• Тіл
  • 17 Желтоқсан, 2009

Парламент бір тілді болуы керек

www.anatili.kazgazeta.kzҚазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ол мәртебеге қалай ие болғанымыз, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алу тарихы әлі көз алдымызда. Ол кез әлі кеңестік Одақтың тарамаған кезі. Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің сессиясында үлкен талқылау болды, Жоғарғы Кеңестің депутаттарының басым көпшілігі қарсы болды десек өтірік болмас деймін.  Сол сессияда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әдейілеп мінбеге шығып, бұрынғы қазақтың билерінің салтымен билік сөз айтты. «Немістің тілі Германияда, француз тілі – Францияда, орыстың тілі – Ресейде, поляктың тілі – Польшада өмір сүріп жатқандығын айта келіп, егер Қазақстанда қазақ тілі мемлекет тіл деген мәртебеге ие болмаса ана тіліміз жер бетінде қалай өмір сүруі қажет деп мәселені төтесінен қойған еді. Осындай байыпты сөзден кейін, мәмілеге келе алатын, әділ билік сөзге тұратын депутаттар саны көбейіп, біздің ана тіліміз – қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бұл қазақ тілін, яғни ана тілін ардақтап, пір тұтатын азаматтар үшін өте үлкен жеңіс еді.

Бірақ, өкінішке орай, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алу жеңісі ары қарай өз өрісін ойдағыдай кеңітіп кете алмады. «Оған себеп не?» деген заңды сұрақ туындайды. Соған жауап іздеп көрсек. Қазіргі билік айналасында, яғни Президент пен Үкімет аппараты қызметкерлерінің көбісінің ұлты қазақ болғанымен олар үшін ана тілі қазақ тілі болмай тұр. Олардың көпшілігі онжылдық білім алу мектебін орысша бітіргендер, олар орыс тілінде ойланып, орыс тілінде жазады. Осы орайда менің студент кезімде куә болған бір жағдайға тоқталғым келіп тұр. 1959 жылы бүкілодақтық санақ өткізіліп жатқан кезде мен мынандай оқиғаға кез болдым. Қазіргі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университет (ҚазҰТУ) ол кезде Қазақтың тау-кен – металлургиялық институты (КазГМИ) деп аталатын кезі, жатақханада санақ жүргізушіге таукен факультетінің студенті-қазақ жігіттің анкета толтырып жатырған (сол кездің өзінде араласымыз шамалы еді, сондықтан болар аты-жөні есімде қалмапты) сәтінде қасында едім. Ол жігіт анкетадағы «родной язык» деген сұраққа «русский» деп жазды. Маған бұл жауап өте түсініксіз, біртүрлі өрескел көрінгендіктен, мен оған: – «Бұл қалай, сен өзің қазақсың, ал ана тілің «русский» болады?» – деп тарпа бас салғанымда, оның маған айтқаны: – «Мен орыс мектебін бітірдім, орысша жазамын, орысша ойланамын, сондықтанда менің ана тілім «русский» болады» деп жауап берді. Міне, менің ойымша тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғанымен, оның аяқ жазып дегендей, көсіліп кете алмай отырғаны, сол билік басындағы қызметкерлердің ана тілі орыс тілі болғандығы негізгі себеп-ау деп ойлаймын. Олар тек орысша ойланып, орысша жазатын болғандықтан, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, оны әрі қарай дамытуға және де мемлекеттік жұмыстарға, яғни мемлекеттік іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге әрекет етпейді, олай етуге олардың көпшілігінің ынтасы да жоқ. Себебі оларға ешкім тиісті талап қойып отырған жоқ. Тіліміздің мемлекеттік тіл ретінде саналғанына 20 жыл уақыт өтсе де әлі де шешімін күтер мәселелер аз емес.

20 жылдың ішінде біз қазақша-ағылшынша, қазақша-немісше, қазақша-французша, қазақша-арабша және тағы сол сияқты басқа мемлекеттердің де тілінде тілмәштар дайындай алмадық. Осы тұрғыда өзім куә болған бір оқиғаны айта кетуді жөн көріп отырмын. Еліміз егемендік алған соң бұрынғы Энергетика және отын ресурстары министрлігі құрылып, соның аппаратында қызмет етуге біраз азаматтар Маңғыстау, Атырау сияқты мұнайлы өлкелерден шақырылды. Солардың бірі болып мен де Алматыға келіп, министрлік жұмысына араластым. Сол кезде, 1992 жылдың соңғы айында болу керек, Францияның «Эльф-Акитен» деген мұнай компаниясы Ақтөбе облысында «Темір» блогы деп аталатын аймақта барлау жұмысын бастап, бірінші барлау скважинасының тұсаукесеріне әр министрліктен өкілдер шақырылды. Бұл жұмысқа біздің министрліктен мен бардым. Бәрін аралап, көріп, танысып болған соң, ертең жүреміз деген күні кешке Ақтөбе қонақүйінің мейрамханасында «Эльф-Акитен» тұсаукесерге шақырылған кісілерге қонақасы берді. Қонақасы барысында Мәскеуден арнайы алдырылған тілмаш зулатып орысшадан французшаға, французшадан орысшаға аударып тұрды. Бір мезгілде сөз Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісіне берілді. Сол кезде төменіректе отырған мәскеулік тілмаш орнынан тұрып елшіге қарай бара жатыр еді, елші қолын көтеріп тоқтатып, сен орныңда отыра бер дегендей ишара білдірді де Айгүл атты өзімен бірге ертіп келген тілмашын орнынан тұрғызды. Елші французша сөйледі, Айгүл қолма-қол тікелей қазақшаға аударды. Ешкім елшінің сөзінің орысшасын сұраған жоқ, залда ешқандай бөтен құбылыс болған жоқ. Елшінің бұл әрекеті нағыз ұлтжанды азаматтың болмысын көрсетті, ұлтты сыйлаудың көзге көрінбейтін, тек жүрекпен ғана сезінетін сәті еді. Мен өз басым осы көрініске өте риза болдым, қасымдағы қазақ жігіттеріне «Біз де осылай реті келген жерлерде тек қазақша сөйлеуіміз керек-ау» дедім. Елшінің бұл өнегесі біздің билік басындағы азаматтарды ойландырса болар еді.

2007 жылға дейін 2-3 жылдай ҚазҰТУ-дың мұнай институтының мұнай-газ геологиясы кафедрасы дайындайтын мұнайшы-инженер-геолог мамандығы бойынша мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болдым. Сонда қазақ тілді инженер мамандардың қалай дайындалатынына куә болуға тура келді. Дипломдық жобаларын қазақ тілінде жазып, өте жақсы сөйлеп, қорғаған кезде, студенттердің көпшілігіне мынандай сұрақ қойып отырдым: «Осы геологиялық материалдарды қайдан жинадың? Қандай техникалық басылымдарды пайдаландың?» дегенде, олар «Орыс тілінде жазылған еңбектерді пайдаландық» деп жауап беріп отырды. Сол қазақ тілді топтарға сабақ беретін оқытушылар қазақ тілінде оқулықтардың, басқа да дәріс беруге керекті материалдардың жоқтың қасы екендігін айтып, қазақ тілді мамандар дайындаудың өзіндік қиындықтары жайлы қиналыспен айтатын еді.

Жоғары оқу орындарында қазақ тілді мамандар дайындауға көшкеніміз дұрыс та болар. Бірақ біздің техникалық базамыз қандай? Қазақ тіліндегі оқулықтар мен керекті құрал-жабдықтар бар ма? Қазақ тілінде дәріс оқып, жоғары сапада сабақ бере алатын жан-жақты сауатты маман-оқытушыларымыз бар ма? Жеткілікті ме? Меніңше қазақ тілінде маман даярлайтын кафедралар факультет бойынша қажетті оқулықтар мен оқытуға керекті құрал-жабдықтарды түгелдей қазақшаға аударуға күш жұмсаулары керек. Әлемде техниканың әр саласы бойынша шығатын ғылыми журналдар ақпарат кеңістігіне шыққан бойда қазақ тіліне аударылып тұрса деймін. Жалпытехникаалық және техниканың әр саласына байланысты орысша-қазақша, ағылшынша-қазақша тағы басқа да тілдерде сөздіктер дайындалуы керек. Осы аударма материалдар еліміздегі маман даярлайтын оқу орындарына жеткілікті болатындай көлемде таратылуы қажет. Бұл жұмыс еліміздің үкіметінің, яғни оқу-білім саласын басқаратын министрліктің ұйымдастыруымен жүргізілуі керек. Бұл жобаны түбегейлі іске асыру үшін министрлік жанынан ғылыми-өндірістік бірлестік ашылып, ол екі тілді толық меңгерген сауатты мамандармен, өндіріске қажетті техникалық қондырғылармен қамтамасыз етілуі тиіс. Ол бірлестіктің мамандандырылған баспасы болуы керек. Міне, осындай ізгілікті істерді қолға алсақ – ана тіліміз қазақ тілі үшін дұрыс жұмыс бітірген болар едік деп ойлаймын.

Қазақ тілі дамып, мемлекеттік тіл тұғырына түпкілікті қону турасында үгіт-насихаттар ақпарат құралдарында қазақ тілінде айтылып, жазылып жатады. Ал ол хабарлар біздің орысша ойланып-толғанатын, орысша жазатын ұлты қазақтан шыққан атқамінерлеріміздің ой-санасына жетпейді. Жетпегесін оның басына тіл жөнінде ойлану да кірмейді. Себебі олар қазақша ақпарат құралдарын пайдаланбайды Сондықтан, менің ойымша, қазақ тілі жөніндегі мәселелердің басым көпшілігі ақпарат құралдарында орыс тілінде көбірек айтылса, орысша ойланып-толғанатын ұлты қазақ атқамінер азаматтардың ұлттық намысын оятып, олардың беттерін қазақ тіліне бұруға көмектесер ме еді.

Қазақ тілі түбегейлі мемлекеттік тіл мәртебесін орнықты иеленіп отыру үшін Парламент жұмысын түгелдей қазақ тіліне аударатын мезгіл жеткен сияқты. Парламент бір тілді – мемлекеттік тілді болмай мемлекетіміз қазақ тілді бола алмайды, бұл аксиома. Парламенттің жұмыс істеу тәртібін, онда сөйлейтін өкіметімізді, министрліктерді басқарып отырған бүгінгі атқамінерлеріміз, тағы сол сияқты басқа да саясаткер азаматтар парламенттің мінбесіне шығып қазақша аман-саулық алысып, бір-екі сөйлем кіріспе сөз айтып әрі қарай әңгімені орысша зулатады. Егемендігімізге 20 жыл толғалы тұр, Парламентті қазақша сөйлетіп, заңдарды қазақ тілінде қабылдап, Президент пен Үкімет аппаратынан шығатын ісқағаздары, нұсқаулар тек қазақ тілінде шығатын мезгіл жетті. Дүниедегі өркениетті, демократиясы дамыған елдердің бәрі дерлік көп ұлтты мемлекеттер. Солардың ешқайсысы «Бізде мынандай ұлттар тұрады. Солардың тілін өшірмейік, дамытайық» деп жатқанын естігеніміз жоқ. Сөзімнің басында Елбасымыздың қай тіл қай жерде өмір сүретіні жайында айтқанын келтірдім. Сол Елбасының айтқан сөздерін жүзеге асыратын мезгіл жетті. Басқа тілдерді дамыту үшін бюджеттен қаражат бөлудің қажеті бар ма деген мәселені ойлану керек сияқты. Бюджеттен тек қазақ тілі үшін, қазақша оқыту, қазақша оқулықтар шығару үшін қаражат қарастырылуы қажет. Жаңағы айтқан өркениетті, демократиясы дамыған елдердің қай-қайсысы болмасын өз тілінен басқа тілдерді дамытуға қаражат бөліп, шығынданып жатырған жоқ шығар деп ойлаймын. Бұл дүниеде тек біз ғана мемлекеттік тұрғыда өз тілімізге шынайы дәрежеде мән бермей келеміз. Алдымызда егемендігіміздің 20 жылдығы келеді. Осы тұрғыда мемлекеттік дәрежеде тіліміздің дамып-өркендеуінің түпкілікті мемлекеттік тіл деген мәртебеге толыққанды қол жеткізуіне арналған жаңа бағдарлама қабылданар деген сенімдемін.

Сайлау Жылқайдаров,

зейнеткер, мұнайшы инженер-геолог.

4596 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы