• Ақпарат
  • 22 Қаңтар, 2009

Маңызды үштіктің тағдыры

Белгілі Ресейлік саясаттанушы Анатолий Уткиннің «XXI ғасыр табалдырығындағы геосаясат» зерттеуінде атап көрсеткендей, «Көпполярлық жүйе осы қазірдің өзінде АҚШ-тың, Еуропаның, Ресейдің, Қытайдың, Үндістанның және Жапонияның арасындағы аумақтық арбасуларының нәтижесінде негізделіп, кірпіші қалануда». Бірақ ол бұған дейін ашық формада көрініс тауып үлгерген жоқ. Сондықтан да болар, саясаттанушылар оларды келешекте мінез көрсетуі мүмкін әлеуетті орталықтар ретінде ғана қарастырып келді. Олардың ішінде әсіресе, Ресей мен Қытайдың АҚШ-пен бақталастығы басты назарға алынатын. Бір сөзбен айтқанда болашақтың майданы осынау айтулы үштіктің арасында өрбиді деп есептелетін. Дегенмен, бүгінгідей дағдырыстық жағдайда осы үштіктің өміршеңдігіне талдау жасап өткен дұрыс. Осы орайда есімі мәшһүр орыс саясаттанушысы С.Белковскийдің жақында жарық көрген «Дағдарыс жағдайындағы Ресей. Ресей 2020 жылға дейін өмір сүре ме?» атты еңбегін тілге тиек етіп өткен жөн. Оның айтуынша, әзірге АҚШ-тың жаназасына қатысып, жыртыс алып қайтамын деуге әлі ерте. Шынтуайтында, АҚШ англосаксондық өркениеттің ғана емес, бүткіл әлемнің көшбасшысы. Ол бірден-бір ұлыдержава болып табылады. Оның жаһандық негізгі міндеті бүкіл әлем белгілі бір дәрежеде қарап, бой түзейтін стандарттар мен үлгілер жасап шығару. Яки, оның мойынына әлемдік ортақ нормалар қалыптастырып, аймақтық және еларалық кикілжіңдерге төрелік етіп отыру мен модераторлық міндеті жүктелген. Дегенмен, ғалым пікірінше, дағдарысқа қарамастан, АҚШ көшбасшылығы болашақта да сақталып, тіпті, керек десеңіз кейбір мәселелерде алғырлық танытады. Өйткені, «сындарлы дағдарыс жағдайында көшбасшылықтың салмағы мен жауапкершілгін көтеріп кете алатын амортизациялық қор тек қана АҚШ -та бар». Расында да, өткен жылдың басты жаңалығы ретінде Барака Обаманың президент болуы бұл жерде маңызды болып тұр. Көшбасшының мұндай түрі әлемдік БАҚ шуласа жазып жатқандай, екі нәсілдің аралық перзенті ретінде «жер шарының төрағасы», «жаһандық антидағдарыстық штаб басшысы» миссияларын атқарып шыға алады. Бұл жерде өз әділдігін айта кету керек. Отыз жыл бұрынғы категориялар өрісінде ойлайтын, консерватор, шашы бурыл тартқан Маккейн шал ондай миссияның үдесінен шыға алмас еді. Ақыры Обама жеңіске жеткен екен, демек тарих қисыны АҚШ көшбасшылығының сақталып қалғандығына мүдделі деген сөз. Сонымен қатар Белковский «осыдан көп бұрын көптеген сарапшылар «екінші ұлыдержава қытай болуы мүмкін» дегенді жиі айтатын» дейді. Алайда, кезекті бір батыстық шолушылардың байқауынша, дағдарыс басталысымен Қытайдың мұндай маңызды рөлге әлі дайын емес екендігі аңғарылып қалған. Экономикалық жағын айтпағанда психологиялық деңгейдің өзінде Бежің Вашингтонға тәуелді күйінде қалып отырған көрінеді. Бұл қытай жұртының антидағдарыстық бағдарламаларын АҚШ тарапына қарата, соның құптаулы батасын күткендей жалтақтай беруінен байқалуда. Әм қытай тілі келешекте ағылшын тілінің орынын баса алмайды. Әлбетте, қытай ұлы күш және де оның қуаты еселеп өсу үстінде, бірақ, ұлыдержавалық мәртебеге олар әл-әзір жеткен жоқ. Бұған әсте таласып жатудың керегі де шамалы. Ал құдайы көршіміз Ресейге келетін болсақ, өз қағын өзі терістегендей ғалым оған да жақсы баға бермей, қара аспанды төндіріп тұр. Яғни, сөзбе сөз айтқанда «Ресей көп ұзамай қаржылық резервтерінің бәрін сарқып бітеді». Себебі, бүгінгі күнннің өзінде оған есепсіз мөлшерде сол қаржылар арқылы өткір әлеуметтік мәселелер мен байтақ бойындағы барша жыртықты жамауға тура келуде. Мұндай жағдайда Кремлге сыртқы әлем түгілі бас қайғы болып, дағдарыс апатынын шығу үшін таңдауға тура келетін екі жол ғана бар. Ол не (біздің Қазақстан тәжірибесінен өткізілгендей)тыңнан жаңа мемлекет қалыптастырып, ескі элитаны биліктен аластатуға кірісуге тиіс, яки 1916-17 ж. немесе 1980-90 жылдардағыдай мемлекет өлімімен келісуіне тура келеді. Жалпы, Д.Медведев Николай II мен Горбачевтың жолын таңдай ма, әлде тарихтан аздап үйренгені бар ма? Не де болса, уақыт әмірші іс барысы мен түйінін жақын арада көрсетіп қалады. Сондықтан әзірге, ерте бастан АҚШ-ты көміп, моласының басына құран оқуға асықпаған абзал. Ол әлі де өзінің ақтық, ең соңғы тарихи мәлімдемесін жасап, өзін толыққанды көрсетіп үлгерген жоқ. Ол әлі де болса, (егер шынымен ақыры таяған болса) соңғы тұяқ серпуін, яки ақырғы шарықтауын жасауға тиісті. Түйін: Жалпы айтқанда, «бәрі де баяғыша қалады» деп қорытынды жасай беруге болады. Әлемдік геосаяси шахмат тақтасында ферз ферз күйінше, ат ат, пешкі пешкі қалыбында, корол корол күйінде «де факто» табады. Бірақ әлемдік маңызы бар орталықтық бейнелердің әлеуеттік тұрғыдан һәм моралдық-лайықтылық жағынан ескіріп, сөне бастау процесі айналыс ала береді. Мұның салдары дағдарыс аяғына қарай, я арғы уақытта ерте ме, кеш пе, дүниежүзілік тұрақсыздық туғызып, бұған дейін жорамалданып келген көпполярлықты қайта оралтуы, яки 19 ғасырдағы дәстүрлі күштер балансына қайта әкелуі мүмкін. Бірақ, оған дейін әлденеше белестерден өтуге тура келетіні анық. Осы орайда өз тарапымыздан айта кететін бір жайт, біздің Қазақстанға еуразиялық геосаяси орталық ретінде жақын аралықта ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Әлемдік күштер арасалмағының тұрақтылығы мүдделерді қайта қарастырмауды қамтамасыз етеді. Бұл жағынан тыныш ұйықтай беруге әбден хақымыз бар. Әйтсе де, «жау жоқ деме, жар астында» демекші, сойылымыздың бас жағымызда, атымыздың белдеуде ерттеулі тұрғаны абзал. Сондай-ақ алысты-жақынды дүлейлерге ауық-ауық құлағымызды түріп, ондағы маңызды деген оқиғаларды қалт жібермей жіті бақылап отырған да артықтық етпейді. Абылайхан Қалназаров, саясаттанушы

3014 рет

көрсетілді

42

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №40

10 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы