• Ақпарат
  • 22 Қазан, 2009

Беделді Ұйымға төрағалық – еліміздің мерейі

www.anatili.kazgazeta.kzҚазақстан Республикасының Мемлекеттің хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Б.Саудабаевтың «Ана тілі» және «Экономика» газеттеріне берген сұхбаты

- Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға 1992 жылғы қаңтардың 30-ында қосылды. Осы уақыт аралығында еліміздің саяси өміріне қандай өзгерістер орын алды?

- Рас, өзіңіз айтқандай, 1992 жылы 30 қаңтарда Қазақстан мен бұрынғы кеңестік республикалар батыс блок мемлекеттерінің шақыруы бойынша ЕҚЫҰ-ға мүше болды.

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әлемдік державалар мен беделді халықаралық ұйымдардың, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның да қолдауын қажет еткенін айта кеткен жөн. Дейтұрғанмен, әлемдік қоғамдастықтың өзі де тарих талайымен ядролық қуаты жағынан әлемде төртінші орын алатын біздің еліміздің сындарлы сыртқы саясат жүйесіне мүдделілік танытты. Біз осының бәрін ескере отырып, сыртқы және ішкі саясатта тепе-теңдік тәсілдердің пайдасына орай саналы түрде таңдау жасағанбыз.

Тарих үшін он сегіз жыл дегеннің өзі қас-қағым сәт. Бірақ Қазақстан үшін жаңарулардың тереңдігі және түбегейлі бетбұрыс жасалуы жөнінен бұл тұтастай дәуірге пара-пар болды. Біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының қастерлі арманына айналған тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуының тікелей куәгері әрі оған қатысушысы болу мен үшін үлкен бақыт деп есептеймін.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендікпен басқаруының арқасында өткен жылдар ішінде Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағының артта қалған бір бөлігінен экономикалық жағынан күшті және қарқынды дамыған демократиялық мемлекетке, халықаралық қоғамдастықтың лайықты әрі беделді серіктесіне айналды. Осы жылдар ішінде егемен мемлекеттің барлық атрибуттары, азаматтық қоғамның - саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, тәуелсіз БАҚ-тың институттарын дамыту үшін барлық қажетті құқықтық және саяси жағдайлар жасалды.

Елімізде ішкі тұрақтылықты сақтау арқылы саяси жүйе дамуының демократиялық векторы орнықты. Осыдан екі жыл бұрын, Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы, Қазақстан басқару нысанын президенттіктен президенттік-парламенттік басқаруға ауыстырды. Сонымен бір мезгілде сайлау туралы заңнамаға, БАҚ туралы заңға және басқа да бірқатар актілерге едәуір өзгерістер енгізілді.

Жүргізілген реформалар әралуан диалогтық алаңдар аясында үкіметтің, парламенттің өкілдері қатысуымен жүргізілген көп жылға созылған пікірталастардың нәтижесі еді. Бұл қазақстандық қоғамның барлық қабаттарының, елді демократияландырудың жалпыұлттық бағдарламасындағы ұсыныстарының квинтэссенциясы болды. Бұл орайда Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен өзара тығыз ықпалдастығын айрықша айта кеткен жөн, оның ұсынымдары реформаларды жүзеге асыруда басты назарға алынады.

Мен дипломатиялық қызметте ұзақ жылдар бойы жұмыс істедім. Әлемде жыл өткен сайын тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси бағытының жетістіктерін және біздің тұңғыш Президентіміздің беделін мойындау қалай орныққанының тікелей куәсі болғаным үшін тағдырға ризамын. Елімізді 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлау халықаралық қоғамдастықтың құрметті мүшесі ретінде Қазақстанның өркендеу жолындағы елеулі белес болып табылады.

- ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету стратегиялық маңызы бр мақсатқа айналғаны белгілі. Қарапайым халықты аталған ұйымның беделі мен елімізге берері қандай деген сауалдың мазалайтыны рас.

- ЕҚЫҰ құрамына Солтүстік Американың, Еуропаның, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияның 56 мемлекеті енетін аса ірі өңірлік құрылым болып табылады. Оның жауапкершілік аймағы үш құрлықтың ауқымды аумағын қамтиды. Бейнелі түрде «Ванкувер мен Владивостоктың аралығы» деп айтылады.

Аталмыш ұйым тарихының бастауы 1970 жылдардың бас кезінен, яғни НАТО мен социализм елдерінің блогы арасындағы диалог үдерісін жеделдеткен 1968 жылғы Чехословакиядағы оқиғалардан кейін басталды. 1970 жылдардың бірінші жартысында өткізілген бейтарап Хельсинки мен Женевадағы көптеген келіссөздердің сериясы ынтымақтастық ахуалының біртіндеп идеологиялық күресті ығыстыра түсуге ықпал етті.

1975 жылы Шығыс пен Батыстың арасындағы диалогты жолға қою мақсатында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық Кеңесі (ЕҚЫК) – көп тарапты форумы шақырылды. Онда қабылданған Хельсинки Қорытынды актісі (яғни «Хельсинки диалогы») мемлекеттердің арасындағы қатынастардың принциптерін айқындап берді, сондай-ақ бірқатар салаларда ынтымақтастықты дамыту жөніндегі нақты қадамдарды да белгіледі.

1994 жылы Будапешт Саммитінде аталмыш Кеңесті Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) деп атау туралы шешім қабылданды. Бұл Ұйым жұмысына жаңа саяси серпін берді және сонымен бірге оның институциялық дамуының жолдарын көрсетті.

ЕҚЫҰ бүгінде еуроатланттық және еуразиялық қауіпсіздік архитектурасының маңызды бөлігі болып табылады. Оның бірегейлігін географиялық кең ауқымдылығынан, қауіпсіздік проблемаларын толығымен қамтитын тәсілінен және шешімдерді қабылдауда консенсус ережелерінің болуынан көрінеді, бұл барлық қатысушы-мемлекеттердің теңқұқықты болуын қамтамасыз етеді. ЕҚЫҰ-да шиеленістердің алдын алу жөніндегі әмбебап тұтқалар құрылды. Бұл саяси консультациялардың түр-түрлерімен қатар Ұйымның арнайы өкілдерін, сарапшылар миссияларын тағайындау, сондай-ақ аймақтық әрекеттерді де қамтиды.

ЕҚЫҰ 1990-шы жылдары Тәжікстандағы азаматтық соғыстың аяқталуына айтарлықтай ықпал етті. Сондай-ақ, Босния мен Герцеговинадағы бейбітшілік орнату туралы «Дейтон келісімдерінің» орындалуын бақылауда үлкен рөл атқарып жүр.

Қазіргі заманға тән жаңа қатерлер деп аталатындардың ерекше күрделі және әралуан екендігін ескеру тұрғысынан қарағанда, ЕҚЫҰ-ның икемділігі уақыттың жаңа лебі мен жаңа қажеттіліктеріне жауап беруге мүмкіндік береді. Ұйымның күн тәртібі қатысушы-мемлекеттердің бастамасы бойынша үнемі кеңейтіледі әрі тереңдетіледі. Бұл артықшылықты бағаламауға әсте болмайды.

ЕҚЫҰ-ға мүше болған жылдар ішінде Қазақстан осы құрылыммен оның барлық қызметінің саласы бойынша өзара қарым-қатынастарды жоғары деңгейге жеткізді. БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі Өкілінің кеңсесі, ұлттық азшылық істер жөніндегі Жоғарғы Комиссар кеңсесі және Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі Бюро тәрізді Ұйымның институттарымен сындарлы ынтымақтастық орнаған. 1999 жылы Алматыда ЕҚЫҰ Орталығы ашылғаннан кейін Қазақстанда саналуан бойынша жобаларды іске асыруға орай Ұйым қызметін нақтылау кезеңі басталды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі идея Қазақстанға қазірдің өзінде біраз пайда әкелді. Бүгінде біз Қазақстанда экономиканың нарықтық негіздерін нығайту үдерістері, қоғамда тұрғындардың саяси белсенділігі мен құқықтық мәдениетінің артуы жаңа деңгейге көтерілді деп айта аламыз. Мұның өзі ең алдымен ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мақсатына қол жеткізу үшін қосымша күш-жігер жұмсау арқасында мүмкін болды.

Мұндай үрдістер одан әрі жалғасуда, және де бұл экономикалық жағынан мықты, демократиялық мемлекет құруда Қазақстан дамуының негізгі векторына толықтай сәйкес келеді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудің орташа мерзімді міндеті еліміздің ұзақ мерзімді басымдықтарын күшейтеді әрі толықтырады. ЕҚЫҰ-да төраға міндеттерін орындау қазақстандық қоғамның еуропалық өмір сүру стандарттарына жақындату үшін қуатты серпін болады.

Төрағалық ету ЕҚЫҰ-ның алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің бірі ретінде Қазақстан беделінің арта түсуіне жол ашады, іскерлік және қоғамдық топтар арқылы халықаралық қаржы және экономикалық құрылымдардың өңірдегі тұрақтылық тірегі болып табылатын біздің мемлекетімізге деген сенімін арттырады.

Бұл міндеттерге дайындық пен оны орындау басқа да көп тарапты ұйымдардың аясында, екіжақты қатынастар форматында біздің позициямызды нығайтады, отандық дипломатиялық қызмет пен мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін көтереді.

- Жуырда ғана өзіңіздің төрағалығыңызбен ЕҚЫҰ-ға Қазақстан Республикасының төрағалық ету мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті. Қандай тапсырмалар бердіңіз?

- Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесіне ерекше көңіл бөліп тұр. Оған биылғы жылы 8 тамызда өткізген кеңесі дәлел бола алады. Сол басқосуда Елбасы мемлекеттік органдар мен жалпы қазақстандық қоғам алдына нақты міндеттер қойып, оны шешудің тетіктерін айқындап берді.

Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін Президент Жарлығымен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысының айрықша айтып өткеніндей, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі стратегиялық маңызға ие жалпыұлттық жоба болып табылады және барлық мемлекеттік органдардың тиімді әрі үйлесімді жұмыс етуін талап етеді. Сондықтан да, осы жылғы 9 қыркүйекте орын алған Мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы биліктің барлық тармақтарының, атап айтқанда, заң шығарушылық, сот жүйесі және атқарушы биліктің, сондай-ақ Конституциялық кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының, Аралды құтқарудың Халықаралық қорының басшыларын қатыстырған кеңейтілген құрамда өткізілді.

Кеңесте Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын ойдағыдай өткізу үшін Президент Н.Ә.Назарбаевтың белгілеп берген міндеттерін іске асыру бойынша шаралар талқыланды, министрліктер мен ведомстволарға нақты міндеттер жүктелді. Осыған байланысты Мемлекеттік комиссия шеңберінде нақты бағыттар бойынша бес жұмыс тобын құруға шешім қабылданды.

Мемлекеттік органдарға ЕҚЫҰ қызметінің барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты тереңдету, Ұйым аумағында қауіпсіздіктің маңызды аспектілері жөнінде ұсыныстар әзірлеу, ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық форумын және оның дайындық конференцияларын өткізуге белсенді түрде жәрдемдесу тапсырылды, ондай конференциялардың бірі Астанада қазан айының орта шенінде өткізілді. Мемлекеттік органдардың өкілдері Варшавада адамзат өлшемдері саласындағы міндеттемелерді орындауға шолу жасау жөніндегі ЕҚЫҰ-ның жылсайынғы өтетін Кеңесіне қатысты (28 қыркүйек – 9 қазан). Форум жұмысына ұлттық делегациялардың, ҮЕҰ-ның, академиялық топтар мен БАҚ-тың мыңнан астам өкілдері қатысты. Аталған Кеңес ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етер алдында адамзат өлшемдеріне қатысты соңғы ірі шара болып табылады, осыған орай біздің елімізге айрықша назар аударылды.

Жоғарыда айтып өткен мәселелер ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде біздің еліміздің алдында атқарылғалы тұрған аса зор әрі жауапты жұмыстың бастамасы болып табылады.

- Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, “демократияны жариялап орнықтыру мүмкін емес, оны тек қажырлы еңбекпен құруға болады”. Қанат Бекмырзаұлы, әлемнің ірі дамыған демократиялық елдерінде елшілік қызмет атқардыңыз. 70 жыл бойы тоталитарлық жүйеде болған елімізге демократиялық құндылықтарды орнатуда қандай қиындықтар туындап отыр?

- Мен Мемлекет басшысының бұл айтқан пікірін толықтай қолдаймын және Қазақстан дамуының эволюциялық жолын табанды түрде жақтаушымын. Елбасымыз Қазақстанды осы жолмен тәуелсіздіктің барлық жылдарында жүйелі әрі сенімді түрде бастап келеді.

Саяси модернизацияның өзі мейілінше ұзақ процесс екенін мойындауымыз қажет. Қоғамды бір күнде өзгерту мүмкін емес қой. Батыс елдерін мекендейтіндердің көпшілігі бәрі де қатаң шектелген, адамның жеке өмірі шын мәнінде болмаған, өзгеше пікір білдіруге жол бермеген тоталитарлық мемлекетте өмір сүрудің не екендігін түсіне бермейді. Батыс елдердің өздері де демократияны бірнеше ғасырлар бойы құрған емес пе? Мәселен, 60-шы жылдардың өзінде-ақ АҚШ-та қара нәсілділер толық құқықты азаматтар қатарына жатпайтын. Еуропаның талай елдерінде әйелдер сайлауда дауыс беру құқығын тек екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алған болатын.

1990-шы жылдардың бас кезінде біз атқарушы биліктің тиімділігіне негізделген президенттік республика үлгісін таңдаған едік. Мұның себебі біртұтас мемлекеттің ыдырауы мен қысқа мерзімде жаңа мемлекеттілікті құру қажеттілікте, бәріне бірдей ұнай бермейтін реформалар атқару арқылы нарықтық экономиканың негіздерін құруында жатқан еді.

Біздің жағдайымыз Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен, тіпті бұрынғы КСРО-ның батысында жатқан республикаларымен салыстырғанда аса «қолайсыз» еді. Республикадағы партиялық-мемлекеттік аппарат тек Мәскеуден түсетін нұсқауларды орындауға ғана жұмылдырылатын. Аймақтардың, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларының көбі нарықтық экономика, демократия және құқықтық мемлекет туралы түсінігі шамалы еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ерекше қиындықтарға тап болған едік. Жоспарлы экономиканың құлдырауы мен республикалар арасындағы шаруашылық байланыстардың үзілуі салдарынан терең экономикалық дағдарысқа душар болдық. Дүкендердің сөрелері бос қалды, жүздеген кәсіпорындар банкроттыққа ұшырады, жұмыссыздар саны өсе түсті. Қатаң экономикалық реформалар мен өнеркәсіпті жекешелендіруді іске асырып, ұлттық валютамызды енгізу керек болды. Іс жүзінде Қазақстанда экономиканың бұрын болмаған тұтастай секторларды «нөлден» бастап құруға тура келді. Ал осының бәрін бәрін жүзеге асыру бұрынғы билік құрылымдарын түбегейлі өзгерту әрі демократия мен азаматтық қоғамның тапшылығы жағдайында тура келді. Сонымен қатар күн тәртібінде көпұлтты елде этносаралық және дінаралық келісімді сақтау мәселесі де бар еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен келісімді көздің қарашығындай сақтап келе жатқан салиқалы және сындарлы саясатының арқасында бірқатар бұрынғы кеңестік мемлекеттерді ұзақ уақыт бойы дағдарысқа ұшыратқан қантөгісті ұлтаралық қақтығыстардан аман қалдық.

1990-шы жылдардың бас кезінде Қазақстан он шақты жылдан кейін ақ ТМД аумағында экономикалық дамуы жағынан айқын көшбасшыға айналатынын Батыстағы да, еліміздегі де «сарапшылардың» көбісі болжай алмады. Әлбетте, Қазақстан халқы бұл қиындықтарға төтеп беруге бел байлады және осы күресінде айқын жеңіске қол жеткізді деп білемін. КСРО ыдыраған сәтте басымызға түскен дағдарысты есепке алмай, біздің қол жеткізген жетістіктерімізді бағалау мүмкін емес. Өткен жолымызды объективті талдау арқылы ғана бүгінгі жас ұрпақта тәуелсіз мемлекеті үшін деген жауапкершілік және ол үшін мақтаныш сезімін қалыптастыра аламыз.

Уақыт жасаған таңдауымыздың дұрыстығын дәлелдеді. Білуімше, соңғы жылдары Қазақстан мемлекеттік дамуында жаңа сапалық деңгейге көтеріле білді. Азаматтық қоғамның негіздері қалыптасып үлгерген. Ал халқымызда демагогия мен лепірме мәлімдемелерге қарсы иммунитеттің пайда болғанын, экстремистік қадамдарға қолдау көрсетуге құлықты еместігін айта кеткен жөн.

ЕҚЫҰ-ға төрағалығық етуімізге орай Қазақстан азаматтарында оң өзгерістерге деген үміт бар екенін түсінеміз. Халқымыздың арасында қоғамдық-құқықтық реформаларға және өмір сүру стандарттарын көтеруге деген мүдделілік бар. Мәдениет, білім, медицина, кәсіби дағдылардың деңгейін арттыру арқылы Еуропада орнығып үлгерген алдыңғы қатарлы стандарттартарға жақындауымызға билік пен іскерлік топтардың мүдделі екендігі өте маңызды болып табылады. Сол арқылы Қазақстан, еуропалық мемлекеттердің тәжірибесін пайдалана отырып, өзінің дамуында алға қарай нақты қадам жасап келеді.

- Қазақстан әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсенал­дан өз еркімен бас тартты. Осы қадамы арқылы қауіпсіздіктің ең сенімді кепілдігі басқа елдермен үнқатысу және бейбіт түрде сеніммен ынтымақтасу екендігін дәлелдеді. Сондықтан да әлем осы тақырыптағы салмақты сөзді Қазақстаннан күтіп отырғаны айқын сезіледі. Жауапкершілігі мол бұл мақсатта еліміз қандай жетістіктерге жетті?

- Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта отырып, ядролық қатерді жоюдың табанды жақтаушысы болып қала береді. Бүгінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелерінде Н.Ә.Назарбаевтың және Қазақстанның көшбасшылығын халықаралық қауымдастық мойындады да, ерекше құрметтейді де.

Біз «ядролық қарудан азат әлемге қадам басу керектігі» туралы адамзатқа талай рет үндеу тастадық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ядролық қаруды таратпау туралы Шарттың (ЯҚТШ) тиімділігін қамтамасыз ету және оның ережелерін ядролық қаруды таратпау режимін нығайту мақсатында қазіргі заман ақиқатына лайықтандыру жөніндегі шараларды БҰҰ шеңберінде қабылдау керектігіне» ядролық державалардың назарын БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында аударған болатын.

Сонымен қатар біз Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы Шарттың (ЯСЖТС) мүмкіндігінше тез арада күшіне енуін және ыдырайтын материал өндірісіне тыйым салу туралы Шартты (ЫМӨТШ) әзірленуін қалаймыз. ЯСЖТС-ті дайындау комиссиясы аясында Жаһандық бақылау желісін жаңадан құру және жергілікті инспекциялар құқығын нығайту мәселелері бойынша отандық дипломатия аталмыш құрылыммен белсенді түрде бірлесе жұмыс істеуде.

Ядролық қаруды таратпау ісіне Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің іс жүзінде қосқан тағы бір қомақты үлесі - Орталық Азияда ядролық қарудан азат Аймақ туралы Шарттың биыл Ұлыстың ұлы күнінде күшіне енгені. Бұл бұрын ядролық қару орналасқан аумақты қамтып, Солтүстік жартышардағы алғашқы және бірден-бір жалғыз аймақ. Тағы бір маңызды ерекшелігі - екі ядролық державамен шектеседі және сондай қаруы бар Үндістан мен Пәкістанға да жақын орналасқан.

Ядролық қаруды таратпау тетіктерін түбегейлі өзгертуін ерте түсінген Елбасымыз таратпау және қарусыздану жүйесіне байланысты жаңа бастамаларын жария етті. Бұлардың қатарына 29 тамызды Ядролық қарудан азат әлем жолындағы Халықаралық күн етіп жариялау және ядролық қаруды таратпау туралы жаңа әмбебап Шартты әзірлеу идеясын жатқызуға болады. Жақында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында болған кездесулер барысында көптеген халықаралық әріптестерім аталмыш бастамаларға өзінің қолдауын білдірді.

Өзінің ЯҚТШ пен таратпау режимін жалпы күшейтуді көздейтін ұсыныстарын қазақстандық дипломатия өткізілуі 2010 жылға жоспарланған ЯҚТШ-ты орындау бойынша Шолу конференциясына орай әзірлеу барысында. Біз ұсынып отырған жаңа шарт – қалыптасып қалған жағымсыз жағдайдан шығу мүмкіндіктерінің бірі болып табылады. Жаңа шарттың мазмұны соған мүдделі барлық елдер тарапынан түсер ұсыныстарға тәуелді екенін түсінеміз. Біз ондай талқылауға әзірлік атқарудамыз.

- Осы орайда АҚШ тарапынан ұсынылған Қазақстанның әлемдік отынның халықаралық банкінің ел территориясында орналасуына оң қабақ танытқандығы жұршылыққа аян. Бұл қадамға экологтардың дабыл қағып отырғандығы тағы бар. Бұған не айтасыз?

- Беделді мамандардың пікірлері бойынша, қазіргі таңда біз әлемдегі атом энергетикасының қайта жаңғыруының кәуегерлеріміз. Чернобыльде болған қайғылы оқиғадан кейін өткен ширек ғасыр ішінде, құдайға шүкір, әлемде бірде-бір апат болған емес. Өйткені адамзат өз сабағын алды. Қазіргі кезде атомдық қуат технологиялары өткен ХХ ғасыр еншісіндегі жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз деуге болады.

Әлемде қалыптасқан ахуалға байланысты, Қазақстан, уран кенін жетекші өндіруші бола отырып, ядролық отынды өндіруге әлеуетті иеленіп, ЯҚТШ-тың қатаң талаптары шеңберінде және Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттікпен (АЭХА, орысшасы - МАГАТЭ) тығыз ынтымақтастықта атом қуатының бейбіт мақсатта пайдаланылуына өз үлесін ұлғайтуына мүдделі. Халықаралық ядролық отын банкінің мақсаты бізге мәлім әрі түсінікті жәйт. Ал оның мақсаты – ядролық отын циклін жүзеге асыруға мүмкіндіктері жеткіліксіз елдерге бейбіт атом қуатын дамыту мақсатында ядролық материалдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Осыған орай биылғы жылы 6 сәуірде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық ядролық отын банкісі құрылған жағдайда, ЯҚТШ-ға қол қойған және ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан оны өзінің аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыра алатындығын мәлімдеді.

Аталған мәселеге жұртшылықтың алаңдаушылығына келетін болсақ, жобаның экологиялық қауіпсіздігі Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің құзыретіне жататындығын айта кеткен жөн. Бірақта біздің қолымыздағы мәліметтерге және АЭХА сарапшыларының консультацияларына қарағанда Ядролық отын банкінің өзі қандайда бір экологиялық қатер төндірмейді. Қазақстан радиоактивті материалдарды өндірудің, өңдеу мен сақтаудың қазіргі заманға лайықты және толығымен қауіпсіз технологияларын иеленеді. Оны халықаралық сарапшылар да мойындайды. Соған қарамастан, егер аталмыш «банк» іс жүзінде ұйымдастырылатын болса, оның қызметіне бақылау АЭХА тарапынан жүзеге асырылатын болады.

- ЕҚЫҰ-ны 2010-шы жылы, Ислам Конференциясы ұйымын (ИКҰ) 2011-ші жылы басқаратын Қазақстан батыс пен ислам әлемі арасындағы диалогты нығайтуға атсалыспақ ниетте. Аталған қадамдағы Қазақстанның әлеуеті қандай?

- Қазақстанды ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануын мұсылман әлемі зор қуанышпен қарсы алды. Себебі дініміз ортақ ағайындар бұл жағдайды аталмыш еуропалық ұйым мен ИКҰ арасында кең ауқымды ынтымақтастыққа жолдың ашылғаны деген баға беруде. Әсіресе ксенофобия (шетелдіктерді жек көру), исламофобияға, нәсілшілдік, есірткі трафигі мен заңсыз көші-қонға қарсы күресте, Батыс елдеріндегі мұсылмандардың бейімделуін жетілдіруде пайда болған жаңа мүмкіндік деп білуде.

Мұсылман әлемі мен Батыс елдерінің саяси көшбасшылары арасында диалогты ұйымдастыру туралы Қазақстанның бастамасы да халықаралық қауымдастықта жоғары бағаланды, және біздің шетелдік әріптестеріміздің толық қолдауына ие болды. Астанада 2008 жылы 17 қазанда өткізілген «Ортақ әлем: әралуандық арқылы прогреске» конференциясына қатысушылардың жоғары деңгейі осының дәлелі болып табылады.

Конференцияның негізгі идеясы мұсылман және христиан өркениеттерінің қатынастарын саяси тұрғыдағы үйлесімділікке бағыттау еді. Тақырыптың өзектілігі Еуропа, Азия, Африка, Солтүстік және Латын Америкасынан келген делегациялардың саны, сондай-ақ бірқатар беделді халықаралық ұйымдар өкілдерінің жоғары мәртебелерінен байқалды. Мұндай құрамда және форматта (Мұсылман әлемі мен Батыс елдері) сыртқы істер министрлері алғаш рет жиналғанын айта кеткен жөн. Басқосуды ұйымдастырушы ретінде Қазақстан жағы күн тәртібіндегі барлық бағыттар бойынша, арандатушылық жағдайларына жол бермеді, әрі конференцияның күн тәртібіне өркениетаралық диалогтағы шын мәніндегі өткір мәселелерді енгізе отырып, жиналысқа қатысушыларды белсенді әрі салиқалы пікірталасқа жұмылдыра білді.

Егер жүзеге асса, аталған үрдісті дамытуға жасалатын нақты қадам ретінде ЕҚЫҰ мен ИКҰ дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалог мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылуын қарастырса болар еді. Осындай ұсынымыз ИКҰ тарапынан толық қолдауға ие болды. ИКҰ СІМ кеңесінің 36-шы сессиясының тиісті қарар қабылдануы - осының дәлелі.

ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалығына дайындық аясында, біз 2010 жылы толеранттылық мәселелері бойынша дүниежүзілік конференцияны өткізу және ұлтаралық, дінаралық келісімді қамтамасыз ету бойынша ЕҚЫҰ-ның арнай іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу мәселесін қолға алдық.

Сонымен қатар, ИКҰ СІМ кеңесінде төрағалық етуші «үштігіндегі» жұмыс кезеңінде және 2011 жылғы тікелей төрағалық ету барысында, біз Қазақстанның мұсылман елдерімен ынтымақтастық ауқымын кеңейтуді, мемлекетімізде Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумының 7-ші сессиясы, денсаулық сақтау министрлерінің конференциясы тәрізді маңызды іс-шараларды, сондай-ақ әртүрлі деңгейлерде өзге де іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуді көздеп отырмыз.

- 8 қыркүйекте американдық "Вашингтон Таймс" газеті Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Жас өскін демократиялардың әлеуеті" атты мақаласын жариялады. Мұны мамандар американдық саяси истеблишменттің Қазақстан президентінің пікіріне деген үлкен назар аударушылық ретінде бағалауда. Аталған материал қандай өзекті мәселелерді көтеріп отыр және қандай нәтиже бермек?

- Мен мұндай бағаға толығымен қосыламын. Жалпы айта кететін жәйт, көп уақыттан бері көрнекті халықыралық саясаткер ретінде танылған Елбасымыздың мақалалары әрдайым әлем жұртшылығының орынды ықыласына бөлінуде. Осыған байланысты АҚШ Конгресінде беделді заң шығарушылардың бірі Дэн Бертон былай деп мәлімдеді: «Көптеген жағдайларда жас өскін демократиялар, айталық Қазақстан тәрізді, БАҚ назарына ілікпей қалады. Бірақ Президент Назарбаевтың «Вашингтон Таймс» газетіндегі мақаласында атап көрсетілгендей, жас өскін демократиялар әлемдік аренада аса маңызды рөл атқарып келеді».

Елбасының мақаласы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы ашылар қарсаңында жарық көрді. Онда жаппай қырып-жою қаруын таратпау тәртібін күшейту, толеранттылық пен өзара түсіністікті нығайту, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жас өскін демократиялардың қосар үлесі тәрізді халықаралық қоғамдастық үшін өзекті мәселелер қозғалған. Президент бірқатар өзекті халықаралық мәселелер бойынша жалпы саяси пікірталасқа түрткі беріп, оған лайықты мән-мағына бере білді. Бұл тақырып ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ десем артық айтқаным емес.

Мемлекет басшысы ядролық қаруды таратпау жүйесінде қалыптасқан проблемалар мен ахуалға өзінің жеке көзқарасын білдірді. Қазақстанның бұл мәселелерді көтеріп, халықаралық әріптестерді неғұрлым батыл іс-қимылға уағыздауға толық моральдық құқығы бар. КСРО ыдырағаннан кейін, оның қатерлі жәдігерін сақтап, ядролық держава ретінде қала беру туралы ұсыныстарға келіспей, біздің Президент жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тарту жөнінде даналық шешім қабылдады. Қазақстан осы шешіммен әлемге жол ашты, ал әлем Қазақстанға жол ашты.

Қазіргі заманғы әлемде тәуелсіз елдің қауіпсіздігі мен беделі көршілерін қорқытып-үркітумен, «ядролық сойылды» оңды-солды сілтеумен емес, керісінше жасампаз бейбітшіл еңбекпен ғана қамтамасыз етілетіндігіне біз нық сенімдіміз. Біздің бұл қағидатты ұстанымымыз өзгеріссіз қала береді. Өзіміздің ядролық арсеналдан ерікті бас тартқан Қазақстан басқа елдерді бізден үлгі алуға және ядролық менмендіктен бас тартуға шақырамыз. Сонымен қатар, біз жаппай қырып-жоятын қаруды таратуға толық тыйым салуды және ядролық қаруды таратпау туралы жаңа әмбебап шартты әзірлеуді ұсынамыз. Осы мәселеге қатысты біз жетекші әлемдік саясаткерлерден, жалпы халықаралық қоғамдастық тарапынан толық түсіністік пен қолдауды көрдік. Бұл бағыттағы жұмысты СІМ алдағы уақытта да күшейте беретін болады.

Президент өзінің мақаласында әлемдік көшбасшылықтың проблемасын әділ түрде көтерді. Бұл үкімет басшыларына да, мемлекеттердің өздеріне де қатысты. Елбасының пікірі бойынша, қазіргі заманғы халықаралық қатынастарда көшбасшылық әрекеттің жауапкершілігі артып, жасампаздық қасиеттері кемелденуі міндет.

Халықаралық саясатта президент «жас өскін демократиялар» ретінде сипаттаған елдердің маңызы арта түскен. Олар демократиялық құндылықтарды орнықтыруда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Бірақ келешекте олардың талай сындарлы жолдар күтіп тұр. Бұл, әрине, Қазақстанға да қатысты.

Елбасы атап өткеніндей, Қазақстан саналуан діндері ұстанатын халықтар арасындағы диалогты нығайтуға маңызды үлес қосуда. Астана осындай диалогтың және өзара түсіністікті іздеудің алаңына айналды. Оған мысал ретінде, биылғы жылы елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші құрылтайының өткізілгенін, сондай-ақ Шимон Перестің Қазақстанда Израиль мен мұсылман әлемінің көшбасшыларының тарихи кездесуін өткізу жөніндегі ұсынысын келтіруге болады.

Қорыта айтқанда, Елбасымыздың әлемдегі рөлін халқымыздың айтқан мынадай даналық сөзі жан-жақты сипаттап береді деп ойлаймын: «жақсының соңынан көп ереді, жаманның соңынан шөп ереді».

- Әңгімеңізге көп рахмет!

3422 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы