Т.Шонанов, кейін қазақ химия ғылы­мы­ның көшбастаушыларының бірі Ә.Бек­тұров, профессор В.Литвинов болған.

Отызыншы, қырқыншы жылдардағы қилы кезеңдер бұл оқу орнын да айналып өтпепті. Біз сол ауыр кездегі болаттай берік топтасқан азаматтарға, әсіресе, ұстаздарға қарыздармыз. Олар аштықты, қуғын-сүргінді басынан өткере жүріп, өздерінен кейінгілерге даңғыл жол ашты. Бізге дейінгі, біз қатарлыларға, болашақ үшін өлшеусіз еңбек етті. Халқына еткен сол қызметтерін теріске шығарған 1937 жыл­ғы зобалаң талай арыстарды құрбан­дыққа байлады. Қайталап айтамын, біз­дердің мойнымыздағы қарыз бен парыз олар­ды әркез есте ұстап, арттарына қал­дырған мұраларына сақтықпен сергек қа­рап, үлгісін жастарға үйретіп отыру. Мұн­дай үлгі үзілмей ұрпақтар арасында сабақ­тастығын тауып жатса, нұр үстіне нұр!

Университеттің қиын-қыстау уақы­тына ой жіберсең, біраз тарихи оқиғаларға куә боласың. Қазақ КСР-інің 20 жыл­дығына арналған бірінші Бүкіл­қазақ­стан­дық ғылыми конференция білім орда­сында өткізілген тұңғыш ғылыми форум болумен қатар, ең алғашқы үлкен ғалымдар жиналған маңызды жиын еді. КСРО Ғылым академиясының қазақ бөлімімен бірлесе өткізілген бұл шара да университеттің 23 өкілі алқалы топ алдында баяндама жасап, сөз сөйлепті. Осының өзінен-ақ қысқа мерзімде алымды азаматтардың шыға бастағанын көруге болады. Бұл кезде университеттің материалдық базасы да бұрынғыға қарағанда нығая түскен. Дәуір талабына жауап беретін жаңа педагогикалық ұжым қалыптасқан. Дәріс берудің, тәрбие үйретудің тың жолдары қалыптасып, оқытудың тәсілдері қарастырылып, жаңа факультеттер мен мамандықтар ашудың, оқу жылына арналған жоспарлар жасау, ғылыми зерттеулер жүргізудің бағыт-бағдары айқындалып, бастау мерзімі мен аяқталатын уақыты нақтыланғанын аңғарасың.

1946-1947 оқу жылы оқытушы-профессорлар құрамы 147 адамға жеткен. Ғылым мен әдебиет алыптары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Мар­ғұ­лан, т.б. дәріс оқыған. Бұл білім орда­сының қуатын едәуір арттырып, мәрте­бесін бекіткен.

1949 жылы философия және эконо­ми­ка факультеттері ашылады. Бұл көрнекті ғалым, дипломат, қоғам қайраткері, ҚазМУ-дің 1948-1953 жылдары ректоры болған, профессор Төлеген Тәжібаевтың бастамасымен филология факультетінің логика және психология бөлімі негізінде құрылыпты. Уақыт жылжыған сайын университеттің материалдық-техникалық базасы нығая түскенін байқаймыз. Оқытушы ғалымдар арасынан Ұлттық Ғылым академиясына 1954 жылы бірнеше адам академик, корреспондент-мүше болып сайланды. Олардың қатарында кафедра меңгеру­шілері Б.Домбровский, Г.Бияшев, Т.Дарқанбаев, М.Козловский болған.

Іздену – іргелі жылжудың кепілі десек, сондай батыл қадамдар университет өміріне де елеулі өзгерістер жасады. 1991 жылы университетке ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың есімі бе­рілді. 1993 жылы Президент Жарлығымен дербес, өзін-өзі басқаратын мемлекеттік жоғары оқу орны мәртебесін иеленіп, Қа­зақ мемлекеттік ұлттық университеті бо­лып аталды. Сол кезде жаңа ғылыми-ин­но­вациялық инфрақұрылымдарды жасау мен мамандарды даярлаудың халық­аралық талаптарын енгізуге байланысты “бакалавриат-магистратура” жүйесі енгізілді, университет құрамында ҒЗИ жүйесі мен технологиялық парк құрылды.

Жоғарыдағы іс-шаралардың жүзеге асуына сол кезеңдерде университетті басқарған, ғылым мен білімнің көрнекті өкілдері, академиктер Еділ Ерғожиннің (1986-1988 жж.), Мейірхан Әбділдиннің (1988-1991 жж.), Көпжасар Нәрібаевтың (1991-2001 жж.), Төлеген Қожамқұловтың (2001-2008 жж.) сіңірген еңбектері орасан зор. Университет ұтқыр ісімен, заманға лайықты бастамасымен қашаннан бергі көшбасшылығын дәлелдеп, кадр даярлау­дың жаңа жүйесіне жол салды.

Көрнекті ғалымдар мен ғылымды ұйым­дастырушылар, жастарға жол көр­сетуші танымал педагогтар жетекшілігінің арқасында ғылыми мектептердің үлгісі, уақыт талабына қарай кеңістігі кеңейді. Ұлттық жоғары оқу орындарының рек­тор­ларын ел Президентінің тағайындауына байланысты оның мәртебесі түбегейлі өзгерді, ерекше жауапкершілік жүктелді. Мұны ұлттық жоғары мектептің пәрме­нінің артуы, әлемдік деңгейдегі салма­ғының нығаюы деп білеміз.

Біз есімдері Қазақстанның ғылымы мен мәдениетінің тарихына алтын әріп­термен жазылған атақты оқытушылар­мыз­ды мақтан тұтамыз. Әл-Фараби универ­ситетінің қабырғасында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Ақай Нүсіпбеков, Батырбек Бірімжанов, Ағын Қасымжанов, Зейнолла Қабдолов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Яхия Әубәкіров, Дмитрий Сокольский, т.б. дә­ріс оқып, өлмес өнеге, өшпес қалдырды.  Біз өз түлектерімізді де мақтан тұтамыз, олардың жалпы саны 120 мыңнан асты. Оның бәрін атап шығу мүмкін емес. Ұлты­мыздың “алтын қорына” айналған көр­некті ғалымдардың, жазушылар мен ақын­дардың шоғыры қаншама?

Бүгінгі ҚазҰУ нағыз эли­талық жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ай­налды. Ол көптеген қазақстандық ин­теллектуалдық, саяси және экономикалық элитаны даярлап шығарды.

Елбасымыздың “ҚазҰУ – бұл Қазақ­станның жоғары білім беру жүйесінің іргетасы” деуі тегін болмаса керек.

Жалпы, біздің университеттің ерекшелігі неде? Таяуда ашылған кейбір оқу орындары кафедраны құра салады да, біз кафедра болдық деп күпініп отырады. Ал біздің кафедралардың жөні бөлек. Алдының жетпіс бес жылдық тарихы бар. Бәрінің де дәстүрі, ғылыми мектебі қалыптасқан. Тек студенттерге білім беріп қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға да лайықталып құрылған. Алдыңғы қатарлы ғылым болмаса, кафедраң кафедра болмайды. Соғыс кезінде Мәскеу, Ленинград, Киевтің әйгілі ғалымдары, ішінде майталман академиктер де бар, осында қоныс аударған. Сол елдің ғылыми-зерттеу институтарының бірқатары бізге көшірілген. Осының арқасында бірнеше саланың ғылыми мектебі орнықты, білікті мамандары даярланды. Ұлттық университетіміз іргелене түсті. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үзбей, бірнеше мәрте университет ұжымымен кездесіп, пікір алмасуы, алдымызға жаңа міндеттер қоюы, қалашықты өзі аралап көріп, нақты көмек беруінің арқасында қара шаңырағымыз серпінді даму жолына түсті.

Ендеше, ғылым мен білімнің негізділігі және дәстүрдің қалыптасуы жағынан біз әлемнің бірқатар оқу орындарына үлгі бола аламыз.

Ақылмандарды әспеттеуден ұтылмаймыз. Бұл – болашақ үшін керек қарекет.

– Әлемге әйгілі ғұлама, екінші ұстаз атанған Әл-Фараби атындағы ұлттық университет жанынан бүгінде Абай институты ашылды. Бұл да ұлылар үндестігінің бір бір көрінісі болса керек. Ал енді осы ғылыми-зерттеу институтының болашағы атқарар іс-шаралары, мақсат-міндеттері қандай?

75 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның аса ірі, іргелі оқу орны. Университет мыңдаған маман кадрлар дайындап келеді. Сонымен бірге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан ғылымының дамуына аса зор үлес қосып отыр. Отандық тіл білімі, ғылымының дамуында өзіндік орны бар, қазақ руханияты өркендеуінің көшбасшысы саналатын университеттің маңызды бөліктерінің бірі – қоғамдық ғылымдар саласы. Университеттің гуманитарлық ғылымдарының бастауында академик-жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов тұрды. Ол қазақ әдебиетінің тарихын жоғары мектепте оқытудың негізін қалап, Абай мұрасын зерттеуді осы университет қабырғасында жүйелі жолға қойып, абайтану ілімінің қалыптасуын жүзеге асырды. Бүгінде сол ұлы М.Әуезов қалыптастырған дәстүрді жаңғыртып, уақыт сұранысына сай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетін жұмылдыру арқылы абайтану ілімінің кеңге қанат жаюына негіз салып ғылыми саладағы іс-шараларды үйлестірудің қажеттігі туып отыр. Сондықтан да университет жанынан Абай институтын ашу – замана талабы десе де болады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Абай өз халқының ойшылы болды. Осынау «қайғы ойлап қажыған» кемеңгердің жан жылуы бүкіл халқын қамтыды. Сондықтан қазақтар Жер бетінде өмір сүрген кезінде осынау ұлы адамның шарапатын сезініп өтетін болады» - деп ұлы тұлғаның мәңгі өлмес рухани мұрасының мән-мағынасын ашып берген еді. Осы ойлар институттың алға қойған мақсаттарының бағдаршамы іспетті болмақ. Оның ең бастысы Абай мұрасын танып-білу, Абай әлемін кеңінен зерттеу, абайтану ілімін жаңа биікке көтеру.

Институт жан-жақты білікті, білімді маман дайындауды жетілдіре түсу, мемлекеттік тілдің мәртебесін бекіту, қазақ әдебиетінің рухани өрістегі құндылығын тың зерттеулермен толықтырып, негіздей түсу бағытында ғылымның соңғы жетістіктерін оқу үдерісіне қосып отыру үшін құрылмақ. Бұл, ең алдымен, Абай мұрасын зерттеу мен зерделеу арқылы жүзеге асырылады.

Институт оқу үдерісінде әдебиеттану ғылымының қазіргі кезеңіндегі басты нәтижелерін пайдалануды, тәжірибелік мәнде қолданысқа түсіруді, ол үшін қазақ әдебиеті тарихының әлі де терең зерттелмей жатқан салаларына баса назар аударып, олардың оқу процесіне ыңғайлы қысқаша тарихын жазуды қолға алады. Әсіресе, төл әдебиетімізді азатшыл идея, ұлттық идея мәселелерінің, қазіргі әдебиеттегі тәуелсіздік идеясы көркемдік көрінісінің концепциялық тұжырымдамасын жасауға, оларды оқу бағдарламаларына ендіруге, әдебиеттің осы кезеңдерін оқытудың тиімді жолдарынайқындау бағытында жұмыстар жасайды.

Әлемдік тәжірибеде іргелі университеттер жанынан ұлт руханиятының ұлы тұлғалары атындағы зерттеу институттары кеңінен өріс алып отырғаны белгілі (Германиядағы Гете институты, Ресейдегі Пушкин институты, Қытайдағы Конфуций институты т.б.) Олардың ұлт руханиятын зерттеуге қосып отырған үлесі аса зор.

Абай институтын ашу туралы ұсынысты Университет ұжымы өзінің үлкен Ғылыми Кеңесінің отырысында бір ауыздан мақұлдап, шешім қабылдады. Ақсақалдарымыз, елге танымал ғалымдарымыз Т.Кәкішев, С.Сартаев, М.Әбділдин сынды ағаларымыз институттың болашағына байланысты, оның ертеңгі күні қандай тақырыптарға, қандай тұлғаларға назар аудару қажеттігі туралы құнды-құнды пікірлер айтты.

Институтқа Абай есімінің берілуінің астарында үлкен мақсаттар жатқаны анық. Абай мұрасының ауқымында біз енді гуманитарлық ғылымдардың барлық саласындағы іргелі мәселелерді қамтып зерттеуге мүмкіндік алдық. Университетіміздегі гуманитарлық ғылымдар саласын өркендету, жаңа белеске көтеру мақсатында осындай үлкен бір серпіліс әкелетін ғылыми-зерттеу құрылымы керек еді. Соның қара шаңырағымыз үшін сәтімен, игілігімен оралғанын жақсы нышанға балап отырмын. Елбасымыздың бастамасымен жемісті жүзеге асып жатқан мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы да бұл институттың алдынан үлкен мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Түйіп айтсақ, осынау жаңадан ашылған Абай институтының университет игілігіне салатын олжасы аз болмайды деп ойлаймын.

– Ал енді өзіңіздің жаныңызға жақын бір сұрақ қойғым келіп отыр. Қазақ университеті құрылғалы бері оның бастауында тұрған факультеттің бірі ғылым-білімнің патшасына саналатын математика іліміне баулитын математика факультеті екен. Ұлттық университеттегі осы ғылым саласы мен оны оқытудағы бүгінгі жетістіктер жайлы ой сабақтасаңыз.

Өткен жылдан бері ҚазҰУ қалашығында жаратылыстану факультет­теріне арналып жаңа үлгідегі оқу ғимарат­тарының құрылысы үлкен қарқынмен жүргізіліп жатыр. Университет әлемдік тәжірибеде қабылданған ИНТЕРНЕТ ком­пьютерлік-коммуникациялық желісіне негіз­делген оқытудың кредиттік жүйесін сөз жүзінде емес, іс жүзінде енгізіп отыр. Бұл жүйенің басты жетістігітек оқу үдерісін басқаруды авто­маттандырудың жоғары деңгейіне көтеріп қана қоймай, сонымен бірге, студенттерді ынта­ландырып, олардың оқу нәтижелеріне қызығу­шылығын арттыру болып табылады. Бүгінгі күн талабына сай оқу мен оқыту әдістемелері де жақсы жолға қойылған.

Әл-Фараби университеті маған етене таныс физика-математика саласы бойынша 75 жыл ішінде көптеген жоғары білімді мамандар дайындады. Олар қазір өздері қызмет етіп жүрген ортадағы ең білімді де білікті кадрлар санатында есптеледі. Әсіресе, ондай түлектердің көп бөлігі ғылым, жоғары білім беру мекемелерінде немесе банктерде, жоғары техно­логиялық орталықтарда жұмыс атқарып жүр.

Бұл оқу орны өз еліміздегі білім-ғылым саласына қатысы бар орындармен ғана емес, есептеу-ақпараттық технологиялары бойынша семинар-кеңесті 2003 жылдан Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің Есептеу технологиялары институтымен бірлесіп өткізіп келеді. Айталық, алғашқы семинар-кеңес 2003 жылы Новосібірдегі академиялық қалашықта болса, оның жалғасы әл-Фараби универси­те­тін­де өткен еді. Содан бері бұл дәстүрге айналған мәртебелі басқосуларда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математиктері ғылым мен білімнің көкжиегін кеңейтуге өзіндік үлесін қосуда.

Биылғы жылдың наурыз айында өткізілген осы ақпараттық және есептеу технологияларына арналған Ресей мен Қазақстанның жетекші ғалымдары бас қосқан алқалы жиын қазақтың аса көрнекті математигі Шалтай Смағұловтың 60 жылдық мерейтойына орайлас ұйымдасты­рылды. Осы жиынды ашқанда мен екі ел ғалымдарының шекараны білмейтін ақыл-ой жемісі бәрімізге ортақ екенін тілге тиек етіп, кеңестің негізгі мақсаты – жаңа ақпараттық технологияларды, бірлескен ғылыми жобаларды жасауға және жүзеге асыруға, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан ғылым-білімінің жинақталған қорларын ақпараттандыруға, телекоммуникациялық жүйе­лерді дамытуға, математикалық модельдеуге, жоғары өндірісті есептеулердің болашағын айқындауға негізделгенін атап өттім. Сол жиынға қатысқан Ресей Ғылым акаде­миясының академигі, РҒА Сібір бөлім­шесінің Есептеу технологиялары институтының дирек­торы Юрий Шокин, Ресей Ғылым академия­сының корреспондент-мүшесі, РҒА Сібір бөлімшесінің Красноярск қаласындағы есептеу арқылы модельдеу институтының директоры Владимир Шайдуров, Қырғызстан Ұлттық ғы­лым академиясының академигі Аманбек Жай­нақов, сондай-ақ Қазақстан оқымысты­лары математикалық ғылым мен білімді әлемдік үрдіске сай дамыту мәселесін жан-жақты әңгіме арқауына айналдырды. Нақтылай түссек, олар өз сөздерінде Қазақстандағы математика ғылымы өз тамырын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен алатынын және оның бастау­ында академиктер Константин Персидский мен Орынбек Жәутіков тұрғанын назарға салып, атақты тұлғалардың дифференциалдық теңдеу­лер теориясы және оның шешімінің орнықты­лығы бағытында ғылыми мектепті қалыптас­тырғанын, олардың бұл бағытын ізбасарлары С.Ай­саға­лиевтың, Қ.Қасымовтың, Д.Үмбет­жановтың одан әрі жалғастырғанын мақтаныш­пен еске алды.

Жалпы, қазақ математиктерінің, соның ішінде ҚазҰУ математиктерінің еңбектері төрткүл дүниеге кеңінен мәлім. Бұл іргелі ғылымның іргетасының мықтылығын, оның уақыт көшінен қалмай ілгері жылжып, дамып отырғанын дәйектейді. Алдыңғы толқынның ізін кейінгі толқын жалғастырып, зерттеулерді сала-сала бойынша жетілдіріп отырудың нәтижесінде біздің математиктеріміз бүгінгідей биік мәртебеге ие бо­лып отыр. Мәселен, математиканың сан түрлі салаларында зерттеу, зерделеу жұмыс­та­рын жүргізген айтулы ғалымдар А. Тай­манов, Т.Аманов, У.Сұлтанғазин, Б.Оразбаев, Т.Кәл­менов, Ш.Смағұлов, Н.Блиев, т.б. оқымыс­тылардың жөні бөлек. Бұлардың өне­ге­лі ісін жалғастырып, қазір әлемге аттары та­ныл­ған ғалымдар Шалтай Смағұлов, Асқар Жұ­маділдаев, Уәлібай Өмірбаев ҚазҰУ-дің түлектері.

Бір замандары қазақ математиктері Новосібір мемлекеттік университетінде оқып, оның аспирантурасын тәмамдап жататын болса, енді сондай үрдіс Қазақ мемлекеттік университетіне жүктеліп отыр. Осыдан 7 жыл бұрын, басталып, қалыптасқан Қазақ­стан мен Ресей ғалымдарының “Ғылым, техника және білімдегі есептеу технологиялары және математикалық модельдеу” атты халықаралық конференцияныөткізуді әдемі жалғастырып келеді. Бұрын Қазақстанның Өскемен, Павлодар, Атырау және Алматы қалаларында болса, биыл Сербияның Копаоник, Черногорияның Будва қалаларында тамыз айының аяғы мен қыркүйек айының басында өткізу жоспар­ланып отыр.

Мен осындай алқалы жиындарға қазақ математиктері туралы шет жұрттықтардың лебізін есті­ген­де шын көңілден марқайып қалатыным бар.

Біздің Ш.Смағұлов Нарғозы Данаевпен бірге 1975-1993 жылдары жүргізген “Сұйық және газ динамикасын сандық модельдеу. Теория және есептеу эксперименті” атты ғылыми жұмыстарымыз Қазақстан Республи­ка­сының ғылым, техника және білім сала­сындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды». Бұл сыйлық әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің математик ғалымдарына және іргелі ғылыми зерттеулерге берілген әділ де жоғары баға болатын.

Сондай-ақ, университетте Түркі тілді ел­дердің дүниежүзілік математикалық қоғамы­ның ІІІ конгресін 2009 жылдың маусым айында өткіздік. Мені түркітілдес елдер математикалық қоғамының Президенті етіп сайлады, бұның өзі барлық ғылымдардың патшасы са­на­латын математика ғылымы әл-Фараби уни­верситетінде әлемдік деңгейде дамып келетіндігіне дәлел деп білемін.

Бүгінде механика-математика факультетінің мәжіліс залы мен дәрісханалары жаңа техникалық құралдармен, технологиялармен жарақталды. Мысалы, механика ғылыми-зерттеу институтында Отанымыздағы ең қуатты “URSA” жоғары өнімді суперкомпьютерінде матема­ти­калық физика, сұйық және газ динамикасы, эко­логия есептері шешілетін болса, бұл ке­шен­нің негізіне операциялық жадысының жалпы көлемі 56 гигабайт, жады дискілерінің жалпы көлемі 2 терабайтты құрайтын төрт ядролық процессордан тұратын есептеу кластері қойыл­ған. Робот және манипуляторлар динамикасы, машиналар мен роботтар механикасы зертха­наларында 3 дәрежелі жылжымалы модульді оқу роботы, өндірістік иілгіш оқу жүйесі, механика негіздерін тереңдетуге арналған зерттеу кешені, интеллектуалды роботталған оқу жүйесі, т.б. жаңа қондырғылар іске қосылған.

Мұның ғалымдармен қатар, олардың күні ертең ізін басып, ісін жалғас­тыратын жастар үшін де берері мол деп білемін.

Өмекең қалдырған ізбен өрге таратып келеміз

– Уақыт – зымыран. Бүгінде 75 жылдығын тойлағалы отырған Қазақ ұлттық университетінің өз алдына жеке қалашыққа айналып, қазығын қаққанына да 40 жылдай болып қалыпты. ҚазҰУ құрылысы түрлі қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты ұзаққа созылып кеткені белгілі. Міне, енді қалашық құрылысының екінші кезеңін бастауда. Сіз ректор болған кезеңге тұспа-тұс келіп, Сіздің еншіңізге бұйырыпты. Осы бағыттағы атқарылып жатқан істер туралы айтып кетсеңіз.

– Біздегі бір математик-ғалым ағамыз «Өмір деген қызық ғой, керек жерін сызып қой » деген сөзді жиі қайталаушы еді. Былайша жеңілдеу айтылғанмен, осының екінші жолында байыппен қараған адамға үлкен мән жатыр. Адам өз өмірінің әрбір белесін есте сақтап, ұмытпай жүрген абзал. Осы ел аузында «КазГУград» аталып кеткен ҚазҰУ қалашығы менің көз алдымда өсті десем артық айтқандық емес. Оның өсіп-өркендеуіне, гүлдене түсуіне өзімде бір кісідей үлес қостым дей аламын. Әсіресе, жоғарыдағыдай астын сызып айтатын өмірдің бір сәті туған университетімінің 50 жылдық мерейтойы тұсында болған еді. Онда ҚазҰУ-дің бас ғимараты, басқа да оқу ғимараттары және жатақханалар берілгенімен көп нәрселер жетіспей жатқан болатын. Әсіресе, бас ғимараттың алдындағы алаң, ҚазҰУ-ге кіре беріс тұс алқам-салқам күйде болатын. Ол кезде мен шаруашылық-экономикалық істер жөніндегі проректор едім. 50 жылдыққа келер қонақтарды атына заты сай кереметтей қалашықта қарсы алуға лайықты жағдай жасау маған жүктелгенді. Өмірбек Арсыланұлы басшылығымен аз уақыттың ішінде күткендей нәтижеге қол жеткіздік. Ол, әрине, ең алдымен Өмірбек Арсыланұлының ақыл-ойымен, іскерлігі мен ұйымдастыра білуінің нәтижесі еді. Сонымен бірге біздің жастық жігерімізбен еңбекқорлығымыздың да үлесі бар деп білем. Ол кезде менің жиырмадан жаңа асқан кезім еді. Таңғы 6-7-ден құрылыс алаңынан табылып, түн ауғанша жоспарлаған жұмыс бітпейінше қайтпаушы едік. Соның арқасында ҚазҰУ қалашығы қонақтарын өз уақыт талабына сай әсемдік, сәндікпен күтіп алды. Қарап отырсақ, оған да ширек ғасыр уақыт өтіпті. Бір кезде өзім басы-қасында болған құрылыс орындарын университеттің 75 жылдығына орай жаңалап-жаңарту, замана талабына сай сән-салтанатын келтіру тағы менің еншіме тиіп отыр. Өзім бастауына ат салысқан, істің жаңа жалғасын табуына мұрындық болғанболудың маған тап келуін – мен тағдырдың маған тартқан сыйы деп білемін.

1961 жылы бұған дейін де аталмыш оқу орнын басқарған, таяуда ғана мерейтойы аталып өткен профессор Асқар Закарин қайтадан ректор болып тағайындалады. Бұл басшының кезінде де университет көр­кейіп, гүлденді, жаңа сатыға көтерілді. Ти­іс­ті орындардың тапсыруымен жас ма­мандар даярлаудың сапасын көтеру үшін оларға толық жағдай жасау мақсатында Алматы қалалық кеңесі университеттің жаңа оқу ғимараттарына жалпы аумағы 70 гектар, оның 60 гектары “Таулы қырат” кеңшарынан және Тимирязев көшесінің оңтүстік жағындағы Ботаника бағы мен Көктем өзенінің арасында орналасқан 10 гектар қалалық қордан жер бөледі. Осы­ған сәйкес 1970 жылдың желтоқсанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі ҚазМУ кешені құрылысының бірінші кезегін бастау жөнінде шешімге қол қойды.

Ректорат, биология, география төрт гуманитарлық факультет корпустарын; 1850 орындық акт залын; 200 орындық сауықтыру кешені мен күніне 250 адам қабылдай алатын емхананы, 800 орындық асхананы, 2,5 млн. кітап сақтайтын қой­малары бар кітапхананы, 4400 орындық студенттік жатақханалар мен спорт кешенін салуға кетеді деп есептелген жобаның құны сол кез үшін өте қомақты қаржы – 46 млн. соманы құрапты.

1971 жылдың сәуірінде Ұлттық уни­верситеттің бас ғимаратының іргетасын қалау салтанаты мен қалашық құрылы­сы­ның жобасы жүзеге асырыла бастады. 80-жылдардың басына қарай бірнеше студенттер жатақханасы, гуманитарлық, биология мен география факультеттерінің оқу корпустары, тамақтану комбинаты, сауда орталығы, өндірістік-шаруашылық инфрақұрылымдарының бірқатар нысан­дары, т.б. пайдалануға берілді. Қазақс­тан­дық жастар университет қалашығын екпінді құрылыс деп жариялады. 80-ші жылдар­дың ортасына қарай болашақ Студенттер сарайын қоспағанда, қала­шық кешенінің бірінші кезеңі сап түзеп, қызмет көрсете бастады.

Ұлттық университетке 1970 жылы ғұ­лама ғалым, қазақ ақыл-ойының көрнекті өкілі, академик Өмірбек Жолдасбеков рек­тор болып келді. Оның беделінің, қуаты мен та­бандылығының арқасында жоғарыдағы керемет жобаны жүзеге асыру үшін уни­вер­ситет қалашығының құрылысына қо­сымша көп қаржы бөлінді. Сол кездегі Қа­зақстанның басшысы Дінмұхамед Қо­наевтың және республика үкіметінің тіке­лей қолдауымен Қазақ мемлекеттік уни­верситеті дәуіріне қарай төрт құбыласы түгел оқу-ғылыми және тұрғын үй кешеніне ие болғанына бүкіл ел куә. Осы жылдары университет барлық жағынан алдыңғы орынға көтеріліп, еліміздегі көшбасшы білім ордасына айналды.

Университеттің негізгі даму кезеңдерінің көпшілігі қиын уақытқа тап келді және университет одан сапалы түрде жаңарып, өз әлеуетін көтеріп шықты. Заманын таңдап өмір сүру құқы пендеге берілмеген, сондықтан уақытты қиын деп кіналағаннан гөрі сол уақытта толыққанды өмір сүрген жөн.

Бүгінде әлемде қаржылық дағдарыс етек жаюда және бұл, әлбетте, Қазақстанға да, жоғары білім беру жүйесіне де өз әсерін тигізбей қоймайды. Соны сезе отырып, дегенмен, қиындықтар өткен жолға жаңаша қарауға, кемшіліктерді анығырақ көруге және жаңа жол іздеуге мүмкіндік беретіндігін айта кеткім келеді. Біз қазіргі кереғар кезеңнен де абыроймен шығатындығымызға сенімдіміз.

Бүгінгі жаңарған талаптар қоғамы ең алдымен нағыз маманды көбірек бағалайды. Кәсіби шеберлігі жоғары маман дайындау – ежелден келе жатқан дәстүрлі міндетіміз. Сондықтан болашақта еліміздің іргесін ұстайтын ұрпақ даярлау жолында ел алдындағы жоғары жауапкершілікті біз жақсы түсінеміз. Университеттің барлық қадамдарына жауаптымыз. Өзімізден бұрын оқу орнының мәртебесі біз үшін аса қымбат. Үнемі бізбен еліміз мақтанса деген өр арманымыз бар.

Осы тұрғыда бүгінгі күні өмірлік ұстазым – Өмекең бастап берген университеттік өмір дәстүрінің жалғасы – университет қалашығы құрылысының екінші кезеңін жүзеге асыру миссиясы маған жүктелгені үшін Елбасымыз бен тағдырыма ризамын!

Университеттің іші мен сыртының эстетиканың биік талаптарының деңгейінде болу керектігін бүкіл ұжым бірден түсінді. Екінші кезегі басталғанмен қаржы жетпеуіне байланысты тоқтап тұрған университет қалашығының құрылысы басталып кетті. Қазір алты нысан бойынша қатарлас қызу жұмыс жүріп жатыр. Қазірде оқу кешені, кітапхана құрылыстары өз жұмыстарын жандандырып жатыр. Ең бастысы, университетімізде барлық мәселеге байланысты жаңаша көзқарас, жаңаша межелеу, жаңаша ойлау талабының іс жүзіне аса бастағаны айқын. Әрбір студенттің және оқытушының ішкі мәдениетінен бастап, білім ордасына кіріп, шығуының өзіне үлкен мән берілетініне, еңбек тәртібі мен білім сапасының бүгінгі заман талабына сай ұйымдастырылуына айырықша назар аударылды. Күзге қарай ҚазҰУ-дың ірге көтергеніне 75 жыл толу мерейтойы қарсаңында бұл ғимараттар пайдалануға берілуі мүмкін. Ө.А. Жолдасбеков атындағы Республикалық студенттер сарайы мен университеттің бас ғимараты арасындағы, шыға беріске дейінгі алаңға гранит тақталар төселіп, әсем күйге еніп, гүлзар бағы жаңғырып, жасарды. Универсиеттегі барлық факультет соңғы үлгідегі мыңдаған компьютерлермен, техникалық құрал-жабдықтармен, мүлік-жиһаздармен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілді. Ғимараттарға жөндеу жүргізу жалғаса берді. Ректормен оқытушы-профессорлар ұжымы алдында бұл бағыттағы мақсат-мүдделері мен ашық бөлістім. Университетте жер, әрбір нысан үшін, оны сақтау, ұлғайту жолында қажырлы күрес жүргізілетіне бәрі де сенімді.

– Әңгімеңізге рахмет!

3603 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы