• Тіл
  • 19 Қараша, 2009

Басқаға да қазақша сөйлеймін

Мен қазақтың жаңа заман талабына сай тіршілік етіп жатқанына қуанамын. Алайда солар қазақ екендіктерін ұмытып бара жатыр ма деп алаңдаймын. Осының барлығына өзіміздің кінәміз бар. Өйткені араласып жүрген ортамыздың көбі – қазақ, бірақ қазақшасы ақсап жатқан қазақ. Көпке топырақ шашып бола ма? Амалсыздан қазақ пен қазақ орысша сөйлесеміз. Себебі оның бірі екі тілді де жақсы біледі, ал онымен сөйлесіп отырған адам – тек қана орысша білетін және қазақшаны түсінбейтін қазақ. Содан қазақ және орыс тілдерін еркін меңгергені еріктен тыс қазақша білмейтін қазақпен орысша сөйлесуге мәжбүр болады.

Ал басқа ұлт өкілдерімен ойланбастан тек қана орысша сөйлесеміз. Себебі біз өзіміз орысша сөйлей білетінімізді көрсеткіміз келеді де орысша сөйлеген адамға жанталаса орысша жауап беруге дайын тұрамыз. Неге?

Мен кейде ерегісіп тек қана қазақша сөйлесуге тырысамын да, дүкендерге барғанда басқа ұлт өкілдерінен тұратын сатушыларға қазақша сөйлеймін. Тіпті ең қарапайым сөздер. Мәселен, қолыммен ұстап тұрып «Мынау қанша тұрады?», «Нан беріңізші», «Қант бар ма?» деген сияқты сөздерді айтып тұрсаң, ызадан жарылардай болып тұрған сатушы өзіңе бақырая қараған қалпында тұра береді немесе естімеген адамдай басқа адамға қызмет көрсетіп, ісін жалғастыра береді. Ондайда мен де одан сайын ерегісе түсіп сұрағымды қайталаймын. Сонда сатушы: «Говорите по-русски! Я Вас не понимаю» дейді көзін алартып. Бірақ ол түсінбей тұр дегенге мен сенбеймін. «Жығылғанға – жұдырық» деп, кезекте тұрған кейбір «патриот» қазақтарымыз «Ол орыс қой, орысша сұрасаңшы» дейді әлгінің шашбауын көтеріп. Сонда ол түсінбейді екен деп мен неге орысша сөйлеуім керек екен? Мүмкін мен орысша білмейтін шығармын. Бірақ ол туралы басын ауыртып жатқан әлгі адам не «ләппай» қазекем бар ма? Жоқ, әрине. Менің осыған жүрегім ауырады.

Әрбір қазақ өз отбасын қырғидай қоритыны рас. «Мынау менікі!» деп өз затын, өзінің үлесін ешкімнің уысында кетпеуіне күш салатыны рас. Ендеше неге тілін, ділін солай қорғамасқа?

«Я не понимаю казахский язык» деп өз ана тілі туралы жиіркенішпен айтып тұратын қазақтардан қорқамын. Сол сөзді ұялмай айтатындардың жас ерекшеліктері де әр түрлі. Ендеше жасы үлкен аға-апаларымыз үйлерінде балаларына қасиетті тілі туралы нені әңгімелейді екен? Мысалы мектепте баласына не немересіне ана тілі туралы шығарма жазып келіңдер деп тапсырма береді. Сонда ол баласына қандай көмек көрсете алады екен деп ойлаймын. Ана тілі туралы патриоттық сезімін білдіре алмай қысылмайды ма екен деп солар үшін іштей қынжыламын.

Ұрпағымның алдында ұялмайын деп біз үшін жанын қиып, ұлтын, ұлттық дәстүрін, ұлт тілін сақтап келген бабаларымыздың аруағының алдында біздің бүгінгі тілге көрсетіп отырған «құрметіміз» – кешірілмес күнәмен тең. Егер кеудемізде титтей де намыстың ұшқыны бар болатын болса тіліміздің тіршілігі үшін күресейік.

Бәтима Жүкен

АСТАНА

3830 рет

көрсетілді

13

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы