• Тіл
  • 17 Желтоқсан, 2009

Тіл саясатын байыптылықпен жүзеге асырайық

Жағымды жаңалық құлаққа жылы естілетіні бар ғой. Біздің жанымызға жаққаны Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры Қамқоршылық кеңесінің ІІ отырысында мәлім болған 24 сағат бойы мемлекеттік тілде хабар тарататын 3 телернаның дүниеге келетіні. Ол туралы Қамқоршылық кеңестің төрағасы, Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев жария етті. Оның айтуынша, жақын уақытта қазақ тіліндегі ақпараттар мен түрлі бағыттағы бағдарламаларға шөлдеп тұрған еліміз үшін тәулік бойы туған тілімізде түрлі хабарлар тарататын үш телеарна сандық телевидениеге көшу аясында жүзеге асырылмақ. Олар ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени, тарихи-патриоттық бағыттағы телеарналар болады деп болжанып отыр.

Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының есебі мен «Қаз­тест» қазақ тілін білу деңгейін ба­ғалау жүйесінің мәселесі талқыға түскен алқалы жиынды ашып, сөз сөйлеген Қамқоршылық кеңестің төрағасы, дүйім жұртты еліміздің ең басты мере­кесі – Тәуелсіздік күнімен құт­тық­тай келіп, Қазақстанның жа­қында ғана халықаралық аса бедел­ді ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндетін қабылдап алғанын ай­рық­ша атады. Қазақстанның бұл ұйымға ТМД елдері мен жалпы Азия бой­ын­ша тұңғыш төрағалық етуі ұлты­мыз үшін зор мақтаныш болумен қатар әрі үлкен сын екенін ескертті.

Еліміздің бұл ұйымға төрағалық етуі халқымыздың басына ғасырда жалғыз-ақ рет қонатын бағы мен ырысы. Біз ең алдымен соны түсініп бағалай білуге тиіспіз. Осындай құрметке жеткізген Елбасымыздың өлшеусіз еңбегін ел мен жұртқа дұрыстап көрсетуіміз керек, – деп нақтылаған Қанат Саудабаев «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген халқымыздың қанатты сөзіне сүйене отырып, әріптестерінен бірін-бірі сынап кемшілік іздегеннен гөрі, мынадай сирек тарихи сәтті ұтымды пайдаланып, Қазақстанды әлемге таныту ісіне күш жұмсауға шақырды.

Еліміз аумағында қазақ тілінде сабақ беретін мектептер мен балабақшалар саны да күн санап өсіп келеді. Ана тілімізде дәріс беретін мектептер саны қазргі таңда төрт мыңға жуықтайды. Бұның өзі үлкен көрсеткіш. Мемлекет тарапы­нан сондай-ақ өзге этнос өкіл­дерін мемлекеттік тіл­ге оқы­ту мақ­сатында этно-мәде­ни бір­лестіктерге былтырдың өзінде 5,1 миллиард теңге қар­жы бөлініпті. Бүгінгі таңда елімізде 4 мыңға жуық мектепте сабақ мем­лекеттік тілде жүргізілсе, осы тілде білім алатын оқушылар саны 61 пайыз­ды құрай­ды. 25 мың өзге этнос өкіл­дерінің бала­лары қазақша білім алып, 20 мың бүлдіршін қазақ балабақ­ша­ларына барып жүр. Мұнымен қоса екі жүз жексенбілік мектепте жеті мыңнан астам түрлі ұлт балалары қазақ тілін үйренуде. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік тілдің өркендеп келе жатқанының айқын көрінісі.

Мемлекеттік хатшы осы­ған орай мемлекеттік тілді дамы­тудағы же­тіс­тіктерімізге тоқмейілсіп қалмай, бұл бағыттағы нақты істерді ұдайы жалғастыра беруге тиіспіз деп тұ­жырымда­ды.

Қазақ тілін білу деңгейін баға­лау­дың “Қазтест” жүйесін енгізу бой­ынша нақты жұмыстар жалға­сын тауып келеді. Соның ішінде “Азамат­тар­дың қазақ тілін меңгеру дең­гейін «Қаз­тест» жүйесі арқылы баға­лау тех­нологиясы” атты мемлекет­тік стан­дарттар бекітілмек. Аталмыш стан­дарттарға сәйкес келешекте мем­ле­кет­тік қыз­метке келетін үміткер­лер­ден мем­ле­кеттік тілді білу қатаң талап етілетін болады. Бүгінгі таңда мемле­кет­тік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірқатар заңнамаларға өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу жөнінде тиісті жұмыс жүргізіліп келеді.

Бұдан кейін Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының 2009 жылғы қызметі туралы, алдағы жылы атқарылатын жұмыстарға байла­ныс­ты қордың ди­ректоры Берік Әбдіғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша қор­дың мақсаты мемлекеттік тілді да­мы­туға бағытталған қоғамдық бас­та­маларды ынталандыру мен қол­дау болып табылады. Бүгінгі күні қор негізгі қыз­меттерін үш бағыт­та жүзеге асырып отыр. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында құрылған қор бірден бірнеше республикалық байқауларға гранттар жариялаған-ды. Қор гранттарына жа­рияланған байқау қоғамның ерек­ше қызығушылығын туғызып, атал­ған байқауға еліміздің түкпір-түк­пірінен мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған 100-ден астам түрлі жобалар келіп түскен.

Тіл саясаты басты бағыттарының бірі болып саналатын Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жан­на Құрманғалиева жыл сайын мемле­кет­тік тілді дамытуға арнал­ған іс-ша­ралардың саны артып бұл ретте министрлік өз жұмы­сын бірнеше бағытта жүргізіп отыр­ғанын талдап көрсетті. Әсі­ресе, оқу-әдістемелік құ­ралдарды шы­ғару жыл сайын артып отырға­нын, биылғы жылдың өзінде 60-тан астам сөздіктер мен әдіс­темелік оқулықтардың, бағдар­ла­малар мен әдебиеттердің жарық көр­генін, техникалық, медицина­лық, спорт­тық, құқықтық, экономи­ка­лық сөз­діктер жаңадан шығарыла баста­ға­нын атап өтті.

Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебеав болса елімізде мем­лекеттік тілді дамытудың “Қазтест” жүйесін қалыптастыру үшін әлем­дік халықаралық тәжірибелерге сүйену керектігіне тоқталды.

Тілдің жілігін шағып, майын ішкен ана тіліміздің жалауын желбіретіп жүрген тілжанашырларының алқалы басқосуында алғашқы болып пікір қосқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов Мемлекеттік тілді дамыту Президентттік қорының жұмысына оң баға берді. Қазақ гуманитарлық заң академиясының профессоры Амангелді Айталы мемлекеттік тілге деген көзқарастарды әлі түгел зерт­теп біткен жоқпыз деген пікір білдірсе, жазушы, “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысы төрағасының орынбасары Смағұл Елубай «телеар­наң қандай болса, ұлтың да сондай» деген қағиданы мысалға келтіре отырып, қазақ тіліндегі телехабар­лар­дың көлемін көбейту, сапасын арттыру қажеттігін көлденең тартты. Мем­лекеттік тілдің мәртебе­сін орыс тілінде насихаттау мәсе­лесіне көңіл аударды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұр­лан Оразалин, Ғылым Ака­демиясының президенті Мұрат Жұрынов, Президенттік мәдениет орта­лығының директоры Мырзатай Жолдасбеков және т.б. талқыланған мәселелерге орай өз ойларын ортаға салды.

Туған тіліміздің мәселесі жан-жақты талқыға түскен жиынды Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев қорытындылады.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

2714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы