• Әдебиет
  • 22 Қаңтар, 2009

Ата-баба мұрасына адалдық

Халқын сүйген – салтын да сүйеді

Расул

Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Әскери институтының мемлекеттік тіл басқармасында М.Мақатаев атындағы әдеби-өнертану бірлестігі жұмыс жасайды. Бірлестік ­институт бастығы генерал-майор Бауыржан Елубаевтың қолдауымен ашылған. Мұнда айтыс, шешендік өнер, жас ақындар, жас прозашылар, термешілер, әнші-күйшілер, актерлер, ұлттық қолөнер шеберлері және «Мемлекеттік тіл ­менің тілім» атты өзге ұлт өкілдерінің, барлығы 9 үйірме жұмыс істеп тұр. Мұның ішінде «Ұлттық қолөнер шеберханасының» қазақ құндылықтарын насихаттаудағы орны бөлек.

Шеберхананың негізгі мақсаты болашақ шекара шебінде еліміздің

қауіпсіздігін сақтайтын сардарларға, яғни бүгінгі жас курсанттарға ұлттық қолөнерімізді насихаттау арқылы қазақи тәлім-тәрбие беру. Қазір қылқобыз, домбыра жасауды үйретіп жатырмыз. Алдағы уақытта адалбақан, кебеже, сандық сияқты үй бұйымдарын және батыр бабаларымыздың бес қаруын, сондай-ақ жетіген, адырна, асатаяқ, сылдырмақ, сазсырнай секілді саз аспаптарын жасауды үйретіп қана қоймай, олардың пайда болу тарихымен де таныстыру жоспарымызда, – дейді осы шеберхананың жетекшісі Расул Төлеуов.

Түркістанның 1500 жылдық мерейтойында белгілі сатирик Көпен Әмірбек:

Расул!

Ата-баба мұрасын,

Жалағастырып тұрасың,

Болсаң егер рас ұл, – деп қолтаңба берген Расул бірнеше қолөнер байқауларының жеңіпазы екен. Оның айтуынша Қылқобызды жасау тарихпен, философиямен, биологиямен, математикамен, физикамен, медицинамен тығыз байланысты болса керек.

Қобыз аспабы әр үйдің, әр мектептің, әр мекеменің төрінде ілулі тұрса,

жас жеткіншектердің қазақ өнеріне, төл тарихына, мәдениетіне қызғушылығын арттырып, отансүйгіштекке тәрбиелейді. Ана тілінде білім алып, ұлттық салт-дәстүрін терең меңгерген азамат қана отанына шын беріліп қызмет етеді, – дейді ол.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген осы. Салтын ұмытпаған сарбаздардың ата-баба мұрасын ардақтап, ана тілін қасиет тұтқаны Қазақ елінің қай бағытқа қадам басатынының куәсі болса керек.

Біләл ҚУАНЫШ

3867 рет

көрсетілді

31

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы