• Тіл
  • 22 Қаңтар, 2009

«Терісі жүнмен жабылған» оқулықтар

Баспасөз беттерінде, теледидардан қазіргі оқулықтар, білім беру сапасы жайында аз айтылып жүрген жоқ. Оған ешқандай шара қолданбайтынына да етіміз өліп, құлағымыз үйреніп кетті. Бірақ «Алматыкітап» баспасынан биылғы оқу жылына арнап шығарған «Дүниетану» оқулығындағы мынандай сорақылықты көрген емеспіз. Оқулықтағы «Жануарлар әлемі» бөліміндегі «Аңдар» тақырыбын оқып отырып, исі қазақ естімеген «жаңа» атауға тап болдық. Мәтінді толық сол күйінде келтірейік: Сиыр түйе, ит, мысық, сарышұнақ, жылқы, маймыл, піл және кішкентай тышқан – мұның бәрі аңдар. Бірақ біз оларды жабайы және үй жануарлары деп атап үйренгенбіз дейді. (Авторы Аймағанбетова Қазына және Идилова Тамара 56-57 бет. Редакторы Ф.Лекерова) Ата-бабамыз ықылым заманнан төрт түлік малды аң деп атағанын о заман да, бұ заманда ешкімнен естіген емеспін. Бұл авторлар «сиыр, түйе, жылқыны әуелі аңдар деп атап, оларды үй жануарлары деп атауға үйренгенбіз» дейді. Қазақ ешқашан түйені, сиырды, жылқыны аңдар деген емес. Керісінше етін жеп, сүтін ішетін ақ адал малым, яғни, мал деп атаған. Мал бағатын адамды аңшы немесе үй жануаршы демеген, малшы деген. Осы оқулықтың осы бір бөлімінен тағы бір сорақылықты көрдік. Онда былай деп жазылған: «Жәндіктер, балықтар, құстар және аңдар жануарларға жатады». Бұл не «жаңалық». «Аңдар – терісі жүнмен, қылмен жабылған жануарлар» (56-бет). Біздің білуімізше, жәндіктерге құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей, маса, бүрге, көбелек инелік т.б жатады. Бірақ қазақтың не құртты, не маса мен көбелекті жануар дегенін Қ.Аймағамбетова мен Т.Идиловадан басқа естіген қазақ бар ма екен? Оқулықтағы «Аңдар терісі жүнмен жабылған» деген де тұп-тура орысшадан көшіріп алынған. Әйтпесе, қазақта «жүнмен жабылған» деген сөз жоқ. Оқулық жазатын білімі бар, көзі ашық адам оны «аңның денесін түк басқан» немесе «терісінің жүні қалың», «денесі жүндес, түкті келеді» дер еді ғой. Бұлайша сөз саптауды ұрпақты ұлттығынан айыру демегенде не деуге болады? Бұл кітап Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынуымен шыққан екен. Біз балаларымыздың болашақта білімді азамат болуын осы министрлік ұсынған оқулықтарға сеніп тапсырамыз. Сонда осындай өрескел оқулықтар жазып отырған Қ.Аймағанбетова мен Т.Идиловаға «Алматыкітап» баспасына Білім министрлігіндегі кімдер және қалай сенім білдіріп отыр? Ал, кейде ол оқулықтар ұрпақты өзінің туған тілінен жирендіріп, ана тілімізді шұбарлауға тіпті, ұлттық атау сөздерді әдейі бұрмалауға арналған ба деп қаламыз. Тіліміздің аударма тілге айналып енді сәбилеріміздің оқулықтарына ауыз сала бастағанын да осы «Дүниетану» кітабын ашып қалғанда көрдік. Қараңызшы, оның алғашқы 4-ші бетіндегі бөлімінің аты «Қоршаған дүние» делініпті. Оның астында тағы да «Айналаны қоршаған дүние» деген жазу тұр. Бұл қазақша сөз саптауға да, қазақша сөзге де жатпайды. Бұл екеуі де «Окружающий мир» деген орыс сөзінің сол күйіндегі аудармасы. Сонда «қоршаған дүние» дегеніміз не, «айналаны қоршаған» дүние дегеніміз не? Оқулықта оған мысал ретінде «Сыныптың ішінен не көріп отырсың?», «Аттарын ата!», «Терезеден сыртқа қара, не көріп тұрғанын айт!» деген тапсырма тектес бірнәрсе беріледі. Сөйтеді де «Айналадағы табиғат, нәрселер және заттар – бұл сені қоршаған дүние» – депті. Бұдан бала не ұқты? Нәрселер және заттар деген не? Жақында баспасөзден «Алгебра мұқабасында 7 қате» бар деген мақаланы оқыдық. Онда 7,8,10-шы сыныптардың алгебра, геометрия пәндерінің оқулықтарында толып жатқан қателер, сөздері түсініксіз, суреттері сапасыз екені жазылған. Бұл тек биыл ғана айтылып, биыл ғана ескертіліп келе жатқан мәселелер емес. Бірақ таз қалпымыздан арылатын, бұларға шара қолданатын түріміз жоқ. Қаншама білім министрі ауысты! Сірә, мұндай келеңсіздіктердің бәріне құлақ асатын адам табылмайтын шығар? Осындай қателерді қай оқулықтан да көптеп кездестіруге болады. Бұл ұлт тағдырына, ұрпақ тағдырына балта шабу емес пе? Бұрын оқулықтардың тағдыры Білім Академиясында шешілетін еді. Сол кездері осы академия өте үлкен жұмыстар жасап, сапалы оқулықтар бекітіп беретін еді. Енді нарық заманында кімнің қолынан не келсе, соны атқарып, қайткен күнде ақша табуды көздеген жазғыштар, авторлар шығып, оқулықты да ойланбастан жаза салатын не орысшадан аудара салатын халге жеттік. Меніңше, осындай дүниелердің барлығын саралап отыратын арнайы бір орталық ашып, мәселені мықтап қолға алуымыз қажет. Соның ішінде қазақ тіліне қатысты дүниелердің барлығы жіті назарда болса, ұрпағымыздың ертеңіне деген сеніміміз нығая түсер еді.

Құралай Бейсебаева,

Алматы қаласындағы №154 балабақшаның қазақ тілі пәнінің мұғалімі

5226 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы