• Тіл
  • 24 Желтоқсан, 2009

Бір сөйлемнің мәні

Мен, Құзырғалиқұбаш Абдрахманұлы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Мәстексай ауылының тұрғынымын. «Ана тілі» газетінің 1990 жылдан тұрақты оқырманымын. Менің әкем ІІ-топтағы мүгедек мұғалім еді. Дүниеден ерте, 1956 жылы озды. Бірде Құрманғазы жөнінде кітап жазбақ болып Мәстексай ауылына Исатай Кенжалин келіпті. Ағам Құбиев Қабдолламен әңгімелесіп, әкемнің жазбаларынан деректер алған екен. Кейіннен «Қосшек» деген кітабын жарыққа шығарды. Соның Құрманғазы жөніндегі бөлімінде әкем Абдрахман Жантөринге қатысты мәліметтер бар.

Мен төменде әкемнің біртұтас сөйлеммен жазған жазбасын оқырмандарға ұсынғанды жөн санадым. Мұндағы ойым қазақ тіліне мұрын шүйіре қарайтын кейбіреулер қазақ сөзінің құдыретін түсінсін дегендік. Расында да біздің тіліміз ғажап қой. Бір сөйлемнің өзіне симай, асып-тасып төгіліп жатқан қандай керемет сөз десеңізші!

«Жаңақала ауданының «Новый путь» колхозының Жырғансай, Айдархан, Құйрық деген жерлері мен жазғы жердің беті әшекейлеп салған көк түсті кілемнің түріндей құбылған кезіндегі, әлсін-әлі, біресе ол жағымнан, біресе бұл жағымнан, көріктің желінше гуілдей соққан, жылы шыраймен қарсы алып, күлімдей келіп, бетімнен сүйіп алғандай, жылы желге қарсы, етек жеңімді делегейлендіріп, сәл ғана желпіндіріп, көтеріле түскен желешоқырақпен шарықтап шыр айналып келіп, Қоңырсайдан шыға бергенімде қарсы алдымда ұзыннан түсіп жатқан, сарғайып май сіңген тоқпан жіліктің ұршық жағының басын, оң көзіне доғала түскен, сол көзі шағыр, оң құлағы ұшынан тілік, сол құлағы артынан ойық, арқасы жаңа ғана қарақотырлана келіп, аздап іріңдеген жауыр, ақ айыл, ақ қаптал, оң құлағы шұнақ, сол құлағы салпаң, теңбіл ат жеккен, артқы дөңгелегінің бір кегейі ортасынан сынған, алдыңғы дөңгелегінің бір кегейі күпшектің ішіне кіріп жарылған арбасының ішіне салып алып, шұбарлық қоңырлықтың шыққан ақшөбін тышқан дәл түбінен қиып отап салған жансыз шөптердің үстін басып жүріп келіп, топырағын жел үрлеп кеткен емескі төбешіктің үйіндісіне апарып көмейін деп шұңқырдың тереңдігін жарты қарыс, сынық сүйем және төрт елі қазып, аздап демалып, айнала төңірегіме көзімді салып егжей-текжейіне дейін әбден байқап қарасам: қырық буын, сарбас жусан, қара шағыр, сида бүргем, майқаңбақ, қарақаңбақ, жоңышқа, қызылша, тобылғы, қара жыңғыл, дүзген, келіншек шөп, қоңырбас, итсигек, саралжын, балақұрақ, сасық қурай, томарбояу, мия, ақбас жапырақ, таспақара, көкпек, арамшалғын, айыл қоға, қарақоға, борық, алабота, адыраспан, сораң, сағызсабақ, құмаршық, құртқа шаш, шырмауық, ебелек, құбатал, майжелкек, ағаш желкек, изен, қияқ, жантақ, меңдіуана, айыр тікен, ажырық, сүттіген, сарымсақ, ит жуа, қой жуа, тағы да бірнеше түрлі гүл бәйшешек шөптері шығып, бірі көгеріп, бірі солып, бірі қуарып, бірі солғынданып тұр екен.

Абдрахман Жантөрин,

зейнеткер-оқытушы.

1956 жыл».

Құзырғалиқұбаш Абдрахманұлы

Батыс Қазақстан облысы

Жаңақала ауданы

Мәстексай ауылы

3249 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы