• Ақпарат
  • 26 Қараша, 2009

Жұмыссыздықпен күресу мемлекеттік саясаттың жұлыны

www.anatili.kazgazeta.kzЕңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА Тікелей желіде қойылған әлеуметтік сұрақтарға жауап береді

Көші-қон және «Нұрлы көш» бағдарламасы туралы

Ерсайын Ақболат

Сұрақ: Мен Монғолия елінен хат жазып отырмын. Моңғолиядан көшіп барсам, қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Жауап: Құрметті Ерсайын! Шетелден келетін бауырларымызға мемлекет тарапынан жыл сайын оралмандардың көшіп келу квотасы бойынша өтемақылар мен жәрдемақылар беріледі. Сондай-ақ жайлы қоныстандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылы 2 қаңтардағы № 1126 қаулысы мен 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» Бағдарламасы қабылданды.

Бағдарламаның негізгі мақсаты этникалық көшіп келушілерді, Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген Қазақстанның бұрынғы азаматтарын, еліміздің қолайсыз аудандарында тұратын Қазақстан азаматтарын ұтымды қоныстандыру және олардың жайғасуына жәрдемдесу болып табылады.

Бүгінгі күнде аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы Асар елді мекенінде 575 оралман отбасына, Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласына 200 және Ақмола облысы Красный Яр ауылынан 276 оралман отбасына бастапқы жоба бойынша баспана салып беру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Аталған Бағдарламаның бастапқы жобасына 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласындағы «Асар» ықшамауданы, Ақмола облысы Степногорск қаласының Қарабұлақ ауылын, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Көктау ауылын, Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласын, Қостанай облысы Қостанай ауданы Заречный кентін, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Пенькова селосын қатыстыру жоспарланып отыр.

Ерғали Рамонов

Сұрақ: Мен Жамбыл облысы, Асса ауданы, Ақбұлым (Ильич) ауылына Өзбекстаннан келген оралманмын. 2002 жылы келгенде квота ала алмадым. Ешқандай көмек болмады. Әке шешем қайтыс болғаннан кейін Қазақстанға көшіп келген едім. Жетім балаларға, оралмандарға баспана жөнінде қандай көмек болады? Ең болмаса жер алуға көмек көрсетсеңіз екен!?

Жауап: Егер Сіз көшіп келу квотасына ене алмай жүрсеңіз, Көші-қон комитетіне нақты аты-жөніңізді, мекен-жайыңызды толық жазып өтініш беруіңіз қажет.

Сонда Сіздің мәселеңізді жан-жақты қарайтынымызды хабарлаймыз.

Шерхан Дөйтенұлы

Сұрақ: Ассаламуғалейкум Нұраға! Сізге және жанұяңызға, бүкіл ел-жұртыңызға Алланың нұры жауғай. Тек қазақ емес көп ұлттың, көп түрлі дін, және оның өкілдерінің басын қосып бүкіл әлемді береке-бірлікке шақырған ұлы тұлға екеніңізді әлем жұртшылығы мойындап сізге деген ыстық ықыласын жолдап отыр. Алладан сізге екі дүниенің бақытын тілей келе бір сұрағым бар. Оралмандар мәселесін шешу барысында қандай шаралар атқарылуда?

Жауап: Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 17 қарашадағы № 690 Жарлығына сәйкес оралмандардың 2009-2011 жылдарға арналған көшіп келу квотасы әр жылға 20 мың отбасы көлемінде бекітілді.

Мемлекет тарапынан оралмандарға қажетті әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетіліп келеді. Қазіргі уақытта біржолғы жәрдемақыны, тұрғын үй алуға берілетін қаражатты, жол ақысы және жүк тасымалдау шығыстарының өтеміне берілетін қаржыны ескергенде, орта есеппен 5 адамнан тұратын әрбір отбасыға 848,9 мың теңге қаражат бөлінеді.

Елімізде 14 оралмандарды уақытша орналастыру орталықтары жұмыс істейді. 2008 жылдан бастап Қарағанды, Шымкент қалаларында және Оңтүстік Қазақстан облысының Ақсукент ауылында оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталықтары жұмыс істей бастады.

Оралмандардың барлығының медициналық қызметке, білім алуына және әлеуметтік қамсыздандырылуына қол жетімділігі қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, оралмандарды жұмыспен қамтуда жәрдемдесу шаралары қолданылатын нысаналы топтардың біріне жатқызылған. Еңбек жасындағы оралмандар өндірістің түрлі салаларында және ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылуда.

Әйтнұр Сағындық

Сұрақ: Әке-шешем қайтыс болған. Мен 2002 жылы жалғыз өзім Қытай Халық Республикасынан көшіп келген оралман қазақпын. Қазақстанға келгеннен кейін маған ешқандай мемлекеттік көмек көрсетілген жоқ. Неге? Қазіргі кезде тұрақты жұмысым жоқ. Осыған байланысты Елбасыдан көмек сұрап отырмын. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіздің бір көмегіңізді берсеңіз?

Жауап: Қазақстан Республикасының «Халықтың Көші-қоны туралы» Заңының 1-бабының 11-тармағына сәйкес оралмандар – Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген ұлты қазақ шет елдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар.

Жоғарыда аталған Заңның 1-бабының 13-тармағында көшіп келу квотасы – Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін, осы Заңға сәйкес жеңілдіктермен, өтемақылармен және біржолғы жәрдемақылармен қамтамасыз етілетін оралмандар отбасыларының саны деп көрсетілген, ал 27-бабына сәйкес отбасын мына адамдар құрайды: жұбайы, ата-анасы, балалары (оның ішінде асырап алынған) және олардың отбасыларының мүшелері, сондай-ақ ата-анасы, сондай-ақ ата-анасынан бөлек, отбасылары жоқ аға-інілері мен әпке-қарындастары (сіңлілері).

Сол себептен жалғыз өзіңізді квотаға енгізіп, жеңілдіктер мен өтемақылар төлеу Заң талабына сәйкес келмейтінін хабарлаймыз.

Зейнетақы мәселелері жайында

Жанаев

Қостанай қаласынан.

Сұрақ: Зейнетке шығайын деп едім. Бірақ маған Кеңес одағы кезіндегі еңбек кітапшамдағы мөрді растау керек дейді. Себебі дұрыс коймаған. Ал қазір ол кездегі мекемелер жоқ. Енді не істейміз? Жауапты мекемелер мен сияқты адамдардың сөзіне сенсе екен деген ұсыныс айтқым келеді.

Жауап: «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін толық көлемінде тағайындау 1998 жылғы 1 қаңтарда кемінде 25 жыл еңбек өтілі болған жағдайда көзделген.

Қолданыстағы зейнетақы заңнамаларына сәйкес зейнетақы төлемдерін тағайындауға азаматтардың еңбек өтілі мен орташа айлық табыс мөлшері негіз болып табылады.

Сіздің еңбек кітапшаңыздағы еңбек өтіліңізді растау үшін мұрағат анықтамасы керек, немесе еңбек кiтапшаңыздағы мәлеметтердің растығын сот шешімімен дәлелдеу керек.

Өзіңіз туралы толық мәлімет болмағандықтан, сұрағыңызға толық жауапты тұрғылықты жеріңіз бойынша зейнетақы төлеу орталығынан алуыңызға болады.

Бертілеу Сәттібаев

Сұрақ: Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен екінші топтағы Семей полигонының мүгедегімін. Семей полигонындағы тұрғындар қанша жастан зейнетке шыға алады?

Жауап: Құрметті Бертілеу! Төтенше және барынша радиациялық қатерлi өңiрлерде 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шiлдеге дейiн кемiнде 10 жыл тұрған азаматтар «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес: ер азаматтар – жалпы жұмыс өтілі 25 жылдан кем болмаған жағдайда 50 жасқа жеткенде; әйелдер – жалпы жұмыс өтілі 20 жылдан кем болмаған жағдайда 45 жасқа жеткенде зейнетке шығуына құқылы.

Нұргүл Жұмақанова

Сұрақ: Биыл менің зейнетақыма 25 пайыз үстемақы қосылмады. Ал 2010 жылы қосылады ма? Өзім 7 жасымнан 2 топтағы мүгедекпін. Мені шешем бағып отыр. Осыған байланысты шешемнің зейнетақысына қосымша ақша қосылады ма?!

Жауап: Cізге 1996 жылғы 26 наурыздан бастап бала жасындағы 2 топтағы мүгедек ретінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған.

2009 жылы жалпы жәрдемақыңыздың мөлшері 17 041 теңгені құраған (2 топтағы мүгедек ретінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы – 15 226 теңге және арнаулы мемлекеттік жәрдемақы – 1 815 теңге), ал 2010 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік жәрдемақы өмір сүру деңгейінің мөлшеріне байланысты өзгертіледі.

Сіздің де жәрдемақы мөлшеріңіз әр жылда тиісті заңдылықтардың көлемінде арттырылып отыр.

Жәрдемақы мөлшеріңіз бен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінің кезекті арттыруда қолданыстағы заң нормаларының барлық шарттары мен талаптары сақталған.

Қолданыстағы заң бойынша бала жасындағы 2 топтағы мүгедекті қарағаны үшін төлемдер қарастырылмаған.

Жәрдемақы төлемдері мөлшерін одан әрі арттыру мемлекеттің өзіне алған міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Тілектес Мұратов

Сұрақ: Мен 1965-2008 жылдары аралығында Байқоңыр ғарыш айлағында жұмыс істедім. 2006 жылы зейнеткерлікке шықтым. Жергілікті халықты әлеуметтік қорғау бөлімі маған ең төменгі зейнетақы мөлшерін белгілеп қойды. Олардың айтуы бойынша, мен Ресейге жалға берілген Байқоңыр ғарыш айлағында істегендіктен, Қазақстанның заңнамасы бойынша еңбек өтілім ескерілмейді екен. Қазіргі кезде мен Қазақстанда жүріп, мемлекеттің қамқорлығынсыз қалып отырмын. Неге менің еңбек өтілім ескерілмейді? Осыған Елбасы назар аударса деймін.

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам кенті, Құлыптасов көшесі 24

Жауап: Құрметті Тілектес! Жалпы, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшiн орташа айлық табыстың мөлшерi жинақтаушы зейнетақы қорларына аударылған табысқа сәйкес белгiленедi. Өкінішке орай, «Байқоңыр» кешенінде тұратын және еңбек ететін Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын аудармағандығына байланысты, зейнеткерлік жасқа жеткенде оларға ең төменгі зейнетақы тағайындалады. Дегенмен, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі осы мәселені шешу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Төлеу Сәдуақасов

Сұрақ: Мен Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Ақкөл қаласында тұратын зейнеткермін. Әр салада ауыр жұмыс атқардым. 10 жыл бойы жүргізуші болып жұмыс істедім, барлық жұмыс өтілім 38 жыл. Өзім астма, бронхит, туберкулез ауруымен аурамын. Алатын зейнетақым 15700 теңге, ол ештеңеге жетпейді. Осы мәселені қарастырып, зейнетақымды көтерсе деймін!

Жауап: Азаматтардың зейнетақы мөлшерін белгілеу жұмыс істеген саласы мен мамандығына байланысты емес, еңбек өтілі мен табыс мөлшеріне қарай жүзеге асырылады.

Сіздің зейнетақы ісіңіз бойынша, 1998 жылдың 1 қантарына дейінгі еңбек өтіліңіз 37 жыл 7 ай болғанымен, 1996 жылдың 1 қантарынан бергі 3 жылдық орташа айлық мөлшеріңіз небәрі 4432 теңге болғандықтан, зейнетақы мөлшері де төмен болып отыр.

Бүгінгі таңда алып отырған төлемдеріңіздің жалпы мөлшері 15813 теңге, оның: зейнетақы төлемі – 10326 теңге, базалық зейнетақы төлемі – 5487 теңге.

Зейнетақылық төлемдерді есептеуде қолданыстағы зейнетақы заңнамалары нормаларының шарттары мен талаптары сақталған.

Қазіргі таңда, өкінішке орай, зейнетақы мөлшерін арттыру үшін басқа құқықтық негіздер жоқ.

Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру Елбасының жыл сайынғы Жолдауымен мемлекеттің өзіне алған міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылып отыр, мысалы, 2010 жылдың қантар айының 1 жұлдызынан бастап зейнеткерлердің зейнеақысының мөлшері 25 пайызға өсу көзделген.

Әлеуметтік жағдайыңыз бойынша айтар болсақ. Бүгінгі күні қолданып отырған Заң бойынша аз қамтылған азаматтарға кедейлік шегінен отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы төмен болған жағдайда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер бола алады.

Облыс, қала және аудан әкімдеріне, меншік нысанына қарамастан ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің басшыларына өз құқығы мен құзыры шегінде әлеуметтік қорғауға мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау жөнінде қосымша шараларды белгілеу құқығы берілген.

Осыған байланысты баспана, жолдамалар, коммуналдық төлемдер, газ, электроэнергия қызметтерін және аудан аралығында көлікпен жүріп тұру үшін бұдан басқа да материалдық көмек көрсетуге құқылы.

Осы мәселелермен тұрғылықты жеріңіздегі әкімшілікке немесе жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру органдарына хабарласуыңызға болады.

Клара Әмірәлиева

Сұрақ: Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын Байқоңыр қаласының тұрғындарын, олардың зейнетақы жарналарын неліктен Ресей Федерациясының зейнетақы қорына аударатындығы туралы сұрақ мазалайды.

Жауап: Қазақстан азаматтарының зейнетақы жарналарын Ресей Федерациясының зейнетақы қорына аудару мәселесіне келсек, тек Байқоңыр қаласында тұрақты тұратын Қазақстанның азаматтары ғана зейнетақы жарналарын Ресейдің зейнетақы қорына аударады. Өйткені Қазақстан Республикасының Байқоңыр қаласы тұрғындарының зейнетақы алу құқығының кепілдіктері туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы келісімге сәйкес Байқоңыр қаласының тұрғындары зейнетақымен Ресей Федерациясы заңдарының нормалары бойынша қамсыздандырылады. Осыған орай, зейнетақымен қамсыздандыру мақсатына арналған мiндеттi сақтандыру жарналарын төлеушiлер оны Ресей Федерациясының заңдарына сәйкес Ресейдің Зейнетақы қорына аударады және төлейдi.

Жәния Мұқанова

Сұрақ: 1987 зейнеткерлікке шықтым. Қазіргі уақытта қолыма тиетін зейнетақы мөлшері 15 000 тенге. Зейнеатқы мөлшері қашан артады?

Жауап: Құрметті Жания! Зейнетақы мөлшерін арттыру Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі заң нормалары бойынша, Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүргізіледі.

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына 2008 жылғы 6 ақпандағы Жолдауына және «Нұр Отан» ХДП саяси тұғырнамасына сәйкес 2012 жылға қарай зейнетақылардың орташа мөлшерін 2007 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көбейту көзделеді (оның ішінде 2009 жылы – 25 %-ға, 2010 жылы – 25 %-ға және 2011 жылы – 30 %-ға).

Бұған қоса, базалық зейнетақы төлемі 2011 жылы ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінен кемінде 50 пайызды құрайтын болады.

Айман Тетекова

Сұрақ: Қаратау қаласынанмын. Бұл – шахтерлердің қаласы. Шахталарда жұмыс істейтіндердің зейнеткерлікке шығу жасын қысқарту керек деп ойлаймын, өйткені жұмыстары өте ауыр.

Жауап: 1998 жылдан бастап нарықтық экономикаға көшуге, өндірісі зиянды кәсіпорындардың жекешелендірілуіне байланысты, Қазақстан Республикасында әлеуметтік және зейнетақылық сақтандыруға басымдық бере отырып, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін құрылымдық реформалау жүзеге асырылуда. Жеңілдікті зейнетақылар беру саясаты қайта қаралды: мерзімінен бұрын берілетін зейнетақылар жойылды және тек әскери қызметшілер, ішкі істер органы қызметкерлері мен соларға теңестірілгендер үшін ішінара сақталды.

2000 жылғы 1 қаңтардан бастап «Жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайы ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі ҚР Заңы күшіне енді.

Зейнетақы жасына жеткенде жәрдемақы алушы зейнетақы төлемін қайта ресімдей алады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы Жолдауына сәйкес 1998 жылғы 1 қаңтарға ауыр және зиянды өндірістерде белгілі бір стаж жинаған азаматтар үшін, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап №2 тізім бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақы енгізілді.

Көрсетілген жәрдемақылар, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген аға буын азаматтарға жалпыға ортақ белгіленген зейнеткерлік жасына жеткенде әлеуметтік қолдау алу құқығын бере отырып, оларды әлеуметтік қорғау проблемасын белгілі бір деңгейде шешуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда зейнеткерлік жасты төмендету жоспарланып отырған жоқ.

Бейсен Ысқақов

Сұрақ: Үшінші топтағы мүгедекпін, қазір он жыл болды. 2001 жылдары мүгедек болғандардың айлығы жүз пайыз есепке алынатын. Өзім шахтермін, 22 жыл жерастында жұмыс істедім, біз жүз пайызға жоспар орындағанда жалақымыз 35 мың теңге болған. 2005 жылдары жалақы көтерілді, қазіргі уақытта 120-130 мың теңге аламыз. Бұрынғы орташа жалақымен қазіргі жалақының арасында үш, үш жарым есе айырмашылық бар, осыны теңестіруге болмай ма? Қазіргі орташа айлыққа байланысты мүгедекке байланысты төлемді қосымша айлыққа теңестіруге болмай ма?

Жауап: Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Заңына сәйкес мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақылар алуға құқығы бар.

Заңның 12 бабына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінен есептеледі.

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің көлемі ұлғаюына байланысты мүгедектер үшін жәрдемақы мөлшері арттырылатын болады.

Қазақстан халқына арналған Елбасымыздың 2008 жылдың 6 ақпандағы Жолдауына сай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі жыл сайын орта есеппен 9%-ға арттыру қарастырылуда.

«Жол картасы» және азаматтарды жұмыспен қамту хақында

Қайрат

Сұрақ: Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Биылғы "Жол картасы" бағдарламасы бойынша ауылымызда жолдарымыз жөнделу үстінде. Бірақ көптеген кемшіліктерге көріп жүрміз. Істелінген жұмыс көлемі қайта тексеріле ме?

Жауап: Құрметті Қайрат! Біз өңіріңіздің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына немқұрайлы қарамағаныңыз үшін Сізге ризашылығымызды білдіреміз!

Жұмыс жасау барысында мердігермен келісім-шартқа отырған тапсырыс беруші орындалған жұмыстың сапасына бақылау жүргізуі керек. Ал нысанды пайдалануға берерде қабылдау комиссиясы құрылады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Жол картасының» нысандарына қаржылық бақылау органдары тексеру жүргізуде.

Ермек Қамысбаев

Сұрақ: Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Биыл мен орта-техникалық оқу орнын «Құрылысшы-техник» мамандығы бойынша бітіріп, Талас ауданы әкімдігінің Жұмыспен қамту және Әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмысқа орналасуға бардым. Бірақ, біздің қаламызда бұл мамандық бойынша жұмыс орны жоқ. Дегенмен, сіздің бағдарламаңыз көмектесті. «Жол картасы» – «Жастар практикасы» бойынша ауданының Сәулет және Қала құрылысы бөліміне бағыттама алып, жұмысқа орналастым. Өз мамандығым бойынша тек 3 ай ғана жұмыс істедім, кейіннен жұмыстан босатты. Олардың айтуы бойынша «Жастар практикасын» қаржыландыру аяқталды, қаражат жетіспеді. 3 айғы практика көп емес. Дегенмен өз жұмысымның негізгі мәнін түсіндім.

Жоғарғы және орта кәсіптік-техникалық оқу орнын бітіргеннен кейін, көптеген құрылыс компаниялар және компаниялар 3 жылғы жұмыс өтілін сұрайды. Оқу орнында өткен «Өндірістік практика» жеткіліксіз деп есептейді. Осындай жағдайда біз не істеу керекпіз?

Сізден сұрайтыным, осы жылдағы «Жол картасы» келесі жылы өз жалғасын тапса, мыңдаған жастар, жұмыссыз халық өз мамандығы бойынша жұмыс істесе игі еді. Қазақстанның өркендеуіне үлес қосар еді.

Жауап: Құрметті Ермек! Қазақстан Республикасының Үкіметімен әзірленген дағдарысқа қарсы бағдарламаларының бірі және жұмыссыздықты жоюдың 2009 жылы шараларының бірі «Жол картасы» бағдарламасы болып табылады. Осыған орай республика бойынша 320 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды, 95,0 мыңнан астам адам кәсіби даярлаудан өтті және қайта даярлауға жіберілді. Сонымен қатар «Жол картасын» 2010 жылы жалғастыруға дайындық жүргізілуде.

Жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын түлектерінің жұмыспен қамту мәселесін шешу мақсатында жұмыспен қамту органдары мекемелерде «Жастар практикасынан» өту үшін жолдамалар береді. Жастар практикасы – түлектерді әлеуметтік қорғаудың қосымша шарасы болып табылады. Жастар практикасының мақсаты алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау, кәсіби білімдерін көтеру, еңбек нарығындағы бәсекелестікке төтеп беру қабілетін арттыру және жұмысқа орналасуға көмек көрсету болып табылады. Жастар практикасы республикалық бюджеттен қаржыландырылады, ұзақтығы 6 айдан аспауы тиіс.

Өзіңіз байқағандай жастар практикасы таңдаған кәсібіңіздің негіздерін түсінуге мүмкіндік береді, ал бұл сәйкесінше келешекте жұмысыңызға көмек болады.

2010 жылы «Жол картасы» міндетті түрде жалғастырылатын болады, қазіргі уақытта мемлекеттік органдар келесі жылы жүзеге асырылатын жобаларды дайындап, жинақтаумен айналысып отыр.

Колледж студенттері

Сұрақ: Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледж әкімшілігі мен ұжымы және студенттер қауымы Сіздің саясатыңыз бен іскерлігіңізді қолдай отырып, Сіздің көрегендігіңізге, «Жол картасы» мен «Аумақтардағы халықты жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламаларды енгізгеніңізге көптен-көп алғысымызды білдіреміз!

3452 студенті бар Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі Оңтүстік өңірінде бірден -бір техникалық мамандар даярлайтын мемлекеттік оқу орны болғандықтан студенттердің құрамы облыстың шалғай жерлерінен келген отбасы аз қамтылған, жартылай жетім, толық жетім, білімге құштар, жүрегінде оты бар, озық ақпараттық технологияларды игерген, дарынды, Қазақстанның болашағын ойлайтын, тәуелсіздіктің көк байрағын биік ұстайтын жастардан тұрады. Осындай жатақханасыз жүрген жастарға көмек ретінде жатақхана салуға үлкен қамқорлық жасап, 2010 жылдың «Жол картасы» бағдарламасына енгізуге қол ұшын берсеңіз, ата-аналардың және студенттер мен ұжымның қуанышында шек болмас еді.

Алдын ала шынайы алғысымызды айтамыз!

Жауап: Біз жастардың мемлекет болашағын ойлап, өңірлерді әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қатысты мәселе көтергеніне өте қуаныштымыз.

«Жол картасы» шеңберінде 4 бағыт бойынша жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары іске асырылады. Олар: тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жүйесін жөндеу, дамыту және қалпына келтіру, мектептер мен ауруханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды жылыту, жөндеу, республикалық, жергілікті маңызы бар жолдар салу, жөндеу және қалпына келтіру, қалалар мен ауыл округтеріндегі, ауылдардағы әлеуметтік-мәдени маңызды нысандарды жөндеу мен қалпына келтіру. Өкінішке орай, нысандар құрылысы аталмыш бағдарламаға кірмейді. Сондықтан Сіздер сұраған мәселені шешу үшін оқу орнының басшылығына немесе жергілікті әкімдікке хабарласуларыңыз қажет.

Гүлнұр Кеңесбекқызы

Мен Жамбыл облысы Луговое ауданына жұмыс істеуге барсам, маған ауыл бағдарламасы бойынша жұмыс және баспанамен қамтамасыз ете ме?

Жауап: Құрметті Гүлнұр! Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет халықты жұмыспен қамту саласында азаматтарды жұмыссыздықтан қорғауға, уәкілетті органдардың делдалдығымен жұмыс таңдауға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге кепілдік береді.

Бұл ретте, мемлекеттік қызмет көрсетудің мұндай түрлері жергілікті деңгейде көрсетіледі және оған мыналар қосылады:

1) жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу;

2) кәсіби даярлау, қайта даярлау, біліктілікті жоғарылату;

3) ақысы төленетін жұмыстарды ұйымдастыру және еңбекақы төлеу;

4) аз қамтамасыз етілген азаматтар қатарындағы жұмыссыздарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету.

Осыған орай, сізге жергілікті жеріңіз бойынша жұмыспен қамту мәселесі жөніндегі уәкілетті органға жолығу қажет, онда Сізге жоғарыда көрсетілген қызметтер көрсетіледі.

Бұған қоса, Сіз алдын ала түйіндемеңізді жасап, жұмыс берушіге тікелей жолығып, жұмыс қарастыруыңызға немесе жеке жұмыспен қамту агенттерінің қызметін қолдануыңызға болады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің www.enbek.kz («Бос орындар» және «Түйіндеме» бөлімдері) сайтында бос жұмыс орындарымен таныса аласыз және әлеуетті жұмыс берушілер келешекте қарау үшін түйіндемеңізді жібере аласыз.

Бұған қоса, ауыл шаруашылығы министрлігімен әзірленген «Дипломмен ауылға» атты бағдарламасы құрылған. Онда ауылдағы жас мамандарға әлеуметтік бағдарламалар қарастырылған. Толық ақпаратты жоғарыда көрсетілген сайтынан біле аласыз.

Сонымен бірге, тұрғын-үй мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарына хабарласуыңыз қажет деп есептейміз.

Еңбек құқығы және еңбек қатынастары туралы

Есекенова Гаухар Сағидоллақызы

Сұрақ: Сәлеметсіз бе, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Мен 2008 жылы Ақтөбе қаласының Қ.Жұбанов атындағы университетінің тарих факультетін үздік дипломға бітірдім. Мамандығым мұғалім. Бірақ осы кезге дейін жұмысқа орналаса алмай жүрмін. Мұсылман болғандықтан орамал тартамын. Сізге сұрағым, неліктен тек орамал тартқаным үшін мектепке мұғалім болып орналаса алмаймын? Және өтінішім жоғары білімді, сауатты, бірақ хиджаб киген қыз-келіншектердің мамандығы бойынша еңбек етуге конституциялық құқығы қорғалса екен.

Жауап: Еңбек шартын жасасуға қойылатын шектеулер тек Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде нақты қарастырылған олар:

Еңбек шартын:

1) медициналық қорытынды негізінде адамның денсаулық жағдайы бойынша қайшы келетін жұмысты орындауға;

2) ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін қызметкердің толық материалдық жауапкершілігі көзделетін лауазымдар мен жұмыстарға, он сегіз жасқа толмаған азаматтармен;

3) соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес белгілі бір лауазымға тұру немесе белгілі бір қызметпен шұғылдану құқығынан айырылған азаматтармен;

4) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсатын алғанға дейін немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе алып тастауларды сақтамай, Қазақстан Республикасы аумағында уақытша тұратын шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен жасасуға жол берілмейді.

Осыған орай Сіздің құқығыңызды жұмыс беруші шектеген жағдайда жергілікті мемлекеттік еңбек инспекциясына шағым жасауға болады.

Әлеуметтік саланың өзге де сауалдары

Базарбаев

Сұрақ: «Ардагерлер туралы» заң қабылданса екен. Осы заң жобасы Мәжіліске тапсырылған сияқты. Сол заңға байланысты ойым бар. Енді ардагерлер мен қатар шығармашылық адамдарға да мемлекттік қамқорлық жасаса екен. Атап айтқанда журналисттер де қамқорлыққа алынып, енбек ардагерлерімен қатар марапатталып жүрсе деген ойым бар.

Жауап: Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заң жобасы бойынша жұмыс тобы жұмыс атқарып жатыр.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашы болған «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істеуде.

Заң жобасы ардагер мәртебесі мен санаттарын белгілейді, оларға әлеуметтік кепілдіктер берудің ұйымдық, экономикалық және құқықтық негіздерін айқындайды. Бұл ретте, заң жобасында ардагерлердің басқа санаттарының қатарынан «Еңбек ардагері» деген дербес санат айқындалған, оларға: орден немесе медальдармен марапатталған, не КСРО, Қазақ КСР-інің немесе Қазақстан Республикасының құрметті атақтары берілген, не еңбекте ведомстволық айрықша белгілермен марапатталған және қарттығы бойынша немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындауға қажетті еңбек стажы бар адамдар; еңбек өтілі ер кісілер үшін 40 жылды және әйелдер үшін 35 жылды құрайтын наградалары жоқ адамдар жатқызылатын болады.

Кәмила Аманова

Сұрақ: Аналарды 45-50 жасында зейнетке шығарса, ал жас баламен отырған жас аналарға айына 15 000 теңгеден төлеп отырса қалай болар екен?

Жауап: Құрметті Кәмила! Бүгінгі күні Ана мен баланы әлеуметтік қорғау және аз қамсыздандырылған балалы отбасыларды қолдау мақсатында “Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы Заңы шеңберінде:

– баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы – 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) (38 880 теңге);

– бала бір жасқа толғанға дейін берілетін бала күтімі жөніндегі жәрдемақы:

– бірінші балаға – 5 АЕК (6 480 теңге);

– екінші балаға – 5,5 АЕК (7 128 теңге);

– үшінші балаға – 6 АЕК (7 776 теңге);

– төртінші және одан да кейінгі балаға – 6,5 АЕК (8 424 теңге);

– айлық табысы жан басына шаққанда орта есеппен азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасыларға берілетін он сегіз жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы – 1 АЕК түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Көп балалы аналардың беделі мен абыройын көтеру, олардың бала тәрбиесі, отбасын нығайту және демографиялық ахуалды жақсартудағы рөлінің маңыздылығын мойындау, бала тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдау мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы әзірленді, қазіргі уақытта ол Парламентпен мақұлданып Президент әкімшілігіне жолданды.

Заң жобасында 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша бірқатар шаралар қарастырылуда, соның ішінде:

- төртінші және одан кейінгі бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 30-дан 50 АЕК-ке дейін (70 650 тенге);

- бала бір жасқа толғанға дейін берілетін бала күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақыны:

- бірінші балаға – 5,0-ден 5,5 АЕК-ке дейін (7 773 тенге);

- екінші балаға – 5,5-тен 6,5 АЕК-ке дейін (9 185 тенге);

- үшінші балаға – 6,0-дан 7,5 АЕК-ке дейін (10 598 тенге);

- төртінші және одан кейінгі балаларға – 6,5-тен 8,5 АЕК-ке дейін (12 011 тенге) көбейту көзделген.

Заң жобасын қабылдануы ана мен баланы әлеуметтік қолдау жүйесін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік береді.

Баян Бәйгітова

Сұрақ: Менің қызым колледжде оқиды. Әкесі қайтыс болған. Ал өзім мүгедекпін. Жеңілдік бола ма?

Жауап: «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы Заңына сәйкес асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға, асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған мүшелерiнiң құқығы бар.

«Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет есебінен, оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде мүгедектерді кресло-арбалармен, санаторийлік-курорттық емдеумен және техникалық көмекші құралдарымен, соның ішінде протездік-ортопедиялық, сурдо-тифлотехникалық құралдарымен және міндетті гигиеналық құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, аталған Заңға сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің қызметтері және есту бойынша мүгедектерге ымдау тілі мамандарының қызметтері мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде көрсетіледі.

Бұдан басқа ана мен баланы әлеуметтік қорғау және аз қамсыздандырылған отбасыларды қолдау мақсатында 2005 жылғы 28 маусымда “Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, бұл заң баланың туылуына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейін берілетін бала күтімі жөніндегі жәрдемақы, айлық табысы жан басына шаққанда орта есеппен азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасыларға берілетін он сегіз жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақылар түрінде әлеуметтік қолдау көрсетуді реттейді.

Сонымен қатар, аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында мемлекет тарапынан:

– атаулы әлеуметтік көмек – жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтамасыз етілген отбасыларына төленеді («Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылдың 17 шілдесіндегі ҚРЗ);

– тұрғын үй көмегі – аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын жайды ұстауға (жеке тұрғын үйді ұстаудан басқа) және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсету көзделген. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібін жергілікті өкілдік органдар белгілейді («Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі ҚРЗ).

Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдар бюджет мүмкіндігін ескере отырып, азаматтардың жекелеген санаттарына қосымша материалдық көмек көрсетуге құқылы.

Аз қамтамасыз етілген азаматтарды қосымша әлеуметтік қолдау мақсатында жергілікті бюджеттерден:

- азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне байланысты өтемақы төлемдері жүргізіледі;

- аз қамтамасыз етілген отбасыларды арзандатылған азық-түлік өнімдерімен және дәрі-дәрмекпен қамтамсыз ету үшін әлеуметтік дүкендер, сауда орындары, әлеуметтік дәріханалар қызмет көрсетеді.

Аталған әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындату үшін жергілікті жеріңіздегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласу қажет.

Нүргүл Жұмақанова

Сұрақ: Неге мүгедектерге курорт демалысын бермейді? Шешем жүрек ауруымен аурады, оған курортқа квота беріле ме?

Жауап: «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен санаторлық-курорттық емдеумен мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде мүгедектер қамтамасыз етіледі.

Санаторлық-курорттық жолдамамен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жатады.

Сол орайда, Сіз санаторлық-курорттық емдеуге жолдама алу мәселесі жөнінде тұрғылықты жеріңіз бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолығуыңыз қажет.

Роза Қымбарова

Сұрақ: Қазалы психикалық аурулар интернатының жұмысы ауыр, сондықтан бізге қосымша мамандар қажет.

Жауап: Құрметті Роза! Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін психоневрологиялық ауруы бар адамдарға арналған Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандарты әзірленді.

Жоғарыда аталған стандарт шеңберінде психоневрологиялық ауруы бар адамдарға арналған стационарлық үлгідегі ұйымдардағы штаттық персонал санын көбейту көзделген.

Соның ішінде әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман, күтім көрсету бойынша әлеуметтік қызметкер, психотерапевт, психолог, дефектолог мұғалімі, еңбек нұсқаушысы және т.б. мамандар қарастырылған.

Еңбекақы мәселесі туралы

Данияр Есенқұлов

Сұрақ: 1 қаңтардан бастап бюджеттік мекеме қызметкерлеріне айлықты 25%-ға көбейтеді деп еді. Оны алты айға кешігіп береді дейді. Рас па?

Жауап: Алдағы кезеңде Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын артыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» Жолдауына сәйкес бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 2010 жылы 25% көбейту көзделген.

Бүгінгі таңда бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру мерзімін 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қарастыру шеңберінде ҚР Парламенті Сенатының депутаттары талқылауда.

Бұдан басқа аталған мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы басшыларымен жұмыс тәртібінде кездесуі өтті. Бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру мерзімі бойынша ұсыныс әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанында құрамына орталық мемлекеттік органдар мен Кәсіподақтар федерациясының басшылары кірген жұмыс тобы құрылды.

Елдегі экономикалық жағдайды ескере отырып, дағдарыс жағдайында халық алдында әлеуметтік міндеттемелерін қысқартып жатқан көптеген мемлекеттер аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында бюджет шығыстарының жартысынан көбін әлеуметтік салаға бағыттап отырғанын түсіне отырып, жұмыс тобының мүшелері бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын:

1) келесі жылдың басында экономиканың дамуы оңтайлы өзгерген жағдайда және бюджеттің тиісті мүмкіндіктеріне байланысты 2010 жылдың 1 қаңтарынан 25 пайызға;

2) қаржы жылдың алғашқы айларында бюджет кірісі түсімдеріндегі қиындықтарды және бюджет саласы қызметкерлерінің еңбек демалысына шығуда әлеуметтік төлемдерді жаңа мөлшерде алуы мүмкіндігін ескере отырып, 2010 жылдың 1 сәуірінен 25 пайызға арттырудың мүмкін мерзімдерін ұсынды.

Жұмыс тобының ұсыныстары Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданды және жақын арада қарастырылатын болады.

5168 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы