• Қоғам
  • 10 Ақпан, 2009

Жындыханадағы жазбалар

Жалпақ жұрт «жындыхана» деп атап кеткен психикалық аурухананың жалғыз адамдық палатасына орналастырылған едім. Темір торлы терезеден сыртқы әлемге көз сүзбестен жатып алғаным рас. Өйткені өз ой-орманыма өзім «саяхат» жасап, соңғы бір аптаның ішінде көрген-білгенімді тізіп, күнделігіме көк сияны «шимайлаудан» қолым босамады. Міне, енді оны жалпы халыққа жариялаудың да сәті келіп отыр.

  

Дәрігердің өзі «емделгені» жөн

 

Психоанализмнің атасы есебіндегі З. Фрейдтің ана мен бала махаббатының өзінен сексуальдық белгілер іздейтін кейбір көзқарасы сайын даланың қазағы үшін жат, тіпті қауіпті. Алайда, оның жүйке ауруына шалдыққан жаны жарымдардын жасырын бақылау арқылы бейсаналы іс-әрекетін, мінез-құлқын, көрген түсі мен елес-бейнелерін сараптап қорытынды шығаратын әдісі осы күнге дейін құнын жойған жоқ.

   Ақ халатты дәрігерді көргенде кірпідей жиырыла қалатын психикалық сырқаттар оңайлықпен жан сарайларын аша қояды деуге сену қиын. Сондықтан, өздері тақілеттес сырқаттың кейпіне енгенде ғана олармен емен-жарқын тіл табысуға жол ашылары кәміл. Осындай ойдың жетегінде Алматының қақ төрінде орын тепкен Республикалық ғылыми-тәжірибелік психотерапиялық және наркологиялық орталыққа ат басын бұрдық. «Үйдегі сауданы базардағы нарық» бұзады дейді атам қазақ. Жоғарыда аталған мекеменің қызметкерлері бас директордың дәргейінсіз «аттап басбайтындығын» дәлелдеп бақты. Ал сол бас директор Сағат Алтынбековтың жүзін көру түгіл, табалдырығын күзетуді «абыройға балап» апталап жүрдік-ау біз пақыр. Оған жуырдағы КТК телеарнасынан 2008 жылдың қорытындысы бойынша жүйке ауруларының саны 2 есеге артыпты деген ақпар таратылғаны да сеп болса керек. Жүйкесін жұқартқан журналистерден әбден шаршаған-ау, сірә. Түйе бойы қоршалған ат шаптырым «қалашықты»  бір өзі «билеп-төстеген» «дөкейдің» есігінен ары қарай сығалай алмасақ та, аңысын аңдып жүріп түстенуге шыққан сәтін сәтімен пайдаланып сөзге тарттық. «Бұл аурухана – жабық мекеме» деп ат тонын ала қашты ол. Жуық арада артынан қала қоятын сыңай танытпадық, әрине. Бір кезде ашу шақырып, жұлқына бастады. Иә, жүйкесі сыр бергені қалшылдап бір безеріп, бір сазарғанынан ап-анық көрініп тұр. Аурухана басшысы қазақ тіліне шекесінен қарайды. Орысша сөйлегенде суытылған жорғадай тайпалатын басшының хатшысы мен қосшысынан бастап, есігіне емін-еркін кіріп-шығып жүрген құзырындағы «емшілердің» ресіми тілде шүлдірлесетіні осыған айғақ. Әлбетте, өз ана тілінен жеріген адам – рухани мүгедек. Ал рухани мүгедек өз жанын сауықтыра алмай жүріп өзге адамдардың жанына шипа дарыта алар ма екен?

 

Аурасы ауыр аурухана

 

Каблуков көшесіндегі психикалық сауықтыру орталығына бет түзедік.

Айналасы «қорғанмен» тұмшаланған аулаға табаным тигенде-ақ әлдбір күш еңсемді езіп, екі иінімді баса түскедей болды. Лезде аспанды қара бұлт торлағандай ма, сұрқай тілшіріктің сұрықсыз көріністері бой көтерді. Аурулардың дертінің қозатын тұсы – көктем мен күз. Қазір – қыс мезгілі. Дүлей дауылдың алдындағы өлі тыныштықтай мызғымас үнсіздік көңілге үрей ұялатады. Әлдебіреудің оқты жанары желкеме қадалғанын тұла бойыммен түршіге сезіндім. Сөйтсем, темір торлы терезенің ар жағынан қырықтықпен қырқылған қойдың жүніндей жал-жал қысқа шашты бейтаныс тіршілік иесі мағынасыз көздерімен телміріп тұр. Әлде әйел, әлде ер адам екені белгісіз. Ғимараттың төменгі қабатында балалар үйінің есерсоқтары орналасқан екен. Торлы терезеден қолын созып темекі сұрап жатыр. «Жоқ» дегенді емеурінмен танытып басымды шайқадым. «Братан, ең құрығанда тиын-тебен тастап кетші» дейді үміттене қарап. Мұнда тек аурулар жататынын, ал дәрігерлерді келесі ғимараттан іздеуім қажеттігін түйсініп, кері бұрылдым. Жолай қозғалыссыз қалшиып тұрған әйел кезікті. Зеңгір көктен көз алар емес. Күбір-күбір етіп, аузын жыбырлатып Құдайға жалбарынып тұр ма, әлде елдеқандай елеске еліріп тұр ма, ол жағы беймәлім. Тек қасынан жанай өтіп бара жатқан маған «кедергі келтірдің» деп жақтырмай қалғанын аңғарып, аяғымды жылдам-жылдам басып, ұзап кеткенше асықтым.

Алдымнан жолыққан қос дәрігердің жетегіндегі «Мен жынды емеспін ғой. Қайда алып барасыңдар?» тоқтаусыз сөйлеп келе жатқан кейуанаға еріксіз назар аударылды.

        Балаларым қайда, мені мұнда неге әкелді?

        Олар кетіп қалды. Сізге қазір дәрі береміз. Тамақ та тегін.

        Жоқ. Мұндай қорлықты көргенше өлгенім артық.

        Бәріміз де бір күні о дүниеге аттанамыз...

        Көресіңдер әлі, түнде қашып шығып... өлем!

Бір сәт араша түсіп, ананы қорғағым келді. Сосын «өзім сырын білмейтін дәрігерлердің ісіне араласқаным жарамас» деген ой тежеді. Аз уақыттан соң емделіп шыққан сырқат үйіне де қайтар деп жұбатқан болдым өзімді. Бірақ, «бәріміз де бір күні о дүниеге аттанамыз» дегені нақ дәрігер айтар сөз бе? Сонда дәрігерлер «адамдар түбі өледі ғой» деп қол қусырып отыра беруі керек пе? Туған тілін білмейтін әлгі дәрігермен кейінірек таныстым да. Аты-жөні – Данияр Болатұлы екен.

 

Еңбекпен емдеу

 

   Аманжол Байсариновтың бастамасымен ашылған еңбекпен сауықтыру орталығы 2008 жылдың қараша айында ресми түрде жұмысын басаған. Содан бері мекеме  тағдыры қайранға қалған кемедей адамдардың екінші үйіне айналып үлгергендей. Айналасына аса қауіп тудыра қоймайтын аурулар мұнда дәрігерлердің нұсқауымен жіберіледі. Алматының шалғай елді-мекендерінен де, жапсарласқан жындыхананың өзіненде келіп-кететін 100-ге жуық мүгедек жандыларды мекеме жұмыспен қамтып отыр. Осында олар конверт жасау және тігін тігумен шұғылданады. Тігін тігу жағында (дәрігерлерге арналған ақ халаттар, көрпе тыстары және тағы басқалар) тек әйел адамдар шоғырланғандықтан конверт  желімдеуді қолайымызға құп көрдік.   

Алдын ала дайындалған орыныма барып жайғасқанымда жұмыстың басталуына әлі жарты сағаттай уақыт бар-тұғын. Соған қарамастан, сырқаттар түгелге жуық жиналып қалыпты. Бір аңғарғаным, мұндағылардың басым көпшілігі белдері бүкірейіп, сұрақ белгісіндей иіліп жүреді екен. Ортада тәпелтек бойлы әйел қабағы тұнжырап, ауыр ойдың үстінде арлы-берлі жүруін доғарар емес. Ал оның арғы жағында газет оқу үстіндегі қазақ әйелі ә дегеннен көзге түседі. Өзінен-өзі маңғазданып газет оқып отырған қазақ әйелі көзіне ілген көзілдірігі азды-көпті оқығаны  бар екенінен хабар бергендей. Тек ауық-ауық басының қалт-қалт етіп қозғалатыны сырт көзге осында тегеннен тегін жүрмегендігін білдіреді. Түкпірдегі бозбаланың езуіне күлкі ілініп қалғандай. Қыздай сызылады. Көздері бір орында тұрақтамайды. Қас-қағым сәттің ішінде көруге болмайтын дүниені көзі шалып қалғандай ұялған сыңайда ебедейсіз қылық танытады. Қарама-қарсы отырған еңгезердей жігіт 8-ші сыныпқа арналған алгебра кітабінің ішіне сүңгіп кетердей көрінеді. Есептердің амалдарын әуелі дәптеріне көшіріп алып, артынша сартылдатып шығарып жатыр. Бәлкім өзін әлі 8-ші сыныпта оқитын оқушымын деп есептейтін шығар. Оны қаумалаған «достары»  Вова деп атап кетіпті. Қапталымда отырған Асқардың сергектігі, ылдым-жылдым қимылдайтын шапшаңдығы қайран қалдырды. Дүрдек еріндерінің қосылмай, аузының аңқиып тұратындығына, қос жанарындағы мағынасыздығына қарап еріксіз сырқаттар санатына қостым. Артымызға қоныс тепкен Кәрім Асқарға қарама-қайшы типтегі адам. Келгеннен маужырап барып, ұйқыға кетті. Бір ұртына малта жасырып алғандай оң жақ бетінде домбыққан ісік байқалады. Екі адым жерде балпиған балпанақтай толық әйел кітап оқып отыр. Қандай кітап екенін білгім келіп мойын созғанымды аңғарып қалған ол дереу қолындағысын жасыра қойды. Шамалы уақыт өткен соң «өзіміздей сырқаттың бірі» дегенге көңілі әбден сенді-ау деймін, кітапты өз қолымен ұсынды. Діни кітап – інжілдің бір-екі бетін парақтап шығып, иесіне рахметімді айтып қайтардым. Сонымен, бір бөлмеде 20 шақты адамның басы қосылды.

Нұсқаушы Галина Ивановна алдыма бір тостақан желім мен шашақты қылқалам және қоңырқай түсті төртбұрыш етіп қиылған қағаз қойды. Әскери орындар мен құқық қорғау қызметкерлері үшін жасалатын кағазқаптар күнге көлегейлесең ішіндегі жазуы көрінбейтіндей картон қағазындай қалың болып келеді. Асқардың өз ісінің шебері екені бірден көзге ұрады. Ол қағаздың қос қанатын, сосын барып астыңғы жағын қайырып саусақпен «үтіктеу» қажеттігін айтып, ақыл-кеңесін аямады. Саусақтары епті Асқар әп-сәтте 30-ға шақты конвертті «жусатып» тастады.

Ал Воваға нұсқаушы келіп конверт желімдеудің қыр-сырын қанша түсіндіріп бақса да, көкейіне тоқып ала алмай-ақ қойды. Ауруға ұрысып немесе бұйрық беріп ешнәрсе орындата алмасын ұғынықты.  Галина Ивановна «Сен жақсы баласың, қолыңнан бәрі келеді» деп мақтап-мақтап қояды. «Иә, ме-е-ен жа-а-ақсы-ы-ымын!» деп көкірегінде сөз кептеліп қалғандай кекештене, екпіндете дауыстайды. Шындығында, мүгедек жандылардың болмыс-бітімі жан түршіктіреді. Басым солқылдап ауырып дегбірім қашты. «Әріптестерімді» көргім келмей көзімді тарс жұмып алсам да, көңілімді торлаған көріністер жай таптырмады. Оған тағы қолқаны қапқан жағымсыз иістерді қосыңыз. 

 

Сырқаттармен сырласу

 

«Адам үш күннен кейін тозаққа да үйренеді». «Қабағы түксиген» атмосфераға етім өліп кетті-ау шамасы. Алғашқыда есі ауысқандар маған жатырқай қарады, кейін өздеріндей көріп іш тартты. Суыртпақтап Асқарға сұрақты қарша жаудырдым-ақ. Әке-шешесі дүниеден оза сала туған-туыстары қарайласпай өмірі өксіткен мұңлықты жападан жалғыз тастап кетіпті. Гүлзада болса, сау басына өзі сақина тілеп алғанға ұқсайды. Жатырына біткен нәрестесіне жасанды түсік жасатқалы бері артынан біреулер аңдып жүрген тәрізді көрініп әбігерге түсетінді шығарады. Оны айтасыз, тамаққа у қосылған деп күдіктеніп ас-судан бас тартып, нәр тартпаған кездері болғанын жасырмады.    

Іргелес бөлмеде бір шаңырақтың адамдарындай қауқылдасып әңгіме-дүкен құрып, әзіл-қалжын айтысып, домино ойнап отырған көңілді топты сырттай қызықтадым. Бара-бара өзім де білекті сыбанып ойынға кірісіп кеттім. Олардың шын көңілінен ақтарылған кіршіксіз күлкілері қас пен көздің арасында баурап алды.     

Түс әлетінде жұмыс тоқтап, барлығы асқа шақырылды. Құдды балабақшаның құлдырандаған бүлдіршіндеріндей шуылдап қуаныштарын жасыра алмай жүгіре жөнелді. Дүрмектің артынан қалмай ілбіп жүріп келемін.

 Кең асхананың іші у-шу. Әркім өзіне тиесілі бір кесе сылдыр сорпа мен бір табақ түтік кеспе үшін кезекке тұрып жатыр. Салдырлаған қасық-табақтардың дыбысы құлақ тұндырады.

   «Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін мұндай аурулар ешкімге қажетсіз күй кешеді. Ал бұл жерде психикалық дертке душар болғандар өзара араласатын орта табады, бір мезгіл тамағын ішеді. Дәрі-дәрмек те мекеме үлесінен тегін үлестіріледі. Сондай-ақ, әрбір дертті жан істеген еңбегіне қарай зейнетақыдан бөлек сыйақы алады» дейді  Аманжол Заманбекұлы.    

 

Жынды емес, бірақ – жындыханада

 

Көпшілік күні бүгінге дейін сүйсіне тамашалайтын «Кавказ тұтқыны» көркем фильміндегі ақыл-есі сап-сау Шуриктің жындыханаға түсетіні бар емес пе? «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Көркем шығарманың негізінде қандай да бір ақиқат жатыр. Кеңес үкіметі тұсында адам құқығы үшін күрескен генерал Петр  Григоренко да осы Шуриктің Никуллиннің кебін кигені көпке мәлім. Жазушы әрі саясаткер Эдуард Лимоновтың өмірін арқау еткен «Орыстар» атты киноның желісіне сенсек, орыстың қаламгеріне де жындыхананың дәм-тұзы бұйырады. Қылышынан қаны тамған қызыл империя өзіне жақпай қалғандарды осылай із-түзсіз жоюға тырысты. Кеңес үкіметінің «дәстүрінен» ажырамақ түгіл, асыра орындауға құштар біздің елде әлгіндей «жалған жындылар» жоқ дейсіз бе? Бірегей жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Жас Алаш» басылымында жарық көрген «Есі ауысқандар» деген әңгімесі психикалық клиника жөнінде өрбиді. Өндірдей қызын зорлаған шешендердің өз қолымен жазасын беріп, үкімін өзі шығарған Қазыбек «ұлтаралық татулықтың» құрбанына айналып, жындыханадан бір-ақ шығады. Қаламгер ондағы жындыларға жиналыс өткізуден жалықпайтын саясаттың салқыны тиген партия жетекшісінің аузына сай-сүйекті сырқырататын сөздерді сәтті салып берген.

«Камо» деген лақап атымен әйгілі революциялық қозғалыс жетекшілерінің бірі Симон Тер-Петросян тұтқынға түскенде жазадан құтылу үшін жындының кейпіне енеді. 1659 жылы I Петрдің жарлығымен осы санаттағы адамдардың жазадан және куә болуыдан босатылған болатын. Ол азаптаудың сан алуан түріне төзеді. Ресейлік дәрігерлер оның нақты есінің ауысқан-ауыспағанын анықтай алмайды. Ең ақырында германиялық ғалым мәселенің мән-жайына көз жеткізсе де, Симонды сатпайды. Психикасы бұзылған адамның тәніне ине сұғылғанда көз қарашығы өзгермейді екен. Сұңғыла дәрігер әлгі әдістің көмегімен Тер-Патросянның жанарындағы өзгерісті байқап қойған ғой. Екі қыздың қанын жүктеген бір танысымның жолдасы Талғар қаласындағы психикалық клиникада жатқанын құлақ шалды. Айласын асырып «жынды» деген тілдей анықтаманы сатып алған қылмыкер жауапқа тартылуы былай тұрсын, қара ниетті «қаһарын» халыққа төндірері соқырға таяқ ұстатқандай шындық. Балалары қартайған шағында қажетсізге  балап өткізген ата-аналар, туған-туыстары дүние-мүлкін, баспанасын тартып алуды көздеп әкеліп тастаған кемпір-шалдар жүйке аурулары емханасында ұшырасуы кәдік. Ондағылардың «жабық мекеме» деп сырт көзді жақтырмайтынын енді ұғынған шығарсыз...

 

Ел тірегі – ертегі    

 

Жас балаға бесік жырынан соң рухани нәр беретін бірден-бір тетік – ертегілер. Оның ой-өрісі, қиялының дамитындығы, ұлттық қайнардан сусындайтыны өз алдына, ертегі, батырлар жырының шарапатымен күрескерлік рухқа тәрбиеленді. Онда да басты қаһарман адам мүмкіндігі қарсы тұра алмайтын кедергілерге кезігіп, бәрін жеңіп отырады. Аңыз әңгіме, ертегі тыңдап өскен жас өмірдің барлық сәтсіздіктерін уақытша қиындық ретінде қабылдап түбі бақытқа кеңелеріне сенеді. Осынау сенімнің күшімен боркеміктеніп егілмейді. Демек, психологиялық аурудан да ауылы алыс болады. Қазақ кез келген оқиғаны жүрегімен қабылдайды. Ішкі дүниесі әлемтапырық күй кешкенде ақылмен ойлануға мұрша болмайды. Сондықтан, жайсыз жайттарды салқынқанды сабырлықпен, ақылмен қабылдаған абзал.   

 

Жазушының қиялы,

Оған бәрі сияды!

Қашаған жыраудың «Және бір жайды айтайын» деген өлеңі үлкен ойға қалдырады. Құтырған құрт жеген торғай бүркітке шабады. Торғайды бір-ақ қылғытқан бүркіт қытырып нән балықтың жемі болады. Ол мөңкіп жүріп, тулап жүріп сыртқа шығып қалады. Оны жеген бүкіл ел ақылынан айнып бірін-бірі талап-тонап,  шыға келеді.

Балықты жеді елі алып,

Жеген елдер құтырды.

Біреулерді біреу жеп,

Азайған сөйтіп қай халық? – деп түйінделеді жыраудың жыры.

Танымал қаламгер Қуандық Түменбайдың «Жындыхананың жейдесі» деген әңгімесінде жынды Адольф Әбділда Тәжібаевтың мына бір шумақ өлеңін оқиды:

О, доктор, жынданған жоқ бұлар тегін,

Босқа сен әуреленбе, қонбайды емің.

Аулақ бол, емшілікті уақытқа бер

Ұмыт сен жындылардың келешегін.

Орыстың ұлы жазушысы Гогольдің «Жындының жазбалары» атты шығармасындағы бірінші жақпен баяндалатын бас кейіпкері біз өмір сүріп отырған әлемнен басқа дүниеге өтіп кеткендей әсерде қаламыз. Өз қиялында өзі ғұмыр кешкен пенденің ақырында басына су тамшылап, арқанмен шідерленеді. Біздіңше, «Жындының жазбалары» мен швед жазушысы Кнут Гамсунның «Аштығында» ғажайып ұқсастық бар. Ол қос қаламгердің жайшылықта мән беріле бермейтін детальдарды шебер «сөйлете» білуінде. Аштықтан саңсыраған сана-сезім мен тыз етпе жүйкеге ұсақ-түйек дүниелер алапат соққыдай тиеді. Чеховтың аты шулы «№ 6-шы палатасында» Иван Дмитрич дәрігер Андрей Ефимычке «Мыңдаған ақымақтар еркіндікте жүр, өйткені сіздің қарым-қабілетіңіз оларды сау адамнан айыруға шарасыз. Ендеше, мен және мына бақытсыздар солардың бәрі үшін неліктен осында отыруы тиіс пе?» деп көкейіндегі сауалды төтесінен қояды. Ақыл есі бүтін ғана емес, өмірге деген өзіндік көзқарасы бар Иванмен дәрігер сұқбаттасуды жиілете түседі. Сол үшін жындылар санатына қосылып, өзі де №6-шы палатаға қамаларын қайдан білсін...

Әлбетте, кез келген жазушы шығармасында өзін жазады. Достоевскийдің кейіпкерлерінің психологиясы күрделі болып келетіні де содан. Оның «Әңгүдік» романындағы князь Мышкин бір мезгілде Аглая Ивановна мен Настасьия Филипповнаға қатар ғашық болады. Ол ғана емес, ту сыртынан үңірейген қос жанар аңдып артынан қалмайды. Талма дерті тағы бар. Сенім артқан адамдары алдап кетіп отырады. «Кого люблю, того и бью» деп өз әйелі Настасьияны өлімші етіп соққыға жығатын, сосын оның кешірімін алмайынша бір орында тапжылмай жүрелеп отыра беретін Рогожиннің мінезі де оғаш. Заң қуатымен жазалау мүмкін емес «қылмыскерлерді» өз қолымызбен «сыбағасын» беру керек деген идея түбіне жететін заң факультетінде оқитын студент Раскольников туралы Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» кітабының жаһандық әдебиеттегі орны оқшау. Әлемдегі ең үлкен таралымға ие болған Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығындағы» кейіпкерлерінің тағдыр талайы тауқыметті. Полковник Аурелано Буендиа жасаған он екі алтын балығын қайта ерітеді, жұмысты басынан бастайды (Қастандық құрбаны болып, қаза тапқан он екі ұлының құрамтіне). Осылай күні-түні жалғаса береді. Ғашығы оққа ұшқан Ребека да өзіне арнап тоқыған кебінін сөгіп тастап отырады. Жарық дүниеде ол қызығарлық ешқандай қызық қалмаған соң, қайтсің енді? Алысқа бармай-ақ, өзіміз де нақты жоспарымыз болмағандықтан, бір жасаған ісімізді қайта қайталап жүргеніміз өтірік пе?

Көрнекі жазушы Төлен Әбдікұлының «Ақиқат» атты повесінде жындыханадан қашып шыққан Роберт тіршіліктің қайғы-қасіретіне шыдай алмай қайтадан психикалық ауруханаға тығылады. Бірақ, телепат Роберт өзін емдеп жүрген дәрігердің арам пиғылын, іздеп келетін жалғыз жарының қысастығын сезген соң жүрегі шыдамай ақтық демін шығарады. Айта кеткен жөн, адамның жақсылық пен жамандық ұғымдарымен екіге жарылатыны «Парасат майданында» көрініс тапқан. Осы жөнінде медицина ғылымдарының доктары, профессар Белгібай Шахметовтан сұрағанымызда, ол кісі «Бұл шизофрения деп аталады. Теориялық тұрғыдан мүмкін болғанымен, 40 жылдық тәжірибемде әлі кездескіргенім жоқ» деп жауап берді. Сондай-ақ, Төлен Әбдікұлының суицид дертіне шалдыққан қыз жайлы «Оң қол» шығармасы қазақ әдебиетіндегі алғашқы шартты ізденіс көрінісі болғаны аян. Мұндай аурумен ұлылар жиі ауырған. Қадыр Мырза Әлидің «Жазмыш» атты кітабында осы тақырыпқа арналған «Өз еркімен өлу» деген тұтастай бөлім бар.

 

Құрбандық және тәуекел

 

Достоевский өлім сәтін сезінгісі келіп өзін арбанын астына тастайды. Ол заманда автокөлік жоқ. Бар болса, жанкешті жазушы темір тұлпардың астына түсуден де тайынбас па еді. Сіз шығарма кейіпкерінің бір сәттік әсерін ғана түйсіну үшін басыңызды бәйгеге тігер ме едіңіз? Ал Гоголь алаңсыз жазумен айналысу үшін еркектік қабілетінен бас тартқан. Оның махаббат тақырыбын суқаны сүймейтіні сол себепті. Ұлылық үлкен құрбандықты талап ететіні табиғи заңдылық па?

Өз өнеріне өлердей берілген жандар бізде де бар. Марқұм драматург Баққожа Мұқайдың пьесасына қойылған режиссер Қайрат Сүгірбековтың «Өмірзая» қойылымындағы жындының рөлін сомдау үшін талантты актер Бекжан Тұрыс жындыханада үш тәулік түнегендігін жеткізді. «Онда таныс арқылы кірдім. Жындылардың тағдыры жанымды қинады. Әрбір аурудың мінезі әрқилы. Олардың бір ерекшелігі, ешқайсысы кірпік қақпай тіке қарайды. Әке-шешесін керексімей сол жерге тастап кететіндер де болды. Екі-үш күннен кейін олар да жындыға айналады екен. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген рас. «Мен үйге қайтамын ба?» деп кемсендеген шалдың сөзін естігенде жылап жібердім. Сол сөз жүрегіме қатты батты. Оны қойылымға да енгіздім. Түрлі жындының образын бір жындының бейнесінде беруге күш салдым» дейді ол.    

    

Жалғыздық

 

Азаттықты аңсаған ақын көңілді Біржан әншіні айдалада ән салғанын жұрт жындыға балайды. Сөйтіп оны арқанмен матап тастайды.

Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,

Қинауға салады екен адамзатты.

Үкідей желпіндірген қарақтарым,

Шешшеңші, білегіме арқан батты, – деп балаларына жалынады. Ақыры арқан кескен жердің жарасы асқынып кетіп гангренадан дүниеден озады.  Құлагерінен айырылған Ақан сері елден жырақтап, терең ойға батып, оқшаулана береді. «Ақанды жын ұрыпты» деген алып-қашпа әңгіме ел арасында желдей еседі.

Жазушы Қуандық Түменбайдың «Қасқыр мен қояншық» әңгімесінде тірі пендеге сырын ашпайтын сырқау Міржақып ауыл сыртына барып ұлып қасқырға мұңын шағады. Адам психологиясын беруде өзіндік қолтаңбасы бар Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» әңгімесі де осыған орайлас. Көктем мезгілінде далада жалғыз ұйықтаған Әділет жынданып кетеді. Әділетсіздікке жаны төзбейтін Әділеттің тау кезген таутағық өмірінде қасқырды балық аулап беріп асырайды. Бірақ, тағы тағылығын жасап, қақпаннан босатпақ болған өзіне азу тісін батырады. Қаламгер Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасындағы кемтар қыз Ләйлә Аймен сырласатынын есіңізге алыңызшы. Тіпті ессіз ғашық Мәжнүннің қарғамен тілідесетіні бар. Расында тірі пендеде оларды түсінетін ешкімнің болмағаны ма?

 

Ғашықтықтың азабы

 

Ғұмыр бойы Лаураны жырлаған Петрарка сынды махаббат лирикасын Ләйләға арнаған Жұматайдың бір шумақ өлеңі ойға оралып тұр.

Жұматай Жақыпбаев былайша жырлайды:

Залдарда жыр қылатын,

Сенімен егескім кеп:

«Мен саған жынданатын

Мәжнүн емеспін», – деп.

Мәшһүр жазушы Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббаты» деген туындысы Төлеген мен Бәтиманың арасындағы риясыз сезімнің баянсыздығын баян етеді. Қылықты қыз сері жігітті қасақана азапқа салады. Жас композитор Бәтимадан үмітін үзіп, басы ауған жаққа босып кетеді. Енді байғұс қызға қанша бармағын тістегенмен пайда жоқ. Арада бірнеше жылдар өткенде жындыхана түбінен өтіп бара жатқан Бәтима тесіліп қараған жындыдан шошып қашады. Ол – Төлеген еді. Ертесіне жындыханаға қайтып келгенде ғашық жігіт бақилық сапарға аттанып кеткен болатын...

Жазушы Нұрғали Ораздың «Алтын сауытты батыр» әңгімесінде ақбозат мінген, алтын сауытты батырдың елесін күн бата күтетін Ақжамалдың тағдыры аянышты-ақ. Өйткені, ол елесті сүйеді.       

   

Түйін:

Ұлтымыздың ұғымында жын түсінігі бақсылықтан тарқатылады. Жындардың ақ, қара (мұсылман, кәпір) түрлері болатындығы туралы Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» кітабында

айтылады.

  Жастар жағы «жынды» деген сөзді жақсы мағынасында қолдануды әдетке айналдырып жүр. Ол ол ма, олардың аузынан жындылар жайлы әзілді жиі-жиі естиміз. Қазақ ауруға, кемтар адамға күлмейді.             

5311 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы