• Тұлға
  • 05 Қараша, 2009

Саукатов Досбол: «Қатерлі ісік қоғамға қауіп төндіріп тұр»

www.anatili.kazgazeta.kzДосбол Қайназарұлы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми-клиникалық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Медицина ғылымдарының докторы.

Тажал оғына айналып талайдың тағдырын талқан еткен кесел – қатерлі ісікке шалдыққандар саны әлемде жыл санап артып барады. Бұл мәселеге біздің еліміз де алаңдаушылық білдіруде. Қатерлі дерттің дер кезінде анықталып, алдын алу үшін шаралар жасалғанмен, аурудың жасарып бара жатқандығы да ащы шындық. Бұл ауру кейінгі жылдары балаларда да көптеп кездеседі. Ал 40 жастан кейін ісікке шалдығу бейімдігі күшейе түседі.

Елімізде жыл сайын 29 мыңға жуық тұрғын осы дерттің тырнағына ілінеді. Жалпы тіркеуде тұрғандар саны да 130 мыңның үстінде. Бұл аз көрсеткіш емес. Осыған орай елімізде қатерлі ісікке қарсы шаралар мықтап қолға алынып жатыр. Сәулемен емдейтін аппараттар, арнайы құрал-жабдықтар шетелдерден алынды. Мамандар тарапынан аурудың сандық көрсеткішін азайту мақсатында басты нәрселерге назар аударуда. Атап айтсақ, салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы аурудың алдын алу, ауруды ерте анықтау, заманауи технологиялармен емдеу тәсілдерін жүргізу. Осындай дүниежүзілік басты проблемаға айналып отырған қатерлі ісіктің еліміздегі жағдайы турасында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми-клиникалық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Медицина ғылымдарының докторы Сауқатов Досбол Қайназарұлымен сұхбаттасқан едік.

– Досбол Қайназарұлы, бүгінгі таңда әлемді ойландырып отырған мәселелердің бірі – қатерлі ісікпен күрес жағдайы. Өзіңіз осы саланың бел ортасында жүргендіктен алдымен еліміздегі қатерлі ісік ауруы туралы деректерді айтып өтсеңіз...

– Бүгінде елімізде осы қатерлі ісік ауруымен ауыратын науқастар саны көп. Бұл мәселе шынымен әлемдік деңгейдегі проблемаға айналып отыр. Статистикалық деректерге сүйенер болсақ, 2003 жыл мен 2008 жыл аралығында елімізде жыл сайын 28 мың мен 29 мыңның аралығында тұрғындар қатерлі ісікпен есепке алынады. Яғни бұл Қазақстанда ағзалардың қатерлі ісікке шалдығуы бір деңгейде келе жатыр деген сөз. Бұлардың ішінде ең бірінші орында өкпенің қатерлі ісігі, екінші орында сүт безінің қатерлі ісігі тұр. 2004 жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен «Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау ісін реформалау және дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарламаның ішінде онкология саласына қатысты екі үлкен мәселе көтерілген. Оның бірі – ауруды дер кезінде анықтау. Жалпы қатерлі ісіктің төрт сатысы болады. Бірінші, екінші сатылары алғашқы кезең. Яғни қатерлі ісікпен ауыратын науқасты осы алғашқы екі сатысында анықтау мәселесі бірінші орында тұр. Ал екінші мәселе – сол анықталған ауруларды бүгінгі таңдағы ең жаңа, озық технологиялармен, емдермен емдеу. Мұнан кейін осы бағдарламаны іске асыру жөнінде Денсаулық сақтау министрлігінің №607 бұйрығы шықты. Бұл бұйрық көзге көрінетін ісіктерді дер кезінде анықтап, оларды алдыңғы қатарлы емдік тәсілдермен емдеу мәселесіне арналған. Осы бағдарлама мен аталмыш бұйрық шеңберінде 2008 жылдан бастап сүт бездері қатерлі ісігін ертерек анықтау мақсатында маммографиялық скрининг өткізу жолымен бүгінгі күнге дейін 600 мыңнан астам тұрғын тексеріліп, соның 1066-нан сүт безі қатерлі ісігінің бар екені анықталып отыр. Бұл сандар – Еуропа елдеріндегі көрсеткішке жақын.

– Ал осындай үлкен шаруаларды іске асыру барысында Үкімет тарапынан қандай көмектер көрсетілуде?

– Мемлекет тарапынан көптеген көмектер көрсетіліп жатыр. Солардың бірі Үкіметтен бөлінген 100 маммографиялық қондырғы болып отыр. Бұл аппараттар Қазақстаннның түкпір-түкпіріндегі ауылдық медициналық орталықтарға орнатылды. Әрине, бұл біз үшін әлі де аздық етеді. Дегенмен біз Үкіметтен тағы да қырыққа жуық қондырғы сұрап отырмыз. Егер Үкімет тарапынан бұл сұранысымыз қанағаттандырылып жатса, еліміздегі сүт безі қатерлі ісігін алғашқы сатыларында көбірек анықтаған болар едік. Сонымен қатар Үкімет тарапынан мұнан да басқа көмектер көрсетілуде. Атап айтсақ, сәулемен емдейтін жаңа қондырғылар, химиялық ем көрсеткіші жоғары дәрілер, кеңейтілген операциялар жасайтын құрал-жабдықтар алынды.

– Жақсы, мемлекет барынша көмектеседі. Ал осы еліміздегі қалталы азаматтардың ішінде қол ұшын созушылар бар ма?

– Құдайға шүкір, елімізде мұндай қамқор азаматтар баршылық. Өз еріктерімен бірнеше емдеу орталықтарына қажетті құралдар алып беріп жатыр. Солардың ішіндегі біреуін ерекше атап өткім келіп отыр. Осыдан 6 жыл бұрын құрылған «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова деген қарындасымыз көп көмек көрсетті. Институтқа балаларға арналған төсектер, аппараттар, операциялық столдар, басқа да құрал-жабдықтар алып берді. Бұл біз үшін үлкен көмек болды.

– Байқап отырсақ, мемлекет тарапынан да, жеке кәсіпкерлер тарапынан да біршама көмектер көрсетіліп жатыр екен. Осыған орай онколог-дәрігерлер де аянбай еңбек етуде. Ендігі мәселе осы еңбектің зая кетпеуінде. Бүгінгі таңда сәл де болса оң нәтижеге қол жеткізе алдыңыздар ма?

– Орынды сауал. Мен бұған бірден «иә» деп жауап берсем қателеспеспін. Тағы да деректерге сүйенейік. 2003 жылы ауруларды алғашқы сатыларында анықтау нәтижесінде 9963 науқас тіркелсе, 2008 жылы бұл көрсеткіш 12496-ға жетіп отыр. Бұл дегеніміз, 5 жыл ішінде ауруларды алғашқы кезеңде анықтауды 10 пайызға арттырып отырмыз деген сөз. Бұл жемісті еңбектің нәтижесі.

Ал өлім көрсеткіші қалай дегенге келсек, 2003 жылы ағзалардың қатерлі ісігінен 18552 адам қаза тапса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 2071 адамға кеміп отыр. Сонымен қатар аурулардың кеш тіркелуі де біршама қысқарған. Нақты айтар болсақ, 2003 жылы 5648, ал 2008 жылы 4484 адамды құрады. Бұған қоса өткен жылы жалпы қатерлі ісікпен ауыратындар саны 133310 тұрғын болса, солардың 64245-і, яғни 48, 2 пайызы 5 жылдан аса өмір сүріп отыр.

Осы жылдың басында Үкімет басшысы мен Денсаулық сақтау министрлігінің арасында меморандум қабылданған болатын. Бұл меморандумда көзге көрінетін ісігі бар науқастардың дер кезінде анықталуы 50 пайыздан, ал 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 48,2 пайыздан төмен болмауы жайында мәселе көтерілген. Біз бүгін осы талапқа сай жұмыс істеудеміз. Бұл біз үшін үлкен жетістік.

– Осы тұста дүниежүзіндегі қатерлі ісіктің жағдайы жайында да айтып өтсеңіз...

– Жыл сайын дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы бойынша 10 миллионнан астам адам осы қатерлі ісікпен ауырады, яғни есепке тұрады. Бүгінде тіркеуде тұрған 20 миллионнан астам тұрғын бар. Өкінішке орай жыл сайын солардың 6 миллионы қайтыс болады екен. Денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша 2020 жылға қарай жыл сайын қатерлі ісікпен тіркелушілер саны 15 миллионға жетуі мүмкін. Сонда жалпы есепте тұрған науқастардың 10 миллионға жуығы мына өмірмен қоштасады деген де болжам жасалып отыр. Бұл жантүршігерлік сандар. Жалпы дүниежүзінде адамдардың қайтыс болуына бірінші себепкер жүрек ауруы десек, екінші кезекте осы қатерлі ісіктен қаза табады.

– Қатерлі ісіктің осынша көбеюіне не себеп? Және осы ауру қай ағзаларда жиі кездеседі?

– Ауру ең басты үш ағзада: өкпеде, сүт безінде және ішекте көп кездеседі. Осы үш ағзаның ісікке шалынуы дүниежүзі бойынша да алдыңғы орында тұр.

Қатерлі ісіктің көбеюінің себептері көп. Соның бастысы – дамыған өнеркәсіп. Мәселен, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Италия, Финляндия сынды өнеркәсібі дамыған алпауыт елдерде қатерлі ісікке шалынушылар саны көп. Осы елдердегі адам өлімінің 20 пайызын қатерлі ісік дертінен өлгендер құрайды екен. Бізде де өнеркәсібі дамыған Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында, Алматы қаласында осы тажалдың тырнағына ілінушілер саны көп.

– Ендеше осы тажалдың тырнағынан қалай құтылуға болады? Аурудың алдын алу үшін не істеу керек?

– Атам қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп дәл айтқан-ау. Сондықтан әр адам ең алдымен өзінің денсаулығына қарауы тиіс. Өзі салауатты өмірді жүргізуі керек. Көптеген аурудың себепкері – темекі. Ол дәлелденген дүние. Өкпе қатерлі ісігінің 99 пайызы дәл осы темекінің кесірінен болады екен. Ал дұрыс тамақтанбау нәтижесі асқазанның ауруына әкеліп соғады. Мәселен 30-шы жылдары АҚШ-та асқазанның қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан болатын. Ал қазір бұл мәселе оңтайлы шешімін тапқан. Өйткені америка азаматтары дер кезінде шара қолданып, қатерлі ісікпен күресті басты назарда ұстап, тамақтану технологиясын жақсартты. Тағамдарда көкөністерді көптеп қолдану, еттің үлес салмағын азайту сынды тәжірибелер оң нәтижесін беріп, қатерлі ісіктің алдын алуға мүмкіндік тудырды. Сондықтан кез келген адам дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылдануды күнделікті айнымас дағдыға айналдырғаны абзал болар еді. Және ағзадағы қандай да бір өзгерісті байқай сала, дәрігерге қаралу артық етпейді. Бұл сақтану шарасы. Қаншалықты ерте ем қабылдаған адамның соншалықты ауруды жеңуге мүмкіндігі болады.

Сонымен қатар күннен бөлінетін ультракүлгін сәулелер нәтижесінде терінің қатерлі ісігі пайда болады. Сондықтан 17 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді күн сәулесіне күйдірмеген абзал. Әсіресе күндізгі сағат 11 мен кешкі сағат 5-6 аралығында ультракүлгін сәулелер көп бөлінеді. Бұл уақыт аралығы тіптен қауіпті. Бүгінде «солярий», яғни ультракүлгін сәулелерінің жасанды түрі шығып жатыр. Оны жас балаларға пайдалануға мүлдем болмайды. Жас ұлғая келе оның зардабынан теріде қатерлі ісік пайда болуы әбден ықтимал.

– Ал осы қатерлі ісік қай жас аралықтарында көптеп кездеседі?

– Статистикалық мәліметтер бойынша 50 мен 60 жас аралығындағы адамдарда осы дерт көп кездеседі. Әйелдердің сүт безі қатерлі ісігіне байланысты маммографиялық тексерулерді осы жас аралығындағы нәзік жандыларға көп жүргізуге тура келіп тұр. Өкінішке орай, соңғы кездері кәмелеттік жасқа толмаған, тіпті 1 жас, 2 жас, айлық балаларда да осы дерттің пайда болуы адам жанын ауыртады. Жыл сайын елімізде 300-ден аса сәби осы аурумен тіркеуге алынады. Мұның басты себебі экологияның ластығы десек қателеспеген болар едік.

– Институттағы онколог-мамандар жайында айтып берсеңіз...

– Біздің ғылыми-зерттеу институтымыздағы мамандар деңгейі өте жоғары. Мұнда отызға тарта медицина ғылымдарының докторы, қырықтан аса медицина ғылымдарының кандидаттары жұмыс істейді. Сонымен қатар мұндағы дәрігерлердің 80 пайызға жуығының жоғары дәрежелі категориясы бар, қалғандары бірінші дәрежедегі категориялы дәрігерлер. Медбикелеріміз де жоғары білімді мамандар. Сонымен қатар соңғы 5-6 жыл ішінде институтқа Еуропалық стандартқа сай медициналық қондырғылар алынды. Олар – Еуропа елдерінде қолданылып жүрген сәулемен хирургиялық операция жасайтын аппараттар, нәтижесі жоғары химиялық дәрілер.

Сонымен қатар біздің институттың шетелдік әріптестерімізбен де қарым-қатынасы жақсы дамыған. Осының нәтижесінде біздің мамандар Францияға, Германияға, АҚШ-қа, Түркияға барып оқып келіп жатыр. Олармен тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеу үстіндеміз.

– Бұл орталықтағы мамандардың жеткен жетістіктері мен кәсіби деңгейлері көңіл қуантады. Бірақ ауылдық жерлердегі мамандардың деңгейі осымен шамалас па?

– Бізде онкология саласының өзі үш деңгейден тұрады. Біріншісі, аудан орталықтарындағы емханада онколог-дәрігер болады. Екіншісі, облыстық онкологиялық диспансер. Мұнан соң ғана біздің ғылыми-зерттеу институтымыз. Әрине, осы үшеуінің ішінде ауылдық жерлердегі мамандар турасында біршама проблема болуы мүмкін. Себебі, кей жерлерде мамандандырылған онкологтар жетіспейді. Бірақ бүгінгі таңда бұл мәселе қатты қолға алынып отыр. Соңғы екі-үш жылдың төңірегінде шет аймақтардағы онколог мамандардың бәрі біздің институтқа келіп, білімдерін жетілдіруде. Себебі бұл ғылыми-зерттеу орталығында еліміздегі ең жоғары мамандандырылған онкологтар қызмет атқарады. Аймақтардағы дәрігерлер науқасқа арнайы онкологиялық ем тағайындаса, облыстық диспансерлерде бұдан жоғары деңгейдегі емді көрсете алады. Ал біздің институтта ең жоғарғы дәрежелі емдеу тәсілдері көрсетіледі. Жұтқыншақтың, асқазанның, жыныс мүшелерінің, сүйектің, жұмсақ ұлпалардың, өкпенің қатерлі ісігіне байланысты күрделі операциялар да осы институтта жасалынады.

– Досбол аға, «Ана тілі» қазақ тілінің жоғын жоқтайтын ұлт газеті екенін білесіз. Сондықтан қазақ тілі жайында айтпай кеткеніміз болмас. Осы институттағы қазақ тілінің жай-күйінен де хабардар етсеңіз...

– Дұрыс айтасыз, меніңше әр қазақ өз ана тілін қадірлеп, жоқшысы болуы тиіс. Сол себепті институтта қазақ тілінің мәселесі дұрыс жолға қойылған деп толықтай айта аламын. Соңғы үш-төрт жылдың айналасында институт директоры Жеткерген Әнесұлының тікелей басқаруымен тіл мәселесімен айналысатын азаматтар бар. Арнайы қазақ тілін оқытатын сынып ашылған. Мұнда үш топқа бөлінген дәрігерлерге қазақ тілін жетік меңгерген мұғалім сабақ береді. Бірінші топ – қазақ тілін жақсы білетін азаматтар. Бұлардың арасында өзге ұлт өкілдері де кездеседі. Ал екінші топ қазақ тілін орташа меңгергендерден, үшінші топ жаңадан меңгеріп келе жатқан ақ халаттылардан құралған.

Аптасына бес рет өтетін конференциямыз да қазақ тілінде жүреді. Десе де бәрі керемет деуге де болмас. Бірақ «Көш жүре түзеледі» демекші жылдан-жылға алға жылжу бар. Медициналық терминдердің де сөздіктері көбею үстінде. Мұның бәрі Елбасының сарабдал саясатының арқасында болып жатқан жетістіктер деп нық сеніммен айта аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет! Ел үшін еткен еңбектеріңіз жемісін берсін!

Әңгімелескен Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

4126 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы