• Тұлға
  • 03 Желтоқсан, 2009

Басты мақсат – еуразиялық қауіпсіздікті нығайтуға жұмылдыру

Болат Қылышбайұлы Сұлтанов, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Қылышбайұлы, қай нәрсе болмасын негізделу мен қалыптасу деңгейлерінен өтеді. Онда да ол құбылыстың кешегісі мен бүгіні назардан тыс қалмақ емес. «Бұл қалай болып еді?» деген сауалдың маңыздылығы да сондықтан жоғары. Осы орайда, сұхбатымызды Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы қарым қатынастың орнауы мен өзара әріптестіктің даму эволюциясы тұрғысынан бастаған жөн тәрізді.

– Қазақстан мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы арасындағы қарым-қатынастар 1992 жылдың қаңтарынан, яғни, сол мерзімдегі Қазақстанның ұйымға мүшелікке өткен кезінен бастау алады. Міне, содан бері, Қазақстан ұйымның белсенді мүшесі бола отырып, 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісінде көрсетілген ұстанымдарды іс жүзінде кеңінен қолдануға және дамытуға, сондай-ақ жалпыеуропалық үрдістерге кеңінен араласуға талпыныс жасауда.

Бір айта кететін жайт, Қазақстан мен ЕҚЫҰ қатынастарының алғашқы даму барысы өтпелі кезеңде нарықтық экономикаға көшу, аймақтық қауіпсіздікті нығайту және ашық азаматтық қоғамды дамыту сияқты қажетті реформаларды жүргізуге ықпал ететін, ақпараттық-тәжірибелік алмасуларға негізделді. Қазақстан Республикасы мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі тереңдеуіне тағы да біршама маңызды құжаттардың қабылдануы ықпал етті. Мәселен, олардың бастыларының қатарына Қазақстан Үкіметі мен ЕҚЫҰ арасындағы өзара түсіністік меморандумын, 1999 жылдың қаңтарында Алматыда ЕҚЫҰ Орталығын ашу жөніндегі келісімдерді жатқызуға болады. Бұдан бөлек, алғашқы келіссөздерден кейінгі ширек уақыттан соң, дәлірегі, 2003 жылдың ақпанынан ДИАҚБ /ЕҚЫҰ пен өзара түсіністік меморандумына сай Қазақстанда Адам құқықтары бойынша өкілеттілік институтын жетілдіру, сайлау заңнамасы мен сот жүйесін реформалау жөнінде жобалар іс жүзіне асырыла бастады. Яки, ресми тарих тұрғысынан, Қазақстан мен ЕҚЫҰ қатынастарының жаңа кезеңі сол жылдан бастап жаңа белеске шықты десек те болады. Себебі, дәл осы шақтан бастап Қазақстанның ЕҚЫҰ-да 2009 жылы төрағалық ету жөніндегі бастамашыл идеясы күн тәртібіне көтерілді. Одан кейінгі төрт жылдай мерзім ішінде Қазақстан өз ұсынысын біртіндеп іс жүзіне асырумен болды. Былайша айтқанда, ішкі саяси бағдарымыздың арнасында сең жүріп, саяси жаңару мен азаматтық қоғамды нығайтуға қатысты белсенді үрдістер басталды. Егер бұл оқиғаларды жылдардың тіліне салып сөйлесек, 2004 жылдан бастап, Қазақстан ЕҚЫҰ реформалау мәселелері бойынша мүше елдер тобына қосылды. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы өкілдерінің жұмыс тобына қатысуы, елдің имиджін нығайтуда үлкен үлес қосты. Ал бұл өз кезегінде ЕҚЫҰ тиімділігін арттыруда маңызды шешімдер қабылдау барысында оған пікір айтуға, ұсыныс беруге мол мүмкіндіктер береді. Ал 2005 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Люблян қаласында ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің саммитіне қатысып, сөз сөйлеп, мәжіліс барысында Ұйымды реформалауға қатысты Қазақстанның ұсыныстары мен президенттік сайлаудың қорытындысымен таныстырып және 2009 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық ету идеясын нақтылай түсіндірді.

Жалпы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихында тұңғыш рет посткеңестік республика, яғни, Қазақстан Республикасы 2010 жылы төрағалық етуге дайындалуда. Мұндай шешім 2007 жылдың 30 қарашасында Испанияның астанасы Мадрид қаласында ЕҚЫҰ-ның сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында қабылданған еді. Қазақстан кандидатурасын Ұйымға мүше 56 елдің өкілдері бірауыздан қолдап, сенім білдірді.

– Бір емес, екі емес, ондаған елдерге көшбасшылық ету деген, ең алдымен, жауапкершілікті қабылдау һәм жаңа сапалық биіктерге көтерілу болса керек. Ендеше, ЕҚЫҰ-дағы төрағалықтың бізге жүктейтін міндеттемелері мен алдағы уақыттағы перспективалары қандай?

– Қазақстан Республикасының алдында бірінші кезекте ЕҚЫҰ-ның белсенділігін арттыру, осы халықаралық қауымдастықтың күн тәртібіне «қандай да бір маңызды мәселелерді енгізу, жалпыеуропалық кеңістіктің қандай мәселелері ЕҚЫҰ мүше-мемлекеттерінің ұжымдық шешімін қажет етуде?» деген сынды үлкен маңызды мәселелер шоғырын шешу міндеті тұр. Қазақстанға қалай да өз ұстанымдарын басқа мемлекеттерге күштеп таңбай, керісінше, ЕҚЫҰ қызметінің мазмұнын арттырып, ұйымды Еуропа халқын шын мәнінде мазалап отырған мәселелерге бұрып, нақты шешімдер қабылдауы қажет. Сонда ғана барып барлық қатысушы-мемлекеттер өздерін ынтымақтастық пен конструктивті сұхбаттағы ұйымның бір мүшесі ретінде сезініп, әріптестік рухы күшейеді. Сондай-ақ, болашақта ЕҚЫҰ аясында Қазақстан жоспарлаған форумдар аталған халықаралық ұйымның ХХІ ғасырдың қауіп-қатерлеріне шынайы жауап қайтаратындай дайындық көрсетуі тиіс. Бүгінгі таңның өзінде осы бағытта республикалық министрліктер мен ведомстволардың қатысуымен «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық етуіне орай арнайы жұмыс тобы қарқынды еңбек етуде. Құдайға шүкір, ол еңбектері жеміссіз де емес. Әрине, еліміздің төрағалық барысындағы арнайы жұмыс жоспары 2010 жылдың қаңтарында жарияланбақшы. Сол кезде де жаңа міндеттемелер шығуы ықтимал. Мұны да жоққа шығаруға болмайды.

1. – Саясат ғылымында «бүкіл құрылымның басқарушы күшке бейімделу үдерісі» деген ұғым бар. Бұл біздің түсінігімізде «көш бастаушы көшбасшының дағды-әдеті мен мінез-құлқына көш қызметіндегі қосшылар мен көмекшілердің бейімделуі» дегенге саяды. Қазір шетел сарапшылары тарапына көп айтылып жатқан ЕҚЫҰ-ның Қазақстан мүддесі тұрғысынан қайта құрылуы мәселесі турасында не дей аласыз? – Сөзіңіздің жаны бар. ЕҚЫҰ, басқа да көптеген аймақтық және халықаралық ұйымдар сияқты, өзінің даму үрдісін жалғастыруда. Бұл қалыпты жағдай. Десе де, бүгінгі әлем өте тұрақсыз деп бағалауға келетіндей. Тіпті, халықаралық қатынастардың парадигмасы күн санап өзгеру үстінде десек те болады. Әлем белгілі саясаттанушы Збигнев Бжезинский жариялаған биполярлық қалпынан кетті, бұрынғыдай бірполярлықта емес, ол біздің көз алдымызда көпполярлықтан полицентристік болып өзгеруде. Мұндай жағдайда «ғаламдық, аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуге болады?» деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Үшеуінің де бір-бірімен байланысты екендігі және оның келісім арқылы, ұлттық мемлекеттердің ерік-жігерінің нәтижесінде болатындығы түсінікті, ал бұл жерде сұхбат алаңына тек түрлі деңгейдегі ресми ұйымдардың ғана шыға алатындығы мәлім. Жалпы, кез-келген мәселе екі жақты ғана шешілмеуі керек, өйткені, бүгінгі әлемде мүдделі екі тарап қана болмайды, олардың саны әркезде бірнешеу, ол Грузия мен Оңтүстік Осетия болсын, АҚШ-тың Польша мен Чехияға қауіпсіздік құралдарын орнатуы болсын, Украина мен Грузияның НАТО-ға өтуге талпынысы болсын, аталған мәселелердің біреуін елемей кету– тағы бір жанжалдың пайда болуына жол берумен тең. Олай болса, былтырғы тамыз айындағы Кавказдағы жағдай көрсеткендей, қақтығыс орын алған жағдайда, міндетті түрде біріншіден, шұғыл, екіншіден, көпжақты және тиімді әрекет қажет. Ал қақтығыс жағдайында БҰҰ, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ және т.б. субектілер сұхбат алаңындағы төрешіге айналуы тиіс. Тек сонда ғана әлем тұрақтанады, ал ұйымдар өз әлеуетімен сұранысқа ие болады. Біздің міндетіміз осы шараға ат салысудан көрінеді десем артық айтқандық емес. – Біз қалай десек те ЕҚЫҰ-да белгілі бір стратегияны басшылыққа алуымыз керек. Еліміздің аталған ұйымдағы төрағалығының негізгі басымдықтары не?

– Әрбір ел өзінің төрағалығы барысында ұйымда қалыптасқан тәжірибеге сүйенеді және өзіндік ерекшеліктерінде қосады. Осы тұрғыдан келгенде, жағдай, көбінесе 2009 жылы әлемдік аренада қалыптасқан жағдайға байланысты болмақ. Яғни, бүгінгі таңдағы АҚШ-тың сыртқысаяси бағыты, әлемдік экономикалық дағдарыспен күрестің нәтижесі, жалпы энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері мен қақтығыс алаңдарындағы жағдай тікелей әсер етпек. Меніңше, Қазақстанның төрағалық ету барысындағы басты мақсаты, бұл – ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің назарын еуразиялық қауіпсіздікті нығайтуға шақыру. Яғни, Орталық Азия аймағының энергетикалық қауіпсіздігі, өту және тасымалдау жолдарын дамыту, гуманитарлық саладағы ынтымақтастық, аймақтағы интеграциялық жобаларды қолдау сияқты мәселелердің іс жүзіне асуына қосымша түрткі болмақ.

– Қазақстан ЕҚЫҰ-ға өзінің ұлтаралық келісім үлгісін ұсынуды жоспарлап отыр. Біздің бұл саладағы тәжірибеміз Еуропа елдерін не себепті қызықтырады деп ойлайсыз? – Мәселе тек Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық ету талпынысында ғана емес, сонымен қатар ЕҚЫҰ да өз кезегінде Қазақстанның осындай маңызды халықаралық ұйымның төрағасы болуын қалап отыр. Біз үшін өзара ынтымақтастық деңгейі маңызды болып отырған Еуропалық одақтың негізін қалаушы Батыс Еуропа елдері (ал Шығыс Еуропа мемлекеттері көбінесе Ресейге қарсы Америка Құрама Штаттары ұйымдастырып отырған саяси құрылымдарды қолдауға бейім болып отыр) қазіргі таңда халықтардың жаһандық қоныс аудару үрдісінен қиындықтар көріп отырғандығы құпия емес. Мысалы, 60-шы жылдардағы Еуропа елдерінің ұлттық құрамын бүгінгі күнмен салыстыратын болсақ өте үлкен айырмашылықты байқаймыз. Бүкіл Батыс Еуропа мемлекеттеріндегі бала туу көрсеткішінің төмендеу үрдісі жағдайында бұл елдер арасындағы жағымды өсім көрсеткіші бар жалғыз мемлекет Франция болғанымен де, тұрғылықты француздар бұл өсімге көңілдері толмайды, өйткені, бұл көрсеткіш Солтүстік Африка мен Азия мемлекеттерінен қоныс аударушылар есебінен көтеріліп отыр. Бүгінгі таңда Еуропа елдері ұлтаралық қатынастар мен бір аумақта христиан діні мен исламды уағыздаушыларының қатар қоныстануынан туындайтын қиындықтарға душар болуда. Өкінішке орай, Еуропа мемлекеттері бұндай қиындықтарға дайын болмай шықты. Ал қазіргі таңда біз бұл қиындықтарды бірден шешуге жасалынған талпынысты байқап отырмыз. Еуропаның тұрғындарының көп бөлігі сырттан келушілерге қатысты теріс пікір қалыптастырған. Бұл көзқарастың көрінісі ретінде ұлттық-радикалды ұйымдардың жандануы немесе мысалы, жұмыссыздық деңгейі жоғары және әлеуметтік мәселелердің шешілуі кейінге қалдырылып отырған Шығыс Германияда ұлттық-демократиялық партия жұмысының жандануын алуға болады.

Сондықтан да, өз мемлекеттері ішінде бұл мәселеге жауап таба алмаған еуропалықтар Қазақстан секілді бұрынғы Кеңес Одағының көпұлтты республикаларына назар аудара бастады.

– Сіз, Еуропа үшін Қазақстанның ұлтаралық қатынастарды реттеудің теориялық және нақты тәжірибесі қызығушылық туғызатындығын айттыңыз...

– Қазақстанда әмбебеп ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған. Бізден басқа ТМД кеңістігі, Еуропа немесе Азия құрлығында бұндай әртүрлі ұлттар мен сан-қилы діни ұстанымдарды бір шатыр астына біріктіруге негізделген ұйым құрылған жоқ. Бұл өте бірегей мысал бола алады.

Айтқандай-ақ, Еуропаның кейбір елдерінде, мысалы, Австрияның кейбір аймақтарында мешіт салуға тиым салынған. Ал Қазақстанда мешіт, православия және католик шіркеуі, синагога және басқа да мінәжат ету ғимараттары бар. Жалпы, біздің елімізде діннің мемлекеттен жеке болуына негізделген зайырлы мемлекет үлгісі қалыптасқан. Егер Орталық Азия елдеріндегі осы үрдістің дамуына көз салар болсақ, біздегі жағдайдың қаншалықты үйлесімді дамып отырғандығын байқар едіңіз

Менің байқауымша, Қазақстан мен ЕҚЫҰ туралы сөз қозғаған біздің кейбір оппоненттеріміздің географиялық танымы төмен. ЕҚЫҰ құрамындағы тек екі ел – Ресей мен Қазақстан ғана еуразиялық мемлекеттер болып табылады. Сондықтан да, «тұрақсыздық иінінің» азиялық қатерлерінен Еуропаны Қазақстан аумағы қалқалап тұрғандығын есепке алған жөн. ЕҚЫҰ төрағалығының Қазақстанға берілуі геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам. Яғни, Еуропа тыныш өмір сүргісі келсе және бұл тараптан ланкестер, экстремистер, заңсыз қару тасымалдаушылар мен қоныс аударушылар басып қалмауы үшін оған ЕҚЫҰ аясында Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнату қажет.

– Қазақстанның бұрынғы Кеңестік кеңістіктің жас мемлекеті болуынан басқа оның ЕҚЫҰ төрағалық етуінің қандай айрықшалығын атай аласыз?

– Біздің ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіміз Еуропа мемлектеттері үшін теориялық және тәжірибелік жағынан үлкен қызығушылық туғызып отыр. Біріншіден, Қазақстан көпұлтты және көпдінді мемлекет. Сонымен қатар, ол еуразиялық мемлекет, өйткені, Батыс Қазақстанның біршама бөлігі Еділ мен Жайық өзендері арасында орналасқан, ал Еуропаның шекарасы болса Орал тауы мен Жайық өзеніне дейінгі аймақты қамтиды. Қазақстанның бұл аталынған аумағы көлемі жағынан Чехия мен Словакия жерлерін қосып есептегеннен де артық! Қазақстан тек географиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар, ұлттық және діни ұстанымдары жағынан да еуразиялық мемлекет болып табылады. Мінекей, сондықтан да, Еуропаны Қазақстанның өркениет, дін және этностар арасындағы мәселелерді қалай шешіп отырғандығы қызықтырады.

Біз ұлтаралық қатынастарға қатысты алғашқы конференцияларымыздың бірін 1993 жылы өткіздік. Сол жолы Германиядан келген сарапшылар Қазақстанды бұрынғы кеңестік республикалар арасындағы ең осал мемлекет ретінде қарастырып, ол Югославияның тағдырын қайталауы мүмкін екендігін айтқан болатын. Бірақ, біз сол 16 жыл бұрын айтылған қауіп-қатерден аман-есен өткенімізді бүгінгі тұрақтылығымызбен дәлелдейміз. Сонымен қатар, егер картаға назар салатын болсақ, «тұрақсыздық иіні» деп аталатын мемлекеттерге – Ауғанстан, Пәкістан, Кавказ және одан ары Балқан түбегі аймағы жатады, яғни, осыдан көріп отырғанымыздай Қазақстан Ресей мен Еуропалық одақтың (Еуропалық одақтың шығысқа жылжыған жағдайында) дәстүрлі және жаңа қауіп-қатерлер алдындағы қорғаны болып тұр.

– «Тойдың болғанын боладысы қызық». Атам қазақ мұны баяғыда-ақ айтқан. Олай болса, орыс ағайындар айтпақшы, бес минутсыз төраға ретінде, қазірден «қыстың қамын жаз ойла» дегендей-ақ, еліміз қандай шараларға кірісуі керек деп ойлайсыз?

– Біз іс жүзіде Ұйымның Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігін құрып, оны ЕҚЫҰ-ның құрылуының негізгі мақсаты – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық орнату мәселесіне сәйкес Азиядағы қауіп-қатерлерге қарсы пайдалануымыз керек. Яғни, бірінші орында қауіпсіздік, тек сосын ғана ынтымақтастық орнауы қажет. Біз қазірден аймақтағы қауіпсіздік ахуалының алғышарттарын жасай беруіміз керек. Сондықтан да, кеңестік, түркілік және исламдық әлемге жататын мемлекет ретінде ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіміз жаһандық қауіпсіздік кепілдемесіне айнала алуымыздан көрінбек.

Бұл шара өте құрметтілігімен қатар, жаңа айтып өткеніміздей, өте жауапты міндет те. Керек десеңіз, Қазақстан өз мойнына Орталық Азия мемлекеттеріндегі демократияны дамыту мен Еуропаны қорғау міндетін қоса алып отыр. Бұл жерде негізге алатын мәселе Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі – бұл өзара тиімді үрдіс екендігі. Егер «Өз басындағы отты көрмей, өзгенің басындағы шоқты көріпті» деген қағида негізінде әрекет етер болса, 2010 жылдан кейінгі кезеңде сындарлы пікірталастың болуы екіталай. Ал егер ынтымақтастықпен жұмыс жасар болсақ, онда, болашақтағы өзара әрекеттестікке қажетті тұғыр дайындаған болып шығамыз.

Сұхбаттасқан Абылайхан Қалназар

5427 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы