• Ақпарат
  • 22 Қаңтар, 2009

Экономикалық дағдарыс әлемдік геосаяси дағдарысқа ұласпай ма?

Жаһандық экономика салалы география, тамырлы тарихпен һәм жер шарының экологиясымен тығыз байланысты. Ал әлемдік геосаясаттың бас жібі болса, дүниежүзілік экономиканың тетіктеріне мықтап байлаулы. Әлемдік экономиканың талаптарына қарай жаһандық геосаясат та әрекет етуге, яки трансформациялануға /дамуға/, өзгеруге мәжбүр. Демек, оба дерті секілді жер-жаһанды жайлап бара жатқан дағдарыс құбылысы да, практикалық тұрғысын айтпағанда теориялық жағынан болсын, бүгінгі өркениетті әлемнің геосаяси құрылымы мен ұстанымдарына, ондағы ойыншылардың мәртебесі мен иерархиялық орынына әсер етуге тиіс. Әлде, бәрі де баяғыша, ескі де жақсы кездердегідей қалмақ па?

Жаңа әлем дүниеге келген кезең

Бүгінгі әлемдік геосаяси бейненің қалыптасу дәуірі – атшулы 90 жылдарға барып тіреледі. Сол кезеңде социалистік блоктың қырғи қабақ соғыста жеңіліс табуымен әлемнің даму құрылымы өзгеріске ұшыраған болатын.Үшінші дүниежүзілік қақтығысқа соқтыра жаздап барып жоғалған коммунистік дүлей жүйенің топырағы суымаған моласының басында дағдарып отырған адамзат баласына сол сәтте әлемде бір ғана күш өсі —АҚШ-тың қалғаны белгілі болды. Бәсекелесінен артық шығынсыз, ақпараттық әдіс арқылы оңай құтылған АҚШ қай жағынан да алғанда әлемге «бас» болуға лайық бірден бір үміткер еді. Көп ұзамай осы таңдағы әлемнің бейнесін қалыптастырған – бірполярлық жүйе орнады. Жаңа әлемге өту мерекесіндегі шыршаның ұшында бесжұлдыз болып жарқыраған АҚШ позициясы содан бері еш әлсіреп көрмеген-ді. Тіпті, 2000 жылдан арғы он жылдықты айтпағанда, одан бергі Ауғанстан мен Иракты окупациялап ондағы қолайына жақпайтын режимдерді биліктен тайдыру операциялары жаңа геосаяси форматтың түбегейлі негізделіп біткенінен хабар беретін. Яғни, АҚШ айналасына топтастырылған гегомония салтанатының көріністерінің бірі ретінде тізімге қосуға жарады. Міне, осындай әлем моделімен біз құйын боп ұйытқып өткен Ресей мен Грузия арасында болған «Осетия дауына» да жеттік. Путиннің кезінде өз жолын тауып, енді Медведевтің кезінде Еуразиялық аюға қайта айналуға дәмелі Ресей Еуроодақ пен АҚШ-тың Грузияшыл ниетіне ызаланып «Бір полярлы әлемнің күні бітті. Біз өзіміздің әдеттегі әлемдік масштабтағы дәстүрлі рөлімізге көшеміз» дегенді де айтып салды. Тәккәпппар ұлыстың жүрегін жарып шыққан бұл сөздерді естіген батыс жұртшылығының оған жауап ретінде «Осылар ауыз өзімдікі деп сөйлей береді. Алдымен дүмін шамаламай ма?!» деп жамырай мысқылдағаны есімізде. Алайда осы оқиғаны іле-шала қаржылық сектордан бастау алған «дағдарыс» деген қорқынышты сөз әлемдік жорығын ашты. Дағдарыс тақырыбы дүниежүзінің озық ойшылдарының басын қосып, бір ымыраға келтіруге таптырмайтын себеп болып шықты. Дәл осы жиындарда әлемнің бүгінгі геосаяси келбетінің бірден-бір кепілі болып табылатын АҚШ бренді мен көшбасшылығының шайқылғаны да белгілі бола бастады. Көрнекті америкалық саясаттанушы Звигнев Бзежинский айтпақшы, «бұл — ауқымы жағынан ғаламат, кезекті бір геосаяси дағдарыстың босағамызға келіп, есігімізді қағып тұрғандығының алғашқы жоралғысы болуы ықтимал».

4095 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №40

10 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы