• Тіл
  • 10 Желтоқсан, 2009

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Биыл «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына 20 жыл толды. Тарихтың салқар көшімен салыстырғанда бұл көп те уақыт емес, бірақ тәуелсіз елімізде болған ұлан-асыр ұлы өзгерістер тұрғысынан қарағанда бұл жылдар салмағының ондаған есе арта түсетіні де белгілі. Осы жылдар аралығында қабылданған Ата Заңдарымызға «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі» деп екі мәрте жазылды. Екі мәрте «Тіл туралы» Заң қабылданды. Үш мәрте «Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары» әзірленіп, жүзеге асырылуда. Үкімет шығарған қаулы-қарарлар мен жергілікті атқарушы органдар қабылдаған нормативтік-құқтық актілердің саны екі қолымыздың саусақтарының санынан асып жығылады. Елбасының тілге қатысты келелі ойларын жинақтасақ, бір кітапқа жүк болатын көлемге жетті. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасында біртұтас мемлекеттік тіл саясатын жүргізудің стратегиясы толық қалыптасты. Ал енді осы стратегиялық бағыттың жүзеге асу қарқыны қандай?! Бұл орайдағы пікір әрқилы. Біз соны Алматы қаласының мысалында әңгіме етіп көрейік.

Толық мүмкіндік жасалған

Әрине, еліміздің жетпіс жылға жуық астанасы болған, бүгінде республиканың ғылыми, біліми, мәдени орталығы болып табылатын Алматы қаласының орыны ерекше екендігі баршаға аян. Өйткені қазақы мәдениет пен тіл рухын ұстаған зиялы қауым өкілдерінің басым көпшілігі осында. Ғылым мен мәдениеттің мәйегі болып табылатын жоғарғы оқу орындары мен іргелі өнер ордалары, қазақ тіліндегі басты-басты деген бұқаралық ақпарат құралдары мен теле-радио арналар да осында қоныстанған. Бұл, әрине, қазақы тілдік ортаны қалыптастыруға оң ықпал ететін факторлар.

Екінші жағынан алғанда, халқының саны жағынан республикадағы ең үлкен қаладағы қазақ тілді ортаның аясы көңіл жұбата қоймайды. Оның үстіне әлемдік қауымдастықтың айқара құшағына күн санап сұғына түскен қаланың жаһандану жалынына алдымен шалынып отырғаны тағы бар. Яғни қала өміріне батпандап сіңіп жатқан әлемдік мәдениет, ақпарат, бизнес, саяси ағымдар, діни конфессиялардың ұлттық тіл мен ділге орасан салмақ түсіріп отыр. Оны аз десеңіз, әрқилы пиғылдағы саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, сандаған ұлттық-мәдени орталықтар да осында шоғырланған. Мұның барлығы Алматы сияқты алып шаһардағы ұлттық тіл мен діл ахуалының аса күрделі екендігін танытса керек. Соған қарамастан барша жұрт Алматыны ұлттық рухтың, тіл саясатының көш басынан көргісі келеді. Ол заңды да. Өйткені елдегі тіл саясатын сауықтыруға ұйытқы болады деп үміт артып отырған зиялы қауым мен саясат серкелерінің басым көпшілігі осы қалада. Қалай десек те, Алматы - еліміздегі қазақы тілдік әлеуеті жоғары бірден-бір қала. Осының барлығы Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдары мен зиялы қауымына бүкіл еліміз үшін аса маңызды жауапкершілік жүктейді. Осыдан жиырма жыл бұрынғымен салыстыра қарасақ, қаладағы мемлекеттік мекемелердің тілдік тыныс-тіршілігіндегі айырмашылықтар жер мен көктей деуге болады.

Оның дәлелі ретінде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңына, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты біраз өркенді шараларды атап айтуға болады.

Алматы қаласы әкімдігінің бекіткен іс-қимыл жоспарына сәйкес ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық, әдістемелік көмек жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Қазір Алматы қаласында тілді оқып-үйренуге, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуге толық мүмкіндік жасалған деуге болады. Мұндай жағдай еліміздің бірде-бір қаласында жасалған жоқ. Мұны Алматы қаласы әкімдігі мен мәслихатының тілге жасап отырған үлкен қамқорлығы деп түсінген жөн. Қазіргі күнде Алматы қаласы әкімі аппаратының, аудан әкімдерінің аппараттарының, қала әкімдігінің басқармаларының және қаладағы барлық мемлекеттік мекемелердің мөрлері мен мөртабандары, бланкілері, істер номенклатурасы, бұйрықтары мен шешімдері, ережелері, қызметкерлердің лауазымдық міндеттері, маңдайша жазулары және ішкі және сыртқы көрнекі ақпараттары, мәжіліс хаттамалары, іс-шара жоспарлары түгел қазақ тілінде ресімделеді.

Мемлекеттік қызметшілердің компьютерлеріне екі тілді электронды сөздік, қазақ шрифтерін ортақ жүйеге түсіретін конвертор, қазақ тілі орфографиясы мен орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасайтын компьютерлік бағдарламалар орнатылып, жыл сайын жаңғыртылып келеді. Сонымен қатар, қала әкімдігінің үш залы мен 6 аудандық мәжіліс залдарында ілеспе аударма қондырғылары орнатылған.

Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарының қызметшілері мен қала жұртшылығына мемлекеттік тілмен қатар ағылшын тілін оқыту жұмыстары да қолға алына бастады.

Осы уақытқа дейін тіл үйрету мәселесі негізінен үйірме деңгейінде жүргізіліп келді. Мәселен, мекемелерге қармағындағы қазақ тілін білмейтін мамандарды оқыту керек деген сүйей салды тапсырма берілетін. Ол мекеме бір мұғалімді жартымсыз пұлға жалдап, алдына бірнеше тыңдаушы-маманды салып беретін. Ол мұғалімнің белгілі еңбек ақысы да, бағдарламасы да, оқулығы да, жабдықталған кабинеті де болмайтын. Әркім өз білгенінше оқытқан болады. Мекеме басшысы пәленше маманды оқытып жатырмын деген ақпар беретін. Бар шаруа сонымен тынатын.

Алматыда осы мәселе ғылыми жүйеге салынып, бір орталықтан атқарылатын болды. Сол үшін республикада алғашқылардың бірі болып «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы құрылып, ол жемісті жұмыс атқаруда.

Мұның барлығы мемлекеттік тілді оқып үйренудің сапасын көтеруге үлкен септігін тигізуде. Бірақ осыншама жағдай жасап оқытып жатқан мамандардың тілді меңгеруге деген ынта-ықыласы ойдағыдай болмай отырғанын да айтқан жөн. Тіл үйренушілердің арасында бір деңгейде бірнеше жыл оқып, әлі тілін сындыра алмай отырғандары да бар. Олар сабаққа жүйелі қатыспайды, тілді үйрене алмауын өзінен емес, өзгеден көреді. Айналып келгенде, оның ең басты себебі қазақ тілін үйренуге деген қажеттіліктің жоқтығынан болса керек. Сонымен қоса, қазақ тілін жеделдетіп оқытудың ғылыми жүйесі мен стандарты, оны үйлестіру мен қадағалау жолдары бірегей қалыпқа түсе қойған жоқ. «Қазтест» жүйесіне біраз үміт артып едік, оның да әлі төбесі көрінбей тұр...

«Қағынан жеріген құландай»

Мемлекеттік қызметке қабылдау және мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау кезінде үміткерлер мен мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін меңгеру деңгейіне назар аударылмағандықтан мемлекеттік қызметтегі қазақ тілін білмейтін жас мамандардың саны күн санап молайып келеді. Біз оларды қайта оқытып әуреміз. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 6 сәуірдегі № 450 қаулысымен бекітілген Тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2001-2002 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 7-тармағында мемлекеттік қызметке кіру кезінде мемлекеттік тілден тест тапсыру белгіленген болатын. Бірақ Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік кезінде бұл тапсырманы орындаудан жалтарып, тест тапсырылатын заңдардың тізіміне «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңды енгізумен тынған. Бұл әрекет маманның мемлекеттік тілді білу деңгейін ешқашан анықтамайды және тілді білуге ынталандырмайды да. Мұны халық Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен мемлекеттік бағдарламаны өрескел бұрмалап, көзбояушылықтың адам таппас айласы деп келемежге айналдырып жүр.

Мемлекеттік қызметке орналасу кезіндегі қазақ тіліндегі тестілеу сұрақтарын адам түсінбейді. Сондықтан үміткерлердің барлығы орыс тіліндегі нұсқасын таңдайды. Тіпті тесті ұйымдастырушылардың өздері үміткерлерге орыс тілінде тест тапсыруға кеңес беретін көрінеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Алматы қаласындағы Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі курстары мен семинарлары да тек орыс тілінде ұйымдастырылады. Бұл тек Алматыда ғана емес барлық облыстарда солай, олар қазақ аудандарынан келген мамандарды, тіпті, Тіл басқармасының қызметкерлерінің де «орысша білімін жетілдіріп» жібереді. Сонда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік қай мемлекетке кадрлар даярлайды? «Қағынан жеріген құландай» жас кадрлардың ертеңгі обалы кімге?

Мемлекеттік тілдегі құжат айналымына келетін болсақ, 2006 жылы

Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарындағы мемлекеттік тілде іс жүргізудің орташа деңгейі 36,4 % болатын. Ал 2007-2008 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, іс жүргізуді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіру мәселесі біршама алға басты деуге болады. 2007 жылы Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарындағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының орташа көрсеткіші 55,8% болды. 2008 жылдың қорытындысы бойынша 60%-ға жетті. Ал осы жылдың І жарты жылдығында бұл көрсеткіш – 66%- пайызға жетіп отыр. Ал 2009 жылдың екінші жарты жылдығы бойынша мемлекеттік тілдегі іс қағаздарының үлес салмағы 66 пайыз болды.

Салыстыра қарасақ, мұны үдемелі түрде алға жылжушылық деп қабылдауға әбден болады. Өйткені, осыдан жиырма жылғыны айтпағанда, күні кешеге дейін құжаттар негізінен орыс тілінде жазылып келген. Мәселен, 2004 жылдары Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарында іс жүргізуде мемлекеттік тілдің үлес салмағы бар жоғы 2,4-ақ пайыз болған. «Бұл құжаттардың мемлекеттік тілдегі нұсқасы қайда?» деген сауал қойылмаған. Елбасы бекіткен мемлекеттік органдарда іс жүргізуді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіру жөніндегі Жарлығына сәйкес енді сол сауал қойыла бастады. Бірақ бұл салада қиыншылықтар жоқ емес. Ең алдымен, бұрыннан қалыптасып қалған санадағы орыс тіліне деген «үйірсектік» қазақ тілінде қағаз жазуға кең жол ашпай отыр. Сонымен қоса, Тіл туралы заңның 11-бабындағы «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, азаматтардың өтініштері мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттік тілде немесе өтініш жасалған тілде беріледі» деген екіұшты ұстанымды желеу етушілер де жеткілікті. Жан-жақтан келіп түсетін хаттардың басым көпшілігінің орыс тілінде болуы да осы бапқа май құя түсуде. Тіпті, орыс тілінде хат жазатындар жекелеген азаматтар ғана емес, республикалық министрліктерден бастап, жергілікті мемлекеттік мекемелер де осы үрдістен арыла алмай келеді. Ендігі бір үлкен мәселе, мамандардың ішінде қазақ тілінде көсіліп қағаз жазатын мамандардың аздығы. Біз жыл сайын осы мәселені анықтау үшін мамандарды тестілеуден өткіземіз. 2007 жылғы мәлімет бойынша Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарында қызмет жасайтын 1447 қызметкердің 771-і (53%) мемлекеттік тілде іс жүргізе алады, 503-і (35%)іс жүргізуге мүмкіндігі бар, 173-і (12%)тілді мүлде білмейтін болып шықты. Сондықтан да мекемелердің көпшілігі аудармашылардың қызметіне жүгінеді. Оның ақыры тіл саясатындағы көзбояушылыққа апарып соғады. Яғни, іс қағаздары негізінен орыс тілінде жүреді, оны аудармашыға аудартып хаттап қояды да, біз екі тілде жұмыс істеп отырмыз деп ақпар береді.

Бұл мәселе Алматы қаласының әкімдігінде қаралып, іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруді үйлестіру жөнінде 2007 жылы арнайы қаулы қабылданған болатын. Сол қаулы бойынша жергілікті атқару органдарының кіріс-шығыс құжаттарын, ең алдымен, қазақ тілінде әзірлеп, қажеттігіне қарай орыс тілінде жазу және ол шарт сақталмаған құжаттарды қабылдамау жөнінде пәрмен берілген. Өкінішке орай осы қаулыны толық сақтау мүмкін болмай отыр. Оның себептерінің біразын жоғарыда айттым. Осы шаруаның көшін түзеу мақсатында біз, ең алдымен, қазақ тілінде еркін сөйлейтін бірақ жазуға шорқақ мамандарды оқытуды жолға қойдық. Іс жүргізудің қыр-сырын меңгеріп, екі тілде қағаз жазуға қарымы жеткен мамандарға сертификат беріледі.

Тәрбиенің талбесігі – балабақша

Тәрбиенің қазіргі талбесігі – балабақша өрісінің қиын кезеңде қыспаққа түскенін бәріміз білеміз. Соңғы жылдары Алматы қаласында жеке меншікке өтіп кеткен балабақшалар қайтарыла бастады. Жаңадан ашылып жатқандары да бар..Осыдан он жыл бұрын қаламыздағы 200 балабақшаның 26-сы қазақ балабақшасы болатын. Қазір қаладағы қазақша балабақшаның саны 42-ге жетті. Жалпы балабақшада тәрбиеленетін бүлдіршіндер – 33230, қазақ тілінде тәрбиеленетін бүлдіршіндер - 17484 яғни, 52,6%. Сондықтан да Елбасының «Қазақ тілін үйретуді мектептен бастау кеш, оны отбасынан, балабақшадан бастау керек» деген сөзіне Алматы қаласы іспен мән беріп отыр деуге болады.

Алғаш «Тіл туралы» Заң қабылданған 1989 жылы Алматы қаласында 7 ғана қазақша мектеп болса, қазір оның саны 48-ге жетті. Сол жылы қазақша сыныптарда 8 мың бала оқыған болса, биылғы оқу жылында 68 мың бала қазақша оқып жатыр. Жаңадан салынып жатқан білім ордаларының қазақ мектептері болуы олардағы білім сапасы мен тәрбие жұмысының жоғары дәрежеде болатындығы көңілге зор сенім ұялатады.

Бір сөзбен айтсақ, Алматы қаласындағы білім беру ісінде қазақ тілінің аясын кеңейту мәселесі жүйелі жүргізіліп келеді. Соның бастыларының бірі – қазақ балабақшалары мен мектептерінің үлес салмағын ұлғайта отырып, екі тілдегі аралас мектептер мен балабақшаларды бірте-бірте қазақ мектебіне, қазақ бала-бақшасына айналдыру. Екіншіден, орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің сағат санын көбейту және сапасын арттыру. Алматы қаласы орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің сағат санын көбейтуді республика бойынша алдымен қолға алып, жергілікті бюджет есебінен бір сағат факультативтік сабақ қосып оқытып келеді. Оған қосымша Алматы қаласында ғана қазақ тілі, сыныптағы бала саны 25-тен кем болмаса, екі топқа бөлініп оқытылады. Оған жергілікті бюджеттен жыл сайын жүз миллиондай қаражат бөлінеді. Алматы қаласының Білім басқармасы оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында жыл сайын қазақ тілі пәні мұғалімдерінің байқауын өткізіп келеді. Мұндай байқауды Тілдерді дамыту басқармасы да өткізеді. Былайша айтқанда қазақ тілінің мектептердегі оқыту сапасы жыл сайын артып келеді. Жастардың мектептен бастап тіл нәрін бойына сіңіріп өсуіне айрықша қарау керек. Мәселен, қазір мемлекеттік қызметте жастардың үлес салмағы өте үлкен, бірақ өкінішке орай солардың көпшілігі мемлекеттік тілді білмей келеді. Содан соң оларды қайта оқыта бастаймыз. Бұл мемлекеттен қосымша шығынды талап етеді. Сонда он жыл мемлекет қаржысына қазақ тілін оқытып, қызметке келгенде тағы да оқытатын болсақ, онда қандай қисын бар?!

Әрине, демографиялық құрамы мен тілдік ахуалы ала-құла алып қалада тіл саясатын жүргізуде күрделі мәселелер бар. Өткенді сараптап, бүгінгі ахуалды тереңірек бағамдасақ, күн сайын ол мәселелердің де түйінінің шешіліп келе жатқанын көреміз.

Ең алдымен, тіл саясатының Елбасы қалыптастырған заңдылық, құқықтық іргетасы қаланған, соған негізделген бағыт-бағдарымыз бар. Мәселе, сол стратегиялық бағыттарды жүзеге асырудың тетіктерінде десек, Тіл туралы заңда көрсетілгендей Үкімет пен жергілікті атқару органдарының басты міндеті тіл саясатын жүргізуге «қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасау». Міне, осы орайда Алматы қаласында республикаға үлгі боларлықтай нақты істер жоқ емес.

Қаламызда өткізіліп жатқан шаралардың барлығына ұлттық-мәдени орталықтар белсене араласуда. Оларға тілдерін оқып үйренуде қала әкімдігі барынша қолдау көрсетіп отыр.

Халқымызда «Ырыс алды – ынтымақ», дейтін даналық сөз бар. Сол береке мен ынтымақты бекітетін – риясыз түсіністік. Олай болса, барша қазақстандықтарды мемлекеттік тіл төңірегінде топтасуға ұйытқы болу баршамыздың парызымыз болса керек.

Қала көшелеріндегі көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды ретке келтіру мақсатында да біршама жұмыстар атқарылды. Үстіміздегі жылдың 25-29 шілде аралығына қаладағы көрнекі ақпараттар мен жарнамаларға тексеру жүргізілді. Тексеру барысында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 19-21 бабына сай келмейтін 172 қате анықталды. Кеткен қателердің 18-і тексеру барысында алынып тасталып, қалғандарына жазбаша түрде ескертпе берілді.

Алматы қаласы бойынша жалпы саны 4500-ден астам жарнама қондырғылары орнатылған. Осы жарнамалардың иесі кім, олар қашан қойылған, қанша уақыт тұрады, қай ауданда, қай көшеде орналасқан, ондағы мемлекеттік тілде жазылған мәтіндердің сауаттылығын үнемі назарда ұстап, қадағалап отыру үшін Тілдерді дамыту басқармасы қаладағы жарнамалардың компьютерлік электронды бағдарламасын жасаған. Бұл бағдарлама арқылы Алматыдағы жарнамаларға тоқсан сайын сараптама жасалып отырады.

Өткен жылы көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде бекітуге 1899 ұсыныс түсті. Оның ішінде көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндері Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 19-21 бабына сай келетін 1087 жарнама мәтіндері бекітіліп берілді. Заңға сай келмейтін 786 көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерінің орфографиялық, стилистикалық қателері түзетілгеннен кейін бекітілді. Ал 812 жарнама мәтіндері мен ресімделуі «Тіл туралы» Заңының 19-21 бабына сай келмегендіктен кейін қайтарылды.

Дегенмен, бұл шаралар әлі де түбегейлі нәтиже бермей отыр. Себебі, «Жарнама туралы», «Заңды тұлғаларды тіркеу туралы», «Зат жапсырмалары туралы» т.б. заңнамалар «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заң баптарымен сәйкес келе бермейді. Мәселен, шетелдік мекемелер мен олардың сауда белгілерін мемлекеттік тілде ресімдеудің жолдары көрсетілмеген. Оны Әділет орындары қалай бекітіп берсе, жарнама агенттіктері солай жазады. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер жарнама қатесін ескертпе бойынша түзейді, ал мемлекеттік емес ұйымдармен жұмыс істеу тіпті қиын. Өйткені оларға әкімшілік-құқықтық шара қолдану мен айыппұл салудың тетіктері заңда белгіленбеген. Сол сияқты қалада жарнамамен, маңдайша жазулармен айналысып отырған жүздеген мемлекеттік емес жарнама агенттіктері бар, олар қазақша мәтіннің мазмұнына, орфографиясына көңіл бөле бермейді.

Тілді әлеуметтендіру маңызды

Елбасы 2008 жылғы халыққа жолдауында «Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді» деген болатын.

Олай болса, қоғамды топтастырушы тілдің иесі – қазақ ұлтының болашағы, ұлт болып қалуы кез-келген ұлттың басты белгісі болып саналатын ұлт тілінің өміршеңдігімен тығыз байланысты болмақ.

Ең басты мәселенің бірі тіл үйренушілер мен іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізетін мамандарға барынша қолайлы жағдай туғызу. Оларды оқу-әдістемелік құралдармен, жаңа инновациялық технологиялармен, сөздіктермен, анықтамалықтармен, электронды оқулықтармен, аудио кітаптармен, ұғымға жеңіл, пайдалануға қолайлы заманауи тіл құралдарымен қамтамасыз ету. Осы мақсатта мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытуға байланысты электронды оқулықтар кешенін әзірлеп шығаруды жалғастыру, әр салаға арналған екі тілді іс қағаздарының үлгілері мен терминологиялық түсіндірме сөздіктерді, оқу-әдістемелік құралдарын шығаруды жүйелі жалғастыру жоспарда бар.

Алматы қаласы көшелерінің карта-схемалары мен төлқұжаттарын жасау және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Алматы көшелері» атты анықтамалықты қайта әзірлеп, электронды нұсқасымен басып шығару. Қаладағы қоғамдық көліктерде көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың үлгілерін әзірлеп, шығару. Балабақшаларға, орта мектептің бастауыш сыныптарына арналған балалар әдебиетінің аудио кітапханасын әзірлеп, басып шығару. Мемлекеттік қызметшілер мен қала жұртшылығының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында тоқсан сайын тестілеуден өткізіп отыру сияқты қыруар шаруалар бар. Мұның барлығы Тілдерді дамыту басқармасының күнделікті тыныс-тіршілігінде атқарылып жатқан жоспарлы шаралар. Бірақ тіл шаруасы бір басқарманың немесе мемлекеттік өкілетті органның атқарған шараларымен көші түзеліп кететін оңай-оспақ дүние емес. Ол бүкіл қоғамның жүйке-жүйесіне таралып жатқан қан тамыры іспеттес. Оны бүкіл қоғам, мемлекет болып жұмыла кіріскенде ғана алдыға жылжытуға болады. Былайша айтқанда, жалпы халықтың қолдауына ие болғанда ғана мемлекеттік тілдің өрісі ашылады. Бұл орайда, басқарманың қарымы жетпей, пәрмені өтпей отырған мәселелер де жеткілікті. Мәселен, қазіргі уақытта тіл саясатын мемлекеттік тұрғыдан жүргізу мемлекеттік мекемелерден әріге бара алмай отыр, ал шын мәнінде мемлекеттік тіл сол мемлекеттің әлеуметтік ортасының өмір сүру құралына айналуы қажет. Ол үшін тілді саясаттандырудан гөрі әлеуметтендіруге қарай ойысып, өрісі кең тілдік орта қалыптастыру, мемлекеттік тілді үйренуге, іс қағаздарын жүргізуге қажеттілік туғызу мәселесін республикалық деңгейде құқықтық тұрғыдан шешпей болмайды. Сол сияқты мемлекеттік емес мекемелермен, ұйымдармен жұмыс істеудің де заңдылық тетіктері нақтыланбаған. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын нақтылау, тіл саясатын жүзеге асырудың тетіктерін де барынша анық-айқын белгілеу де бүгінгі заманның басты талабы. Міне, осының бәрін жүйеге түсіретін жаңа заң қабылдау керектігі қоғамдық ортада көптен талқыланып, пісіп жетілген зәру мәселенің бірі. Әрине, тіл саясатында айтылатын көкейтесті мәселелер аз емес, біз соның Алматы қаласындағы кейбір мысалдарына ғана ой жүгіртіп отырмыз.

Елбасының «Қазақстанның келешегі – қазақ тілінде» деген сөзі тіліміздің келешегін болжаған нақыл сөзге айналып кетті. Олай болса, қазақ тілі бүкіл қоғамның қажетіне айналғанда ғана өрісі ашылады. Осы жолда баршамыздың жұмыла жұмыс жасауымыз - парыз.

Бұл жерде «баршамыз жұмыла» деген сөзді баса айтқан жөн. Өйткені тіл шаруасы қоғамымыздың, күнделікті өміріне дендеп еніп жатқан қан тамыры іспеттес. Оны жалғыз Тіл басқармасының немесе жекелеген тұлғалардың жалғыз алға сүйреп алып кетуі мүмкін емес. Әр адам, ең алдымен өзінен, отбасынан, қызмет етіп отырған мекемесінен бастап тілге жанашыр болса, басшылар сол іске қолдау көрсетіп, мұрындық болса ғана қаламыздағы тілдік ахуал бүкіл елімізге үлгі боларлық деңгейге көтерілері хақ. Ең бастысы, тіл мәселесіне деген шынайы жанашырлықтан туындаған белсенді іс керек. Жиырма жылдан кейін де бізге жетпей жатқаны осы аз да болса нақты атқарылған нәтижелі іс. Ол қазір сөз көмегінен гөрі, іс көмегіне барынша зәру. Сөз бен істің арасын барынша жақындату – бүгінгі тіл саясатының басты мұраты болса игі. Елбасының қойып отырған талабы да осы болса керек.

Кенжехан Матыжанов,

Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

5815 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы