• Тіл
  • 22 Қазан, 2009

«Нұрлы сөз» ана тілімізді ардақтады

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында «Нұрлы сөз» транслингвистикалық шоу-бағдарламасының қойылымы өтті. Сар далада сатыр-сұтыр ете көкті жарған найзағай, нөсерлете жауған жаңбырдың даусымен сахна пердесі ашылып, Бұхар жырау, Төле мен Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбек билерімізбен Абай, Жүсіп Баласағұн сынды ұлы даналарымыз шықты. Толғауы тоқсан қызыл тіл, сөйлеймін десең өзің біл деп Абай атамыз айтпап па еді. Аталмыш шараға Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, барша тіл жанашырларын ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алған 20 жылдығымен құттықтап, кешті ашты.

– Жалпы жер бетіндегі барлық адамның әртүрлі дінге, әртүрлі наным-сеніміне қарамастан барлығының бірдей уайымдайтын құдіреті бар. Оның аты – сөз. Жаратушыдан жеткен қасиетті төрт кітаптың төртеуі де бізге әуелі сөзбен жеткен. Сондықтан сол қасиетті кітаптардың бәрінде әуелі сөз болған деп жатады. Шындығында сөз болмаса біз 18 мың ғаламның бар-жоғын, күн мен түнді, жақсы мен жаманды, табиғаттың құпияларын, тіпті адамзат ашпаған жаңалықтардың барлығын немен таңбалап, немен таныр едік. Сондықтан өнердің ішіндегі ең құдіреттісі де, ең күштісі де осы сөз өнері. Бүгінгі кеш «Нұрлы сөз» деп біздің ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алған 20 жылдығына орай өткізілгелі отыр. Осы жиырма жылдың ішінде ана тіліміз өсті, өркендеді, дамыды. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Кешегі 70-80 жылдары басқаны былай қойғанда сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматыда екі ғана қазақ мектеп-интернаты, бір №12 мектеп толық мәндегі қазақ мектебі болды. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде 800-ден астам жаңадан қазақ мектептері ашылыпты. Егер 50-ші тың игеру жылдарынан бері қарай Қазақстанда 600-ден астам мектептің жабылғанын ескеретін болсақ, бұл бізге өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгені деп толық айтуға негізіміз бар. Бірақ тілді өсіріп-өркендететін бұл Үкіметтің бұйрығы, қаулысы емес, әр қазақтың өзінің өз жүрегінің қалауы. Әрбір қазақ баласын жетектеп апарып қазақ мектебіне беретін болса, дүниеге келгеннен бастап құлағына ана тілінде білім нәрін, ата-бабадан келген асыл сөзін, нұрлы сөзін құятын болса ондай елдегі мемлекеттік тілдің де болашағы аса зор болар еді деп есептеймін. Сол себепті тіл жөніндегі көп әңгімеден гөрі, тіл жөніндегі әрбір үйдегі тәлім-тәрбие тілдің болашағын бүгінгіден де жақсы етіп өсіретін басты құрал. Сондықтан бүгінгі барша тіл жанашырларын ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алған 20 жылдығымен құттықтаймын! – деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Одан әрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Мәдениет және ақпарат минитрлігінің арнайы тағайындаған номинацияларын табыс етті. Әр номинацияның кімге, не үшін берілетініне де жеке-жеке тоқталды. Алғашқы «Аталы сөз» деп аталатын номинация М.Әуезовтің шәкірті, сол кісінің тәлім-тәрбиесін көріп, мақтауына ие болған Әбіш Кекілбаев ағамызға тиесілі екен.

– Осындай Мұхтар Әуезовті көрген, Қаныш Сәтбаевты көрген, үзеңгісін ұстап, тізгінін тартып, атын ерттеуге жараған сол ұрпаққа үлкен шын мәнінде қызығушылықпен қараймын. Бірақ біз Мұхаңды көрмесек те, Мұқағали айтқандай «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда» деп, сол Әуезовтердің сарқыты, қазақ сөз өнерін жаңа белеске көтерген, аталы сөз айтқан, ұлтқа ұлы ұстаз болған, ұлттың ұлы жазушысы Әбіш Кекілбаев ағамызға осы «Аталы сөз» сыйлығы беріледі, - деді Мұхтар Абрарұлы сыйды тапсырмас бұрын. Алайда Әбіш аға шетелде іс сапарда жүргендіктен сыйлығы кейін тапсырылатын болды.

Келесі номинация «Жүйелі сөз» деп аталады. Бұл марапатқа Еуразия Ұлттық университетінің академигі Мырзатай Серғалиев ие болды.

– Аталы сөз болған жерде сөз жүйесін табу керек. Сөз жүйелі болу үшін, тіл өсіп, өркендеу үшін тіл білімі қоса өркендеу керек. Қазақ тілінің байлығын, қадірін, қасиетін көрсететін, оны әлемнің ұлы тілдерінің қатарына жеткізіп, зерттейтін ғылымды лингвистика ғылымы дейміз. Ұлы тілдер деген сөзді жай айтып отырғам жоқ. Себебі сөйлейтін адамдарының саны 10 миллионнан асқан тілді ұлы тілдердің қатарына жатқызады. Бүгінде қазақ тілінде жер бетінде 15 миллион қазақ бар десек, қазақ тілі сол әлемдегі 80 алдыңғы қатардағы ұлы тілдердің қатарында орын алған. Осы ұлы тілімізді, кешегі кеңес заманында, бүгінгі тәуелсіздік заманында жүйелі зерттеп келе жатқан, оның ішінде ақпарат саласындағы тілді зерттеп, журналистерге, ақпарат құралдарына ақыл-кеңес берген, тіпті теледидардағы дикторлардың қалай сөйлеп, қалай дыбыстап, қалай ой айту керек екендігін де үйретумен келе жатқан жүйелі ғылым иесі академик Мырзатай Серғалиевке «Жүйелі сөз» номинациясы беріледі, – деді Мәдениет және ақпарат министрі.

– Бүгінгі беріліп отырған сый жалғыз маған емес көзі тірі ұстаздарымның, ағаларымның, қазіргі замандастарымның, іні-қарындастарымның еңбектері бағаланды деп есептеймін. Біз еңбек еткенде әлдебір атақ үшін емес, қабілетіміздің жеткенінше ана тіліміздің мәртебесін көтеру, ана тіліміздің табыстарын насихаттау, басқаларға ана тілінің қасиеті не екенін түсіндіру мақсатында жұмыс істедік, – деп толқыды Мырзекең сыйды алып тұрып.

Одан әрі «Ұрымтал сөз» номинациясына тоқталған Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Бұл номинация бойынша үш кісіні марапаттаймыз», – деп еліміздің ең қарымды журналист-жазушыларының бірі Сабыржан Шүкіровке «Ұрымтал сөз» номинациясының алғашқы сыйын табыстады. Келесі жүлделер «Тіл» ақпараттық-сараптамалық журналының бас редакторы Нұргүл Қарағойшинаға, «Хабар» арнасының журналисі Берік Уәлиге тапсырылды.

Шоу-бағдарламаның алғашқы бөлімі осылай өтті. «Балбұлақ», «Қасқабұлақ», «Дария» бөлімдерінде студенттер, мектеп оқушылары, лингвист ғалымдар мен өзге ұлт өкілдері сөз жарыстырып, шешендік жағынан сынға түсті. Сонымен қатар көрермендермен де түрлі ойындар ұйымдастырылып, естелік кітаптар сыйға тартылды. Бұл шоу-қойылымға Рамазан Стамғазиев, Қарақат Әбілдина, Ақан Әбдуәлі, Ерлан Рысқалы сынды әншілермен қатар айтыс ақындары Аманжол Әлтаев, Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашевтар қатысып, халықтың көңілін серпілтті.

– Бүгінгі бағдарламадағы мақсат өзгеше бір қызықты форманы ұсыну. Сондай-ақ, тілдің тағдырын, табиғатын жан-жақты көрсететін, қастерлі қазақ тілінің кеңдігін, тереңдігін, көркемдігін танытатын қойылым жасауға ниеттендік. Болашақта осы «Нұрлы сөз» бағдарламасын жыл сайын фестиваль ретінде өткізетін арнайы жоба болады деген ниетіміз бар, – дейді «Нұрлы сөз» лингвистикалық шоу-бағдарламасының продюсері Базарбек Атығай.

Жалпы мемлекеттік тілді насихаттаудың түрлі әдістері бар. Әсіресе мемлекеттік тілді жастардың арасында насихаттаудың ең тиімді жолдары көп-ақ. Ең алдымен соларды қолдануға күш салу керек. Өйткені тек қана ақыл айтып, ғылыми конференциялар арқылы бұл мәселелерді шешу оңайға түспейді. Ал «Нұрлы сөз» шоу-бағдарламасы өзінің өміршеңдігін жоғалтпас деп ойлаймыз. Себебі, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп, тіл мәдениетін жетілдіру, жастардың көркем шығармаларды оқып-үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру – бағдарламаның басты мақсаты.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

3630 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы