• Тіл
  • 24 Желтоқсан, 2009

«Қайыңды» болғанын қалаймыз

Жерлесіміз жармалық айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев «Қалбатау» атты кітабында бұрынғы Семей облысының 14 ауданын сипаттай келіп:

«Бородулиха мен Шульба бар,

Кесек-кесек тұлға бар.

Украин, орыс, неміс бар,

Картоп пенен жеміс бар,

Не керегің тегіс бар

Тек қазақ тілінен кеміс бар», – деп, ауданымыздағы қазақ тілінің мүшкіл халін өзінің отты жырына қосқан еді. Тәуелсіздіктің таңы атып, тіліміз мемлекеттік мәртебе алғаннан бері тілімізге, жер-су атауларына байланысты көптеген оң өзгерістер байқалуда. «Аудан тынысы» газетінің шілде айындағы бір санынан аудан атының «Қарағайлы» болып өзгергенін, онымен қоса бірқатар ауылдардың ежелгі жергілікті атауларын иеленгенін оқып, көңіліміз марқайып қалды. Бұл игі бастама жер-жерде қолдау тауып, қазақ жері өзінің байырғы атауларын қайтарып алуы – тарихи әділеттілік. 90-жылдардың басында ауылдық кеңестің төрағасы А.Қазымов деген азамат ауылдың атын қазақша өзгерту туралы тұрғындарды жинап, кеңестің отырысын өткізген еді. Сол кездері мен Новопокровка совхоз-техникумында оқытушы болып істейтінмін. Кеңес отырысына совхоз-техникум мұғалімдері Т.Мұстафин, Қ.Майтқанов, Т.Домалатов, ауыл тұрғындары М.Тоқболатов, С.Тілекин, К.Болатбаева, А.Романов тағы басқалар қатысқан еді. Кеңес отырысы болар алдында ауылдың тұрғылықты адамдарынан, көнекөз қариялардан жердің ежелгі атауы туралы сұрастырдық. Осы елді мекенде ұзақ жылдары бойы ауылдық кеңестің төрағасы болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, жергілікті тұрғын Дүйсеқан Бодаев ақсақал: «Бұл жер тегінде малға қыстама болған, бұрынғы аты «Қайыңды». Қазір ауыл орналасқан Жексенай сайы дейтін сайды жарып ағатын Жыра өзенінің екі жағы қапталдай қалың қайыңдар өсетін. Соғыс жылдары оларды жұрт отынға, тағы басқа қажеттеріне жаратып, отап, құртты. Қазір Жыра өзенінің бас жағында ғана қайың аралас шағын тоғай қалды», – деген еді. Өзі денсаулығына байланысты кеңес отырысына қатыса алмады. Біз кеңес отырысында ақсақалдың осы пікірін айтып, ауылға ежелгі жер аты «Қайыңды» атауын беруді ұсынған едік, бірақ қайсыбір ауыл тұрғындары бұл пікірді қолдамады. Олардың пікірінше, бұл жерге 1898 жылдары Ресейден қоныс аударғандар орналасып, үйлер тұрғызған. Ол алғаш қар түсе бастаған мезгіл болса керек. Соған байланысты ауыл «Новопокровка» аталған екен. Өкініштісі, біздің тарихымыздың 1898-ші жылдан басталмайтыны, иесіз, аты жоқ жердің болмайтыны сол кезде назарға алынбады. «Қазақтардың қан мен тері сіңген осы жер – дала халқының басынан өткен талай-талай тарихи оқиғалардың куәсі. Мұндағы мұхит толқынына ұқсас қыраттардың, биік асу мен терең жыралардың – бәрі-бәрінің де аты бар, бәрі-бәрі де халықтың ән-жыры мен аңызына өзек болды», – деп жазады академик Мұхамеджан Қаратаев. Иә, иесіз жер болмайтыны сияқты, аты жоқ жер де болмақ емес. Қазір, заман да, заман ағымына қарай адамдардың түсінігі мен пайымдауы да өзгеріп келеді. Бұрынғыдай емес, қазақ тіліне, қазақи жер-су атауларына оң көзқарас қалыптаса бастады. Шығыста сонау Бақтыдан батысқа – Астанаға қарай созылып жатқан тас жолдың бойындағы елді мекендер атауларының қазақшалануы осыған дәлел бола алады. Олай болса біз де аулымыздың «Новопокровка» емес, «Қайыңды» болғанын қалаймыз.

Біздің ауылдан он шақырымдай жерде бұрын «Құрманғожа» атты шағын елді мекен болыпты. Колхоздарды ірілендіру кезінде оның тұрғындары жан-жаққа көшіп кетіп, ауыл иесіз қалған. Сол ауылдан елімізге танымал халық әртісі Мәдениет Ешекеев, олимпиаданың күміс жүлдегері Ғұсман Қосанов, актер, әнші, әрі сазгер Болат Сыбанов және басқа да белгілі тұлғалар шыққан. Ауылымыздағы мән-мағынасы ескірген, маңызсыз Киров, Советская, Береговая сияқты көше атауларынан да арылар кез жетті. Олардың орнына жоғарыда аттары аталған адамдарға көше атауларын берсек, өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеуде үлгі-өнеге болар еді. Ұрпақ тәрбиесі жоқтан барға сүйенбейді. Барды негізге алады, жадындағысын жаңғыртады, алдындағысын үлгі етеді. Үлгі етеріміз болмаса, үйретеріміз қайдан болмақ. Үлгі болмаған жерде үгіт те болмайды. Осыны естен шығармаған абзал.

М.Сегізбаев,

Новопокровка орта мектебі қазақ тілінің мұғалімі

Шығыс Қазақстан облысы

3632 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы