- Мәдениет
- 15 Қазан, 2009
Ұлы достықты ұлықтаған театр

Құдыс Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрына биыл 75 жыл толды. Қазақстандағы бұл өнер ордасы әлемдегі жалғыз кәсіби ұйғыр театры. Бүгінде «Ұйғыр музыкалық комедия театры» деген атауға ие шаңырақ 1934 жылы А.Әсимов пен А.Садыровтың “Анархан” атты драмасымен шымылдығын ашқан еді. Содан бері туысқан ұйғыр халқы театр өнерін еліміздің көрермендері ғана емес, сонымен бірге Мысыр, Португалия, Үндістан, Пәкістан, Түркия, Венгрия, Қытай, Финляндия, Швейцария, Ұлыбритания, Америка қошаметпен қарсы алды. Театрдың алғашқы іргетасын қалап, үлкен өнер көгіне аттандырған жандардың есімдерімен бүгінде театр тарихы да тереңдей түскен. Олардың қатарында қөркемдік жетекші А. Ибрагимов, режиссерлер В. Азимов, А. Марджанова, В. Дьяков, композиторлар Д. Мацуцина, Б.Ерзакович, М. Иванов-Сокольский, Л. Хамиди, әртістер М. Семятова, А. Шамиев, Г. Джалилов, А. Акбаров, Х. Илиева, Х. Илиев, А. Садыров, Ж. Асимов, Р. Иллахунова тағы басқалар бар.
Талай жылдар өтсе де өз көрерменін жоғалтпай, қайта қарасын көбейтіп келген театрдың ерекшелігі оның бай репертуарында жатса керек. Театр қоржынына 50-ші жылдары енген Ж.Асимов пен А.Садыровтың «Анарханы», В. Дъяков пен И.Саттаровтың «Герип-Санамы» осы күнге дейін көрермендердің көңілінен шығатын классикалық қойылымдарына айналды. Сонымен бірге театр әлемдік классикалық шығармаларды да жетік меңгеріп келеді, олардың ішінде В. Шекспирдің «Отелло», «Король Лир», Ж. Б. Мольердің «Мещанин во дворянстве», К. Гольдонидің «Хозяйка гостиницы», Н. Гоголдің «Женитьба», Ғ. Мүсіреповтың «Қыз Жібек» атты туындылары бар.
1967 жылдан бастап ұйғыр музыкалық-драма театры «Ұйғыр музыкалық комедия театры» деп атала бастады. Бұл күнде мұнда «Нава» атты фольклорлық, жастардың «Сада» вокалды хореографиялық ансамблдері мен «Яшлық» тобы, «Рухсара» би ансамблі және драма топтары еңбек етуде. Қазір театрдың шығармашылық тобында 160 адам бар
Бұл еңбек ұжымы көптеген халықаралық, республикалық театрлар фестивальдерінде лауреат атанды. 1997 жылы Каирде өткен IX халықаралық фестивальінде тамаша өнер көрсеткен театр ұйғыр халқының өнерін әлемге танытты. Кейін театр Венгрия, Түркия, Қытай, Финляндия, Швейцария, Америка мемлекеттерінде гастрольдік сапарларда болды.
Кейінгі кездері аталған өнер ордасы үшін жағымды жаңалықтар көп. 2002 жылы жаңа ғимаратқа көшсе, 2005 жылы еңбек ұжымы үшін тосын сый театрдың КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Қ.Қожамьяровтың есімін иеленуі болды.
Өнер ошағының тыныс-тіршілігі жайынан сыр шерткен театр директоры Адиль Жамбакиев: «Ұйғыр театрының репертуарында қазақ драматургиясының алар орны ерек. Бұл үрдіс сонау 30-жылдардың соңында жас драматург Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасын қоюдан басталған еді. Оның ізінен М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Ш.Құсайынов, Қ.Шаңғытбаев сынды драматургтердің туындылары ұйғыр театрының көрермендеріне жол тартты. Бүгінгі өнер ордасының қоржынында танымал ақын, драматург Иран Ғайып пен ұйғыр жазушысы Ш.Шаваевтың бірлесіп жазған «Қашқария» тарихи драмасы да барАл театрдың 75 жылдық мерейтойына тамаша тарту болған ақын Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасы белгілі ұйғыр ақыны А.Дулятовтың аударуымен сахналанды. Қойылымның сәтті шыққаны соншалық сыған қызы Изольданың рөліне қол соқпаған жан қалмады», - дейді ол.
Бүгінде театр ұжымы қызу қарбаласта. Драмалық труппа «Идикут» тарихи туындысын сахналау дайындалып жатса, «Нава» фольклорлық ансамблі «Чапбаят» шығармасын қоймақ. «Фапбаят» - вокальдік-би өнеріндегі күрделілігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, «Рухсара», «Сада» ансамблдерінің де репертуары да жаңаруда.
Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен туысқан ұйғыр халқы досқа құшағы ашық қазақ халқының қонақжайлығына шексіз риза. Жер бетіндегі жалғыз театрларының қазақ елінде ашылғанын жадыларынан шығармайтын олар ұйғыр мәдениетінің жауһар мен жақұттарын сахналау арқылы ел мәдениетінің еселенуіне еселі үлес қосқылары келетінін жасырмайды.
Райхан АХМЕТҚАЗЫҚЫЗЫ

5326 рет
көрсетілді0
пікір