• Тіл
  • 10 Желтоқсан, 2009

Қорқытты қорлағаны ма?

Жуырда Алматы қаласына жолым түскен еді. Жастық шақта талай сайрандаған жерлер ғой. Оның әрбір бұтасы көзге оттай басылатыны заңдылық. Соншама жылдардан бері қандай жағымды жаңалықтар болды екен деп күткен едік. Бірден көңіліміз құлазып сала берді. Күнделікті мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп жүрміз. «Қазақстан темір жолы» оны құлағына да қыстырмапты. Пойыздың жүру маршруты тек орыс тілінде жазылыпты. Ол аздай еліміздің қыруар елді мекендерінің аттары сол бұрынғы ерсі күйінде қалыпты. Біразы одан да бетер бұрмаланыпты. Ұлтымыздың ұлтжанды зиялылары атаудың орысшаның өзін «Алма-Ата» — «Алматы», «Джамбул» — «Жамбыл», «Актюбинск» — «Актобе» деген секілді сөздерді қалпына келтіру үшін аянбай кескілескені, тіпті соттасқаны осының дәлелі. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты — ономастикалық атауларды орыс тілінде жазғанда оларды түп нұсқаға мейілінше жақындату, ана тілімізге тән емес, бір кезде модаға айналған «Ч», «Дж», «Я» секілді әріптерді орынсыз тыққылаудан арылу еді. Қалың бұқара елді мекен атауларындағы бұрмаланған сөздер осы ретпен түгелдей өзгертілуін қалар едік. Жалпы бұл құжатты яғни аталмыш пойыздың жүру маршрутын құрастырған адам өз ісіне үлкен білімділік пен жауапкершілік танытпаған. «Джалагаш», «Казалинск», «Саксаульская», «Яны-Курган» атаулары соны дәлелдеп тұрғандай. «Терень-Узяк» деп тілімізді бұраламай-ақ, орысшасының өзін Озек немесе Узек десек не болар еді? Ештемеде. «Чиили» – дегені «Шилі» ме, «Шиелі» ме айыра алмадық, оларды да орысша «Шили» немесе «Шиели» десек құлаққа әлде қайда жатық емес пе?. Төбені орысша –«тобе» деп алу «Актобе» сөзі арқылы белгілі болған-ды. Осыған орайластырып, «Сас-Тобе» деп дұрыс жазыпты. Сөйте тұра, «Соло-Тюбе» дегенін түсінсек бұйырмасын. Мұнысы қазақша «Сұлутөбе» шығар деп топшыладық. Төбені орысша тобе деуге келіссек, төрені — «торе» деуге болатын шығар. Сонда «Тюратам» деп тұрғанымыз қарапайым «Торетам» болып шықпай ма. Бұл секілді келеңсіздіктер жыртылып айырылады екен. Ақтөбе облысындағы бир станцияның орысшасы «Темир» деп жазылса, оңтүстіктегі сол аттас мекен «Тимур» қалпында қалыпты. «Манғышлақ» сөзінің қазақша қолданылуы да талас туғызады. Ол Маңғыстау емес пе еді?

Бәрінен бұрын бүкіл түрік әлеміне белгілі Қорқыт Атаның есімінің бұрмалағаны жанымызға қатты батты. «ХОР-ХУТ» депті оны. Бұл қорлаған емей немене?! Қорқыт сөзінің орысша қалыптасқанына да біраз уақыт өтті, тіпті интернет жүйесінде де орысша «Коркыт», ағылшынша «Korkyt» болып бекіпті. Бұл екеуінің дыбысталуы бірдей.

Өкпемізді вагонды басқарып келе жатқан Аманов Ринат, Гринева Светлана деген азаматтарға айтқанымызда, олар ештеңе білмейтіндерін, бұл атаулар Астанада даярланатынын айтты. Кім, қайда жазса да, темір жол саласында әлі сең бұзылмаған екен деген ойда қалдық. Елді мекен атауларының орыс тілінде өрескел бұрмалануы негізінен қазақтар орналасқан Қызылорда облысында орын алып отырғанына да қынжылдық. Бұл секілді ұлттық маңызы бар ортақ істі жұмылып атқаруда жергілікті басқару органдарының тыс қалмағаны жөн.

Сабыр Ғабдолкәрімұлы

2854 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы