• Тіл
  • 24 Желтоқсан, 2009

Тіл жанашырлары марапатталды

Елордада тілдің жоғын жоқтап, мемлекетіміздің көркеюіне және дамуына үлес қосып жүрген бірқатар тіл жанашырлары «Тіл жанашыры-2009» Құрмет белгісімен марапатталды. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен осынау айтулы жиын Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аяқталуына және ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғанына 20 жыл толуына орай өткізілді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Тіл» журналы, «Тіл жанашыры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шарада мемлекеттік тілді меңгеру және насихаттау жолында аянбай еңбек еткен мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам қайраткерлері марапатқа ие болды.

Айта кету керек, нөмірі бірінші «Тіл жанашыры» Құрмет белгісі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа берілді. Ел Президентінің іс сапарда жүргендігіне байланысты аталмыш марапатты ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Мұрат Қасымбековке табыс етті.

Одан кейінгі кезекте аталмыш белгіге ұсынылған 400 адамның арасынан ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Мұсабек Әлімбеков, Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Нұрлан Жоламанов, Солтүстік Қазақстан облысының №26 орта мектебі мұғалімі Людмила Милютина, «Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы, филология ғылымдарының кандидаты Асылы Осман, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік тіл басқармасының бастығы Дүрәлі Дүйсебай, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қарлығаш Қадашева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының хатшысы Әкім Ысқақов, ҚР Қарулы Күштері – Құрлық әскері Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Серік Шалов, «Хабар» телеарнасындағы «Төртеу түгел болса…», «Таразы» шоу-бағдарламаларының продюссері әрі жүргізушісі Ринат Кертаев, көпшілікке кеңінен танымал «Жаралы сезім», «Менің де атым Қожа», «Астанаға көктем кеш келеді» секілді көптеген фильдердің режиссері Еркін Рақышев бастаған ұзын саны отызға тарта азаматтар жоғарыдағы Құрмет белгісімен марапатталды.

«Тіл жанашыры» Құрмет белгісімен марапатталған «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы апайымыз «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «қазақтың тілі Қазақстанның келешегінде» деген сөзі болмаса оған дәл осындай дәрежеде көңіл бөлінбеген де болар еді» дейді.

- Сонау ғасырлар бойы ұлы даланы, ата-бабамыздан бері қарай алып келіп, бүгінгі күнге жеткізіп, елді бастап отырған мемлекет басшысының шекараны таспен емес достықпенен қоршағанының арқасында тәуелсіз ел болып отырмыз. Барым да, базарым да осы тіл екендігін білемін. Соның жолында мен жер жарылса жерге кіріп кетуге бармын. Біз қазір қазақ тілін өз мәнінде мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеруге, тұғырына қондыруға бәріміз бірдей құлықты емеспіз. Сондықтан өз ұлтымның азаматтарына «біз Қазақстан азаматы ретінде мемлекеттік тілді білуге міндеттіміз» деп үнемі айтып жүремін.

Дәл осы белгімен марапатталған біздің әріптесіміз Ринат Кертаев болса, «Шахтер де, қаржыгер де, инженер де, зиялы қауым да бір сөзбен айтқанда қоғамның барлық мүшелері мемлекеттік тілді білуі керек, құрметтеуі керек, міндеттеуі керек. Осы жолда барлық саланың өкілдері «Тіл жанашыры» деген атқа ие болып жатыр. Ендеше қоғамның барлық саласы осыған дайын деген сөз. Қайда жүрсек те қасиетті қазақ тілінің жанашыры болып жүре берейік. «Тілін білмеген түбін білмейді» дейді. Қазақ тілі, қазақ ұлты бәсекеге қабілетті болсын десек, біздің әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз ол мемлекеттік тілді білу» деп санайды.

Сондай-ақ, салтанатты шарада ҚР Жоғарғы Соты мен Ішкі Істер министрлігінің бірқатар азаматтарына «Тіл жанашыры» төс белгісі табыс етілді.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

7771 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы