• Тіл
  • 17 Желтоқсан, 2009

Көрнекі ақпарат тілі ұлт мүддесіне сай болсын

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті мен Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Көрнекті ақпарат тілі: тәжірибе және өзекті мәселелер» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Көрнекті ақпарат тілін біріздендіру мақсатында өткізілген кеңеске мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, өңір-өңірлердегі тіл басқармаларының басшылары қатысып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге байланысты ақыл-кеңестерімен бөлісті. Күрмеуі қиын мәселелерді шешуге қатысты түрлі ұсыныстар мен пікірлерін ортаға салды.

Семинарды ашып, кіріспе сөз сөйлеген Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерден мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде көрнекті ақпарат тілінің алатын орны ерекше екенін атады. Және соңғы жиырма жылдың ішінде бұл салада ілгерілеушіліктің бар екендігін, қазір көрнекі ақпараттың тілі біршама қалыптасып қалғандығын да тілге тиек етті.

Ал, кеңеске қатысқан ҚР Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай ономастикалық жүйенің ғылыми дамуын қамтамасыз ету мақсатында жер-су атауларына арнайы зерттеу жүргізетін ғылыми орталық құру керек екенін қадап айтты. Ғылым беделге емес, дәлелге жүгінеді, сондықтан, ономастикада жер-су атауларын қойған кезде негізді дәйектемелерге иек арту қажет дегенді алға тартты және «Ел бірлігі» докторинасына қатысты ойымен бөлісіп, көпшілікті бұл жоба-құжатқа түсіністікпен қарауға шақырды.

Ономастика саласына, көрнекі ақпарат тіліне байланысты өткен келелі жиында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл тіл төңірегіндегі мәселелердің айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылып келе жатқандығын, ендігі қажеті нақты іс екендігін еске салды. «Егерде ономастика туралы заң қабылданып жатса, атаулардың тарихи мәнін зерттейтін ғылыми орталық ашуымыз қажет» дейді халық қалаулысы. Астана қаласы әкімінің орынбасары Әмірхан Рахымжанов болса елордадағы көрнекті ақпарат, жарнама тілі бойынша көңілге қонымды біршама істердің атқарылғанын атап өтті.

Семинар-кеңесте Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы О.Асанғазы, филология ғылымдарының докторы Ә.Жүнісбек, тарих ғылымдарының докторы Х.Әбжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері С.Шүкірұлы, «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы Н.Домбай және басқалар сөз сөйлеп, көрнекі ақпарат тілін біріздендірудің өзекті мәселелері, ономастикалық атаулар, көрнекі ақпараттың мәтіндік ерекшелігі, жарнама мәтіндері, баспасөз бетінде көрнекі ақпарат тілінің жазылу жайы жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

5373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы