• Ақпарат
  • 22 Қаңтар, 2009

Екі жыл дегенің, екі айдай бола ма? Жылама, жылама!

«Әлемдік экономикалық дағдарыс кем дегенде екі жылға созылмақшы». Тұп-тура осылай деп 15 қаңтар күні транспорт және коммуникация министрлігінде болған жиын барысында премьер-министр Кәрім Мәсімов мәлімдеме жасады. Жаңа жыл мерекесінің ыстық суығы басылысымен әрбір күнін дақпыртты жар салулармен өткізіп келе жатқан үкімет басының бұл жолы не ойлағаны бар? Әлде, осының алдында ғана «2009 жылдың тәжді мәселесі дефляция болады» деп кедейлерді үміттендіріп, байларды үрейлендіріп қойғанындай, бұл да кезекті бір дағдарысқа қарсы бағдарлама аясындағы есептеулі қадамы ма?

«Мен кеше халықаралық валюта қоры мен тағы да басқа көптеген үлкенді-кішілі халықаралық экономикалық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, пікірлестім. Алдағы жаһандық дағдарыс қысқа мерзімнің ішінде бітпек емес. Ол ұзағынан жасайтын болды», – деді премьер. Онысын аз көргендей, ойын әрі қарай сабақтастырып, "Біз бұған дейін дағдарыстың ең ушыққан шағы 2009 жылдың көктеміне немесе, күзіне қарай сәйкес келеді деп жорамалдап келген едік. Ал қазір оның кемі екі жылға созылатынына көз жеткізіп отырмыз» деп ақиқатына бір-ақ көшті. Оның айтуынша Қазақстанның ең басты һәм маңызды деген сауда әріптестері бүгінде өз тарихтарындағы аса күрделі кезеңді басынан кешіріп жатыр. Атап айтқанда құдайы көршілеріміз Ресей мен Қытайдың экономикасы ең оптимистік болжамдардың өзінде елеусіз мөлшерде өспек екен. Алайда көптеген батыстық сарапшылар қазірдің өзінде оларға «жақын арада батпаққа әбден батады» деп ақтық үкімін де кесіп қойыпты. Сондай-ақ ол «көршілес елдердің күрмеусіз қиын ахуалы біздің отандық транспорт саласына жағымсыз әсерін тигізеді» деп ойын толықтырды.

Расында да, Үкімет басшысы сөзінің маңыздылығына тоқталып өткен жөн. Әділін айтқанда отандық банкілердің көпмөлшерлі қарыздарымен сыртқы сауда баланстары көрсеткіштерінің төмендеуі әлемдік дағдарыстың Қазақстан деңгейінде көрініс табуының дерттік белгілері деп атауға әбден жарайды. Ал ойламаған жерден, бірден құлдырап кеткен мұнай бағасы да, дағдарыс салмағын одан сайын ауырлата түсуде. Әлемдік банк өкілдерінің хабарлауынша, бұған дейін біздің байтағымыздың жылдық ЖІӨ-нің тұрақты өсімі 9 пайызды құрап келсе, ендігі дағдарыстық межеден бастап 3 пайызға дейін түсіп кеткен көрінеді. Бірақ жанға бір демеу боларлығы, соңғы бірнеше жыл көлемінде қаралы күнге деп жинақталған 27 миллиард доллардың буы болып тұр. Мұның да шетінің аздап омырылып, елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін өткен жылдың ішінде-ақ 15 миллиард доллар көлемінде ішкі қажеттіліктерді өтеуге кеткені белгілі. Ендеше, бізді апат пен арманның арасында 12 миллиард қана бөліп тұр дей беруге болатын сияқты.

Жалпы, бұдан шығатын қорытынды қандай? Яғни, үкімет басшысының сөзі мен дәйектер тізбегінің арғы жағына үңілсек, бізді болашақта кесімді мерзімі екі жыл көлемінде ауыр сынақтар мен шығынды сәттер күтіп тұр. Бұл былайғы көкірегі ояу, көзі ашық қауымға алдағы қуаңшылықты маусымдарға дайындала бер дегеннің ишараты екені анық. Бұл қаймана қазаққа «етек жеңіңді жиып, қораңдағы малыңды түгендеп, қамбаңның есігін мықтап бекітіп, бекем отыр» дегеннің жасырын белгісі де болуы мүмкін. Әйтеуір бір анығы, біз тек қана антидағдарыстық бағдарлама аясында әрекет ететін боламыз деп уәде берген жанның ағынан бір жарылғаны. Өткен жылдың «ең креативті» саясаткері атанған Мәсімов мырзаның бұл жолғы мәлімдемесінен астар іздеп бас қатырғандардың нендей тоқтамға келгені белгісіз. Қалай дегенмен де, премьердің бұл жолғы БАҚ беттерінде ұсынылған мінберлі бейнесі әскерге кетіп бара жатқан жасқа демеу ретінде қолына гитара ұстап алып «екі жыл дегенің, екі айдай бола ма?» деп жұбата әндететін ауыл өнерпазына қатты ұқсастырылып берілгендей болды. Шындығында, бүгінгі әскерге кетіп бара жатқан жастардың жолы болмай жатыр ма, дейсің. Дәлірегі, 1 жылдық стандарттың кесірінен жарты дағдарыстың салқынына ұшырамақ. Егер ескіше мерзіммен кеткенде, бәлкім олардың талайы дағдарыстың соңында, бар қиындық артта қалған бақытты кезіңде үйіне оралып жатар ма еді, кім білсін? Осыдан соң «Мәсімовтың бар ойлағаны мұртын сылап-сипап, баптау ғана» дейтіндердің де ауызына құм құйылмаса, неқылсын!

Мансұр МАМЫРАЙХАН

4794 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы