• Тіл
  • 15 Қазан, 2009

Ана тілін арындай аялап өткен ақын

www.anatili.kazgazeta.kzТаяу күндері Қызылорда облысында көзі тірісінде «ұлы ақын» атанып, қазақ поэзиясында өзінің поэтикалық мектебін қалыптастырып өткен айтулы дарын Әбділда Тәжібайұлының туғанына жүз жыл толуына орай ғылыми-теориялық конференциямен той басталады. Ақын тойы – халық тойы, туған әдебиет тойы! Белгілі әдебиетші ғалым, газетіміздің аймақтағы өкілі, кезінде айтулы ақын қасында болып, баласындай сенісіп сырласқан Құлбек Ергөбек Әбекең тағдыры жайында деректі ғұмырнамалық кітап жазып аяқтады. Бүгін ақынның туған жерінде басталатын тойына орай Қызылорда аймағындағы өкіліміздің сиясы кеппеген кітабынан үзінді жариялауды жөн көрдік.

Құлбек ЕРГӨБЕК

24 қыркүйек 1986 ж.

Әбекең хабарласып, мүмкін болса үйге келсін-депті. «Не тұрыс бар?!» Абыз ақсақалдың үйіне беттеп келемін. Жол бойы ой кешемін. Соңғы кездері мені жиі шақыратын болып жүр. Неге? Бейсекең – Бейсембай Кенжебайұлына ыстық ықыласынан шығар. Бейсекеңді аға тұтады. Әдебиетке баулыған аяулы ағаларымның бірі-деп айтып отырады. Бұдан екі жыл бұрын Бейсекеңнің сексен жылдығында Қазақстан Жазушылар одағына айтып мерейтой комиссиясын құрғызған да, оны өзі басқарып жұмыс істеткен де Әбекең болатын. «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде «Жасай бер, жақсы аға!»-атап тамаша мақала жазды. Мақала толы ықылас. Өзегін ашып қарасаң, Әбділда Тәжібаев есімді ақынның Қызылорда қаласында әдебиетке келу жолы, оның қалыптасуында Б.Кенжебаевтай сыншының алатын орны туралы. Ақынның өзінің айтуына сенсек, Бейсекең Әбділда есімді жас баланың өлеңін оқып, болымдылығын көріп досы – Бейімбет Майлинге ертіп барыпты. Биағасы алдында пікірін айтып, сенім білдіре сөйлепті. Жас ақын өлеңдеріне заматында жолдама беріліпті.Басын аталған мақалада айта бастап, аяғын Бейсекең төрінде төбедей болып отырып жалғады. Өлуге уақыт таппай отырған Бейсекеңе еркелегенде арыстан жалды ақын бала болып кете жаздады. «Солай емес пе, Жүсеке?»-деп қояды оң жағында отырған Жүсіпбек Арыстановқа. Құлағы тас керең Жүсекең «Әбділда қай уақытта да шынын айтады. Қиын күндерде де шынын айтқан. Шынын айтпаса қалай ақын болады»-деп құлағы мүкіс адамның мінезіне салып айқайлап қояды. Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев Әбекеңе қарай сөзбен қызылды-жасыл шар ұшырады. Тұрсекең – Кәкішұлы әңгіме әуенін той иесі Бейсекеңе қарай иіп әкеледі. Одан бері де екі жыл...

... Бейсекең төсек тартып жатыр. Ал, Әбекең жиі-жиі телефондайды. Сыйлас ағасының халін біледі. «Е, дұрыс екен»-дей отырып бізге қайта-қайта тапсырады. Мұқият қарауымызды жалынғандай болып өтінеді. Енді, міне үйіне шақырыпты.

Келдім. Кірдім ақын құжырасына. Екінші қабатқа көтерілдім.

- Құлбекпісің?-деген ақын дауысы шықты.

- Иә, Әбеке! Мен.

- Кел. Кел.

-Ақсақалың қалай?-деді. ( Бейсекең – Бейсембай Кенжебайұлын айтады.)

- Жақсы. Жақында «Әдебиет белестері» аталатын 25 баспа табақ кітабы

жарық көрді.

- Әкелдің бе?

- Қапелімде есімде болмапты. Келесі келгенде ала келейін.

- Әкел айналайын. Жақсы болған екен. Кітабы не туралы?

- Орхон-Енисей тас жазуларынан кеңес әдебиетінің қалыптасуына дейін..

- Қарияның пешенесі ашылған екен. Сен ғой дайындаған. Рахмет, айналайын. Қартайған кісілерге сондай қамқорлық керек болады.

- Келініңіз екеуміз тасқа басып дайындадық қой. Бірақ, кітап шығару қиын мәселе екен. Шерияздан Елеукенов, Әбілмәжүн Жұмабаев, Мұхтар Мағауин сынды шәкірттерінің арқасында шықты.

- Дұрыс болған екен. Алды министр, соңы баспа бастықтары. Бәрі Бейсекеңшіл. Маған жігіттердің осы мінезі ұнайды. Байқаймын, Бейсекеңді шәкірттері жанындай жақсы көреді. Кім кімді оқытпай жатыр?! Соның бәрі қайырымды бола бере ме? Болмайды ғой. Ал, Бейсекең шәкірттері ақсақалға сондай ықыласты екенін байқаймын. Қуанамын соған. Себебін іздеймін. Оны да Бейсекеңнің өзінен табамын. Бейсекеңнің ұстаздығы – сатуы жоқ, міндетсуі жоқ, адал ұстаздық! Содан да оның шәкірттері адал болады. Бейсекеңнің сексен жылдығында ана Белгібай «Әбділда мен сені оқытқанмын. Сен менің шәкіртімсің. Бейсембайды айттың, мені атамадың»-дейді. «Сен менің шәкіртімсің»-дей бастағанда ұстаздан қадір кетпей ме? Шәкірт «Сіз менің ұстазымсыз!»-деп тұрсын. Әңгіме сонда жарасады.

Тілін бір жалап алып ақын әңгімеге тосыннан кіріп кете барды.

Тойда да айттым ғой шет жағалатып. Мен 1928-29 жылы Каз ПИ-дің дайындық курсында оқыдым да, тағы екі жылдай негізгі курсын жалғадым. Оқымаймын деген ойымда жоқ. 1931 жылы Садықбек Сапарбеков деген ірі қазақ келді де мені Қарсақбайға алып кетті. О, Садықбек Сапарбеков Ғани Мұратбаевпен жағаласа бірге шыққан, тізе қосып бірге істеген жастардың жалынды, білімді жетекшісінің бірі болған азамат еді. Ол Қазақстанда басшы қызметтерде істеді. Ұмытпасам Тимерязев атындағы академияны бітірген алғашқы қазақ азаматы. Ол әдебиетті де нәзік түсінетін. Орысша, қазақша екі тілде бірдей жазатын. Жарық көріп жатқан кітаптарға сын бергенде тырп еткізбейтін. Уәжді, білімді кісі еді. Сол кісі Қарсақбай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып бекіпті. Өндірісті аймақты көтерсін деп жіберген ғой Орталық Комитет. Сол Садықбек ағам бір күні институтқа келіп тұр: - Әбділда мен сені басшыларыңнан бір жылға сұрап алдым. Қарсақбайға бірге барамыз. Мен ауданды ұйымдастырамын. Отанға мыс береміз. Сен маған аудандық газет шығарып бересің. Қарсақбайдай ауданда газеттің болмауы ұят-дейді.

Бір қарағанда менен өтініп те тұрған секілді, бір қарағанда менің тағдырымды сырттан кесіп-пішіп шешіп те қойған секілді. Өзімсінгені ғой. Бас тарта алмадым. Бас тарту мүмкін де емес еді. Білімге шөліркеп сусап келген басым, бәрін тастап Садықбек ағама ілесіп жүре бердім. Әрине, ұтылдым-демеймін. Өмір көрдім. Елде қалған анамды Қарсақбайға алдырдым. Содан қашан өлер-өлгенше анам менің қолымда болды. Қарсақбай даласында Қаныштай ұлы адамды кездестірдім. Қаныш кен іздеуші ғана емес екен. Ол әдебиетті де нәзік түсінетін, ұлттың қамын да кемел ойлайтын кемеңгер екен. Мен ондай аға тапқаныма өлгенше қуандым. Іні болып құшағына кіріп барлаушылардың плащ палаткасында қасында түнеп жаттым. «Түн қандай тамаша, Әбес. Бір өлең оқышы!»-дейді. Мен жаңа жазған балаң өлеңімнің бірін оқи жөнелемін. Көңілім үшін «Жақсы екен, Әбес. Бірақ, сен бұдан да жақсы жазуың керек қой!»-деп көтермелейді. Мен арқаланамын ақылды аға арқаға қаққанға. Біз осындай ұлымызды да қадірлей білмедік қой уақытында. Әлем мойындаған Қанышпен бақталастық, күншілдік мінез көрсеттік. Әруағымен әлі алысамыз. Сұмдық қой бұл. Адамшылық емес қой бұл. Қаныш ағам туралы поэма жаздым. Оқыдың ғой, Сен?

Мен ақырын ақынның алғаш «Жетісу» газетінде жарық көрген «Ағалар туралы» қос баллаададан бас құраған поэмасын оқи жөнелемін:

Дейтұғын Қаныш,

Қуанып кейде жылайтын,

Тағдырдан ол тірлікті ғана сұрайтын,

Күн ұзақ Қаныш, жыл ұзақ Қаныш қимылдап,

Қанша рет сынып, құлайтын жерде шыдайтын.

Талайын көрдік арыз да жазған жамандап,

Жауыққан жандар жанығушы еді танаурап,

Қызғаншақтардың қадалып қызыл көздері

Қаныштың қанша қалғаны барды арандап.

Мықты еді Қаныш, жатпады бірақ арандап,

Ұмытты көбін арыз жазғанның жамандап.

Достармен тостар қағысып жүріп қуанады ол,

Өзі де аман, Жезқазғаны да аман қап.

Далаға Қаныш, Қанышқа дала жарасқан,

Қосылған талай, қоштасып талай тарасқан.

Ұмыттым, мүдірдім. Ақынға қарадым. Көзі жасаурап отыр екен.

- Шіркін-ай, Қанышты жамандыққа қиған қазақ, кімді, нені қимайды

дейсің?! Дана болып туып, сол даналығын халқына бере алмай өту... Қиын, қиын...Күншілдік жаман бізде! Қанышқа даналықты қимаған адамдармен де дос болып жүрміз-ау. Күніміз құрысын, біздің?! Тфу!

- Қанекеңде де арман жоқ, Сіздей ұлы ақын поэтикалық портретін тасқа

қашағандай өлеңмен қашаған...

- Өлеңім жақсы ә? Осы Әбділда пәле. Жаман жаза алмайды. Өкінішім – осы поэманы Қаныштың көзі тірі кезінде жаза алмадым. Өлең жаздым. Ықыласымды білетін. Әбес, деп еркелетуші еді. Кейбір әрекетімізге іштей ренжіген де шығар Қанекем! Әбекең өлең оқи жөнелді:

Иә, шығынсыз өмір сүресің қалай оп-оңай,

Шығынсыз өмір – шығымсыз өмір демей ме?

Қанша рет қолдан өлтірдім екен алқымдап,

Шығамын деген жүректі сөзді көмейден!

Кезінде айта алмадық қой. Айта алмаған сөзіміз көп біздің!

Ақын күрсініп салды.

- Ал, Садықбек ше? Жойқын қайраткер еді ғой. Маңдайымызға

сыймады. Тірі болғанда ғажап халықшыл қайраткер болатын еді. Атылып кетті. Қолжазбалары қайда екен?-деп ойлаймын кейде.

- Сізге бір қызық әңгіме айтайын Әбеке! Садықбек Сапарбеков өзіңіз

айтып отырған Бейсекеңнің жақын туысы екен. Тамаша тілші ғалым Рәбиға Сыздықованың бұрынғы ері – Сыздықовқа тіпті жақын екен. Бейсекең архивінен бір топ жастар арасында отырып түскен суретін көрдім. Гимнастеркада. Екі жанары от шашады. Қызы Алматыда тұрады. Қызының қызы – теледидарда кішілеу басшы болып істейтін Рафаэл есімді жігітте тұрмыста. Бейсекең үйіне бір-екі рет келіп кетті. Әкесінің суретін сұрап алып кетті. Ізденбек ойда секілді. Ал, Бейсекең Садықбек жайында естелік айтқанда, жылап отырады. Бейсекеңнің айтуына қарағанда Садықбек Сапарбеков өмірінің соңғы кездерінде мемуар типтес шығарма жазып жүр екен. Қомақты, қалың еді дейді Бейсекең. Әр жер - әр жерін оқып беріпті. Шұрайлы тілмен жазылған қызықты дүние еді дейді Бейсекең.

- Бейсекең біледі. Садықбек аға Қызылорданың тумасы болатын. Бейсекеңе туыс болса туыс шығар. Ол кезгі туыстықтың өзі де суықтау жататын еді ғой. Қай елсіз, аға?-деп сұрамаппыз. Керегі де жоқ еді сұрап. Өзі аз қазақ. Менің білетінім – Садықбектің қазақ халқы жайлы ойы ірі болып келетін. Қазақ мәдениеті туралы ірі сөздер сөйлейтін. Сол адам жоқ енді. Әлгі жазбаларын архивтерден іздесе қайтер еді? О, жоғалтқанымыз көп қой біздің.

Мен Қарсақбайда бір-ер жыл істеп, «Қызыл кенші» газетін шығарып, социалистік еңбекке қырын қарағандарды қырымызға алып, сынап, өкіл де болып, шахтаға да түсіп, Қызылордаға мыс тасып, арбада бірге бара жатқан қызға ғашық болып өлең жазып, ақыры әдебиетті аңсап кетіп қалдым ғой. Ертерек кетіп қалғаным да жақсы болған-ау деп ойлаймын осы күні. Кім білсін, Садықбек ағаның қасында қала түссем, мені де алып кеткен болар ма еді? Ең бастысы - әдебиетім, өлеңім өспей қалатын еді.

Содан әдеби ортаға қайта оралдым. Сен Әуелбек Қоңыратбаевты білесің ғой?

- Білемін! Бейсекеңе келіп сәлем беріп, үйге қонып кетіп жүреді. Әулие

дерлік кісі.

- Ой, әпенді ғой. Нағыз әпенді. Соның Әлібек есімді бауыры болды.

Ғажап әдебиетші еді. Ол Гүлнар Дулатоваға үйленгенде мен өлеңдетіп той басқарғанмын. Мен әдеби ортаға келгенде сол Әлібек досыма келдім. Ол мені Зейін Шашкин, Саттар Ерубаевтармен таныстырды. Олармен де достасып кеттім. Өлең жазып кеттім. Оқуым қала берді. Әңгіме Бейсекеңнен шығып еді ғой. Қартайған адам осы бірді айтып, бірге кететіні болады. Өзіміз баяғыда әңгіме бастап аяғына жетпей басқа қиырға ауып кететін шалдарды көргенде іштей күлуші едік. Енді өзіміз сондай шал болдық. Әңгіме Бейсекеңнен шығып еді ғой. Көп жыл өткен соң Бейсекең ағам «Әбділда бұл жүрісің жарамайды. Оқуыңды оқып ал. Зияны жоқ.»-деп қыр соңымнан қалмай жүріп мені қартайғанда Қаз Гу-ге түсіріп, журналистика дипломын алып берген. Расында да диплом керек болды. Кейін мен ғылым докторы болып кеттім емес пе?!

- Тіпті академиктікке де таластыңыз?

- Ә, ә, оның рас. Ғабит ағам өзі сүйреп апарып сайлауға түсіріп, сүйретіп құлатып тынды. Әй, сен де қайдағыны еске салып аузымды қышытайын деп отырсың. Бейсекеңді айтайық онан да. Бейсекең әперген диплом докторлыққа да, академиктікке де жетеледі ғой мені. Е, Бейсекең. Адамға жамандық жасамайтын адам. Ал, айтты ма, пікірінен қайтуы жоқ. Әдебиетті пікірі жоқ адамдар, жалған докторлар қаптап кетті осы күні. Ал, Бейсекең әдебиетіміздің тарихы туралы айтып келеді. Тыңдайтын құлақ жоқ. Әйтпесе, ұлттың әдебиеті тарихы тас жазулардан басталса жақсы емес пе? Соны ана Мырзатайлар дәлелдеп келе жатқан жоқ па, Бейсекеңнің жетекшілігімен? Енді не керек бізге? Кежегеміз кейін тарта береді. Сұмдық қой. Ана, Мұхтар Бейсекеңнің жетекшілігімен ХҮ-ХҮШ ғасырда өмір сүрген ақын, жырауларды тауып алып келіп еді, әдебиетіміз тың есімдермен байып, біздің поэзиямыз тың ырғаққа толып жырғап қалған жоқ па?! Тегеурін қандай оларда?! Халықшыл ойлар қандай оларда?! Бейсекең – тек тереңге тартатын шын әдебиетші еді ғой. Мұхаң жақсы көретін Бейсекеңді. Біз де Мұхаңмен дос болдық қой. Біз жағынып дос болатынбыз.Сөйтіп жүріп те жақпай қаламыз Мұхаңа. Ал, Бейсекең жағынбайтын. Жағынбайтын Бейсекеңе Мұхаң жағынатын. Кітабын шығарып жақсы етіпсіңдер, айналайын! Маған әкеліп бер! Мақала жазамын. Әй, Бейсекеңнің кітабын жуып берейін.Өзім бүгін көңілді отырмын. Сені неге шақырдым? Сыр бөлісейін дедім.

- Құлағым Сізде, Әбеке!

- Құлағыңда жүрек болсын!

- Жүректі білмеймін, шеміршек құлақ қой кәдімгі.

Ақын риясыз күлді. Күлді де әңгіме сабақтады.

- «Лениншіл жас» телефон-сұхбат ұйымдастырып, соған 30 кісіден 90 сұрақ түсті. Соған жауап бердім. Әрі шаршадым. Әрі көтеріліп қалдым. Әр түрлі қызық сұрақтарға жауап бергеніңде жаныңнан тосын арналар ашылады екен.

- Сұрақтардың нобайы қалай? Сұрақ деген халықтың психологиясы ғой. Жұртыңыздың жан-тілегі нені көкссейді, Әбеке?

- Шынымды айтсам, біздің халық оянған халық. Ана тілінің теңдігін тілейді, азаматтық тарихының роман, драмаларға айналып жазылуын қалайды. Сұрақтар да осы ыңғайда?

- Қалай жауап бердіңіз?

- Қалай жауап берейін? Жақсы жауап бердім. Бұл сұрақтар біздің талай рет

көтеріп, мақала жазып, драма жазып, жазықты болып сыналып, айдалып кете жаздап барып ақталған тақырыптарымыз ғой. Бірақ, енді бізге аянатын не бар?! Ойға түйгенімді айттым.

Халық бар жерде оның тілі болуы заңды. Халық өзінің тілін өшіру үшін өмір сүрмейді. Өсіру үшін өмір сүреді. Әрбір ұлт тілінің – ұлы тіл болуға провасы бар. Солай болуға тиісті де. Өйткені, әрбір ұлт тілі – сол ұлт өкілдерінің бақыты, оның қуанышы. Өз тіліңді білу, өз тіліңде ержету, ел қатарына қосылу – азаматтық міндетің. Ана тіліңде елдігіңді, ерлігіңді танисың, танығаныңды жырлайсың. Ана тіліңде арманыңды айтасың, махаббат сезіміңді білдіресің, ана тіліңде түсінісіп жар сүйесің. Ана тілің – сенің адамдық бейнең, ұлттық паспортың. Олай болса, туған тілін мақтан ету, оны таза ұстау, таза сақтау, оның өскелең тілге айналуына қызмет ету - әрбіріміздің парызымыз. Әрбір қазақ ана тілін сүюі керек, оны көзінің қарашығындай сақтай білуі керек-деп сөйледім.

Туған тіл, аспан барда, жарық барда –

Сен барсың.

Өмір барда, халық барда –

Сен барсың.

Дауылдар өшті қанша рет,

Құйындар сынды қанша рет –

Сен барсың.

Қалалар қанша күйреді,

Өзендер қанша құрғады –

Сен барсың.

Қырғындар қанша басылды,

Жаңғырықтар ғана қалды сарыннан –

Сен барсың.

Күлге айналды алтын күмбездер,

Құмға айналды темір қарулар –

Сен барсың!

Халықтың қуаты – тілдің қуаты. Біз ұлт тілін ең айтқыш, ең білгір, ең бай тілдердің біріне айналдыруымыз керек. Бұл – бүгінгі біздің, ертеңгі балаларымыздың міндеті-дедім.- Бәрі өзімізге байланысты!

- Тамаша айтыпсыз, Әбеке! Тырнақша ішіндегі «достарыңыз» тағы да

көрсетіп жібермей ме?

- Кім білсін? Қазір заман дұрыс деп ойлаймын. Ешкім көрсете қоймас.

Көрсеткен күнде қартайған Әбділдаға не істейді?

- Тарих туралы не айттыңыз?

- Жалпы тарихта нем бар?! Менің айтатыным – қазақтың тарихы. Біз

тарихымызды, тарихымыздың жақсы, мақтанышты беттерін айтуға жасқанып өстік. Соңғы жылдарға дейін өз тарихымыздан өзіміз қашып, алысырақ қарауға, тереңірек үңілуге, ойбай-ау, мынау менің тарихым ғой деп айтуға жасқанып келген үркек халықпыз. Жақсы қасиеттерін жоғалтпаған халық – жоғалмайтын халық. Біз өз тарихымыздан өзіміз неге қашамыз? Өз әдебиетіміздің терең тарихынан өзіміз неге тайсақтаймыз. Жоғалмайтын жақсы қасиеттерімізді айтып кейінгі ұрпақты ерлік тарихымызбен тәрбиелеп, елдікке баулуымыз керек емес пе?-деп сөйледім. – Осы ойларды айтқанда есімде Бейсекеңнің қазақ әдебиеті тарихын тас жазуларға дейін ілгерілету керек деген ойлары жатты. Бейсекең құлағыма сыбырлап тұрғандай сөйледім.

- Жақсы айтыпсыз. Жігіттер сұхбат өте жоғары дәрежеде өтті деп жатыр,

Әбеке!

- Солай болды деп өзім де шамаладым. Өзім де сүйсіндім. Қартайғанда

құдай аузымызға дұрыс сөз сала көрсін деп тілеймін. Кейінгі ұрпққа елдік сөз айтып кетпесек кім болғанымыз?

Әбекең ағыл-тегіл сөйледі. Сөзі – сыр, ой, толғаныс еді. Қашанғысындай менің келіп тұруымды өтінді.

- Мен өсек теруден аулақпын. Әйтсе де хабарласып, келіп, әңгімелесіп кетіп тұрсаңдаршы-деді қария мұңайып.

- Өзіңіз ықыласты болсаңыз келіп әңгімелесіп, пікір бөлісіп қайтып

тұруға болады. Ақылдасуға болады Әбеке. Тек уақытыңызды аламыз ба деп қаймығамыз ғой. Ал, Сіздің уақытыңыз – қастерлі поэзия үшін!

-Жоқ. Уақыт алмайсыңдар. Келіңдер. Қартыңа сәлем айт. Келесі келгеніңде Бейсекеңнің кітабын ала кел!

Ақын дастарханынан дәм татып, ақын айтқан ойлардан жаныма шуақ алып шаңырақтан қанаттанып шықтым. Ойланып келемін. Ақынның алдындағы ағасы – Бейсекеңе деген риясыз ықыласы риза етеді кісіні. Қазақ әдебиеті тарихын «Түрік қағанаты» дәуірінен бастау керектігі жайлы концепциясын Әбекең де қолдайды екен-ау. Мерейтой мақаласында неге айтпады? Аға сыйлау, ақсақал сыйлаудан қалып бара ма қалай, қазақ қоғамы? Ұлт тағдырында айырықша міндеті бар үлкен кісілердің баласы неге ана тілін білмейді? Олардан кейін ұлт тағдырына енжар қарайтын немкетті, немқұрайлы ұрпақ өсіп шықпас па? Ана тілінің тағдыры, ата тарихымыз жайында арыстан жалды ақын толғана, сөгіле сөйлеп, төгіле айтқан ойлар бүгінгі буын зердесіне жетіп, жанын қозғар ма, келер ұрпақ жадысызданып кетпей ажыратып оқып, қастер тұтып айтып жүрер ме, күнделікті өміріне тұтынар ма? Ақынның «Лениншіл жас» газеті тілшілері жәрдемімен өткізген телефон-сұхбаты газет бетінде қашан жарық көрер екен? Ана тіліміз жайында жаны күйіп ашық айта алатын адам азайып кетті. Көбі көлеңкесінен қорқады. Ақын-жазушылар орысша жазуға тырысады. Қазақша туған шығармасының өзін орыс тіліне аудартып, өзге оқырман көзімен қарағысы келеді. Әлек! Өзге ұлт жазушылары өздерінің тарихын мақтанышпен көркем туындыға айналдырады. Қазақ жазушылары тарихи шығарма жаза қалған күннің өзінде өз тарихынан өзі қорынып, қорғаншақтап болады. Бұл не мінез? Ал, Әбекең жөні бөлек? Барын да, нарын да ұлтына арнайды. Туған елі тарихын төбесіне көтеріп, ана тілін арындай аялап, ағаларын ардақтап өтер мынау өмірден! Толғанып келемін.

Р.С.Берілетін суреттер.1.Ә.Тәжібайұлы Б.Кенжебаевтың 80 жылдығы Қаз МУ-де (1984 ж.) өткен тойында. 2.Ә.Тәжібайұлы мақала авторымен (1988ж. 4- маусым)

5035 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы