• Тіл
  • 19 Қараша, 2009

Ұлттың үні немесе Ахаң салған сара жолды жалғастырушы «Ана тілі» туралы

Рухы мықты қазақ халқы алып та саялы бәйтерек сынды. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұлы тарих, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық діл мен ана тіліміз бар. Осылардың ішінде ана тілі – өткеніміз бен болашағымызды жалғастырар алтын көпір іспеттес. Өз жерінде жүріп тіліміз өзектен тебілсе, әр қазақ ана тілінде сөйлемесе, қазақ деген ұлттың болашағы да бұлыңғыр болмақ. Мұны әрбір саналы азамат түсінеді. Дей тұрғанмен, қолдан келер қайран жоқ деп үн-түнсіз қала беруге де болмайды. Қазақ тілін өркендету үшін әрқайсысымыз өзімізше күш салуымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», – дегені де дәл осы әр қазақтың өз тілін өркендету үшін өздері атсалысуы керек дегенді меңзеп тұр.

Тәуелсіздікті қолымызға алғалы 18 жылдың жүзі болса да қазақ тілінің әлі де өзіне тиісті қызметін атқара алмай жатқанын, өз елінде жүріп өгейлік көріп жүргенін мерзімді баспасөз құралдарында ұдайы айтылып та, проблемалар көтеріліп те келеді. Сондай ана тілін ұлықтап жүрген басылымдардың бірегейі – «Ана тілі» газеті.

«Ана тілі» – 20 жылға жуық қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан бірден-бір басылым. «Тіл тағдыры – ел тағдыры» екенін де дәлелдеп келе жатқан да осы газет. Қазақ тілінің қоғамдағы жай-күйін халыққа жеткізіп, жетістігіне сүйініп, кемшілігіне күйініп қалам тербеген де осы басылымның ізгі дәстүрі. Билік басындағы министрлер мен әкімдердің мемлекеттік тілді өркендету жолында қандай сүбелі жұмыстар атқарып, жетістіктерге жеткенін де осы басылым ішінен оқи аламыз. Бұл халық пен биліктің біршама жақындай түсуіне де септігін тигізеді. Сонау 1920 жылдардың өзінде-ақ Мағжан ақын:

«Елдік, бірлік, ерлік, қайрат, бақ ардың –

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...

Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз – Баба тілі, сен қалдың!» – деп жырлағанынан-ақ сол кездің өзінде бабаларымызды қазақ тілінің тағдыры мазалағанын көре аламыз. Осындай ұлт ұлыларының көздеген мұрат-мүдделерін жалғап келе жатқан басылым да ұлт үдесінен шығып келе жатыр десек, артық айтпағандық болар.

Қазақ тіліне жаны ашитын, қазақ тілінің көсегесін көгертуге сәл да болса атсалысқысы келетін әрбір азаматтың төрінде «Ана тілі» басылымы тұруы керек сияқты. Себебі «Ана тілі» ұлт газеті ретінде ұлттық мүдде мен ұлтжандылықты алдыңғы орынға қойып отыр. Ал ұлтжандылық әрбір қазақ азаматының бойында болуға тиіс қасиеттің бірі. Сонымен қатар ұлттық рухымызды байытып, тәлім-тәрбие мен сана-сезімді оятуға да осы басылым себепкер болары сөзсіз.

Біздің ауылымыз аудандағы 14 селолық округ, 25 елдімекеннің арасында «Ана тілі» басылымына 2009 жылға жазылу барысында алдыңғы қатарға шықты. Демек бұл өз ана тіліне қамқорлық танытып отырған азаматтар саны жылдан-жылға артып келе жатыр деген сөз. Оның үстіне бұған дейін қара басының қамын күйттеп кеткен халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара бастаған соң рухани азығын түгендеуге бет бұрған сыңайлы. Бұл қуанарлық жайт. Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөз бар. Сол бесіктің өзі қазақы бесік жырымен тербеледі. Ендеше қазақ тілі тек қазақтың жерінде ғана өркендей алады, қазақтың жерінде ғана арқасын кеңге салып тыныстай алады. Сондықтан жүрегі қазақ деп соққан әрбір азамат сол тілдің сойылын соғып, ұлттың жаны туған тіліміздің тірегі бола білуі керек деп ойлаймын.

Қалабай МЕРЕЙІМОВ,

Алматы облысы,

Ұйғыр ауданы,

Сүмбе селолық округының әкімі

2963 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы