• Тіл
  • 15 Қазан, 2009

Мәжіліс депутаты Б.Тілеухан: Туған тілің – арың намысың...

www.anatili.kazgazeta.kzПарламент Мәжілісінің өткен аптадағы кезекті отырысында депутаттар бірнеше заң жобасын талқылап, үлкен істің басын қайырды. Оның ішінде «Білім туралы», «Мәдениет туралы», «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобалары бар. Десек те, біздің айтпағымыз осы Мәжіліс отырысындағы Бекболат Тілеуханның мемлекеттік тіл туралы депутаттық сауалы.

Отырыс әне-міне деп басталғаны сол, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына Палата мүшелері тарапынан бірқатар депутаттық сауалдар қойылды. Осы жерде Бекболат Тілеуханның ащы үні тағы да мемлекеттік тіл мәселесінің қауызын қаузады. «Тіл туралы» заңның қабылданғанына 20 жыл толса да, қазақ тілінің көсегесі көгермей, бағы ашылмай отырғанын ашына айтты. Сөзін дәлелді дәйектемелермен бастаған Бекболат Қанайұлы былай деді:

– Қазақстан Республикасында қазақтың тілін, мемлекеттік тілді білмей-ақ үлкен лауазымдарға қол жеткізуге болады, саяси ықпал жүргізуге болады, үлкен материалдық құндылықтарға, материалдық байлықтарға қол жеткізуге болатынын өмір көрсетіп отыр. Өмір шындығы сондай, – деген тіл жанашырының, айтуынша егер сіз мемлекеттік тілді жетік біліп тұрсаңыз да орыс тіліне шорқақ болсаңыз жұмыстан шығасыз. Ол бұл дәлелді айдан алған жоқ. Себебі, оған Астана қаласының прокуратурасында жұмыс істеген Жұбатқанов деген азамат орыс тіліне шорқақ болғандығының кесірінен жұмыстан кеткендігін айтып, зар илеп мұңын шаққан. «Яғни, мемлекеттік тілді сіз өте жақсы білсеңіз де, ресми тілге шорқақ болсаңыз, Қазақстан Республикасында үлкен лауазымға қол жеткізу қиын екендігін көріп отырмыз. Бұл менің пікірім емес, бұл факт... Мемлекеттік тілдің қажеттілігіне бұқара әлі сенбей келеді, уәде көп, нақты жылжу жоқ. Менің айтайын дегенім қазақ тілдің мәселесі ұлттың тікелей қауіпсіздігіне қатысты дүние. Әр ұлттың өзінің тілі ол сенің арың, намысың. Намысымыздың аяқасты болып жатқанына өзіміз де куә болып отырмыз», – деген Б.Тілеухан өзінің Парламентке келгелі тегінің жазылу тәртібі бұрмаланып, «Тилеухан» деген жаңа текке ие болғанын, егер оған келіспесе күн көру қиын екендігі және мұндай жағдай бар қазақтың басында жүргенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, қазақ мектептері мен балабақшаларының жағдайы да депутат назарынан тыс қалмады. Ол қазір Астанада бір қазақ мектебі ашылса оған қосақталып екі орыс мектебінің ашылатынын, ал оған жауапты басшылардың көз жұма қарап, «көрмей» отыра беретіндігін айтты. Халық қалаулысының ұйқысын қашырып, мазасын кетірген тіл мәселесі туралы айтар мұңы көп.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

6349 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы